Ескерткіш Арыс өзені ағысының орта тұсында, өзеннің оңтүстігінде, Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданына қарасты Қараспан селосының солтүстік-батыс шетінде орналасқан. Ескерткішті XIX ғ. аяқ кезінде-ақ Н.П.Остроумов атап кетеді, кейіннен ол Ескерткіштер жинағында да суреттеледі. Ескерткіштің өмір сүрген уақыты бірінші ғасырлар – XVIII ғ. шеңберінде. Оны А.Н.Бернштам басқарған Оңтүстік-Қазақстан археологиялық экспедициясы 40-шы жылдардың аяғы мен 50-ші жылдардың басында зерттеген еді.

Биылғы далалық маусымда Қараспан отряды 2004 ж. цитадельдің оңтүстік-батыс бөлігінде салынған стратиграфиялық қимадағы жұмыстарды жалғастырды, қазбаның аумағы 625 шаршы метрге жетті. Жұмыс барысында ортасында шаруашылық ауласы бар шаруашылық құрылыстар мен тұрғын үйлер қаңқаларының іргелері, махалла көшесінің бір бөлігі аршылды. Екі жылғы жұмыстар нәтижесінде Қараспантөбе цитаделінде қаланың орталық бөлігінің екі бөлек уақытқа жататын екі құрылыс қабаттары аршылды. Керамикалық жиынтықтың негізінде жоғарғы құрылыс қабаты XVII ғ. соңы мен XVIII ғ. бас тұсына сәйкес келеді.

Құрылыста қам кірпіш пен тас кеңінен қолданылған. Тұрғын үйлер өлшемі 32*25*10-15 және 23-25*20*8-10 см қам кірпіштен тұрғызылған. Құрылыста сондай-ақ бұрынғы ғимараттардан қалған мөлшері 25*25*4-5 см, күйдірілген кірпіштер де қолданылған. Үйлер екі, үш және төрт бөлмелі болып келеді. Әрбір үйде бөлменің төрттен үшін алып жатқан, сыпаға сыланған тандыры бар бөлмесі бар. Тандырдың оттығы және қабырғаға немесе бөлме бұрышына шығарылған қысқа мұржасы болған. Тандырдың алдында таснауа алаңқайы орналасқан. Бұл – кір суды төгуге және ыдыс жууға арналған санитарлық-гигиеналық құрылғы. Алаңқай қолданыста болған күйдірілген кірпіштерден төселген. Бірінші құрылыс қабатының №4 бөлмесіндегі таснауа орналасқан бұрыштағы алаңқайдың еденін төсегенде ладья пішінді дәнүккіш қолданылған. Басқа бөлмелер қойма қызметін атқарған, онда, саз- балшықтан жасалған ыдыстарда астық, жеміс-жидек сақталған.

Керамика негізінен бөлмелердің еден деңгейлерінен жинап алынды. Түрлі-түсті және мөлдір қорғапты керамика көбірек кездеседі. Әшекей марганец түсті бояумен, кейде марганецті және көк бояулармен салынған. Өрнектің ең көп кездесетін түрі – күн таңбасы (басма). Табақ, тостаған, саптыаяқ, дағара – ең жиі табылатын ыдыстардың түрі. Соңғысы әрбір үйде, оның әрбір бөлмесінен де кездесіп отырады. Олар әдетте тандырдың жанында тұрады. Олардың бүйірлері тік, жиегінің ернеуі сыртқа қайырылған. Сыртқы беті өрнектелмеген, ішкі бетіне мөлдір торғап жағылып, қара-қоңыр, көк және көкшіл бояулармен әшекейленетін. Шиыршықтар мен бұранды жапырақшалар жиірек салынған. Жиынтықтағы дағараның бірінің бүйірінде балықтардың суреті салынған.

Қолмен, ленталық әдіспен жапсырылған құмдар мен құмшалардың сынықтары көп. Құмшалар бастырмалардың тізбегімен және қосарланған ирек сызықтармен өрнектелген. Құмдардың бүйірлері қиғаш кертпелермен безендірілген. Құм жиектерінің бірнеше түрі бар, олар әдетте қалың және сыртқа қиғашталған жалпақ, кейде домалақ келген алаңқайлары бар болады. Осыған ұқсас құмдар Отырар алқабындағы қалалардың XV-XVI ғғ. материалдарынан да кездеседі.

XVII-XVIII ғғ. тұрғын үй дамуының желісі бұрынғы уақыттағы, төртінші типке жататын және екі, үш, кейбір жағдайларда ғана одан да көп бөлмеден тұратын үйлердің сипатын сақтап отырған. Үйдің жалпы жобасы тікбұрышты, ал типі бойынша анфиладты немесе Г әрпі тәрізді келген. Төменгі құрылыс қабаттарындағы үйлермен салыстырсақ, онда кейінгі қабаттағы үйлердің ішкі бөлмелерін жайғастыруда біршама өзгешіліктер байқалады. Мысалы, тандыр бұрыштан есікке қарай ауысады.

Санитарлық-гигиеналық құрылғы – таснауа екінші бөлме мен айуанды немесе тұрғын бөлме мен қойманы жалғастырады. Таснауа сондай-ақ қоймаларда және аулада да орналастырылатын. Сыпа орталық бөлменің басым бөлігін алып жатады және еден деңгейінен 30-40 см көтерілген. Оның үстіне оттығы сыпа шетіне шыққан тандыр орналастырылатын. Тандырдағы тесіктен бастау алатын мұржа сыпаның бойымен қабырғаға немесе бұрышқа қарай шығарылатын. Мұржа үй қабырғасында орналасқан құдықпен жалғасады. Тандыр өзінің пішіні мен көлемін өзгертпеген, көлемі әдеттегідей – 0,3-0,45 м, биіктігі – 0,5 м. Бүйірі ирек сызықтардан сурет құрайтын, кертілген сызықпен өрнектелген. Тандырлардың бәрінің оттығы жоғары қараған. Тандырлар қақпақпен жабылатын. Тұрғын бөлмелердің бәрінен де қақпақтың сынықтары шығып отырды. Сыпаның бұрышынан, қарама-қарсы немесе сыпаның өзінде шоққа арналған тікбұрышты тұғырша немесе шұңқыр жасалатын. Тандыр мен таснауа алаңқайы шаруашылық бөлікті құрайды. Тандырдың жанында, сыпаның шеттерінде қыш ыдыс тұрады Сыпаның шетінде немесе таснауаның шетінде қолдиірмендер немесе оның сынықтары жатады. Бірінші құрылыс қабатына жататын жайлардың бірінен, таснауа алаңқайының бұрышында бүл кезеңге тән емес, қайық тәріздес қолдиірмен шықты. Ол еден төселгенде қолданылған Жайлардың бұрыштарында бөлек-бөлек келген қамбалар жасалатын немесе құмша яғни құмыра секілді ыдыстар көмілетін. Бөлмелердің бірінен ұра түріндегі қамба аршылды (фото). Бөлмелерді қабырғаларында үй мүлігін жайғастыруға арналған текше ойықтары бар. Сыпаның үстін тоқыма шыптамен жабатын. Бөлмелерді тазалау барысында шыпта, сондай-ақ киіздің күйген бөліктері табылды. Өртенген бөлмелердің бірінен мақта дәндері табылды. Бұл жәйт қараспандықтардың мақта өсіргендігін айғақтайды.

Қараспантөбе үйлерінің жалпы жобасында қалқаланған кішігірім ауласы болған. Оның астында бір немесе екі алмұрт пішінді ошақтары бар сыпалар, азық-түлік сақтайтын ұра түріндегі қамбалар орналасатын (I құрылыс қабатының 1 ауласы). Үйдің бұлай жобалануы Оңтүстік Қазақстанның кейінгі ортағасырлық үйлеріне де тән. Қазба барысында жинап алынған керамика жиынтығы Отырар керамикасы арасында кездесетін ұқсастықтарға қарай XV-XVI ғғ. тұспа-тұс келеді.

Археологиялық зерттеулер барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық өмірі туралы, қала құрылысының ерекшеліктері жайлы түсінік беретін материал жинап алынды. Келешектегі зерттеулер Арыс өзенінің аумағында орналасқан ірі және Ұлы Жібек жолы бойында транзиттік айлақ ретінде, ортағасырлық Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өмірінде маңызды рөл ойнаған, Қараспантөбе қаласының өркендеу барысын бақылауға мүмкіндік берері сөзсіз.