«Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыруды
жалғастыра беру, сөйтіп өткенді пайымдау арқылы
қазіргі заман мәдениетін жан-жақты дамыту қажет.
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ
(Қазақстан Республикасы Президентінің
Қазақстан халқына жолдауынан)
2005 ж. 18 ақпан
«Мәдени мұра» түсінігіне жүріс-тұрыс пен ар-ождан нормаларын белгілейтін менталитет және саздық әуендер әлемі мен көшпелі сарындарды құрайтын ауыз әдебиет жүйесі де кіреді. Мәдени мұраның заттай бөлігі – халықтың материалдық түйсігі. Археологиялық мәдени мұра осының негізгі бөлігін құрайды. Ол қорған-қамалдардың қирандылары, жайылып кеткен обалар, көне тұрақтар, қалалар орны, зәулім ғимарат сынды археологиялық ескерткіштерді қамтиды. Кәсіпқойлар қазып, зерттеп және мұражайландырған жағдайда, олар өткен ғасырлар мен халықтар жайлы көзге көрінер ақпарат бере алады. Әлі зерттелмеген ескерткіштер – адамзаттың құнсыз ақпарат қоры, оның жоғалмас материалдық түйсігі.
XX ғ. «археологиялық мұра» деген түсінік және онымен байланысты ұйымдастыру шаралары – археологиялық мұраны басқару жүйесі қалыптасты.
Қазіргі қоғамдар үшін мәдени мұраның бүкіл жиынтығы аса маңызға ие болып отыр. Ғылыми-техникалық төңкеріс пен электронды баспасөз құралдары дәуірінде, жаппай халықтық стереотиптердің жаңасы қалыптасып, жекелеген тұлғалар мен бүтіндей халықтардың ерекшеліктері шайылып, жаһандану біртектілігі жетекшілік етіп отырған, ғасырлар бойы қалыптасқан жүріс-тұрыстық және моральдық мәдени дәстүрлер ұмыт болып бара жатқан заманда мәдени мұра ерекше маңызға ие болып отыр.
Мәдени мұраның сақталуы мен пайдалану мәселелеріне өркениетті елдер ерекше ден қоя бастады. Ауқаттылықтың өсуі дамыған елдерде жаппай саяхатшылықтықтың дамуына септігін тигізіп, өз кезегінде мәдени мұраға экономикалық тұрғыда ерекше ден қоюға әсер етіп отыр. Осыған сәйкестендірілген заңдарды жетілдіру, басқарудың тиімді жолдарын іздестіру жүріп жатыр. Швеция королінің 1666 ж. көне мұраларды тақ меншігі деп жариялаған заң актісі осы бағыттағы әлемдегі тұңғыш қабылданған заң актісі болып есептеледі. Сол кезден бастап, мәдени, соның ішінде археологиялық мұра жайлы заңгерлік ізденістер жекелеген бағытқа айналды. Туындаған мәселелер халықаралық қоғамдастықтың, соның ішінде ЮНЕСКО аясындағы ұйымдастыру шаралары мен басты назардың нысанына айналды.
Мәдени мұра және оны тиянақты пайдалану шаралары қазіргі әлемде қоғам өркениеттігінің көрсеткіші. Ол заңгерлік жағдай мен қоғамдық көзқарасқа да қатысты. Бұл ретте Данияны мысалға келтірсек жеткілікті. Мұнда археологиялық мұра жайындағы заңдар арасында 1969 ж. археологиялық мұраны қорғау және оны қаржыландыру туралы қабылданған Мемлекеттік актінің маңызы ерекше. Данияда осы заң және қаржыландыру негізінде шаруашылық аймақтарда жылына елдің ұлттық байлығын зерттеу мен сақтауға септігін тигізетін, ауқымдары әртүрлі келген ұзын саны 400-500 сақтандыру қазба жұмыстары жүргізіледі. Қоғамдық санада қалыптасқан өнегелік тәртіптер ерекше. Бұған археология жетістіктерін кең түрде насихаттайтын шараларда өз септігін тигізеді. Археологиялық көрмелер Данияның 48 мұражайында бар, насихат шаралары жүргізіліп, мектептерге арналған археологиялық журнал шығарылады. Көне мұралар ұлттық мақтанышқа айналған, ал оларды қорғау қоғамдық ой-сананы жұмылдырушы дүниеге айналып отыр.
Мәдени мұра – Қазақстанда ерекше көңіл бөлінетін дүние.
2003 жылы мәдениет дамуында елеулі болды, халыққа жіберген жылсайынғы үндеуінде Президент ел алдында тұрған шұғыл міндеттер ішінде тарихи-мәдени мұрамызды зерттеу және сақтау шараларын анықтап отыр.
Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының іске асырылу мерзімі деп 2004-2006 жж. белгіленіп отыр. Ол тарихи-мәдени мұраны зерттеу, пайдалану мен сақтау ісінде елеулі жетістіктерге жеткізу керек.
Бұл көп жылдық тұрақты жұмыстың бастапқы кезеңі ғана.
Бағдарлама бойынша, зерттеуге, соның ішінде кең ауқымды қазбалар үшін археологиялық нысандар олардың осыған дейін зерттелу деңгейін және маңыздылықтарын есептей отыра таңдап алынды. Іс жүзінде бұл халықтың генетикалық жадына айырықша келген және маңызды тарихи-мәдени салмағы бар жетекші ескерткіштер. Бұлар Бүкіләлемдік мәдени мұра ескерткіштері қатарына кіретін номинанттар қатарында.
Әрине, бағдарлама бойынша зерттеулер кешенді түрде, қазба жұмыстарынан кейін және сонымен қатар жобаны даярлау, консервациялау мен қазылған нысандарды қалпына келтіріп, оларды мұражайландыру бағытында жүргізілуі тиіс.
Мұражайландырылған ескерткіштер мемлекеттік және халықаралық туристік бағдаршаларға қосылуы тиіс (кей тұстары қосылып та жатыр) те, дамып келе жатқан туристік инфрақұрылымның өзіңдік торабына айналуы керек.
Бағдарламаның іске асуы үшін мынандай концептуалды негіздемелер анықталып алынды: бағдарламаны іске асыру барысында мәдени мұра елдегі біртұтастану процестерінің негізгі себебі, ұлттық және мемлекеттік сана-сезімнің қалыптасуының құрамасы деп есептейтін, сипаттауды қажет етпейтін қағидаға негізделу керек; Қазақстан халқын Отан тарихын сүю, оған сүйіспеншілікпен қарау, оны ықыласпен сақтау рухында тәрбиелеу қажет; археология, сәулет өнер, көне өнер ескерткіштері ұлт рухын сақтайтындықтан олар халықтың қасиетті дүниесі болуы тиісті.
Ғылыми зерттеулер мен қазбалар осы қағидаларға негізделіп жүргізілді; Ақсу темір өңдеушілер қонысы, қола дәуірінің қала жұрты Кент, сақ қаласы Шірік рабат, Берел, Мерке түрік ғибадатханасы, Отырар және Қиялық қала жұрттары жайлы жинақталған материал ой-сараптаудан өткізіліп, консервациялау мен мұражайлаңдыруға байланысты ұсыныстар және бағдарламалар жасалынды. Сонымен қатар Алматы және Шымкент археологиялық ескерткіштеріңде де елеулі жұмыстар атқарылды.
Халықаралық бағдарлама бойынша Отырар қала жұрты мен Тамғалы петроглифтер кешенінде ЮНЕСКО қатысуымен консервациялау жұмыстары жүргізілді. «Көне Отырарды қайта өркендету» жобасы осы Отырар бойынша қабылданған болатын.
Әрине, тарихи-мәдени мұраны тексеру мен есепке алу, тарих және мәдениет ескерткіштерінің Жинағын баспаға даярлау осы Бағдарламаның басты міндеті болып отыр. Жинақ – ескерткіштерді зерттеу мен қорғау жұмыстарының негізі. Қазірше оның Шымкент және Жамбыл облыстары бойынша ғана екі томы шығарылды.
Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша Жинақ томдарын даярлауға қызу зерттеулер басталып кетті.
Осыған дейін шығарылған Жинақтарды толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Жинаққа қатысты жұмыстар жаңа деңгейде, компьютерлік технологиялар мен ескерткіш орнын нақты жаһандық тұрғыда анықтау жүйелерін пайдалану арқылы жүргізілуде.
Бағдарлама бойынша 2004 ж. іске асырылған жұмыстардың жекелеген қорытындылары жинақтама есепте жариялануда.
1999 ж. әлемдік маңыздағы Алтайдағы Берел обасындағы мәңгі тоң басқан қорғандар мен бейіттерде қазба жұмыстары жалғасқан болатын.
Зайсандағы Шілікті обасында жұмыстар жалғасуда. Былтыр онда патшалық қорғаннан «алтын адам» мәйітінің қалдықтары табылған еді.
Жетісуда, Қарлық мемлекетінің ортағасырлық орталығы, әлемдік діндердің түйіскен және бірге өмір сүрген жері болған Қиялық қала жұртында өрнек ойылған кірпіштермен қапталған XII-XIII ғғ. бас мешіті мен XI-XII ғғ. мавзолейі ашылған болатын. Бұл Қазақстанның ислам сәулет өнерінің жаңа жарқын ескерткіші.
Зерттелініп жатқан ескерткіштер ішінде елордамыз Астана қаласының маңындағы Бұзық қала жұрты да бар. Жоба жұмыстары нәтижесінде онда Астананың көпғасырлық тарихы мен өлкедегі урбанизация бастауы жайлы түсінік бере алатын Археологиялық парк ұйымдастырылады.
Алматы маңында жуырда құрылған мұражай-қорыққа енгізілген Есік обасы мен Талғар қала жұртының (ортағасырлық Тальхир қаласы) зерттелуі жалғастырылды.
Тальхирдің ортағасырларда шеберлері болат құрышын құя алған Орталық Азияның темір өңдеу орталықтарының бірі болғандығын айғақтай түсетін жаңа тың мағлұматтар жинақталуда.
Алматы территориясындағы археологиялық қазба жұмыстары бұл жерде адамдардың ерте тас дәуірінен бастап қоныстанғаны мен X-XI ғғ. ортағасырлық қаланың бой көтергеніне дейін түсінік береді. Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі саяси, экономикалық, мәдени және сауда қаласы ретінде Алматы осыдан мың жыл бұрынғы уақытта қалыптасқан, ал, XIII ғ. Алматыда жеке теңге соғатын сарайдан бақыр шығарылатын. Бір кереметі, бақырда «теңге Алматы қаласында шығарылған» деген жазу бар, яғни қала XIII ғ. өзінде-ақ Алматы деп аталатын.
Тараз маңындағы Ақыртас кешенінде археологиялық және консервациялық жұмыстар жүргізілуде. Бұл 751 ж. Талас шайқасынан кейін түрік-қарлықтар шақыртқан араб сәулетшілерінің тастан салған Қазақстандағы бірден-бір зәулім сарайы.
Көне Шымкент және Сайрам қала жұрттарында археологиялық зерттеулер етек алды. Археологиялық және тарихи материалдар негізінде қала жұрттарындағы қазбаларды консервациялаудың, мұражайлық кешендерді ұйымдастыру мен оларды қазіргі тандағы қызу жұмыс істеп жатқан Шымкент – Отырар – Түркістан – Сауран туристік бағытына енгізудің ғылыми концепциясы жасалынуда.
Арыс өзенінің орта бойында әйгілі Арсубаникет қаласы мен кейінгі ортағасырлық Қараспан қаласы деп танылатын Қараспан қала жұртында археологиялық зерттеулер жүргізілді.
Отырар қала жұртында халықаралық ЮНЕСКО – Қазақстан – Жапония қатысқан жоба бойынша жұмыстар аяқталып, мәдени мұра аясындағы «Көне Отырардың қайта өркендеуі» жобасы басталды. Алқаптағы Алтынтөбе. Мардан-Күйік, Құйрықтөбе ескерткіштерінде археологиялық және консерваниялық жұмыстар жүргізілуде.
Отырар мен оның маңында орналасқан Арыстан Баб мавзолейіне жылына 100000 турист келеді және оның саны жылдам өсуде.
Отырарда бүкіл орта азиялық өңірдегі ғылыми және консервациялық зерттеулердің орталығын ашу және туризм инфрақұрылымын ұйымдастыру концепциясы жасалды.
Түркістан маңынан Қазақстанның ерте ортағасырларындағы ірі орталығы болған Сидақ қала жұрты қазылып жатыр.
Ортағасырлық тарихтың, археологияның және сәулет өнердің бірегей ескерткіші – Сауран қала жұртында зерттеу жұмыстары басталды. XVI ғ. авторы Васифи суреттеп кеткен, айтулы екі шайқалмалы мұнарасы бар медресе қазыла бастады. Қаланы сумен қамтамасыз еткен кәріз жүйесі зерттелуде.
Батыс Қазақстанда Жайық өзенінің бойында, Орал қаласының маңында XIV ғ. ортасында бой көтерген Жайық қаласының жұрты зерттелуде. Бұл XVII-XVIII ғғ. Орал қаласы- ның негізі болған қала жұрты. Сарайшық пен Жайықтағы қазбалар Ұлы Жібек жолының Орал тармағы жайлы мағлұматтар берді.
Маңғыстауда ерте қола дәуірінің қаласы – Тоқсанбай тұрағы және сарматтардың ғибадатханасы – Қызыл Үйік ескерткіштері зерттелуде.
Жетісуда көне түріктердің Мерке және Жайсан ғибадатханалары, Сарыарқада қола дәуірінің қаласы Кент, темір өндірушілердің Атасу тұрағы зерттелуде.
Консервациялау мен мұражайландыру мақсатымен энеолит дәуірінде пайда болған, алғашқы жылқы өсірушілердің тұрағы Ботайда қазба жұмыстары қайта қолға алынды. Адам тарихындағы елеулі оқиға – жылқыны қолға үйрету процессінің бастапқы аймақтарына Қазақстанның да кіргендігі дәлелденді.
Қазақстанның көне дәуірі жайлы тың мағлұмат алу палеолиттік Шоқтас және Қошқорған бірегей ескерткіштеріндегі зерттеулер нәтижесінде мүмкін болады.
Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығарылайын деп жатқан есепті баспаға дайындай- удан басқа, Сауран және Қиялық қалалары, Жайық қала жұрты, Акыртас кешені, Ешкіөлмес петроглифтері жайында монографиялар дайындалуда. «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізілген әрбір ескерткіш жайында монографиялар, альбомдар, буклеттер даярлау жоспарланып отыр. Туристік бағдаршаларға суреттемелер даярлануда.
Қаржыландырудың молайуына байланысты, 2004 ж. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Қазақстан мәдениетінің қалыптасуы тарихының талас-тартыс тудырып келе жатқан көптеген сұрақтарының басын ашуға септігін тигізетін мол мағлұмат жинақталды.
Қазақстан халықтарының мәдени мұрасының даму мәселелері жайлы зерттеулер нәтижесінде кейбір ой-пікірлерімізді айта аламыз.
Бұл мәдени мұраның тамыры – еуразйялық кеңістікте далалық өмір тұрмыс қалпы қалыптасқан энеолит пен қола ғасырынан бастау алады. Шағын аудандар шеңберінде жекелеген мәдени блоктар қалыптасады. Солардың бірі – өзінің айтулы археологиялық кешенінің атымен андроновтық деп танылды.
Мәдени мұраның екінші қабаты ерте көшпенділер дәуіріне жатады. Қазақстанда бұл кездері мәдени мұраның сақ-үйсін және қаңлы-сармат деп атауға тұратындай блоктары қалыптасты. Бұл қабаттың жекелеген белгілері Азияның далалық аймақтарының көптеген халықтарына тән. Бұл кездері шаруашылық, тұрмыстық және мінез-құлықтық өрістерде көрінетін көшпенділік өмір салты қалыптасады. Сонымен қатар кілем бұйымдары мен өрнектелген киіздер жасау барысында дүниеге келген ою-өрнектерден бастап, мәдени саладағы үндестіктер тізбегі де айтып кететіндей жәйт.
Сақ, үйсін, қаңлы саяси мұрасы да аса маңызды. Қоғамда саяси ұйымдасудың айтарлықтай жаңа құрылымы – мемлекеттің пайда болуы жүріп жатты.
Зерттеуге келесі, түркі-соғдылық мәдени қабатының да маңызы зор. Мұнда мәдени дамудың бірнеше бағыттары жақындасып, әрекеттесіп отырды. Үйсін, және одан кейінгі кезеңдердегі көшпелі қоғамдарда отырықшылыққа деген құлшыныстары уақытша тұрақтардан ұзақ мерзімді қоныстарға өтуге септігін тигізген. Сонымен қатар оңтүстіктен, VI-VIII ғғ. Орталық Азияның отырықшылық мәдениетінің алды болған соғды өркениетінің зор ықпалы жүріп жатты. Түрік қағанаты мен кейіндегі түріктер билеген мемлекеттер кезінде бұл үрдіс күшейе түсті. Моңғол шапқыншылығына дейінгі кезеңде жалпы мұсылмандық стандарттар жиынтығы бар, жүзеге асырылуы Қарахандар мемлекетінде айқын көрініс тапқан жергілікті қалалық мәдениет кешені берік қалыптасқан болатын.
Мәдени мұраның маңызды қабаты көшпелі тұрмыс пен Сырдария – Жетісу өңірлерінің қалалық мәдениетіне негізделген Қазақ хандығымен байланысты. Қазақ хандығындағы қала мен дала мәдениеттерінің әрекеттесуі – Қазақстан культурогенезінің айқын көріністері. Бұл мәдениет қабаттарын зерттеу қазіргі археологияның басты бағыттары болып табылады.
«Мәдени мұра» бағдарламасының жұмыстарына ҚР БҒМ Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институты (Алматы) қызметкерлері, еліміздің Мемлекеттік университеттері: Л.Н. Гумилев атындағы Ұлттық Университеті (Астана), Әл-Фараби атындағы Ұлттық Университеті (Алматы), Е. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университеті (Қарағанды), Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік Университеті (Көкшетау), М.О. Әуезов атындағы Оңтүстік-Қазақстан Мемлекеттік Университеті (Шымкент), Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университеті (Түркістан), М.Қ. Қозыбаев атындағы Солтүстік-Қазақстан Мемлекеттік Университеті, Отырар мұражай-қорығы (Шәуілдір), Мемлекеттік Әзірет Сұлтан мұражай-қорығы археологтары ат салысты. Археологиялық зерттеулерге Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы, АҚШ, Италия, ГФР, Ұлыбритания мамандары қатысты.
Жұмыстарды ұйымдастыру ҚР мәдениет, ақпарат және спорт Министрлігі, ҚР білім және ғылым Министрлігі тарапынан іске асырылды. Ал мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының орындалуын қамтамасыз ететін Қоғамдық Кеңес осы жұмыстардың ұйымдастыру Орталығы болды.