Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы бола отырып, республикадағы археология ғылымын басты үйлестіруші ретінде өзінің жиырма жылдық ғылыми және жасампаз жолын лайықты жүріп өтті. 

d0b0d180d185d0b5d0bed0bbd0bed0b3d0b8d18f


Институтқа Ә.Х.Марғұлан атын беру кездейсоқтық емес. Қазақстан археологиясының қалыптасуы тікелей осы тұлғаның есімімен байланысты. Әлкей Хақанұлы – жан-жақты ғалым, филология ғылымдарының докторы, КСРО Ғылым академиясының толық мүшесі, белгілі шығыстанушы, тарих төңірегінде көп еңбек сіңіріп, Қазақстан археологиясының жеке ғылым ретінде қалыптасуында ерекше із қалдырған. Сондықтан да ғалымның ҚазКСР ҒА құрылған соң, бірден Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында жасақталған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы 20 жыл бойы жұмыс істеді. Экспедицияның көпжыл­­дық зерттеулерінің басты нәтижесі – тарихшылар, археологтар және қоғамдық ғылымдар арасында мойындалып, бағасын алған Орта­лық Қазақстандағы «Беғазы-Дәндібай мәдениетінің» ашылуы болды.

Қазақстан археологиясы даму жылдарында әлемдік ғылымды өзінің ашқан маңызды жаңалықтарымен байытып қана қойған жоқ, сонымен катар Қазақстанда ежелгі және орта ғасырлардағы мемлекеттіліктің негізгі даму кезеңдерін айқындап берді. Оның қол жет­кіз­ген айтулы табыстарына Қазақстан аума­­ғын­да осыдан 1 миллион жылдай бұрын адам­­дар қоныстанғанын дәлелдейтін ежелгі пале­олиттік үңгірлер мен тұрақтардың ашылуын айтар едік. Еуразияның кіндігінде ор­на­­­лас­қан Қазақстан аумағында тас дәуірі­ ес­керткіштерінің табылуы археология ғы­лы­мын­дағы келелі жаңалықтардың бірі болды.

Дала аймағында қола дәуіріндегі тайпалар палеоэкономикасының дамуында қазақстан­дық металлургияның зор маңызы бар екендігі анықталды.

Қазақстанның мал шаруашылығы және жер шаруашылығымен айналысатын ертедегі тайпаларының өзгеріске ұшырау процесі өт­кен аймақ болып табылатындығы анықталды. Жаңа археологиялық ізденістер, оның ішінде Іле жағалауындағы, Сырдарияның төменгі сағасын­дағы, Шығыс, Орталық Қазақстанда­ғы сақ обаларын қазу Қазақстанның Орталық Азиядағы ежелгі мемлекеттердің бірін құрған сақ тайпаларының ірі орталығы болғаны туралы айтуға мүмкіндік береді.

Қазақстан археологтары урбанизация үдерістерінің барысын, отырықшы және қала­лық мәдениеттердің дамуын зерттейді. «Ұлы Жібек жолы» Қазақстан аумағындағы ерте және орта ғасырлық мемлекеттер өркениеті­нің қалыптасуына септігін тигізді.

Археологиялық жәдігерлер Қазақстан мәдениетінің көп құрамды екендігін дәлел­дей­ді. Оның қалыптасуына Қытаймен, Пар­сы мемлекетімен, Таяу Шығыс, Жерорта теңізі жағалауы мемлекеттерімен, Орта Азиямен, Еділ мен Жайық алқаптарымен, Сібірмен саяси, экономикалық және мәдени байланыстар зор әсерін тигізген. Әр алуан мәдени аймақтардың өзара қарым-қатына­сы мәдени және этногенез процестерінде маңыз­ды фактор болды. Орталықтары Қазақс­тан аума­ғында болған Батыс түрік, содан кейін Түр­геш және Қарлұқ қағанатта­ры, Қара­хан мемлекеті, Найман, Керейт, Қып­шақ хандық­тарының әртүрлі этника­лық мәде­ни дәс­түрмен шығармашылық жағы­нан бірік­кен орта­ғасырлық мемлекеттік құрылымдар­­дың үлгісі болып табылады.

Қазақтардың мемлекеттілігі, қазақ ханды­ғының мәдениеті Отырар, Кедер, Тараз, Түркіс­тан, Сарайшық, Талхир қазбаларында­ғы архео­логтардың зерттеулерінен айқын көріне­ді, ол ортағасырлық Түркі қағанат­тары­ның, Қыпшақтардың мемлекет­тілігі мен мәдениетіне сай келеді. Көшпелі және отырық­шы өркениетті археологиялық зерттеу сан алуан халық мәдениетінің өзара қарым-қатына­сы әлемдік процестің негізгі өзегі болға­нын дәлелдейді. Осындай өзара қарым-қатынас­тар желісінде Қазақстан мен Орта Азия­ның қазіргі заманғы халқының этногенез бас­таулары жатыр.

Қазақстан археологиясының

бас­тау көзі

Археология – гуманитарлық ғылымдар­дың ішіндегі ең жасының бірі. Ол тарих ғылымында төңкеріс жасап, оның көлемі мен мазмұнын өзгеріске ұшыратып, көкжиегін кеңейте түсті. Археология ғылымы – тарихи мұралар арқылы адамзаттың өткен тарихын зерттейтін ғылым. Бұл мұралар жер қойнауында жататындықтан, археология «күрекпен қаруланған тарих» деп айтылады. Оның зерттеу аймағы – дала, орман, тау, құм, шөл, батпақ, өзен, теңіз. Кең-бай­тақ Қазақстан даласында 4970-ке жуық архео­логиялық ескерткіш мемлекеттік есепте тұр. Олар өткен заманның жұмбақтары мен құпия сырларын өз бойында сақтап келеді. Бұл құпия сырды табанды әрі ізденімпаз жандар – археологтар ашады. Тарихта еш нәрсе із-түзсіз жоғалып кетпейді. Жер қойнауындағы жұмбақты ашу – археологтардың міндеті.

Қазақстан жеріндегі археологиялық ескерт­кіштер туралы ерте кезден белгілі бол­ған. Орта ғасырлар кезеңінде тарихшылар мен географтар, саяхатшылар, ғалымдар ескі қоныстар мен қалалардың орны туралы мәліметтер қалдырған. 1707 жылы жарық көрген С.Ремезовтің «Сібір картасында» қазақ даласындағы археологиялық ескерткіштер туралы жазылған. 1733 жылы Г.Ф.Миллер бастаған бірінші академиялық экспедиция қазақ жерінде жұмыс істеді. 1774 жылғы жарық көрген П.И.Рычковтың «Орынбор топографиясы» атты еңбегінде ертедегі кеніштердің орны туралы мәліметтер бар. Бұл кездегі зерттеулер ғылыми негізде жүргізілмей, тек қана кездейсоқ табылған жәдігерлерді жинаумен айналысты.

Ресейдегі археологиялық зерттеу­лердің кеңеюі Қазақстандағы көне ескерткіштерді ғылыми түрде зерттеуді қажет етті. Атақты қа­зақ ғалымы Ш.Уәлиханов өз қолжазбала­рын­да ортағасырлық Талғар, Шеңгелді қалалары туралы кескіндеме қалдырған. Орыс шығыстанушысы В.Радлов Шығыс Қазақстандағы археологиялық ескерткіштер­ді бірінші рет тарихи кезеңдерге бөлді. Оның еңбектері Қазақстан археологиясының дамуын­да үлкен қадам болды. 1867 жылы ресейлік Археологиялық комиссияның шешімі­мен орыс шығыстанушысы П.Лерх Түркіс­тан өлкесін зерттеуге кірісті. Сауран, Сығанақ, Тараз қалаларының жоспарын картаға түсіріп, Жаңакент қаласындағы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Ол ортағасырлық қалаларды зерттеудің ғылыми негізін қалады.

1862 жылдан бастап В.Радлов Шығыс Қазақстан жерінде археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Қазақстандағы археологияның дамуына 1893-1894 жылдардағы белгілі ғалым В.Бартольдтың Орта Азияға барған ғылыми сапары негіз болды. Оның ғылыми еңбегі әлі күнге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. 1895 жылы академик В.Бартольд Ташкент қаласында алғашқы археологтар үйірмесін ашты. Осы үйірме мүшелері В.Кларе мен А.Черкасов 1904 жылы Отырар қаласында қазба жұмыстарын жүргізді. 1920 жылы Түркістан мәдени ескерткіштерді қорғау және мұражайлар комитеті ашылды. Комитет­тің не­гізгі міндеті тарих ғылымының үлкен бір саласы – археологияны дамытуды қолға алу болды. Сайран, Тараз қалаларында археоло­гия­лық зерттеулер жүргізіліп, М.Массоның Түркістан туралы алғашқы ғылыми еңбектері жарық көрді. XX ғасырдың 30 жылдарында Қазақстан жерінде М.Грязнов, И.Синицын, С.Черников, О.Кривцова-Гракова бастаған экспедициялар республиканың орталық және шығыс аудандарында жұмыс істеді. 1936-1940 жылдар – А.Бернштам бастаған археологиялық зерттеулер ғылыми жағынан өте құнды болды. Экспедиция Оңтүстік Қазақстан, Жетісу жеріндегі сақ дәуірінен соңғы орта ғасырлардағы ескерткіштерге археологиялық зерттеулер жүргізді.

Қазіргі Қазақстан жерінде ежелгі адамдар өмір сүрді ме?

Бұл сұраққа соңғы уақытқа дейін ешкім жауап бере алмай келді. Тек 1948 жылы белгілі археолог Г.Н.Сосновский кездейсоқ табылған тас құралдар мен жануар сүйектерін зерттей отырып: «Қазақстан жерінен Азияның осы бөлігіне тән алғашқы қоныстанушылардың қалдықтары табылуы мүмкін», – деген болжам айтқан. Қазақстан археологтарының табысы бұл болжаудан асып түсті. Талантты қазақстандық археолог X.А.Алпысбаев 1957 жылы Үлкен және Кіші Қаратау жоталары маңынан ертедегі тас ғасыр кезеңіне жататын көптеген тұрақ пен үңгір тапты. Бұл ашылған жаңалық күні бүгінге дейін өзінің жалғасын тауып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстанның барлық аудандарында ерте тас ғасыры ескерткіштерінің орны белгілі болды. Олар – «Бөріқазған», «Тәңірқазған», «Тоқалы», Ш.Уәлиханов атындағы тұрақ, «Шабақты», «Мұзбел», «Үшбас», «Қошқорған», «Шоқтас», «Ащысай», «Семізбұғы», «Қарабас», «Ангресор», «Батпақ» тағы басқалар. Қаратаудың алғашқы тұрғындары от жағып, оны сөндірмей, ұстай білген. Олар аң аулаумен, азық болатын өсімдіктерді жинаумен шұғылданған. Орталық Қазақстан ж­ерін­дегі қазбаларға қарағанда, осы маңда ор­наласқан ежелгі адамдар тас құралдарын еңбек­ке кеңінен пайдаланған. Олар тастарды үш­кірмен, қырғыштар, шапқылар, кескіштер жасап, өздерінің қажеттеріне жарата білген. Қазіргі уақытқа дейін Қазақстан жерінен ежелгі адамдар жайлы дерек әзірше табылған жоқ.

Жетісу аумағындағы артефактілері анық­тал­ған (барлығы 187 дана) тас дәуірінің тұрақ­та­ры Шарын өзені аңғарындағы «Ақто­ғай-1-4» ескерткіштерінен табылды. Осы аймақ­та тұңғыш рет тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Қ.Таймағамбетов көп мәдени қабаттан тұратын Майбұлақ тұрағын ашты. Ол Алматы облысындағы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылынан оңтүстік-батысқа қарай екі шақырым жердегі Іле Алатауының солтүстік беткейінде орналасқан. Төбешік алғашқы кезде биіктігі 150-200 м болған бөлек жотадан тұрған. Қазба жұмыстары төбешіктің орталық бөлігінде жүргізіліп, оның аумағы 130 шаршы метрді құрады. Қазбаның тереңдігі 8 метрге жетіп, үш мәдени қабат анықталды. Қазба барысында таспен қаланған ошақ пен оттың орны анықталды. Еңбек құралдарынан екі қырғыш, қырнауыш, ойықты құрал табылды. Мәдени қабаттардың қалыңдығы адамдардың ұзақ уақыттық қонысымен қатар, тұрақ-шеберханалардың болғандығын дәлелдейді.

Қазақ жылқысы Ботайдан

бастау алады

Тарих ғылымдарының докторы, профессор В.Ф.Зайберт басқарған Солтүстік Қазақстан және Көкшетау археологиялық экспедицияларының 30 жылдық ғылыми зерттеулер. Еуразия құрлығының ортасында орналасқан Қазақстанның ежелгі тарихында әлемдік өркениеттер қатарына жататын бір­неше жаңалықтар ашты. Жылқы жер бетінде тұңғыш рет б.з.д. IV мыңжылдықта Солтүстік және Орталық Қазақстанда қолға үйретілді. Адамзат бірнеше миллион эволюциялық дамудан кейін жаяу жүрістен жылқыға ауысты. Бұл құбылыстың тарихи мәні өте зор. Б.з.д. IV мыңжылдықтан бастап, Еуразияның ежелгі жылқыларының пайда болу кезеңінен XVII-XVIII ғасырлардағы индустриялы дәуіріне дейін жылқы малы өркениет үдерісінің да­муында тек ұлы далада ғана емес, ескі әлемнің адамдар мекендейтін барлық жерлерінде де негізгі рөл атқарды. «Ботай» қоныс мекені әлемде алғашқылар қатарында жартылай отырықшылық тұрмыс салтына көшті. Жартылай жер үстіне тұрғызылған үйлер ағаштан, саз балшықтан, жылқы сүйегінен, қайыңның қабығынан және шымнан салынды. Үйлердің ауданы 120 шаршы метрге дейін жеткен. Олардың пішіні көпбұрышты, ал күмбез тәрізді төбелері ешқандай тіреусіз-ақ өте берік болды.

Ботайлықтар қола дәуіріне дейін екі мың жыл бұрын мыстан жасалған құрал-саймандар мен әртүрлі заттарды пайдаланған. Ежелгі ботайлықтардың үй кәсібінде сүйектен заттар жасау кеңінен қолданылды. Сонымен қатар тері илеу, тоқыма бұйымдарын дайындау, ағаш өңдеу де дамыды. Сүйектен және мүйізден жасалған бұйымдарға аралау, бұрғылау, жону және жылтырата тегістеу т.б. әдістер кеңінен қолданылды, тіпті оларды өңдеуге мыс құралдарды да пайдаланғандығы аңғарылады. 15 гектар жерді алып жатқан «Ботай» қонысынан 158 баспананың орны анықталған.

«Ботай мәдениетін» жалғастырушылар алғаш рет даладағы малшылардың күнтізбегін жасап шықты. Қыста олар қыстақтарда (20-30 га) әрі тұрақты үйлерде тұрса, жаз айларында Жезқазған мен Ұлытаудың таулы-дала аймақтарында малдарымен бірге көшіп жүрген. Бұған қыш құмыраға салынған екі доңғалақ пен олардың ортасында тұрған аттың нақышталған кескіні дәлел. Алғашқы жылқышылар атқарған барлық маңызды жаңалықтар күнделікті іс-тәжірибеге енгізіліп, дәстүрлі тәрбие барысында тұрақтанып, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп, Еуразияның байтақ даласы мен орманды даласына таратылып отырды. Қазақстандық археологтар мен олардың шетелдік әріптестерінің «Ботай мәдениетіне» қатысты жан-жақты ғылыми ізденістері бүкіл әлем­де ғылыми және қоғамдық жариялылық алып, олардың жұмыс нәтижелері адамзат­тың жұмбақ тарихының сансыз сауалдарына жа­уап беруде және болашақта да жауап бере бермек.

Алғашқы палеометалл және индустрияның бастауы

Қазақстан жеріндегі археологиялық зерттеулердің жаңа кезеңі Ғылым академиясы құрылғаннан кейін жаңа қарқынмен жүрді. Осы кезеңнен бастап республикадағы археологиялық зерттеулерге Тарих инсти­тутының археология бөлімі жетекшілік ете бастады. Академик Ә.X.Марғұлан бастаған Орталық Қазақстан археологиялық экспедиция көп жылдар бойы ұлы Арқа жеріндегі зерттеулерін жүргізіп келді. Қола дәуірінің негізгі орталықтарының бірі – Орталық Қазақстан. Бүгінгі күні ғалымдар бұл өңірден сол кезеңге жататын 30-дан аса елді мекен мен 150-дей қабірді (қорымды) қазып зерттеді. Біздің заманымызға дейінгі ХІІ-VІІІ ғасырлар «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» деп айтылады. Ол Қарағанды қаласы маңындағы Дәндібай ауылында және Балқаштың солтүстік төңірегіндегі Беғазы қойнауында қола ескерткіштерінің алғашқы қазылған жеріне қарай аталған. «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» Атасу өзенінен Ертіске дейінгі байтақ даладан табылған көптеген ескерткішімен сипатталады. Олардың қатарына «Ақсу-Аюлы-ІІ», «Ортау-ІІ», «Байбала-ІІ», «Бесоба», «Бұғылы-ІІІ» кешендері жатады.

Археологтардың күшімен Солтүстік және Батыс Қазақстанда қола дәуірінің көптеген ескерткіштері ашылды. Оның ішінде ғылымға кеңінен белгілі «Алексеев­ка», «Ұралысай», «Тастыбұлақ» және тағы басқа қоныстар бар. Батыс Қазақстан жеріндегі қола дәуірінің ескерткіштері тас­пен қоршалса, Есіл өңірінің Петровка, Боголюбово төңірегіндегі елді мекендер орман және қазылған ор топырағынан соғылған дуалмен қоршалған. Дуалдың үстіне ағаш шарбақ, адамдардың кіріп-шығуы үшін ор бойында қазылмаған бітеу жер қалдырылып, дуал­ға арба сыятындай етіп, есік орнатылған. Қола дәуіріне жататын Қазақстан жеріндегі ежел­гі қалалардың негізі болған Қостанай мен Челябі облыстарының түйіскен жеріндегі – Арқайым. Соңғы кездегі археологиялық зерттеулер Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда қола дәуірінде адамдар қоныстанғандығын және игергендігін көрсетіп отыр. Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан, қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын – Түгіскен кесенесі (мазары). Мазар саз кірпіштен салынып, іші дөңгеленіп, қабырғаларының сырты төртбұрышты болып келген. Шең­берді айналдыра кірпіштен тікбұрышты тіреулер өрілген. Кірпіш тіреулермен қатар ағаш тіреулер де болған. Үйдің ортасына және дәліздерге ыдыстар, қоладан жасалған құралдар мен қарулар, алтын әшекейлер қойылған. Өлген адамның мәйітін ортаңғы бөлмеге жатқызып өртеген. Мұның өзі қола дәуірінде өлікті өртеу ғұрпы болғандығын көрсетеді.

Сонымен, қола дәуірінде далалық өркениеттің іргетасы қаланды деп нақты айта аламыз. Орталық Қазақстан алқабы Орал тауларынан Енисейге дейін, оңтүстігінде – Тянь-Шань мен Памир, Орталық Азияның шөлдеріне дейінгі аралықты қамтыған Андронов тарихи-мәдени қауымдастығының құрамында. Бұл мәдени орта Еуразия аймағындағы бірегей құбылыс болып табылады. Б.з.д. ІІ мыңжылдықта өндіруші мал шаруашылығы мен кешенді отырықшы-бақташылық бағыттары толығымен орнады.

Жезқазған кенішінен қола, сақ, орта ғасырлар дәуірлерінде 1 миллионнан астам тонна мыс рудасы алынған. Аса ірі көне кен орнына «Кенқазған» жатады. Мұндағы көне карьердің қазіргі ұзындығы – 500 м, ені 100 м. Мамандар оның қазіргі сақталған тереңдігі 10 м, ал кезінде 30 м-ге жеткен деп санайды. «Кенқазғаннан» көне дәуірде 800 мың тонна мыс рудасы алынған. «Кенқазған» рудасы одан 100 шақырым қашықтықтағы қола дәуірінің «Атасу» қонысына жеткізіліп, сонда балқытылған. Атасу өзені алқабында орналасқан осы қонысты зерттеген археологтар мұнда 22 балқыту пештерінің орнын ашты. Қарағанды облысындағы «Суықбұлақ», «Қарқаралы 1-2», «Шортандыбұлақ», «Талдысай» сынды көптеген металлургиялық қоныстарды айтпағанда, бір ғана «Атасудың» өзі көне заманғы ірі мыс зауыттарының бірегейі болған.

Ерекше орынға қола өндіру ісі шықты. Б.з.д. ІІ мыңжылдықта Орталық Қазақстан Еуразияның аймағы ауданы бойынша үлкен, көршілес өңірлерге әсер еткен тау-кен, металлургия және металл өндеу ошақтарының біріне айналды.

Қазақстан жеріндегі қола дәуірі қоныс­тарының ең үлкені болып табылатын «Кент» қонысының ауданы – 30 гектар, мұнда тұрғын үй, түрлі шеберханалар, ғұрыптық орындар санатына кіретін барлығы 100-ден астам құрылыс орыны бар. Беғазылықтар әскери ақсүйектер – пәрменді көсемдер басқарған бірнеше ірі тайпалық бірлестіктен құралған. Үлкен көлемдегі тас кесенелер болса, билік пен байлықты өз қолдарына жинаған, металл өндіру мен оны бөліп тарату саласына бақылау жасап отырған, алыс өлкелерге жорықтар жасаған қаһарлы көсемдердің қабірлері болып табылады.

Жартастарға салынған

суреттер

(петроглифтер)

Қазақстан аумағында петроглифтердің (грек тілінен «тасты ою», «қашау» дегенді білдіреді) зерттелгеніне 100 жылдан астам уа­қыт өтті. Қазіргі кезде тас ғасырынан бас­тап кейінгі орта ғасыр уақытына дейінгі уақыт­ты қамтитын орындар ашылды. Олар: «Там­ғалы», «Теріс», «Қарасай», «Баянжүрек», «Ешкі­өлмес», «Маңғыстау», «Мұғалжар», «Қа­ратау», «Қарақыр», «Ақбақай», «Қырғыз Алатауында».

ЮНЕСКО бойынша Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық комиссияның және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жұмыстарының нәтижесінде 2004 жылы «Таңбалы археологиялық кешені», Қожа Ахмет Ясс­ауи кесенесінен кейін екінші болып «Бүкіләлемдік мәдени мұра» тізіміне кіргізілді. «Таңбалытас» суреттерінің ең көп шоғырланған жері Таңбалы өзенінің құрғап қалған арнасының ортасындағы, жырылған сайдың аңғары. Өзеннің екі жағындағы жота беткейлерінің жоғарғы жағы сурет салуға қолайлы. Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы көптеген жартас суреттеріндегідей, Таңбалы суреттерін де әртүрлі кезеңнің шеберлері салғандығын, олардың осы маңда тұрған тұрақтары, жерлеу орындары дәлелдейді. «Таңбалытас» суреттері жалпы Орта Азия аумағында ең көп тараған антропоморфты бейне – күн сияқты бетперде киген фигуралардың көптігімен ерекшеленеді. Бұл суреттер жартас бетінің ең ұшар биіктеріне салынған. Мұның себебі өзі үлкен кеңістікте көзге көрінуі үшін және таң атқаннан күн батқанға дейінгі күн сәулесі түсіп тұруы үшін қажет болған. Сонымен бірге осы жерге тәу етіп келген немесе ғұрыптық салт-дәстүр жоралғыларын өткізу кезінде жиналған қауымға көрініп тұруы және бұл таудың аса киелі деп есептелетіндігі ескерілген. Жалпы, бұл жерде суреттердің салынуына қарай адамдар тұрған жерлердегі белгі ретінде ғана емес, жыл он екі ай ішіндегі белгілі бір уақыттардағы, көптеген ұрпақ жалғастығының мәдени ғұрыптық орнына айналған. Сондай шаралар өткеннен кейінгі тасқа салынған суреттер сол дәстүрлік шаралардың семантикасынан хабар бере отырып, сол кеңістіктегі дүниетанымды көрсетсе керек.

Таңбалы «дәстүрлі» киім үлгісін­дегілері мен «күн басты» бейнелері олардың орны мен атқарған қызметіне қарамастан, жоғары белгілік пен үлкен ақпаратқа ие. Сонымен бірге барлық «күн басты» бейнелер «алғашқы құдайларды бейнелемейді, керісінше кейбірі рух пен құдайлардың араласуын білдіреді» деген пікір де бар. Жасалған діни-ғұрыптық іс-әрекеттерге қатысушылар, ежелгі суретшілердің көзге елестетулері бойынша, антропоморфтық бейнелерге теңестіріле отырып, мифопоэтикалық санада осындай көріністер туындауы ықтимал. «Күн бас­ты» бейнелердің әртүрлі болуы «пантеон көпсатылы иерархиядан тұрады» дегенге келеді. Сонымен бірге бұл жерде аймақтық-этникалық және басқа да ерекшеліктері негізге алынуы мүмкін. Бақсылықтың мифологиялық кешенінде ғарыштық кеңістіктің үш мүшеден тұратындығының идеясы мен оның «әлем бәйтерегімен» байланыстылығы бас­ты орынды алады. Бұл жерде бақсының өзі, бір жағынан, «әлем бәйтерегін» білдірсе, екінші жағынан, байланыстырушы рөлін атқарады.

Таңбалының «күн басты» бейнелері күн құдайына табынумен, өмірлік айналыммен, табиғи циклмен де байланыста болуы мүмкін. Бұл персонаждардың (бейнелердің) тур-бұқалар бейнелерімен және мифтік-ғұрыптық кешендермен, әсіресе құрбандық шалу идеясымен байланысты екені сөзсіз. Бұл жерде кеуделеріне суреттер салынған бұқалардың бейнелері жиі кездеседі. Оларды кей зерттеушілер бақсылық транс сәттеріндегі қалыптасқан күйдің нәтижесі ретінде түсіндіреді. Көптеген әскери қос атты күймелердің бейнелері күнге табынумен байланысты. Б.з.д. ІІ мыңжылдық ортасында далалық Еуразияның қола дәуірі тайпаларында әскери күймелердің культі дамыды. Қоғамда күймелердің кастасы ерекше артықшылықтарды пайдаланды, бұл жайлы көне арийлердің бізге келіп жеткен қасиетті жазбаларында айтылған.

Сонымен, «Таңбалытас» суреттері өзіндік ерекшеліктерімен бірге, оны тұтастай алып қарағанда, осынау тарихи-мәдени және ландшафты кешен айтарлықтай кең ауқымды ақпарат береді және мәдени ғылыми дәрежесі жағынан еліміздің мәртебесінің асқақтауына қызмет етеді.

Қазақтың қасиетті киіз үйі

Қола дәуірінде Қазақстан жерінде мекен еткен тайпалардың қоныс жайларын анықтау мақсатында бірнеше қазба жұмыстары жүргізілді. Солардың нәтижесі көрсеткеніндей, әдетте қоныс өзендердің жағасында, жайылымы мол алқаптарда, көлдердің маңында орналасқан. Қоныстар – 6-10 үйден, үлкендері 20 үйден тұрды. Өзен жағасында олар бір немесе екі қатар болып тізілген тұрғын үйлердің аумағы кең, 100 шаршы метрден 300-400 метрге дейін жеткен. Қола дәуіріне жататын «Шағалалы», «Петровка», «Атасу», «Бұғылы» тұрақтарын қазған кезде дөңгелек сызықтар мен торкөз шарбақтан көтерілген көп қырлы қабырғалары бар, төбесі конус немесе пирамида тәрізді етіп жабылған үй қалдықтары табылды. Сондықтан да, «қазақтың киіз үйінің жобасы ежелгі қола дәуірдегі баспаналар негізінде пайда болған» деп айтуға толық негіз бар.

Алғашқы адамдар тұрағы киіз үй – таным объектісі, дүниетанудың құралы, өз баспанасын әлемнің шағын бейнесі ретінде танығанда ғана сақтар өзін еркін сезінген. Шағын әрі оңтайлы, сонымен бірге әртүрлі көп мәнді символикамен бүкіл әлемді өз ішіне сыйғызып тұруы – олардың баспанасының басты шарты. Киіз үй б.з.д. VІІ ғасырда кеңінен пайдаланылып, киіз басу белгілі бір еңбек кәсібіне айналды. Киіз үйдің сол кезден бастап кең тарағанын сол заманда тасқа қашап түсірілген суреттерден (Гоби Алтайынан, Сібірдегі Баяр қия тасынан, Қырым жартастарынан) айқын байқауға болады. Сақ тайпаларының киіз үйде тұратынын алғаш рет ертедегі грек тарихшылары жазды. Киіз үйдің сыртқы пішіні байырғы дың, домбауылдарға ұқсас, шеңбер қабырғалы, төбесі күмбезделіп келеді.

Киіз үйдің ерекше мәні бар басты символына оның шеңбер тұрпаты жатады. Шеңбер – жалпы мәдениетте доминант рөлге ие болған дүниенің символы. Шығыс сәулетінде, өнері мен тіпті кейбір жазу таңбаларында дөңгеленген шеңбер тәріздес үшкір формалардан алшақ геометриялық тұрпат басым. Егер шеңбердің ортасын дүниенің кіндігі деп, оған адамды орналастырса, оның айналасынан бірдей қашықтықтағы әрбір нүктені жанай өтетін сызық басталған нүктесінен тұйықталып келіп, дүниенің кіндігінде тұрған адамды айнала бір нүктесі екіншісінен не аспайтын, не кемімейтін дөңгеленген үлкен әлемнен қоршалған жаңа бір кіші әлем жасалады. Мұнда дүниені танудың өзіндік үлгісі жатыр, адам табиғат ішінде, оның жасаған әлемі де соның ішінде, ал өзі – танып білуші, тек өзгертуші емес.

Киіз үйдің үш деңгейлік құрылымдық (кереге, уық, шаңырақ) бөліктері әлемнің үш қабатын бейнелейтін болса, ішкі кеңістігіндегі төр – сый-құрмет орны, ошақ – жылу көзі, кіндік, т.б. ерекше мәнді орындар сол қоғамдағы негізгі әлеуметтік қатынастарды көрсетеді. Көшпенді халықтың экологиялық жүйеге барлық жағынан үйлесімді баспана үлгісін жасап шығаруы асқан шеберліктің көрінісі болса, осы шығармашылық нәтижесі – киіз үйдің әлемдік өркениетінің бірегей үлгісі.

Алтын адам –

ғасыр жаңалығы

1957 жылы атақты археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор К.Ақышев бастаған Жетісу археологиялық экспедициясы үйсін қоныстарымен қатар сақ қорғандарын зерттей бастады. Іле алқабында орналасқан «Бесшатыр» қорғандары қазылды. Осы кезде археолог С.С.Чернигов бастаған экспедиция Шығыс Қазақстандағы «Шілікті» қорғанын қазу кезінде көптеген тамаша олжа тапты. 1969 жылы Есік қаласының маңынан қазылған сақ қорғандарының бірінен алтын киіммен жерленген адамның қабірі ашылды. «Есік» қорғанына жерленген адам – әрі жауынгер (бұған қару-жарақ, оның ішінде алтын садақ куә), әрі абыз (басына кигізілген ерекше шошақ қалпағынан, қол астындағы айнадан белгілі), әрі малшы (қабір ішіне бақташының ұзын ерме қамшысы қойылған). Сақтарда аң стиль жоғары орында болды. Оның басты тақырыбы аңдар мен аңыздардағы құбыжықтардың суреттелуі еді. «Аң стилі» өнерінің негізі ежелгі аңыздарда сақталған, адамның әртүрлі жануарлардан шыққандығы туралы түсініктермен байланысты. Адам өз тегін табиғатпен байланыстырып, өздері соның бөлшегі деп есептйді. Әрбір ру не тайпаның шыққан тегі, бұғы, қасқыр, арқар, жолбарыс, дала бүркіті, т.б. аңдар болып есептеліп, сондықтан аң бейнелері бар заттар қасиетті тұмар немесе бойтұмар саналды. Сақ аңыздарында жылқы күнмен және отпен байланыстырылды. «Есік» қорғанынан табылған патшаның бас киімінде бейнеленген қанатты аттар күн қозғалысын білдіреді. Белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы З.Самашев Шығыс Қазақстандағы «тоң басқан», «Берел» қорғандарының бірінен 13 аттың сүйегін тапты. «Шілікті» қорымындағы «Бәйгетөбе» обасына тарих ғылымдарының докторы, профессор Ә.Төлеубаев қазба жүргізуде табылған алтын заттар мен ашылған құрылысына қарап, сақтарда сәулет өнері мен қолөнер бұйымдарын жасаудың жоғары дәрежеде болғандығын анықтады. Сонымен қатар, Орталық Қазақстан аймағындағы «Талды-1-2» қорымдарына археолог, тарих ғылымдарының кандидаты А.Бейсенов жүргізген зерттеу жұмыстарында сақ обасынан өте көрнекті алтын бұйымдар табылды.

Сақтардың түсінігі бойынша, құдай әртүрлі жануарлар бейнесінде өмір сүрді. Ол қанатты ат немесе ит тәрізді, аттар сияқты фантастикалық аң, құс, жануарлар бейнесінде болды. Мифология мен фольклорда бұл бейнелердің кең таралуы Еуразия даласындағы өнерде өзіндік «аң стильді» тудырды.

Сармат тайпалары Еуразияның саяси-экономикалық және мәдени өмірінде елеулі рөл атқарған тайпалар мен одақтар құрамына кірді. Археологиялық тұрғыдан маңызды және бай сарматтардың жерлеу орындары Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданындағы Лебедевка ауылының маңынан табылып, зерттелді. Бұл қорым диаметрі – 10-20, биіктіктері 0,5-2 м. болып тігінен бір-біріне жақын орналастырылған бөренелермен бекітілсе, төбесі де бөренелермен ылдилана жабылған. Қабірдің қалың тақтай төселген еденінде басы солтүстікке қаратылған әйел адамның қаңқасы жатыр. Табылған заттардың ішінде­гі ең маңыздысы – гректер жасаған қола құмыра. Оның тұтқасы ернеуіне бекітілген жерінде атылғалы тұрған кобра жыланының басымен аяқталған, ал бүйіріне бекітілген жері гректердің шарап құдайы Дионистің бейнесінде берілген. Бұл бай қорғандар сарматтардың Қара теңіз жағалауындағы гректің қала мемлекеттерімен тығыз байланысты болғандығын, сондай-ақ грек мәдениетінің сарматтар қоғамының дамуына әсер еткендігін дәлелдейді.

Ұлы Жібек жолы ортағасырлық Қазақстан қалалары арқылы өткен

Ұлы Жібек жолы – адамзат баласы өрке­ниетінің теңдесі жоқ тарихи ескерткіші. Ол көп ғасырлар бойы өз құрамына кіретін елдер мен халықтардың экономикасының, мәдениетінің дамуында басты рөл атқарды. Құрлықтарды жалғап жатқан бұл жол ІІ ғасырдан бастап Еуропа мен Азия арасын біріктірген болды. Шығысты Батыспен жалғастырды.

«Ұлы Жібек жолы» деген ежелден келе жатқан ат емес. Бұл атау тек 1877 жылы пайда болды. Оны неміс географы Фердинанд фон Рихтгофен қалыптастырды. Сол кезеңнен бас­тап осы бір сәтті табылған атау адамзаттың таңғаларлық жетістігінің өзіндік куәсі болып, халықтар соның арқасында бір-бірімен ғылыми ойларымен, мәдени және діни идеяларымен бөлісе бастады.

Бас сауда жолы Тянь-Шань (Тәңіртау) тауларының бөктерімен жүріп, Сырдария, Талас, Шу, Іле алқабын кесіп өтіп, Қытайға қарай созылып жатты. Оның тармақтары бұрын – Яксарт, кейінірек Сейхун деп аталған Сырдария жағасымен Аралды бойлай Жайық өзеніне, ары қарай Қара теңіз жағалауына, Византияға, Батыс Еуропаға өтті. Жібекпен бірге Шығыстан – Батысқа, Батыстан – Шығысқа, Римде, Францияда, Византияда, Русьте, Иран мен Араб халифатында, Түркі қағанаттарында, Қытай, Корей, Жапонияда өндірілген көптеген тауар ағылды.

«Жібек жолы» арқылы тауарлармен қоса өнер, архитектура, мәдениет, музыка мен би өнері, қызықты қойылымдар, орта ғасырдың өзіндік «эстрадасы» тарады. Иран, соғды, түркі өнерпаздары Қытайдың би мәдениетіне үлкен үлес қосты. Осы жол арқылы жан-жаққа діни ой-пікірлер де таратылды. Миссионерлер (басқа діндегілер арасына өз дінін, әдет-ғұрпын уағыздайтын, насихаттайтын адам) өз діндерін алыс елдерге алып барды. Үндістаннан Орта Азия мен Шығыс Түркістан арқылы Қытайға, Кореяға, Жапонияға буддизм келді. Вавилоннан Иран мен Кавказ маңы арқылы иудей діні тарады. Жібек жолы буддизммен қоса, Батыстан Шығысқа қарай христиан және ислам діндерінің кең өріс алуы­на себепкер болды.

«Жібек жолы» – құрлықтағы шексіз дала, асқар тау арқылы жол салған әлемдік өркениеттің жарқын көрінісі. Еуразияның түйіскен жерінде бір-біріне ұқсамайтын мәдениеттердің өзара тоғысып, сабақтасып жатуына ыңғайлы жағдай туды. Қазақстанның отырықшы қала халқы мен көшпелі тайпалары көрші елдермен және алыс жұртпен қарым-қатынас жасауы арқасында адамзаттың ежелгі өркениетінің алмас тасындай жарқыраған мәдениетті өмірге әкелді.

Қала мәдениетінің қалыптасқан екі ауда­ны – Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда 100 жылға жуық уақыт археологиялық зерттеулер жүргізіліп келе жатыр. Археология халықтардың материалдық мәдениетінің негіздерін зерттеуге барынша көңіл бөліп келеді. Отырар тарихын кең көлемде зерттеу соның бір айғағы. Отырар Шығысқа кеңінен танымал болған ортағасырлық қала кезінде осылай аталған еді. Ол – ұлы Әбу Насыр әл-Фарабидің отаны ретінде де әйгілі. Ғалымның туған жері деп танылып жүрген Фараб қаласы – Отырар қаласының синонимі. VІ-VIII ғасырларда Отырар – Фараб Сырдарияның орта шеніндегі ірі феодал иелігінің астанасы болған, ІХ-ХІІ ғасырларда – аймақтың бас қаласы, ХІІІ-ХV ғасырларда – Қазақстанның оңтүстігіндегі аса ірі қалалардың бірі, ал ХVІ-ХVІІ ғасырларда Қазақ хандығының саяси және экономикалық орталығына айналды. Отырар ХVІІІ ғасырдың орта шенінде қаңырап бос қалып, сол ғасырдың екінші жартысында әбден қирап, төсін жаңбыр шайып, жергілікті тұрғындар Отырартөбе деп атап кеткен үйіндіге айналды. Қазба нәтижесінде қала, тұрғын үйлер құрылысы, әртүрлі қолөнер шеберханаларының жайы, екі мың жылға жетеқабыл уақыт ішіндегі қала мәдениетінің деңгейі, қала өмірінің дамуы туралы мәлімет берген көптеген құнды дерек алынды. Археологиялық қазбалар нәтижесінде Сауран, Испиджаб, Тараз, Құлан, Меркі, Ақтөбе, Қаялық, Талғар, Жанкент, Жент, Сидақ, Ясы, Алтын төбе, Мардан, Тамды, Түймекент, Бектөбе, Кедер, Жамұқат, Бозоқ қалаларындағы көлемді құрылыстар, Жаңакент пен Баба-Атадағы ішкі қамал құрылыстары, Құлан мен Көкмардандағы тұрғын үйлер, Суяб пен Науакеттегі будда храмдары мен мешіттер Испиджабтағы ғибадат орындары көпшілікке белгілі болды. Қазақстан қалаларындағы бейнелеу және сәндік өнері «Ұлы Жібек» жолы бойында орналасқан Орта Азия, Таяу және Орта Шығыс, Шығыс Түркістан қалаларымен өте ұқсас.

Мәдени мұра –

халық зердесі

2003 жыл мәдениет дамуындағы белесті кезең болды. Жылдың басты оқиғасы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың халқымызға Жолдауындағы «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдауы еді. Зерттеуге ұсынылған археологиялық кешендер, оның ішінде ауқымды қазба жұмыстары олардың маңызына және бұдан бұрын жүргізілген зерттеушілердің белгілі бір бөліктері есепке алына отырып таңдалып алынды: бұлар – аса маңызды әрі халықтың генетикалық жады үшін дәлел болып табылатын тарихи-мәдени эталонды ескерткіштер және «Бүкіләлемдік мәдени мұра» бағдарламасының қазіргі номинаттарының тізіміне енгізілген ескерткіштер. Мәдени мұраны зерттеу – ең алдымен, өткен тарихты, тарих пен мәдениет тарихының терең бастауларын танып-білумен байланысты. Қазақстан үшін де, басқа елдер үшін де антропогенез мәселелері – адамзаттың ерте дәуірдегі дамуын, оның материалдық және рухани мәдениеті, Еуразия мен Африканың жақын және алыс аумақтарымен өзара мәдени байланыстағы елдің алар орнын зерттеу аса маңызды болып табылады.

«Мәдени мұра» – әр алуандығымен байырғы өркениетті қоғамның басты белгісі, ұлттық және мемлекеттік дүниетанымның интеграциялық құрамдас бөлігі болып табылады. «Мәдени мұраның» заттық бөлігі халықтың материалданған жады тәрізді көрінеді. Ал оның маңызды бір бөлігін археологиялық мәдени мұра құрайды. Ол археологиялық ескерткіштердің барлық түрлерін қамтиды: тас және қола дәуірінің тұрақтары; кен өндіру, суландыру жүйелері; қорғандар мен бекіністердің үйінділері; мүжіліп шөккен өркешті қорғандар; ортағасырлық қалалар; монументальды құрылыстар. Кәсіби мамандар арқылы тиісті дәрежеде қазылған және мұражайға айналдырылған, зерттелген бұл ескерткіштер адамзаттың аса құнды ақпараттық қорын, сондай-ақ оның біртұтас материалдық жадын құрайтыны анық.

Қазіргі қоғам үшін «Мәдени мұра» айрықша мәнге ие болуда. Оның әсіресе ғылыми-техникалық революция мен электрондық ақпарат құралдары дәуірінде қажеттігі айқын сезіледі, өйткені жаһандық стандартқа жетелейтін, даралықты, оның ішінде жекелеген тұлғаларды да, тұтастай халықтарды да өз ырқына алып кететін жаңадан орын алған стеротиптер дәлелдей түсуде. Ғасырлар бойы қалыптасқан көптеген мәдени дәстүрлер, оның ішінде мінез-құлық пен мораль да бар, жоғалып жатыр.

Қазақстан мәдени мұраны сақтап қалу мен пайдалану мәселелеріне ерекше мән беріп отыр. Дамыған елдерде әл-ауқат деңгейінің жоғары болуының өзі бұқаралық туризмнің дамуына, туристік индустрияның қалыптасуына ықпалын тигізіп келеді, ал бұл «Мәдени мұраға» деген көзқарасты экономикалық жағынан жақсарта түседі.

Қызығы да қиыншылығы бар осындай игі істердің басында қазіргі кезде К.Байпақов, З.Самашев, В.Зайберт, С.Жолдасбаев, Ж.Таймағамбетов, М.Елеуов, М.Қожа, Ә.Төлеубаев, А.Марьяшев, Ә.Ақышев, В.Евдокимов, А.Подушкин, Р.Бурнашева, Т.Савельева, М.Хабдуллина, Е.Смағұлов, Ж.Құрманқұлов, Н.Алдабергенов, Т.Жауымбаев, Ж.Смайлов, О.Артюхова, А.Досымбаева, Ю.Мотов, А.Ермолаева, М.Тұяқбаев, М.Қасенов, А.Бейсенов, А.Бисембаев, А. Рогожинский, И.Кукушкин, В.Варфолемеев, А.Плешаков, Д.Тәлеев, А.Волошин, Г.Терновая, Ж.Жетібаев, Ғ.Омаров, В.Мерц, В.Логвин, Ғ.Бексейтов, Г.Петенева, Ғ.Ысқақов, Г.Жұмабекова, Д.Воякин, Г.Базарбаева, Т.Лошакова, А.Астафьев, А.Оңғар, Е.Есжан, С.Ақылбек, А.Ержігітова, С.Мургабаев, М.Бақтыбаев, Б.Железняков, А.Горячев, С.Потапов, Т.Мамиров, А.Чотбаев, О.Кузнецова, С.Ілияс, С.Қалиев, Ж.Утубаев, Д.Байтілеу, А.Нұсқабай, Е.Төлегенов, М.Сейітқалиев, Е.Әміров, Е.Оралбай, Т. Өсеров және т.б. археологтар тұрғанын мақтанышпен айтуға болады.

Арнабай Нұржанов,

Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты

Ералы Ақымбек,

Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері, тарих магистрі