Солтүстік-шығыста ол Талапты ауылымен жапсарласады.
Төбенің сақталуы қанағаттанарлықтай. Оның аумағының оңтүстік бөлігінен басқасы жыртылмаған. Төбенің бетінде археологиялық жұмыстар кезінде аршылған кесектен соғылған, қазір қатты бұзылған тұрғын үйлер құрылысы байқалады.
70-ші жылдар басында төбенің топографиялық жоспары жасалып, әртүрлі биіктіктен аэрофотосуреттері түсірілген. 2003 ж. электронды тахеометрлер шығаратын Lеіса фирмасының ең жаңа қондырғылармен түсірген тиянақты топографиялық жоспары дайындалды (1 сурет). Сонымен қатар, қосымша аэрофотосуреттер түсірілді. Бұл құландылардың тиянақты сипаттамасын жасауға мүмкіндік береді (1 фото).
Отырартөбе жосыны бесбұрышты болып келген, бұрыштары аз ғана ауытқулармен шартараптың төрт бұрышына қарап тұр. Оның оңтүстік жағы 380 м, оңтүстік-батысы – 145 м, батысы – 400 м, солтүстік-шығысы – 380 м және шығысы – 350 м тең. Төбенің ең биік жері етегінен есептегенде – 18 м; орташа биіктігі 10 м ден 15 м аралықта.
Төбенің беті тегіс емес, түгел қыш сынықтарымен, керамикалық шлак, сырлы және сырсыз керамика сынықтарымен көмкерілген.
Бетіндегі керамиканың басым бөлігі XVI- XVIII ғғ. жатады. Қала XIX ғ. басына дейін өмір сүргенін ескерсек бұл түсінікті де.
Қала жұрты солтүстік-шығыс және шығыс жақтарында жақсы сақталынған қабырғамен қоршалған. Қабырғаның кей жерлеріндегі сыртқы бетінің тіктігі 70-80°. Қабырға мұнаралармен бекітілген. Мұнаралардан сыртқа шығыңқы орналасқан үйінділер қалған. Ең жақсы сақталған мұнаралар оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс бұрыштарда орналасқан.
Негізгі төбенің айналасында, жайдақ жағалы сайға айналған ордың орындары байқалады. Төбенің етегінен алғанда оның тереңдігі 2-3 м, ені 40-15 м. Солтүстік - батыс жағында ор қабырғаның шайындыларымен көміліп қалған.
Қалаға үш жерден кіретін болған. Екеуі бір-біріне қарама қарсы орналасқан: бірі – оңтүстік, екіншісі – солтүстік-шығыс қабырғада және үшіншісі – батыс қабырғаның ортасында. Орталық қақпа оңтүстік қабырғада болған. Ол оңтүстік бұрыштан 125 м жерде орналасқан. Қабырғадағы төмпешіктерге қарағанда қақпаның екі мұнарасы болғанға ұқсайды. Қазіргі орнының ені 20 м жетеді.
Отырарды зерттеу жұмыстары XIX ғ. бастап жүргізіліп келеді.
1971 ж. Оңтүстік Қазақстан кешенді экспедициясының зерттеулері басталып, ол 1993- 1996 жж. үзілістен кейін, қазіргі уақытқа дейін жалғасуда.
Осы жылдары қала территориясы, XIX- XVIII ғғ. деңгейінде, 7 га көлемінде аршылды, сонымен қатар, жекелеген аумақтарда темірліктер мен қарахандықтар дәуіріне жататын қала бөліктері қазылды.
Отырартөбедегі 2004 ж. далалық маусымда зерттеу нысаны болып ХІII-ХІV ғғ. жұма мешітін аршыған қазба орнына оңтүстік - шығыстан жапсарласатын, ал солтүстік - шығыстан XVI-XVI ғғ. мешітін аршыған 1999 ж. қазба орнына жапсарласатын цитадель аумағы таңдалып алынды.
1974, 1976 жж. қазылған бұл аумақта консервациялық жұмыстар жүргізілмеген, сондықтан бұл жер шөп басқан көптеген төбешіктер қалпында болды. Зерттеулердің негізгі мақсаты, археологиялық нысандарды құжаттаудағы соңғы жетістіктерді қолдана отырып, қатты бұзылған кесек структураларды аршу болды.
Алға қойылған мақсаттарға сәйкес, 2004 ж. далалық маусымның зерттеу міндеттері төмендегіше болды:
- «Ф» және «У» кварталдарын байланыстыратын көшенің шығыс және батыс жағындағы аумақты аршу;
- соңғы әдістемелер бойынша археологиялық шаралардың алдында, барысында және соңында құжаттау жүргізу;
- 1974-1976 жж. қазба мәліметтерін түзеу және салыстыру;
- қазба орнын консервациялық - мұражайландыру шараларына дайындау;
- табылған заттарды өндеу және сараптау.
Бір жағынан оңтүстік жөне солтүстік қақпаларды жалғайтын орталық көшемен, батысы мен оңтүстігінде «Ф» көшесімен, солтүстігінде қазбадан шыққан ірі көлемді топырақ үйінділерімен және шығысында XII-XIV ғғ. жұма мешітімен шектелетін аумақ, әрқайсысы 20*20 м бес шаршыға бөлінді.
Жұмыс негізінен екі шаршыда жүргізіліп, нәтижесінде 800 шаршы метр аумақ зерттелді (2 фото).
Археологиялық нысандарды құжаттаудың соңғы әдістемелерінің ережелеріне сай, алдымен таңдалған аумақтың үшжақты сандық микротопографиялық моделін жасау шаралары жүргізілді. Мұндай тектес зерттеулер жүргізу үшін төмендегіше әдіс қолданды – электронды тахометрді пайдалана отырып, арасы 30-50 см тор жасалды. Нәтижесінде, беткі қабаттағы шамалы өзгерістерді байқауға болатын тиянақты топографиялық жосын алынды (3 фото).
Зерттеу нысанының виртуальды моделін жасаудың екінші кезеңінде шөп басқан аумақтар зерттеліп, түсірілді. Себебі, олар өте жақсы анықтауыштар болды. Шөп, тек құрылыс конструкциялары жоқ жерлерді ғана басқан. Қабырғалары орналасқан орындарда шөп өспеген. Осылайша өсімдіктердің орналасуын тиянақты зерттеу, конструкцияларды қазбаға дейін анықтауға негізгі фактор болды (4 сурет).
Қабаттардың орналасу құрылымына араласпай тұрып нысанның толық сипатын жасаудағы соңғы қадам, ескі жоспарларды түсірілген микробедерге қабаттау болды (5 сурет). Қазбаның алдында жүргізілген жұмыстың бұл аналитикалық бөлігі зерттеудің кейінгі кезеңдерін едәуір жеңілдетті.
Қазба барысында, нысанда жұмыс істеген бұрынғы археологтар жосынға түсірмеген кейбір элементтер анықталды. Жиналған керамика мен табылған заттар статистикалық өңдеуден өткізіліп, далалық журналға енгізілді. Алдағы уақытта жүргізілетін сараптау жұмыстары XVII ғ. жататын табылған заттар кешенін жекелеген топтарға бөлуге мүмкіндік береді.
Зерттелген нысаннын архитектуралық ерекшеліктеріне келсек, мұндай жағдай күрделілеу. В2 шаршысының оңтүстік бөлігін оншақты кейінгі шұнқырлар бұзған; осындай жағдай В1 шаршысынын солтүстік – шығыс бөлігінде қайталанған: В1 шаршысының оңтүстік бөлігінде және В2 шаршысының шығыс және орталық бөлігінде орналасқан жекелеген бөлмелер бірнеше рет қайта қаланған. Кварталдық көшенің жекелеген элементтері байқалды, тұрғын жайларды кварталдан бөліп тұрған, бірнеше рет жаңғыртылған дуалдар орны, сонымен катар, сауда орны ретінде пайдаланған деп болжауға болатын, көшеге қарай шығатын айванның іздері табылды.
Аршылған жосындар кейінгі ортағасырлық Отырардың тұрғын үйлері туралы тиянақты түрде толықтыра түсіреді. Ол дәстүрге сай салынған. Үйдегі бөлмелер саны әртүрлі бола алады: айванды бір бөлмеден бес-алты бөлмеге дейін. Тұрғын үйдің екі түрі айқындалады. Біріншісі бір сызықтың бойына орналасқан бөлмелерден тұрады. Екінші түрі төрт бөлменің крест тәрізді орналасуымен ерекшеленеді. Үйдің негізін ошақ-тандыр орналасқан орталық бөлме кұрайды. Жылдың суық мезгілінде ол ас үй, асхана және жатын бөлме қызметін атқарды. Бөлменің аумағы 10 мен 45 шаршы метр аралығында. Ошақ тандыр, әдетте кіреберіс есік жанында орналастырылады. Ол сыпа ішіне отырғызылып жасалған. Тандырдың ауыз жағында тік бұрышты, көлемі 6 шаршы метр еңіс алаң жасалатын болған. Оның қабырғалары мен едені қыштан төселіп, ортасында бетінің тесігі бар қышпен жабылған суағар – ташнау орнатылған. Бұрыштарының бірінде отын сақтайтын тек орналасқан. Тандырдың аузының қарама қарсысында не сәл қиыста қабырғадағы мұржаға (әдетте ол бұрышта болады) шығатын тесігі болады. Тандырдың құрамдас бөлігінің бірі, бу шығатын тесіктері бар қақпақ. Ошақ-тандырларды түрлі мақсатта бөлмені жылытуға ас дайындап нан пісіруге пайдаланылған. Ол үшін тандырдың ішкі бетіне сызықтар салынған. Бірқатар үйлерде айванда жазғы аулалар болған. Ауқатты үйлерде оның едені қышпен төселген. Ауланың аумағына қарай онда еріген қар не жаңбыр суын сіңіретін бір немесе екі ташнау орнатылған. Аулада бір не екі жерошақтар сопақ немесе алмұрт тәріздес етіп қазылған. Үйлерде бірден үшке дейін қамбалы бөлмелер болатан. Оларда астық, ұн, кепкен жеміс сақтайтын, саздан жасалған қамбалар тұрған. Қамбалық бөлмелерде құмыралар мен хұмдар тұрған, кей үйлерде еден асты қуыс қамбалар табылды. Тұрғын және қамбалық бөлмелер басқа мал ұстайтын жайларда өзгерту арқылы жасалған.
Қаланың негізгі құрылыс элементі болып квартал қалған. Бұл тіке не «Г» тәріздес болып келетін квартал іші көшесінің бойында топтастырылған үйлер кешені. Магистралды көшелерге кварталдар артқы бітеу қабырғаларымен қараған, көрші кварталдармен де осы артқы бітеу қабырғаларымен шектескен.
Кварталдар 6-дан 15-ке дейінгі үйлерден тұрып, тиісінше 1000-нан 2500 шаршы метрге дейінгі аумақты алған. Қаланың едәуір бөлігі бір жоспармен бір мезгілде салынғандай болып көрінеді. Бұған кварталдардың айқын конфигурациясы мен бір сызық бойына салынған кварталдардағы ғимараттардың қосарланған ансамбльдері куә бола алады. Квартал іші көшелерінде кеңейтілген «қалталар» болған, кейде олар алаңдарға айналған. Мәхалла құрылымын, оның аумағы, үйлердің салыну ерекшеліктерін, үйлердің ішкі және сыртқы келбетіне анализ жасағанда Отырар тұрғындарының әлеуметтік деңгейі әртүрлі болатыны анықталады.
XVI- XVII ғғ. Отырарда 5-7 мың адам тұрғандығы белгілі.
Ортағасырлық. Отырардың тұрғын үйлер кешенінің осы қазылған бөлігін консервациялау және музейлендіру, туристерге көне дәуірдің лебін сезінуге және қызықты археологиялық зерттеулерді келуші көпшілікке түсінікті етуге мүмкіндік туғызады.