Отырар төбе.
Мешіт ауласындағы 16 ғ. құрылыстарын қазу.
14 ғ. мешітінің ауласында қазба кейінгі кезең құрылыстарынан тазалау мақсатында жүргізілді. Әрбір құрылыс қабатын тиянақты құжаттау жұмысы жүргізілді. Қазбаның оңтүстік-шығыс бөлігінде көптеген қоқыс шұңқырлары аршылып, онан көлемді сынған керамикалық материалдар алынды. Мешіт ауласында барлығы 1000 м2 аумақ аршылды. Көң қабатының (ол стратиграфиялық кесіндіде жақсы көрінеді) үстінде 16 ғ. жататын кесектен қаланған бірнеше қабырғалар табылды. Конструкциялар суретке және жоспары электронды тахеометрге түсірілді.
Екінші құрылыс қабатынан бірнеше қабырғаның қалдықтары сақталған: оңтүстік 345 қабырғаның ұзындығы – 700 см, солтүстік 346 қабырғанікі – 350 см және солтүстік-батыс 347 қабырғанікі – 530 см. Оңтүстік және солтүстік қабырғалар арасында диаметрі 100 см, тереңдігі 47 см, 348-ші шұңқыр тазаланды. Шұңқырда үй жануарларының сүйектері мен сырсыз ыдыстың сынықтары табылды. Қазбаның солтүстік шегінен 100 см жерде дөңгелек келген конструкция орналасқан. Оның диаметрі 170 см, тұғыр болғанға ұқсайды. 334-ші бөлменің солтүстік-шығыс бұрышында көлемі 110*90 см келетін тікбұрышты қамба табылды. Тазалау кезінде солтүстіктен оңтүстікке созылып жатқан бала мәйіті табылды. Мәйіттің оңтүстік-шығыс жағында керамикалық түбек пен сүйектен жасалған шүмек табылды. Бөлменің оңтүстік-батыс бұрышында диаметрі 35 см диірменнің төменгі тасы табылды. Оның тек төрттен бір бөлігі сақталған. 342-ші бөлмеде шыңылтыр дайындайтын шеберхана орналасқан. Оның пішіні шаршы тәрізді: солтүстік қабырғаның ұзындығы – 530 см, оңтүстігінікі – 530 см, батысы – 330 см, шығысы – 330 см. Қабырғалары көлемі 34*19*9 см түсі сұр кесектерден қаланған. Лайы мен сылағы сары түсті саздан жасалған. Бөлменің есігі солтүстік қабырғада, батыс бұрышқа таман орналасқан. Есіктің басым бөлігін 330-шы шұңқыр кесіп кеткен. Бөлменің кіреберісінде, сол жағында ташнау (333) орналасқан. Бөлменің оңтүстік-шығыс және оңтүстік қабырғаларына жапсарласа керамика күйдіретін ошақтар орналасқан. 343-ші ошақ сопақша келген, көлемі 100*70 см. Ошақтың сақталып қалған тереңдігі 47 см. Ошақтың жоғарғы жағынан бірнеше бөліктер табылды. Ошақтың төменгі, оттық бөлігі сақталған. Оны тазалау барысында екі бүтін тұрмыстық ыдыс табылды. Ошақтың қабырғалары қалыңдығы 3-4 см, керамикалық шлакпен көмкерілген. Табылған бұйымдарға қарап, мұнда көк-қою көк түсті сыр жасалған деуге болады. Ошақтың ішінен сонымен қатар, көптеген ақ түсті минералдар мен осы минералдан жасалған шыңылтыр табылды. Ошақтың пішіні мен табылған заттарға қарап, бұл ошақтарда шыңылтыр қайнатылған деуге болады. 344-ші ошақтың пішіні дөңгелекше келген, диаметрі 70 см, тереңдігі 35 см. Ошақ ішінен кеселерге арналған көптеген сипоялар, кеселердің бір-біріне жабысқан үлгілері табылды. Табылған заттар арасында шырақтар сынығы көптеп кездесті. Бөлменің басым бөлігіне қыш сынықтары төселген. Ошақ айналасындағы еден қатты күйіп, ақ түсті борпық материалға айналған. Ошақтың ауа үрлейтін тесігі мен мұржасын анықтау мүмкін болмады. Бөлмеде басқалай конструкциялар болмады. Бөлменің солтүстік қабырғасының сыртында, ені 150 см, орам ішілік көше болған.
Шеберхананың шығысында дөңгелекше келген, малқора ретінде пайдаланылған екі бөлме аршылды. Бөлмелер бір-біріне параллель орналасқан, солтүстіктен оңтүстікке созылып жатыр. Қабырғаларының биіктігі 1-1,5 см, өте нашар сақталған. Оңтүстік-батыс және солтүстік-батыс қабырғалары бұрынғы қазба кезінде жойылған. Есіктері табылмады. Шығыс, 349-шы бөлменің көлемі 500*300 см, 350-ші бөлменің көлемі 350*230 см. Қабырғалары кесек сынықтарынан қаланған. Бөлме іші көңге тола. Үшінші құрылыс қабатының конструкциялары нашар сақталған, кейбір бөлмелер анықталғанмен оларды жекелеген үйлерге жатқызу мүмкін емес.
Төртінші құрылыс қабаты. 351-ші бөлме оңтүстік-шығыста, пішіні «Г» тәрізді: солтүстік қабырғасы – 440 см, оңтүстігі – 670 см, батысы – 440см, шығысы – 330 см. Тұрғын бөлменің оңтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс және солтүстік бөлігінде екінші құрылыс қабатының үш шұңқыры кесіп өткен. Қабырғалары көлемі 34*19*? см кесектен қаланған. Ені 80 см, биіктігі 5 см. Кей жерінде сары түсті сылағы бар. Бөлменің еденіне кесек сынықтары төселген. Ұзындығы 400 см сыпасы оңтүстік қабырғасының бойында, ал, ошағы солтүстік-батыс бұрышында. Сыпасы сары түсті сылақпен сыланған. Ошағын шұңқыр кесіп кеткен, одан тек солтүстік-шығысқа бағытталған мұржа ғана сақталған. Бөлменің ортасында, еденде тұрмыстық керамика сынықтары табылды. Қасындағы бөлмеден, көлемі 125*155 см, қыш төселген ташнау табылды. Бөлме есігі табылмады. Қабырға ені 85 см. Бөлме ішінде басқалай конструкциялар табылмады.
Батыс жақтағы 352-ші тұрғын бөлме пішіні дөңгелекше келген, батыстан-шығысқа созылып жатыр. Бөлменің солтүстік жағы кешеннің сыртқы қабырғасын аршыған қазба кезінде кесілген. Бөлменің шығыс қабырғасы 353-ші бөлмемен жапсарлас. Көлемі: оңтүстік қабырғасы – 450см, батыс және шығыс қабырғаларының сақталған ұзындықтары – 250-260 см. Қабырға ені 85 см. бөлменің оңтүстік-шығыс бөлігінде үлкен шұңқырдың сұлбасы байқалады. Бөлменің оңтүстік- батыс бұрышына кесек сынықтары төселген. Бөлме есігі мен басқа да конструкциялар анықталмады.
353-ші бөлме енсіз (дәліз?), оңтүстіктен-солтүстікке созылып жатыр, көлемі 120*300см. Шығысында 354-ші бөлмеге жапсарласады. Қабырларының ені 85 см. Бөлменің солтүстік бөлігі бұрын кесіліп кеткен.
354-ші бөлме сопақша пішінді, оңтүстіктен солтүстікке созылып жатыр. Сақталған көлемі 220*300 см. Қабырғалар ені 85 см. аршу барысында басқалай конструкциялар анықталмады. Оңтүстік-шығыс бұрышында ақ түсті сырлы керамика сынықтары (табақ ернеуі) табылды, оның бетінде көк өрнек салынған.
355-ші бөлме солтүстік-шығыста, шаршы пішіндес, көлемі 630*470 см. Бөлменің солтүстік- батыс бөлігі бұрын қазылғандықтан нашар сақталған. Ені 85-95 см қабырғалар еден деңгейінде сақталған. Олар көлемі 30*19 см кесектерден қаланған. Солтүстік-батыс қабырғаның есіктің батыс жағындағы бөлігі бұрынғы қазба кезінде кесілген. Бөлменің есігі қабырғаның солтүстік-батыс жағында болған. Оған кесек төселген. Тандыр мен алан жартылай бұзылған. Көлемі 210*110 см алаң, бөлменің оңтүстік-шығыс жағында аршылды. Ортасында тесігі бар қышпен жабылған ташнаудың суағары бар. Алаң сыпамен шектелген. Сыпа қабырғалары 4 қатар қыштан қаланған, оңтүстік-батыс бөлігі бұзылған. Алаңның оңтүстік жағында. одан 43 см жерде, сыпа ішіне тандыр орнатылған. Тандырдың батыс жағынан мыс теңге табылды. Тандырдың аузы алаңға қаратылған, оның диаметрі 50 см, тереңдігі 50 см. Бөлмеде басқа конструкциялар анықталмады.
356-шы тұрғын бөлме енсіз келген, көлемі 590*210 см, қазбаның оңтүстік бөлігінде орналасқан. Бөлме солтүстігінде 357-ші бөлмеге жапсарласады. Қабырғаларының ені 80-85 см. Бөлменің еденіне тұтастай кесек сынықтары төселген. Бөлме есігі шығыс қабырғада, ені 110 см. Есіктің оңтүстік-шығыс бөлігін жоғарғы қабат шұңқыры кесіп кеткен. Аршу барысында бөлменің солтүстік-шығыс бұрышында, қатты кесек қабатында мыс тенге табылды, төртінші құрылыс қабаты деңгейінде алты бөлме толық аршылды. 352,353,354,355-ші бөлмелердің есіктері солтүстік жақта, кешеннің сыртқы қабырғасын аршыған қазба кезінде кесіліп кеткен жақта болған болу керек. Барлық бөлмелердің едені кесек сынықтарымен төселген.
Құрылыс қабаттарының бірінде әркелкі пішінді керамикалық ошақтары бар өндірістік бөлмелер анықталды. Бірінші ошақ қазбаның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Ол тікбұрышты пішінді, көлемі 3,1*1,9м, қабырғаларының сақталған биіктігі 55 см. Оттық камерасының аузының диаметрі 70 см, тереңдігі 40 см.
Екінші ошақ екі камералы, сфера пішіндес, қазбаның ортасына таман орналасқан. Екінші қабаты бұзылған, ал, шеттерінде 4 тесігі сақталған. Аузы пештің оңтүстік-батыс жағында. Ошақ диаметрі 1,3 м, биіктігі 70 см. Ошақтың алдындағы алаң қыштармен төселген. Оңтүстігінде шикізат сақтайтын бөлме орналасқан. Үшінші ошақ қазбаның ортасынан табылды, ол тұрғын бөлмеден ені 50см қабырғамен қалқаланған. Ошақ пішіні тікбұрышты болып келген, көлемі 60 см * 1,4 м. Ошақ тереңдігі 90 см. Ошақ еден деңгейіне дейін бұзылған. Ошақтың алдында нашар сақталған, қыштан төселген алаң болды. Аузы ошақтың оңтүстік-шығыс жағында. Тігінен қойылған қыштан жасалған тек бір ғана тесігі сақталған. Ошақтың солтүстік бөлігінде тікбұрышты пішінді, қыштан жасалған мұржасы бар.
Табылған олжалар ішінен мыс теңгелер көмбесі мен алтын қоңырау атап кетуге лайық.
III қазба. Отырардың 11-12 ғғ. деңгейіндегі құрылыстарды аршыған қазбаның бір бөлігін тазалау жұмысы жүргізілді. Бұл қазба XX ғ. 80-ші жылдары салынған болатын. Алғаш рет 1989 жылы тазаланып, орамның көптеген конструкцияларының бұзылғаны анықталды. Биыл шектеулі аумағы тазаланып, оны консервация жасап, музейлендіру әрекеті жасалды, өйткені осы қазбада ғана қаланың моңғол шапқыншылығына дейінгі қабаты аршылған.
Таңдап алынған аумақ қазбаның шығыс бұрышына жапсарласады, оған екі үй толығымен және бір үйдің бөлігі кірді. Оңтүстік-батысында аумақ көшемен шектелген.
1-ші үй. Бір-бірімен есіктер мен дәліз арқылы қатынасатын алты бөлмеден тұрады. Тазалау кезінде анықталғаны, бөлмеде ішкі қалқандар интерьер нысандары (III қазбаның осы қабатының схемасында көрсетілген сыпалар, тандырлар, ошақ-сандалдар, санитарлық шылапшындар, қамбалар) сақталмаған. Бөлмелердің қатты шайылып кеткен негізгі қабырғалары тазаланды.
Бұрынғы қазба кезінде 5 және 6 бөлменің солтүстік-батыс қабырғасын бойлай, көлемі 5*2 м, тереңдігі 1 м шурф қазылып, ол солтүстік-батысқа қарай 3 м-ге дейін кеңейтілген. Шурфты тазалау барысында ені 1 м қазылмаған қабат байқалды. Ол борпық, күл аралас топырақтан тұрды. Онда көптеген керамика сынықтары мен жануарлар сүйектері табылды. оның ішінде маралдың кесілген мүйіздері де болды. Төменгі қабатқа жататын тандыр қалдықтары бар сыпа бөлігі аршылды. Бөлмелерді бөліп тұрған есікті қабырға 1 м ұзындыққа дейін сақталған, биіктігі 0,5 см. Қойма қызметін атқарған 6-шы бөлмедегі қамбалар сақталмаған.
2-ші тұрғын бөлмеде сыпаға орнатылған тандыр, бөлме ортасында тікбұрышты пішінді ошақ- сандал болған. Сыпалар қабырғаны бойлай жасалған. Дәлізден бөлме ортасында есігі бар қалқан- қабырғамен бөлінген. Бұл бөлмеде негізгі қабырғалар сақталған, сыпалардың іздері қалған.
Қалқанның оңтүстік бөлігі сақталған. Тандыр мен ошақ-сандал анықталмады.
4-ші бөлме мен дәліз (3) еден деңгейімен тазаланды. Бөлменің батыс бұрышында тұрған керамикалық шылапшын табылмады. 1-ші бөлме мен дәліздің солтүстік-батыс аяғы қазбаның шетінің құландысы астында қалды. Қабырғалары нашар сақталған.
2-ші үй тазаланған аумақтың батыс бөлігінде орналасқан. Жоспар-схемада оның бір бөлмеден тұрғандығы, ішінен қалқан-қабырғалармен екіге, тұрғын жай мен шаруашылық жайына бөлінгендігі байқалады. Сыртқы есігі оңтүстік-батыс қабырғада, көшеге қараған. Кіреберістің екі жағында қалқандар бар. Тұрғын жайында қабырғаларды бойлай сыпалар орналасқан, есіктің оң жағында сыпаға тандыр орнатылған, дөңгелек келген ошақ-сандал бөлменің ортасына орнатылған. Тазалау кезінде негізгі қабырғадан басқа элементтердің жойылғаны анықталды. Тазалау барысында сыпа қалдықтары толық жоғалды. Оңтүстік-шығыс қабырға қасында жартылай бұзылған тандыр аршылды. Тандыр диаметрі 58 см, сақталған биіктігі 30 см. Едені қыш сынықтарынан төселген, онда ақшыл-сұр түсті күл жатты. Шаруашылық жағында, солтүстік-батыс қабырға қасында, одан 46 см жерде, батыс бұрыштан 210 см жерде, бадраб шұңқырының аузы анықталды.
3-ші үй көлемі үлкен, тұрғын бөлмелері, қоймалары, әжетханалары бар дара екі бөліктен тұрады. Үйдің төрінде орналасқан екінші бөлігі ғана тазаланды. Оған дәліз бен бірінші бөліктің тұрғын бөлмесі арқылы кіретін болған. Тұрғын бөлменің есігі батыс бұрышында орналасқан, «Г» тәрізді қабырғамен қалқаланған. Солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс қабырғаларын бойлай сыпалар орнатылған. Оңтүстік-батыс қабырға ортасына таман ыдыстар тұрған тұғыр орнатылған. Оңтүстік-шығыс қабырға бойындағы сыпада екі тандыр болған. Бөлменің ортасында дөңгелек келген ошақ-сандал тұрған. Шығыс бұрышында, оңтүстік-шығыс қабырғада қоймамен әжетханаға өтетін есік болған. Есікті бөлменің қалған бөлігінен қабырға қалқалап тұрған.
Қойма енсіз келген, ұзын бөлме болған. Тұрғын бөлмеге оңтүстік-шығыс жағынан жапсарласады. Қойманың төрінде еденге жартылай көмілген құм тұрған. Әжетхана тұрғын бөлмеге солтүстік-шығыс жағынан жапсарласады. Үш бөліктен тұрған. Шеткі, солтүстік бөлігі басқа үйге қарасты болған. Әр бөлікте санитарлық шылапшындар тұрған. Тазалау кезінде олар орнында болмай шықты. Бөлме аумағында үш бадраб-шұңқырлар тазаланды. Бұл шұңқырлардан керамикалық материалдың басым бөлігі, шишалар түгелдей, жекелеген олжалар алынды. Тазаланған аумақтың көлемі 360 м² болды.
Отырардың үшөлшемді моделін жасау.
Отырардың үшөлшемді сандық моделін жасау жобасы іске асырылды. Ескерткіштің үшөлшемді моделі, оның виртуалды ортада жасалған көшірмесі. Текстураларды орнатқаннан кейін тұтынушы-оператор ескерткішті виртуалды түрде «аралап» шығуға және жан-жағынан мұқият қарауға мүмкіндік алады. Мұндай модель жасау "виртуалды археология" деп аталатын өте қиын салаға жатады. Виртуалды әлемде адам-оператор белгілі бір техникалық басқару көмегімен сезу мүшелеріне белгілер жіберетін, сөйте тұра, адам-оператордың басқаруында болатын интерактивті ортаға енеді. Одан басқа, үш өлшемдегі модельдер негізінде стереофотосуреттер, сонымен қатар, стереокөзілдіріктер көмегімен қарауға болатын, нысандар үстімен анимациялық ұшулар да жасалды. Осы заманғы технологияларды пайдалану тұтынушыға виртуалды әлемге кіріп, онда экскурс-зерттеуін жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, виртуалды модель ескерткіштің құрып кеткен жағдайында да, нысанның сақталуына кепіл бола алады (ең болмағанда оның барлық бөлшектері қамтылған сыртқы пішіні қалады).
Көк-Мардан.
Қазба ескерткіштің оңтүстік бұрышына таман салынды. Көлемі 7*7 м, бжандарымен дүниенің төрт бұрышына қараған. Қазбаға 8 деген реттік сан берілді. Қазба аумағының бетінде бөлмелер сұлбасы байқалып тұрды. Қалыңдығы 10 см борпық қабаты алынған соң, 4 бөлменің бөліктері көрінді. Толығымен қазу үшін екі бөлме таңдалып алынып, қазба аумағы 14*9,5м-ге кеңейтілді.
1-ші бөлме пішіні тікбұрышты, көлемі 4,8*2,8 м, шығыстан батысқа созылып жатыр. Қойманың қызметін атқарған. Бөлме өрттен қираған. Беткі жағынан бастап топырағы қара күйе аралас болды, ал, қабырғалары күйіктен қоңыр сызық болып көрініп тұрды. Бөлменің іші жел үрлеген борпық топырақ пен күлге толы болды, олардың арасында күйген төбежабынның ағаштары, қабырға кесектері, төбенің сылақтары болды. Төбежабын кұлаған кезде, сыпаларда тұрған азық-түлік сақтауға арналған ыдыстар: құмдар, көзедер. саптыаяқты басып қалған. Олардың сынықтары сыпа мен еден бетін тұтас алып жатты. Сыпа жоспарда «П» тәрізді, оңтүстік, батыс және солтүстік қабырғаларды бойлай жасалған. Сыпа екі деңгейді. Оңтүстік және солтүстік сыпаның биіктігі 45 см, есікке қарай 28 см-ге дейін пәсейеді де шығыс қабырғаға 1,3 м жетпей аяқталады. Солтүстік сыпаның ұзындығы 3,3 м, ені 0,7 м, оңтүстігінің ұзындығы 2,2 м, ені 0,8 м. Батыс сыпаның ұзындығы 2 м, ені 1 м, басқаларға қараганда 20 см-ге биік. Оңтүстік сыпаның аяғында құмның түбін қатырған, диаметрі 35 см, биіктігі 2 см, сылақ сақталып қалған. Диаметрлері 25 және 30 см осындай қатқан сылақтар бөлменің солтүстік-шығыс бұрышына таман еденде табылды. Оңтүстік-шығыс бұрышта диаметрі 55 см ойық бар. Оның іші күйген, күлге толы. Қабырға, сыпа және еден беттері қызарып күйіп, жақсы сақталуына себеп болған. Бөлме есігі шығыс қабырғада, ені 0,8 м, ол жартылай қазылған көрші бөлмеге апарады. Есіктің табалдырығы 155 см-ге көтерілген, онда есік ағашынан қалған ойық бар.
3-ші бөлме пішіні шаршы тәрізді, көлемі 5,7*? 6 м, 1-ші бөлмеге батыстан жапсарласады. Тұрғын бөлменің едені екі деңгейлі. Бірінші еден 20 см тереңдікте аршылды. Үш қабырғасы анықталды: сұр түсті кесектен қаланған шығыс, оңтүстік және солтүстік қабырғалар. Бөлменің батыс бөлігі шайылып кеткендіктен, мұнда ешқандай конструкциялар табылмады. Солтүстік және шығыс қабырғаларын бойлай, сары түсті кесектерден қаланған, енді сыпалар орнатылған. Сыпаның үстіңгі жағы бұзылған, сақталған биіктігі 24 см. Еденде сынған ыдыстардың, саптыаяқтың сынықтары, бір-біріне жақын жатқан үш ұршықбасы табылды. Солтүстік сыпаның ортасына таман, оған жақын жерде, пішіні тікбұрышты қобди еденге орнатылған. Бөлменің ортасында ошақ орны күйік түрінде сақталған.
Құйрықтөбе.
Жел мен жауын-шашыннан ашылып қалған шахристанның батыс жағындағы 1920-1930 жылдарда жерленген мәйіттер қайта көмілді. Тұтастай архивке айналған және қала жұрты жайлы тиянақты мағлұмат беретін DWG сызбалардың негізінде ескерткіштің ГИС (геоақпараттық жүйе) моделі мен үшөлшемдегі клоны жасалды. Келешекте қала жұртында жасалған барлық өлшемдер мен сызбаларды ГИС-ке енгізу көзделген. Бұл құжаттық материалдарды түсуіне қарай жүйелеп отыруға мүмкіндік береді.
«Дәулетті қалалық үй» нысанын тазалау аяқталды. Онда негізгі конструкциялар мен бөлме элементтері анықталды. Тазаланған аумақ көлемі 625 м2. Барлығы бес бөлме және дәліз тазаланды. Сонымен қатар, платформа қызметін атқарған «шаршылар» тазаланды. Бөлмелер мен дәліздің кіреберістері мен сақталмаған элементтерін анықтау жұмыстары жүргізілді. Үйдің солтүстігі мен батыс жағындағы «шаршы» бөлмелер қайта көмілді. Барлығы алты «шаршы» бөлмелер көмілді. Электронды тахеометрмен үйдің тиянақты жоспары түсірілді. Консервациялық шаралар жүргізу үшін қажетті барлық өлшемдер жасалды. ГИС-те үйдің екі өлшемдегі моделі жасалды. Arc View 9.1 бағдарламалық пакетінің көмегімен ГИС-тегі моделге барлық қажетті мәліметтер енгізілді.
«Кесене» нысанында (бұрын мұнара деп болжанып келген) қазба жүргізілді. Қазбаға дейінгі электронды тахеометрге түсірілген беті ГИС-те үшөлшемді модель ретінде жасалды. Кесененің негізгі конструкциялары мен қосымша құрылыстары анықталды. Құрылыстың кесектен қаланған қабырғалары қатты шайылған. Сонымен қатар, қыштың бірнеше үйінділері де анықталды. Төменгі қабаттарға түсу мақсатында үйінділер алынып тасталды. Көлемі 20 м²-тан асатын кесененің ішкі бөлігі анықталды. Кесене айналасында кейіннен жерленген мәйіттердің кесектен қаланған конструкциялары анықталды. Мәйіттің жатқан бағытын анықтау мақсатында, бірі жартылай аршылды. Кесененің солтүстік-шығыс жағындағы кесек конструкцияның не қызмет атқарғаны анықталмады. Кіреберістің жанынан борпық топырақты қабат қазылды. Мұнда негізінен сынған сырлы табақтардан тұратын, көптеген керамикалық материал табылды. Бұларға қоса, XII ғ. мешітінің микротопографиясы түсірілді. Мәліметтер сараланғаннан кейін ескерткіштің ГИС-іне енгізілді. Ректификацияланған суретін жасау үшін мешіттің беті отыздан аса сапалы сандық суретке түсірілді.
Алтынтөбе.
Алтынтөбе қала жұртында, шахристанның солтүстік-батыс бөлігінде, 1986-87 жж. қазбаға жапсарлас, көлемі 10*10 м қазба салынды. Жоғарғы қабатын аршу барысында мұнда аула мен қандай қызмет атқарғаны белгісіз бірнеше бөлме болғаны анықталды. Көлемі 2,5*4,5 м 1-ші бөлменің батыс бөлігінде ені 1,5 м сыпасы болды. Сынаға түп жағында үш тесігі бар құм орнатылған. Бөлме қабырғалары көлемі 43*21*8-10 см болатын кесектерден қаланған. Қабырғалардың сақталуы нашар. 2-ші бөлме тікбұрышты, көлемі 2,2*5 м, 1-ші бөлменің солтүстігінде орналасқан. 3-ші бөлменің көлемі 3*2 м, солтүстік бөлігінде ошағы болған болу керек. Онда күл қабатында сынған кесектер анықталды. Көлемі 2*3 м 4-ші бөлменің еденінде күл қабаты болды. Осы қабатта VII-VIII ғғ. жататын конус тәрізді кішкентай ернеуі қайырылған табақтың сынығы табылды.
Шахристанның қабырғасын кескен стратиграфиялық кесікте тазалау жұмысы жүргізілді. Мұнда қабырғаның кескіні тазаланып, қабырғаны тұрғызудың үш кезеңі анықталды. Қабырғаның ішкі жағында бірнеше бөлмелер тазаланды, алайда, олардың қызметі анықталмады.
Күйікмардан шеберханалары.
Көлемі 10*10 м қазба канал үйінділерінің беткейінде, Күйікмардан қала жұртының шығысында 1 км жерде салынды. Шөп қабаты алынған соң бес өндірістік ошақтың қалдықтары табылды. Олардың екеуі күйдіретің ошақтың еденіне дейін сақталған, үшеуі тек оттық камера деңгейінде сақталған. Алтыншы ошақ, негізгі қазбаның оңтүстігінен салынған, көлемі 5*5 м қосымша қазбада табылды. Табылған олжалар ішінде керамикалық және шыны бұйымдарының сынықтары бар. Өндірістік ошақтардың болуы және көк, қою көк және сары түсті шыны бұйымдарының сынықтары табылуы, мұнда шыны өндірісінің болғандығына куә бола алады.
Дидактика және абаттандыру.
Отырартөбедегі қазылған және консервацияланған нысандарды туристер мен зиратшылардың жақсы қолдауын қамтамасыз ету мақсатында әр нысанның паспорттық тақталарын жаңарту шаралары жүргізілді. Сипаттама жазылған және жоспары көрсетілген, 2*АЗ форматында сегіз тақта дайындалды. Тақтадағы әйнектер ауыстырылды. Туристік аяқжолдардың шөбі тазаланды. Кіреберістен шахристанға көтерілетін тұсқа дейінгі аралықта (400 м-ден аса) орталық жолдың шетін белгілейтін қыштар әктелді. Барлық қазбалар, оның ішінде бұрын қазылған нысандар да топырақ пен шөптен тазаланып, тәртіпке келтірілді.
Тұрғын үйлерді консервациялау 2006 жылдың маусымында басталды. Оның аясында төмендегідей шаралар жүргізілді: 1. ХІ-ХІІ ғғ. орамының нысандарымен танысу; 2. аталған орамның құжаттамасын зерттеу; 3. құрылыс алаңын дайындау, материалдар әкелу, құрал-сайман алу; 4. кесек қабырғаларды жөндеу және ұяларды бітеу. Көлемі 0,2 м³; 5. көне қабырғаларды жаңа кесекпен қаптау арқылы консервациялау. Көлемі 15 м³; 6. көне қабырғаларды сылау арқылы консервациялау. Сылақ құрамы: саз, құм, әк сүті және органикалық қоспалар. Аумағы 40 м²; 7. жаңадан қаланған қаптамалар бетін сылау. Аумағы 220м²; 8. сыпа мен екі тандырды консервациялау. Аумағы 82 м²; 9. ошақты реставрациялау. 3 санитарлық шылапшынды реставрациялау және бекіту; 10. барлық көне сылақтар жаңа сылақпен (саз, кұм, әк сүті және органикалық қоспалар) жабылды. Аумағы 250 м²; 11. көрерменге арналған алаң жасау. Аумағы 10м²; 12. жүргіншіге арналған жол жасау. Аумағы 60 м²; 13. көрермен алаңы мен аяқ жолға құм мен шиыршық тас төсеу. Аумағы 70 м²; 14. аяқ жолға тақталар төсеу; 15. көрермен алаңын қышпен қоршау. Көлемі 1,5 м³; 16. қазба шетіне маттардан бастырма жасау. Аумағы 16 м²; 17.қазбашетінкесекқалапбекіту. Көлемі 1,8 м³; 18. территорияны абаттандыру шаралары (тазалау, жинау, таптау, төсеу). Аумағы 78 м².