Көне дәуір ескерткіштерінің ерекше тарихи-мәдени құндылығы археологтердің далалық зерттеулерді айрықша сақтықпен, мұқияттылықпен жүргізуіне ықпал етті. Бүгінде бейіттердің инструменталды жоспары жасалды, ең үлкен №1 обада палеотопырақтық зерттеулер жүргізіліп, ең ұзын обалардың біріндегі қазба жұмыстары жартылай орындалды. Сондай-ақ «патшалық» обалардың солтүстік жағындағы әскери шонжарлар мен абыз бекзадалар зираттарында да (Қырықоба бейіті II) қазба жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Қазір бұл жерде жалпы алғанда 15 оба зерттеліп, нәтижелері сарапталу үстінде.
2005 жылы №15, 17 обаларда қазба жүргізіліп, 2004 жылы жартылай ашылған №14 обада зерттеулер одан әрі жалғасты. №14 обада жүргізілген жұмыстар төсеме типті құрылыс түріндегі ағаш құрылғыны анықтап, сызбасын түсіруге мүмкіндік берді, сонымен бірге «үйіндінің» сырт жағынан жерлеу алаңын шектеп тұрған саз дуал анықталды. №15, 17 обалар астынан да әр түрлі бейіттік құрылғылар тіркелді. №15 обаның диаметрі – 40 м, ал биіктігі – 11 м. Обаның сырт жағынан жерлеу алаңын шектеп тұрған, биіктігі 0,5 м дейінгі саз дуал байқалады. Батыс жақта, дуал астынан қоладан жасалған заттар қоймасы, нақты айтқанда 4-5 ат жүгенінің бөліктері табылды. Бұлар басында құрылыс қабырғасына қағылған болуы мүмкін.
Оба ортасында көлемі 6,5*7,5 м және тереңдігі 1,6 м шамасындағы қабір шұңқыры табылды. Оң жағынан оған ұзындығы 8 м, тереңдігі 0,6-0,75 м және ені 1 м шамасындағы дромос жалғасып жатыр. Осы шұңқыр айналасынан шеген (қима) типті ағаш құрылғылардың қалдықтары тазаланып алынды. Олардың бұрыштарынан құрылысты белгілеу үшін жерге қазып орнатылған бағаналардан 20 см диаметрлі шұңқырлықтар көрініп тұр. Дромасқа кіре берісте оның көне қабатында 4 сақа жылқының қалдықтары жатыр. Ескерте кететін жай: егер кіре берісте «еттері» – жамбас сүйек, қабырға мен жауырын, омыртқа сүйектері жатса, жерлеу алаңының үстінде солтүстік жаққа қаратылған 4 жылқының бас сүйектері топталып қойылған.
Қабір тоналған болып шықты. Моладан әр жерде шашылып жатқан адам сүйектері, қоладан жасалған садақ жебесінің ұштары, алтын әшекейлердің бөліктері табылды. Сонымен бірге солтүстік-батыс бұрыштан дөңгелек оюмен өрнектелген жанама тұтқалы қола айна, ал солтүстік-шығыстан ат жүгендерінің қоладан жасалған түрлі бөліктері табылды. Әсіресе, шұңқыр ортасынан табылған пышақтың сүйек сабы ерекше қызығушылық тудырды. Пышақ сабы скифтік дәстүрде аң бейнесінде әшекейленген. Саптың аяқ бөлігі ойма арқылы әшекейленіп, азуы ақсиған қасқыр тұмсығы бейнесінде берілген, төменнен қысылған қасқыр ауызы, жоғарыдан созылған құлақ пішінінде берген. Пышақ сабы мен жүзінің тоғысқан жерінде қасқыр мен қабанның симбиозы (қосындысы) бейнесіндегі жыртқыш аң түрінде өрнектелген (ақсиған араны болғанда соңынан тұмсығы, алдында тұяқтары анық көрініп тұр).
№17 обаның диаметрі – 25 м, биіктігі – 1,4 м. Солтүстік-батыс бөлігінде көму алаңының дөңгелек шұңқырында (диаметрі – 0,6 м, материкке дейінгі қазу тереңдігі – 0,25 м) желкесі жоғары қаратылған сақа аттың бас сүйегі жатыр.
Дөңгелек түрдегі қабір шұңқыры оба ортасында орналасқан. Оның сырт жағынан 2 қатарлы ағаш құрылғылардың бағана шұңқырлары кездесті. Құрылғылар шатыр тәрізді түрде болған болуы керек. Ортасында диаметрі 8 метрден астам дөңгелек шұңқыр ашылды. Жерлеу қабатымен салыстырғанда зират тереңдігі 3 метрден астам. Дәл осы жерде кеңестік кезеңде ұстахана орналасқандықтан, шұңқырдың дәл өлшемдерін анықтау қиын. Осы жағдай эсерінен де шұңқырдан қандай болса да зат деректер табу мүмкін болмады, ал онын айналасындағы жерлеу құрылғылары толықтай бұзылған. Дегенмен обаның батыс жағынан әр жерде бөлек-бөлек ат жүгенінің қалдықтары (қола) табылды. Олар – псалии мен пронизи.
№15,17 обалардың пайда болу мерзімін б.з.д. V ғасырдың 1 жартысына жатқызуға болады. Бұған обалардан табылған зат деректер көп, ат жүгенінің бөліктері (аң стилінде қола мен био металдан жасалған псалии, пронизоктер) болжамның дұрыстығына дәлел бола алады. Мал бағумен күнелткен ежелгі тайпаларға тән осы тұрмыстық заттарды б.з.д. VI-V ғасырларда Оңтүстік Орал бойын мекендеген көшпелілер де қолданғаны белгілі (Смирнов К.Ф., 1961). №15 обадан табылған жебе ұштары (қола) К.Ф.Смирнов жіктелімі бойынша үш қалақты жебелердің VI типіне жатады және осы тарихи кезеңге тән, жерлеудің дәл уақытын анықтауға осы обадан табылған қола айна (ортасында дөңгелек оюмен өрнектелген) септігін тигізуі мүмкін. Осы өңірдің прохоровтық мәдениет ескерткіштерінде қола айналар тек б.з.д. V ғасырдың соңына қарай кездесе бастағаны мәлім (Гуцалов С.Ю., 2004 ж. 26-кесте). Сондықтан да №15 обаны б.з.д. V ғасыр ескерткіштеріне жатқызуға болады, ал №17 оба мерзімі б.з.д. V ғасырдың бірінші жартысына келеді.
Қырықоба II бейіттердің тарихи-мәдени құндылықтары туралы айтқанда жекелеген обалардағы топырақ үйінділерінің сақталу сипатын, ертеректе, құрылыстың құлауына дейін жанып кеткен ағаш құрылғыларды атап кеткен жөн. Олардан биіктігі 2 метрге дейінгі саз қабырғалар байқалды. Зерттелген обалардағы жерлеу салттары, негізінен, біркелкі болып шықты. Олардың құрылымы мен планиграфиясы стандартты. Ортадағы жерлеу алаңы мықты ағаш құрылғылармен жабылған, ал оларға өз кезегінде құмнан, ақ немесе сары балшықтан құйылған дуал тірек болуда. Бейіттен бірнеше ондаған сантиметр жердегі саз дуал үстінен саманнан немесе шикі кірпіштен өрілген қабырғалар байқалып түр. Олардың негізіндегі кірпіштер 4-тен кем емес. Ортадағы еденнен 70-80 см биіктікте, дуалдан 20-30 см жерде қабырғаның бұзылған іздері байқалады: екі жаққа құлаған кірпіштер оморфты күйде, анық емес. Қабырғаның басым бөлігі жерлеу құрылғысының ішіне қарай құлаған. Бұл оның үстінде қандай да болса бір жабудың болғаны туралы ойға жетелейді, мүмкін ол саздан құйылған күмбез болып, қабырға оның салмағынан ішке қарай құлаған болуы керек.
Кейде саздан құйылған сағаналардың бұзылуы едеуір ұзақ мерзімге (мүмкін бірнеше ондаған жылдарға) созылады, сондықтан оның қалдықтары қабат қатпарлар түріне еніп, казіргі зерттеушілерде топырақ үйіндісі иллюзиясын туғызуда. Сөйтсе де бұл жерлеу нысандарының шаршы немесе тік бұрышты формалы шикі кірпіштен өрілген кесенелер екендігі күмән туғызбайды.
Бұл жерлеу салты Арал бойында өмір сүрген ежелгі массагеттерден тарайды. Осы өңірдегі б.з.д. VII-VI ғасыр ескерткіштері Тауескен және Үйқарақ бейіттерінен қырықобалык жәдігерлердің ертеректегі ұқсас нұсқалары табылған болатын. Арал бойындағы көшпелі тайпалардың салт-жораларымен ұқсастық жерлеу салтының басқа да элементтерінен байқалады. Қырықоба бейіттері жерлеу салт-дәстүрі және қолданылған құрал-жабдық жағынан да Арал бойындағы бейіттерге барынша ұқсас. Бұл ұқсастықтар, біріншіден, жерлеу алаңы мен зираттарда ағаш бағана құрылғылардың болуынан байқалса, екіншіден, от ғибадатханаларының таралуынан, үшіншіден, бейіттерде ұжымдық жерлеу рәсімдерінің болуынан және ең соңғы, төртінші ұқсастық жерленгендерде оңтүстік сипаттардың басым болуынан байқалады. Қырықоба мен Арал бойы ескерткіштеріндегі ұқсастық жерленгендермен бірге қойылған заттардан да көрінеді. №18 обадағы топтық жерлеу қабірінен табылған салтанатты қылыштың сынықтарына ұқсас бірден-бір көне дәуір белгісі Сырдарияның төмен жағындағы Тауескен бейітінде бар.
Екінші жағынан, Орал өңірі көшпелілерінің мәдениетіндегі скифтік бағытты да айтпай кетуге болмайды. Бұл ұқсастық пен мәдени байланысты Қырықобадан табылған заттардан, сондай-ақ кейбір жерлеу салттарынан көруге болады. Қырықобадағы дромостық қабір шұңқыры мен оңтүстік сипаттағы адам қаңқаларынан басқа ерекше скифтік мәдениеттің белгісіндей болып тұрған айрықша нәрсе бар. Ол – ат жүгенінің бөлік қалдықтары (Тек Скифияда ғана кеңінен тараған осы жәдігерлер біздің аймақта бірінші рет кездесіп отыр!). Ежелгі көшпелілердің Қырықобадан (II) табылған материалдары сол дәуірдегі этникалық және мәдени байланыстардың түрлі бағытта болғандығынан хабардар етеді.
Бір айта кететін жай, қарастырылып отырған ескерткіш ол аймақтармен шектеспейді, керісінше, басқа ұлттық-мәдени массивтер қоршауында, едеуір алыста жатыр. Батыс Қазақстандағы тайпалардың бұлай шашыранқы орналасуы көшпелілердің жаңа жерлерді жаулап алуы және игеруіне байланысты мүмкін болғандығы анық.
Скиф этносының бұл аймақта болғандығының сенімді дәлелі б.з.д. VI ғасырда Оңтүстік Оралда скифтік тас мүсіндер сияқты көне дәуірлік монументті ескерткіштердің таралуы. Тас мүсіндер жартастағы суреттер мен тастан жасалған үлкен құрбандық орындары сияқты сол замандағы көшіп-қонудың сенімді көрсеткіші бола алады, өйткені оларды мыңдаған шақырымдық жерлерге тасымалдау мүмкін емес еді, ескерткіштер көшпелілердің жайлаған жерлерінде жасалған. Оның үстіне археологтерге скиф мүсіндерінің көмілген 75 жағдайлары да кездесті. Бұл туыс тайпалар бірлестігінің туған жерден алыс елдерге кетуі алдында жасайтын жорасы болуы мүмкін. Соңғы он жылда археологтердің Батыс Қазақстаннан тапқан тас мүсіндеріне өзінің морфологиясы мен иконографиясы жағынан ең ұқсасы скифтік тас мүсіндер ескерткіштері арасынан табылғанын да айта кеткен жөн. Сондықтан да біз б.з.д. VI ғасырдың екінші жартысында пайда болған прохоровтык мәдениеттің этникалық негізі скифтер болды деп ойлаймыз. Бұл үшін, кем дегенде 2 дәлел бар:
1) Оңтүстік Оралға скифтер басқалардан бұрынырақ кірді;
2) Жаңа тайпалық одақта скифтер ықпалы басым болды. Оның үстіне олардың әскери күш-қуатын да ұмытуға болмайды, олардың өзі де қаһарлы күш болса, Солтүстік Қара теңіз бойындағы туысқан тайпалар әскери бірлестіктердің құрамы одан да мол болды.
Батыс Қазақстандағы б.з.д. VI-V ғасырлар соңындағы прохоровтық мәдениет ескерткіштерінде жүргізілген жазба жұмыстары нәтижелері көрсеткендей, б.з.д. VI ғасыр соңында скифтер өз ортасына Арал бойындағы көшпелілердің үлкен бір тобын қосып алғандығы белгілі болды (масагеттер) (көне парсы деректерінде «сака-тиграхауда»). Парсы мемлекетінің солтүстік шекарасында қуатты көшпелілер одағының пайда болуы Ахеменидтердің жаулап алу саясатын тежей бастады. Тарихшылар шамамен б.з.д. 519 жылы Кир мұрагері I Дарийдің «сақ тиграхауда» бірлестігімен соғысы болғанын айтады, нәтижесінде Бехистун жазбасында көрсетілгендей парсылар сақтарды бағындырып, оларды Орталық Азиядан қуып жіберген.
Батыс Қазақстандағы б.з.д. VI-V ғ. көшпелілер обаларында аралдық мәдени белгілер анық байқалуына қарағанда масагеттердің (сақ-тиграхауда) барлығы бірдей жаулап алушыларға бағына қоймаған, олардың үлкен бір бөлігі Оңтүстік Орал даласына қарай көшкен. Керек десеңіз, бұл обалардың элитарлық сипаты масагеттер жергілікті көшпелілердің әскери-бекзадалары құрамына енген деген болжам айтуға мүмкіндік береді. Осыдан орта азиялық көшпелілердің скиф билеушілерімен ерекше қатынаста болғанын байқауға болады.
Қырықоба бейіттерінің тарихи-мәдени маңызы, біздің ойымызша, бұл обалардың б.з.д. V ғасырдағы оңтүстік орал даласындағы барлық көшпелілер элитасының жиналатын орнына айналғанында. Элитарлық зират ретінде Патша бейіті көшпелілер әлемінің көрнекті өкілдерін соңғы сапар орны ретінде өзіне тартып тұрғаны. Осындай тұжырым жасауға төмендегі дәлелдер негіз бола алады:
1) жалпы ұқсастығына қарамастан зерттелген обалардағы жерлеу салттарында ерекшеліктер бар. Ағаш құрылғылар ретінде обаларда шегендер, накаттар мен шатырлар да байқалады. Жерлеу орындарында да айырмашылықтар анық. Бұл дөңгелек, шаршы және тік бұрыш формалы жай шұңқырлар, сонымен бірге драмос-кіру жолы бар шұңқырлар, жерлеу топырағы деңгейіндегі ұжымдық жерлеу салты;
2) зерттелген обалардың бәрінде дерлік батыс немесе оңтүстік жағындағы алаңдарда ат жүгенінің бірнеше бөліктерінен құралған «көмбелер» табылды. Көмбелердің бәрінде қайталанбас этнографиялық ерекшеліктер бар, сондай-ақ олардың көпшілігі осы бейітте бірінші рет кездесті. Табылған заттар ежелгі Еуразия, скиф дәуірі үшін тұтастай алғанда бірегей ерекше маңызы бар.
Бұның барлығы, бір жағынан, зерттелу үстіндегі бейіттердегі жекелей обаларда жерленген текті көшпелілердің әр түрлі рулық-тайпалық тегі туралы ойларға мүмкіндік берсе, ал екінші жағынан, скиф дәуіріндегі Еуразиядағы көшпелі мәдениетті зерттеу ісіндегі Қырыкоба археология ескерткішінің айрықша тарихи-мәдени маңызы туралы тұжырым жасауға мүмкіндік береді.