Қазбаның аумағы 150 кв. м, тереңдігі 0,6-0,7 м. Осы жылы үшінші құрылыс қабаты аршылды. Қазылған үйлер екі, үш бөлмеден және қосалқы шаруашылық құрылыс орындарынан тұрады. Құрылыс материалы ретінде 38*25*10, 35*25*10 см көлеміндегі қам кірпіштер (кесек кірпіштен), ірі жұмыр тастар және 25*25*5 см өлшеміндегі дәстүрлі ортағасырлық кірпіштер қолданылған. Үй жайлары ас даярлайтын, жататын бөлмелерден және астық, отын сақтаған арнайы қамбалар салынған қоймалардан тұрады. Әр бөлмеде өздерінің қолданылуына қарай қажетті құрылыс қалдықтары сақталған. Әдетте ас даярлайтын бөлмеге кіре беріс табалдырықтан бастап, бөлменің белгілі бір бөлігіне кірпіштен еден төселген. Еденнің астында әдетте ташнау орналасады. Ташнаулар көбіне түбін әдейі кесіп тастаған құмырадан, кейде кішкене көлемдегі және сынық кірпіштерден дөңгелектеп қалап жасалған түрлері де кездеседі. Одан кейін еден деңгейінен 35-40 см биік салынған сыпа, оның үстінде тандыр мен оның түтін жолдары (кан) орналасады, Қабырғалардың бойында ыдыс қоятын арнайы қуыстар болған. Қойма ретінде пайдаланылған бөлмелерде астық (арпа, бидай, тары, күріш т.т.), көкөніс (картоп, сәбіз, қызылша) және отын (тезек, ағаш) сақтауға арналған жеке қамбалар салынған. Олардың өлшемдері әртүрлі және қолданылған мақсатына қарай сапалық деңгейі де тең емес. Астық сақтауға арналған қамбалар сары балшыққа сабан араластырып дараланған балшықпен мұқият, тегістеп сыланған.
Қазбадан табылған керамикалық бұйымдар екі түрде: сырланбаған және сырланған ыдыстар түрінде кездесті. Сырланбаған ыдыстар ас дайындауға арналған (қазан, қақпақ, тұғыр), ас ішуге (кесе, тостақ, көзе, табақ) және күнделікті тұрмыста пайдаланылған (құмыра, татар, құмған т.т.) ыдыстар болып үшке бөлінеді. Олардың басым көпшілігі арнайы шарықта (гончарный круг) жасалған. Сырлы ыдыстар марганец, кобальт және мыс бояғыштары қосылған көгілдір және ашық түсті сырлармен шыңылтырланған. Сондай-ақ жасыл түсті, сары мен қара, қоңыр түстері кезектесіп келетін нақышта сырланған ыдыстар да кездеседі. Сырлы ыдыстардың жиі кездесетін түрлері тағарлар, кеселер, ас табақтары т.б. Ыдыстар формасы мен сырлы нақышы жағынан ХV-ХVІ ғғ. жатады. Қазба қорытындысы цитаделді осы уақыт аралығында мекендеген тұрғындардың әлеуметтік деңгейі орташа дәулет иелері болғандығын аңғартады. Қала тіршілігі әлсіреп, саяси - экономикалық орталық басқа жаққа ауысқандығын білдіреді.
Осы жылғы зерттеулер барысында қаланың сыртынан салынған, ұзындығы оншақты шақырымды қамтитын қорғаныс қабырғасы болғандығы анықталды. Бұрын зерттеушілердің назарынан тыс қалған бұл қабырға қала мен оның маңындағы шаруашылық аймағын үш шетінен (шығыс, батыс және оңтүстік) қоршап жатыр. Төртінші шеті Арыс өзенінің арнасымен шектелген. Қабырғаның орнында ұзына бойы созылған биік жон (қырқа) сақталған. Осы жонның батыс бөлігі егіншілік жұмыстары кезінде бұзылып кеткен. Оның ізін әуеден түсірілген фото суреттен анық байқауға болады. Ал қабырғаның шығыс бөлігі осы күнгі Қараспан ауылының ортасымен өтеді. Дуалдың қалдықтары ауыл тұрғындарының ауласы мен бақтарының ішінде сақталған. Жақсы сақталған оңтүстік, оңтүстік - шығыс бөлігінің ұзындығы төрт шақырымнан асады. Қабырғаның орнында қалыптасқан құлаған жалдың жалпақтығы кейбір жерлерде 10-15 метрден асады. Сақталған биіктігі 5-6 м. Қорғаныс дуалының сыртқы қақпаларының бірі оңтүстік қабырғаның батыс шетіне жақын жерде болса керек. Қабырғаның осы тұсында 10 метрлік үзік бар. Оның ішкі жағында орташа көлемдегі ғимараттың қираған орны сақталған. Қараспанның түстік жағынан ағып келетін Бадам өзені қорғаныс қабырғасының солтүстік шетіне жақын тұста Арыспен қосылады. Осы қос өзеннің жағасында Қараспан тарихымен белгілі бір уақыт аралығында тағдыры түйісетін бірнеше археологиялық объектілер бар. Олар Жуантөбе, Тілеубайтөбе қалашығы. Бөріжар, Қараспан зираттары, Қостөбе 1, Қостөбе 2, қоныстары, Қарауылтөбе, Майтөбе күзет мұнаралары, Сарыөбе және бірнеше аты белгісіз мекен жұрттар. Қос өзеннің қосылған жерінде шоғырланған осынау алуан түрлі ескерткіштер кешені Қараспанның кезінде осы өңірдің ірі саяси - экономикалық орталығы болғандығын білдіреді. Айтылған ескерткіштердің бірсыпырасы қорғаныс қабырғасын ішкі және сыртқы жағынан қоршай орналасқан. Бұлардың көпшілігі өмір сүрген уақыты жағынан ІV-X ғғ. аралығында дәурен құрған. Кейбіреулері тіпті ертеректе қалыптасып, дамыған. Олар Қараспан осы өңірдің ірі саяси - экономикалық орталығы болып тұрған уақыттағы серіктері деуге келеді. Алдағы уақытта аталған ескерткіштерді кешенді түрде зерттеу Қараспан қалашығының қалыптасып даму жолдарын анықтауға, оның сыртқы қорғаныс қабырғасының дәл қай кезде салынғандығына көз жеткізуге және қаланың гүлденген уақыты мен оның тарихи атын анықтауға мүмкіндік берер еді. Сондықтан да Қараспан мен оның маңындағы ескерткіштерде тұрақты зерттеу жүргізу одан әрі жалғастыруды қажет етеді.