Олар: Ақтоғай ауданында орналасқан Беғазы қорымындағы зерттеу жұмыстарының жалғасы болып табылатын №3 кесенедегі сақтау мен қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілсе, Қарқаралы ауданындағы Талды-2 қорымындағы №1 және №19 обалары зерттелді.
Беғазы қорымының №3 кесенесі қорымдағы №2 кесенеден батысқа қарай 10 м жерде орналасқан. Сызбада төртбұрышты құрылыс болып келетін бұл нысанның өлшемі 6*6 м, қабырғаларының қалыңдығы 1,6 м дейін, ішкі кеңістік 3*3 м тең. Қабырғасынан қойылған екі ірі тас плиталардан жасалған дромос-дәліздің ұзындығы 1,9 м және ені 1,5 м, шығысқа бағытталған. Ескерткіштің зақымдалуы қабырғаларының үстіңгі жақтарының нашар сақталуымен сипатталады. Оңтүстік-батыс бұрышында қабырға тастары толығымен жойылған. Кейбір тұстарында айналдыра қойылған тақта тастары жоқ. Ескерткішті сақтау мен қайта қалпына келтіру жұмыстары нысанды қорғау мен оның тарихи-архитектуралық бет-бейнесін қалпына келтіруді көздейтін арнайы шараларды орындаудан тұрады. Кесенедегі жұмыстар бірнеше кезеңмен жүргізілді. Біріншісі - дайындық кезеңі. Ескерткіш және оған іргелес аумақтар кейінгі қалдықтардан, қоқыстардан тазалау, құрылыс алаңын дайындау, ол жерге қажетті материалдар құм, су, құрал- саймандар жеткізу секілді жұмыстар атқарылды. Екінші кезеңде қабырғалардың қаландылары түгелімен бөлшектеніп, балшық араластырып қайтадан қаланды, сонымен бірге кесененің оңтүстік-батыс фасады түгелімен қалпына келтіріліп, қабырғалары қосымша үлкен тақта тастармен айналдыра қоршалды.
Әр кезеңдік Талды-2 қорымы Қарқаралы ауданындағы Қ. Аманжолов ауылынан батысқа қарай 1,3 км жерде орналасқан. Планиграфиялық тұрғыда қорым ССШ-ООБ бағытында шамамен 1,5 км созылып жатыр. Құрамына қатты зақымдалған қола дәуірінің 4 қоршауы, тасты-топырақты үйіндісі бар 20 оба, 1 «мұртты» оба, сонымен қатар кейінгі қазақ заманының кішігірім обалар мен мазарлары бар. Қорымның солтүстік шетінде құрбандық шалу орындарының жүйесі шоғырланған.
Андроновтық қоршаулар қорымның солтүстік-батыс бөлігін алып жатыр. Бүгінгі күні тастары тігінен орнатылған, тікбұрышты және төртбұрышты пішіндегі 2 қоршау жақсы сақталған. Көлемдері 2*2 және 2*5 м, бір-бірінен арақашықтығы 50 м. Қалған екеуінде тек кейбір тақта тастары ғана сақталған.
Қорымның негізін ерте темір дәуірінің үлкен үйінділері құрайды. Ірі 7 обадан тұратын тізбек оңтүстіктен-солтүстік бағыт бойынша созылып орналасқан, сызбада олар №1, 4, 9, 14, 17, 18, 19 сандарымен белгіленген. Диаметрлері 30-дан 75 м-ге дейін, биіктігі 1,9 м-ден - 3 м-ге дейін жетеді. Алғашқы алты обаның арақашықтығы 170 м-ден 270 м- ге дейін, №19 оба №18 обадан 550 м жерде, негізгі шоғырдан оңашалау орналасқан. Кішігірім обалар қорым аумағында жүйесіз орналасқан. Диаметрлері 5 м-ден 10 м-ге дейін, биіктігі 0,15 м-ден 0,5 м-ге дейінгі аралықты қамтиды. Қазақ кезеңнің обалары қорымның орта тұсында, №18 обадан оңтүстікке қарай орналасқан.
№1 оба Талды-2 қорымының оңтүстік шетін алып жатыр. Бұл обаға үйіндіден солтүстікке қарай 10 м жердегі 2 домалақ қаландылар да жатады. Обаны зерттеу үйіндінің солтүстік-шығыс, солтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс секторларын қабат бойынша тазалау арқылы жүзеге асырылды. Үйіндінің оңтүстік-батыс бөлігі стратиграфиялық ерекшеліктерін зерттеу үшін қалдырылды.
Үйіндінің параметрі: шығыс-батыс бойынша диаметр 28,3 м, биіктігі 1,9 м құрайды. Үйінді бірнеше қабаттан құралған. Беткі қабат астында қалыңдығы 0,15-0,25 м құмдауыт қабат орналасқан. Ол орта тұста тарылып келіп еңіс тұстарда кеңейе 0,5 м дейін барады. Одан төмен сұр түсті қабат сортаң топырақ кетеді. Үйіндінің орта тұсында оның қалыңдығы 1,5-7 м жетеді. Алғашқы жер қабаты деңгейде орналасқан тас құрылыс шеңбер тәрізді болып келіп, диаметрі 15 м құрайды. Құрылыс қырлы тастардан құралған, әсіресе үлкен тастар шетінде орналасып, оның жобасын жасайды.
Зерттеу жұмыстарының барысында аталмыш құрылыста оның орта тұсында және шығысында тасты үйінді жоқ екені анықталды. Ортасы мен шығысқа қарайғы жолақ өте тығыз құрамды қара топырақ пен толтырылған. Жұмыстардың жалғастыру барысында бүл жерде жерлеу орны мен одан тартылған дромос табылды. Жерлеу камерасы ұзындығы 3,2 м, ені 1,2 м тереңдігі 0,95 м тас жәшік. Оның үш жағы үлкен плита тастардан құралған, әр жаққа бір плитадан келеді. Алғашқы жер қабатына қазылған дромос-дәліз тақта тастан ұзындығы 7 м ені 1,6 м шығысқа қарай созылған. Алғашында жерлеу орнымен дромос-дәлізі ағаш бөренелерімен жабылған. Олардың қалдықтары жерлеу орны мен дромос-дәліз қабырғаларында табылған. Дромос-дәліз тас құрылыстың шетімен аяқталады. Жерлеу орнымен дромос-дәліз өзара қатар қойылған екі тік таспен бөлінген, олардың аралары 0,4 м құрайды. Қазба жұмыстарының барысында дромос- дәліздің орта тұсында адамның қаңқасы табылды. Тазалау жұмыстарымен мен сүйектердің орналасуына қарағанда тонау мүрденің толығымен ыдырауына дейін жасалған деген болжам жасауға мүмкіндік беріп отыр. Жерлеу орнымен адам сүйектерінің аралығында алтын бұйымдар мен оның қалдықтары табылған. Табылымдар: диаметрі 0,6 см болатын алтын түтікшелер мен оның қалдықтары, барлығы 36; соңында төртбұрышты пішіндегі темір бұйыммен қалыпталған алтыннан жасалған жіңішке сымды сырғалар, барлығы 2; масақ тәріздес үш таяқшалы бастары бір-біріне біріктірілген, алтыннан жасалған әшекей бұйым, барлығы 20; бірнеше алтын қаптама қалдықтары табылды. Осы жерден нашар сақталған темір бұйымның бөлшектері шықты. Жерлеу орнында табылымдар анықталмады. Құрылыстың ерекшеліктері мен табылған заттарға қарап бұл ескерткіш ерте сақ кезеңімен мерзімделеді.
№19 оба қорымның солтүстік шетінде орналасқан. Аталмыш нысанның аумағында құрбандық шалу орындарының 3 түрі бар: 1) обадан 10 м оңтүстікте тұрған, диаметрі шамамен 4 м болатын, тастары көлденеңнен қаланған шеңбер тәрізді 2 орын; 2) құрбандық шалу орындары, диаметрлері 0,5-0,7 м, көбінде 5 тастан құралған. Олар солтүстікте жартылай шеңберді құрап шығыстан-батысқа қарай созылып жатыр. Барлығы 27; 3) ірі тастардан құралған «сегіз тасты» құрбандық шалу орындары, олардың диаметрлері 2-2,5 м; 5 нысаннан тұратын бір топ обадан ССБ қарай 40 м жерде орналасқан. Екінші топтың құрылыстары обадан СШ қарай 70 м жерде, шамасы 20 нысаннан тұрады. Қатты зақымдалған және қазіргі таңда жүйесіз ірі тастардың шашырандысы ретінде сипатталады.
Обаның топырақты үйіндісінің диаметрі 30,4 м, биіктігі 3,1 м құрайды. Үйіндіні тұрғызуда пайдаланылған топырақты алған орындар обаның төрт жағында орналасқан.
Үйіндінің жоғарғы шым қабатынан кейін, көбінесе құмдақ топырақтан, әр жерлерінде сордың қалдықтары кездесетін тас аралас «таза» топырақты қабат тіркелді. Үйіндіні тазалау жұмысы барысында, орта тұсынан ОБ қарай, әлсіз байқалатын тонаушылық шұңқыр аумағында, 1,3 м тереңдікте антропоморфты белгілері бар тас мүсін табылды. Мүсін бүтін таста бас пен мойын белгіленіп, қол-аяғы көрсетілмей жасалынған. Шығыңқы тар бетінде дөңгелек көздері, ұзынша мұрын, тік ерін байқалады. Екі құлағы көрсетілген, бастың төбесінде бас киімге ұқсас элемент бар. Тас мүсіннің биіктігі 92 см, ені мен қалыңдығы 20-25 см. Обаның орта тұсында тікбұрышты ағаш шіріндісі бар қара- қоңыр, 3,5*3 м белгі анықталды. Қабат қалыңдығы 3 см. Адамдық жерлеу жоқ. Ескерткіш ерте сақ кезеңімен мерзімделеді.
Ерте сақ кезеңінің дромос-дәліз жерлеулері Талды-2 қорымынан онша алыс емес жерде орналасқан Нұркен-2 қорымында ашылған. Талды-2 қорымындағы аталмыш ірі обалар Орталық Қазақстанның ерте сақ кезеңінің элиталық тобының ескерткіштері болуы мүмкін. Тың мәліметтерге қарағанда, ірі обалардың астында орналасқан дромос-дәлізі бар жерлеулер, Қазақ ұсақ шоқылығының орталық аудандарындағы тасмолалықтардың жерлеу дәстүрінің маңызды ерекшеліктерінің бірін сипаттайды. Талды-2 қорымындағы жұмыстарды келесі жылы жалғастыру жоспарланған.