Қала Алматы облысы Сарқанд ауданы Қойлық ауылының шығыс шетінде орналасқан. Территориясы кей жерлерде 4 м дейін жететін қорған қабырғасымен қоршалған. Жобасы бойынша қала қиыстау келген, төрт бағытқа қараған қабырғалары 1200 м дейін жететін төртбұрышты құрайды. Қаланың территориясын қазірдің өзінде топографиясынан жақсы аңғарылатын кезіндегі қала құрылыстарының іздерін, көшелерді, қиылыстарды көруге болады. 1998 ж. бастап археологиялық қазба жұмыстарын академик К.М. Байпақовтың жетекшілігімен ҚР БҒМ Ә.Х. Марғұлан атындағы археология Институты жүргізіп келеді. Қиялық қаласындағы маңызды нысандардың бірі – 2004 ж. қазба жұмыстары жүргізілген ислам мәдениетімен байланысты ескерткіштер.

Моңғол шапқыншылығының аз-ақ алдында Шығыс Түркістанның солтүстік аудандарына исламның таралғаны жөнінде, Қиялық қаласының билеушісі Арслан ханның мұсылман екенін және іргелес ірі Алмалық қаласының билеушісінің де осы дінді ұстанғаны жайлы В.В. Бартольд жазған болатын. Қараханидтер бірінші болып түрік әулеттерінің арасында ислам дінін мемлекеттік дін ретінде ұстанды. Ислам тарихшылары Ибн Атрир және Ибн Мускави 960 ж. 200 мың түтін түріктер исламды қабылдағаны жөнінде жазады. XI ғ. Шығыс Жетісуға исламның дендеп енгені жөнінде айтуға болады. Жазба деректердің мәліметтері 2004 ж. қазба жұмыстары барысында табылған ғибадатханалық мешіттің, мазардың және ханакалардың қалдықтарымен үндес келеді.

Қиялық Ғибадатханалық мешіті қаланың орталығына таман тұрғызылып, қазба жұмыстарына дейін төртбұрышты үйінді түрінде, көлемі 30*30 м болды. Қазба жұмыстары бұның төртбұрышты құрылыс болғанын, ішкі кеңістігі 34*28 м (сыртқы, шикі кірпіштен тұрғызылған көлемі 38*32 м) және солтүстік- шығыс – шығыс – оңтүстік-батыс – батыс сызығы бойынша тартылғанын көрсетті.

Мешіттің есігі солтүстік-шығыс қабырғаның ортасында, ал михраб (1 фото) күйдірілген шаршы кірпіштен қаланған қуыс түрінде қасиетті Мекке қаласына қаратылып, оңтүстік-батыс қабырғаның ортасында орналасқан. Михрабтың сақталған қабырғаларының биіктігі мен күйдірілген кірпіш көлемдері тиісінше 70 см – 26*26*5 см, михрабтың іші ішкі орталық қуыстан, яғни, тереңдігі 40-42 см және ені 136 см, ол екі жағынан да бір кірпішке ұлғайып 190 см жетіп, тереңдігінде жарты кірпішке 13-15 см жетеді. Михрабтың алдында төртбұрышты алаңқай қалдырылған. Ол негізгі мешіт кеңістігінен табаны тастан тұратын, үстінен күйдірілген шаршы кірпіш қаланып, оған орнатылған ағаш бағандар орнату арқылы бөлектенген. Қиялық мешіті архитектуралық құрылысы жағынан «орман колонналары» немесе «бағандар» түріне жатады. Яғни, бұл мешіттің ішінде салмақ артқан қабырғалар болмай, ағашты - қамысты жабындысы көптеген ағаш бағандарға сүйенді деген сөз. Ғимараттың ішкі кеңістігі сегіз қатарлы бағандарға бөлінді. Олардан тоғыз нефті құрған тас табандары ғана сақталған. Тас табандарының арақашықтықтары – 3,5-3,7 м. Барлық сақталғаны дөңгелек не сопақша келген 54 тас қалаулар. Құрылыстың қабырғаларының көлемі 36*18*9 см, қалыңдығы 1,7-2 м және сақталған биіктігі 2 м болып келетін тікбұрышты шикі кірпіштен қаланған. Қабырғаның ішкі жағы сыланған және әктелген. Қабырғаның іргесінің сылағы мешіттің ұзынан дерлік сақталып қалған.

Мешіттен табылған өзіне тән заттардың ішінде араб алфавитінің іздері сақталған күйдірілген тақтаны айтуға болады. Екі бөліктен тұратын, жалпы ұзындығы 1 м, ені 15-18 см тақта шығыс қабырғаның солтүстік-шығыс бұрышынан табылды. Михрабтың маңайынан жанған бөренелер үйіндісі табылды. Бұл сірә, Қиялық мешітінің уағыздаушысының мінбесі (минбар) болуы керек. Сонымен қатар, ірі кел- ген оймыш терракоталардың бөліктері де назар аудартады. Бұл мешіттің жылыту жүйесін көріктендіруші бөлшектер болуы керек. Солтүстік-шығыс қабырғада оны жылытып тұратын үлкен пеш орнатылған. Қабырға ішінен ошақпен жалғасқан ауа мен түтін жүретін каналдар (кандар) табылды. Ол яғни, суық уақытта мешіт жылытылып тұрған. Қыш майшамдар (шырақтар), шыңылтырлы ыдыстар- мен қатар, көптеген қыш ыдыстардың бөліктері (қазандар, чаш құмыралары және т.б.) табылды. Қола салмалар (кітаптың тері қаптауына арналған ?), хрустал, моншақ және басқа да заттардың бөліктері табылды (2 фото).

XIII ғ. екінші жартысында тұрғызылған бүл мешіттің көлемі оның ғибадатхана болғанын көрсетеді. Яғни, астаналық қалада және жалпы қарлұқтық жабғу мемлекетінде ең басты мешіт ролін атқарған.

Қиялық мешітіне өзінің жобасы жағынан Водяндық мешіті (Бельджамен алтынордалық қаласы) үндес келеді. Еділ бойындағы бұл мешіт XIV ғ. болып есептеліп, зерттеушілердің пікірінше 1395 ж. дейін жеткен1.

Жағрафиялық орналасуына байланысты михрабтың бағытындағы (оңтүстік-шығыс) жобалауы бойынша мешіттер өзара сәйкес келеді. Ішкі жағында (билеуші мен оның жақындарына арналған) михрабтық қуысқа кірігетін балюстрадалық бөлігімен сәйкес келіп, бағандық мешіт түріне жатады. Бұған қарап, ерте алтынордалық кезеңде (XIII ғ. екінші жартысы және XIV ғ. басы) біркелкі архитектуралық ғұрыптың қалыптасқаны туралы айтуға болады.

Ислам мәдениетінің моңғол дәуіріне дейін біршама деңгейде таралғанын мазарлар кешені де дәлелдейді (2004 ж. қазбалардан анықталған екі мазар). Қаланың солтүстік-шығыс қақпасы маңында орналасқан кешен XII ғ. аяғы және XIII ғ. бас кезінде тұрғызылған. Мазар өте нашар сақталған. Сірә, әдейі бұзылған болуы керек, кейін уақыт өте келе мүлдем үйіндіге айналған. Қабырғаның бөліктері, төртбұрышты күйдірілген кірпіштен қаланған бұрыш колонналарының табандары және кірпіш едендердің кейбір бөліктері сақталған. Бүл еденнің астынан төрт мәйіт – ер адам мен әйел адам және екі баланың сүйектері табылды. Сақталған қабырға бөліктерінің қалыңдығы 60 см, ұзындығы 1,3 м, мавзолейдің бұрыш колонналарының табанына 1 м (сылақсыз және өрнексіз, кірпіш қалаудың ені) жобасында кірігеді. Төртбұрышты күйдірілген кірпіштен тұратын бұл құрылыстың сақталған биіктігі 70 см.

XII ғ. Орта Шығыста оймыш терракота өзінің шырқау шегіне жеткені белгілі. Ғимараттардың қасбеті әртүрлі тақташалармен қапталған болатын. Плиталарға өрнектер күйдірілгенге дейін түсірілетін. Осындай терракоталық тақташалармен Үзгендегі солтүстік және оңтүстік мазарлар (XII ғ. ең үздік мазарлар болып есептелетін) құралған. Қазылған және жиналған бөліктерде, Қиялық қаласының мазарларының өсімдіктер мен эпиграфикалық өрнектерден тұратын қасбеттік терракоталары Үзгендегі оңтүстік мазардың (1186-1187 жж.) қаптауын дәлме-дәл қайталайды. Батыс мазар тағы бір ғұрыптық құрылыс қалдығына келіп кірігеді. Жобамен ханакаға қосылып, бір жүйені және ортағасырлық мұсылман мәдениетіне тән келетін бір аумақты құрайды. Ханакадағы қазба жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Ханаканың (ханако) негізгі міндеті – сопылық дәруіштердің тұрағы. Ол олардың ғұрыптарының ерекшеліктеріне байланысты құрылған. Истахри моңғолдарға дейінгі Орта Азияда 10 мыңдаған ханакалардың болғаны жөнінде жазады2.

Батыс мазардың оңтүстік – батысына таман орналасқан ханака, жобамен моңғолдарға дейінгі мыңдаған ғимараттардың тағдырын бастан кешкен болуы керек. Ғимараттан тек төртбұрышты күйдірілген кірпіштен (26*26*5 см) тұрғызылған қабырғаларының іргесі ғана сақталған. Көлемі 19,7*19,7 м. Ғимараттың ішкі аумағы орталық сарай құрылысы қабырғасынан кеңейтіле отырып әр қабырғаның ортасынан төрт бұрыштан үш бөлмеге бөлініп, кішігірім шаршы және тікбұрышты бөлмелер түрінде келген. Осылайша, он екі жеке бөлме болып, ал он үш орталық бөлмелер крест тәрізді шатырдың астына біріккен. Оған шатырды, мүмкін, жеңіл күмбезді көтеріп тұрған колонналардың табаны төртбұрышты, салмақты тастар куә болады. Ханака толық қазылмаса да оның ортағасырда әдейі құлатылғаны жөнінде жорамал жасауға болады. Бұған дәлел ретінде қазба жұмыстары барысында табылған ауыр тас ядро (тас ататын машинанікі болуы керек) мен ханаканың ішкі ауласынан еденнен табылған жебе ұштарын келтіруге болады. Нәтижесінде қабырғаның екі қатар күйдірілген кірпіштен қаланған іргелері ғана сақталған. Қабырғаның өзі шикі кірпіштен тұрғызылған болуы керек. Соңғы онжылдықта дәл ғимараттың үстінен ауыл аралық жол өткен. Бүл ханаканың кейбір жерлерінің түпкілікті қирауына алып келген. Қиялық- тағы ханаканың салыну жобасы Орта Шығыстағы ханаканың ішкі құрылымы жөніндегі қалыптасқан көзқарастарға қайшы келмейді. Орталық Азиядағы ханака – жинақы ғимарат түрінде, дөңгелекше бітімде, жан-жағы тең келеді. Күнделікті қызметтерінен әдетімен ерекшеленетін, ерекше ғұрыптары – зікір өтетін орталық күмбезді залының болуы міндетті болған. Көбіне бұрыштарында тұрғын бөлмелері бар крес тәрізді болып кел- ген. Ортағасырлық Орта Азияның архитектурасы жөніндегі кең көлемді зерттеулерінде С. Хмельницкий моңғол кезеңіне дейінгі төрт ханака жөнінде келтіреді.

Бұрынғы жылдардағы қазбалардан қаланың солтүстік қабырғасынан табылған буддалық храм жақсы танымал. Жобамен несториандық болып есептелетін Лепсі мекенінде жұмыстар жүргізілуде. Нысанды (ірі зал) зерттеу нәтижесінде қаланың оңтүстік қабырғасында оның ғұрыптық маңызын айтуға болады. Нысан қаланың оңтүстік шекарасына жақын орналасқан. Батысында, бұған дейінгі қазбалардан белгілі болған моншаға келіп тікелей қосылады. Қазба жұмыстарына дейін биіктігі 2 м, диаметрі 20-25 м болатын төбешік тәріздес болған. Қазба барысында төбенің орталығында аумағы жағынан ірі келген бөлме – тікбұрышты залдың болғаны анық- талды. Бөлменің сыртқы аумағы – 15*11 м, ішкі – 11,2*8,4 м. Қалың келген шикі кірпішті қабырғалары сыланған және әктелген. Сақталған биіктігі 60-70 см. Бөлменің ұзын келген жағы шығыс – батыс бағыты бойынша бағытталған. Есігі шығыс жақтан. Залдың кіреберіс алдында, ірі тастармен қалаумен шектелген айван тәріздес аса үлкен емес сыртқы құрылыс көзге түседі. Одан әрі, шығысқа қарай – еңіс. Бұл, сірә, солтүстіктен шығысқа өтетін қала көшесі болуы керек.

Табылған заттардың ішінен жоғарғы қабаттан табылған, сұр түсті бүтін қыш ыдыс (құмыра), дөңгелек 13 мүйізшесі бар оюланған майшамды (диаметрі 43 см және биіктігі 19 см) айтуға болады. Залдың сыланған еденінен, шала жанған бөренелер (шатырдың жабындысы болуы керек) үйіндісінен май шамшырақтар, керамика сынықтары (қазандар, құмыралар және т.б.) табылды. Батыс қабырғаның бойының табылған терракоталық оймыштардың (геометриялық және өсімдіктік өрнектер) бөліктерінде көз тартарлық. Ғимаратты храмдық құрылыс болған деп батыл жорамал жасауға болады (табылған заттар, жобасы және бағыты бойынша). Бұл бөлме жоғарғы мәдени қабатқа жатып, қаланың кейінгі тіршілік кезеңіне (XIII ғ.) сәйкес келеді. Бұны табылған керамика үлгілері де дәлелдейді.

Қорыта айтқанда, 2004 жылы археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған Қиялық қаласының мұсылмандық ғимараттары және ортағасыр кезеңіндегі аймақтың қала мәдениеті тұтасымен мұсылман мәдениетінің гүлденген кезіне жатады. Қарлұқ мемлекетінің астаналық орталығындағы ірі Ғибадатханалық мешіт Солтүстік-шығыс Жетісу өлкесінде бірінші рет зерттелініп отыр. Бұндай жұмалық мешіттің салынуы қала арасында мұсылман мәдениетінің басым түсіп және исламды мемлекеттік дін ретінде ұстанғанын дәлелдейді. Сондай-ақ, Қиялықта буддалық және манихейлік, ал оның аймағында несториандық қауымдастықтар болды. Солтүстік-шығыс Жетісуда көпдіндік мәдениеттің өшуі XIV ғ. бұл өңірдегі қала мәдениетінің жоғалуымен бірге жүзеге асты.





1.     Егоров В.Л., Федоров-Давыдов Г.А. Исследование мечети на Водянском городище // Города Поволжья в средние века. М. 1975. С. 108.

2.     Мец А. Мусульманский ренессанс. М., 1966. С. 381