Биылғы жылғы зерттеудің көздеген мақсаты, жерлеу құрылыстары (обалардың) қалдықтарының стратиграфиясын анықтау болды.

Археологиялық зерттеу барысында «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша еліміздің тарихи-мәдени мұраларының ең маңызды ескерткіштерінің санатына қосылған, бұл жәдігердің негізгі территориясы жекеменшіктің құзырында екені және жыл сайын жер жыртуға байланысты біртіндеп көзден жоғалып бара жатқаны анықталды. Қорымның келесі бір бөлігі тас жолды салу кезінде қираған. Қорымның орман жолағындағы кейбір нысандары Бөрілі орман шаруашылығының жұмыстарына байланысты бүлінуге ұшыраған. Сонымен катар, бұл жерде зерттелген ескерткіштерді сақтауда ағаттықтарға жол берген. Яғни, қазба жұмыстарынан кейін зерттеліп болған ескерткіштерді бульдозердің күшімен толықтай тегістеп жіберген. «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру концепциясында археологиялық қазба жұмыстарынан кейін, ескерткіштердің жойылуына жол бермейтіндігі нақты айтылған және онда «... археологиялық зерттеулердің есебінен зерттелген археологиялық және сәулет өнері құрылыстарының қалдықтарында қалпына келтіру және музеефикация жұмыстарын міндетті түрде орындау1» жұмысын талап етеді.

Ескерткіш мұражайландыруға ыңғайлы жерде Орал - Ақсай тасжолының бойында орналасқан. Обалардың еңселі үйінді түр-сипаты да ашық аспан астындағы мұражайға айналдырылған қазбаларымен бірге халқымыздың көне тарихының, мәдениетінің және мемлекеттігінің куәгерлерінің бірі ретіндегі ескерткішке айналуы қажет. Он шақырымға созылып жатқан бұл таңғажайып ескерткіштің (Қырықоба 1-2) ауқымды территориясы, егер дұрыс ұғына біліп, табиғи жер бедерімен үйлестігін қалпына келтірсе, туристік нысанға айналдыру мүмкіндігінің зор екендігі анық.

Қазіргі уақытта ескерткішті толықтай және жоспарлы түрде зерттеу үшін, нысанның топографиялық жобасын және әуеден түсірілген суреттерін алу қажет. Ол тек обаларда отырғызылған ағаштарды кескеннен кейін және жыртылып кеткен ескерткіштерді толығымен анықтағаннан кейін ғана жүзеге асырылмақ.

2005 жылғы далалық маусымда зерттеу үшін қорымның орталық бөлігінде орналасқан кішігірім екі оба таңдап алынды. Обалардың үйіндісі неше қайтара жыртылып кеткендіктен шекарасы нақты айқындалмайды және егістік табанында кішігірім төбешік ретінде ғана көзге түседі.

Оба №1. (05) – көлемі 40 м шамасындағы, биіктігі 1,1 м, көзге зорға ілінетін төмпешік түрінде келген. Қазба жиектермен төрт секторға бөлінді. Обада, әрбір шетінен жиектердің жалғасы ретінде ені 0,6 м-дан 1 м болатын стратиграфиялық траншеялар қазылды. Бұл траншеялар обаның шекарасы мен ордың болған-болмағанын анықтау үшін салынды. Қазба салынғаннан кейін жыртылып кеткен беткі қабаты алынып, қазбаның өн бойында көлбеулік (горизонтальды) тазалау жұмыстары жүргізілді. Беткі қабатты аршу кезінде, солтүстік сектордың ең биік тұсынан мықты күйген жер анықталды. Ескерткіштің құрылымдық ерекшелігін анықтаудың күрделілігі, қабатты айқындау үшін көлбеу қазбамен катар тік қазба салуға да мәжбүрледі. Нәтижесінде үйіндінің орталық бөлігі көне жер қабаты деңгейіне дейін тереңдеді. Бүл бөліктің стратиграфиясы обаның орталық тұсы бірнеше рет аршылғанын және біртекті қошқыл қабатпен толтырылғанын анықтап берді. Бұл, «С» секторында қазба кеңейтіліп, әрі құрлық бойынша тазартылды. Нәтижесінде катакомбіге кіретін ауыздың дағы анықталды. Қазбаны үзіктеп жүргізу бүл секторда анықталған екі катакомбалық қабірдің біреуін аршуға мүмкіндік берді.

Оба №2. (05) – үйінді топырақ, жартылай шошақ түрде келген. Үйіндінің сақталған бөлігінің биіктігі 1 м, көлемі 40 м. Обаның беткі қабаты шартты орталық - RO арқылы төрт тарап бойынша өлшенді. Бүл шартты орталық үйіндінің ең биік тұсы емес. Ең биік нүкте Б-ға қарай 2 м қашықтықта және RO-дан 1,3 см-дей биіктеу келген.

Ені 60 см бақылау жиектері RO арқылы С-0 және Б-Ш бағыттары бойынша салынды. Сонымен бірге ені 0,6 м, ұзындығы 15 м (RO-дан О, Ш) болатын 2 траншея және ұзындығы 7 м (RO-дан С, Б) болатын тағы бір 2 траншея қазылды. Бүл траншеялар обаның үйіндісінің шекарасы мен орды анықтау үшін салынды. Өйткені беткі қабатынан, сондай-ақ стратиграфиялық кесінділерінен орды анықтау мүмкін болмады. С-0 және С-Б секторлардың беткі қабатын аршу және көлбеулік тазалау кезінде ені 1 м болатын үлкен күйіндінің (күйген топырақ), әрі жанған ағаш бөліктері табылды. О-Ш сектордың екінші қабатын аршу кезінде, сарматтық құрбандық астаудың түбінің фрагменті кездесті. Жанған ағашты тазалау, оның көне жер қабаты деңгейінде тұрғызылған қабір үсті қимасының (сруб) қалдығы екенін көрсетті.

Қима шаршы түрінде келген, бұрыштары төрт тарапқа қаратылған, биіктігі – 0,7 м, ұзындығы 8,5-10 м. Қиманы ішкі қабырғасы жағынан бекітіп тұрған, көлемі 0,15 м болатын 3 бағананың (2 бағана С-Ш сектордан, біреуі О-Б сектордан) болғандығы анықталды.

Өкінішке орай, ағаштың нашар сақталуына байланысты бөренелердің түйісетін, не түйіспейтінін анықтаудың сәті түспеді. Бөрененің көлемі 0,15 м, ең жақсы сақталып қалған бөрененің ұзындығы 4 м. Жалпы алғанда бөренелер өңделмеген, бойларында қабықтың қалдықтары бар. Қиманы салу кезінде тақтайлар (горбыли) пайдаланылып, оның төменгі жағы жарылған және өңделген.

Сонымен қатар, құрлықтық қабатта О-Б сектордан көлемі 0,25 м келетін 5 бөрене шұңқырлары анықталды. Олар құрлыққа 0,1 м-дан 0,25 м-ге дейін тереңдеп енген. Құрылысқа от қойған. Алау өте қызулы болған. Өйткені маңайының бәрінде топырақ қатты күйіп, қалыңдығы 0,5 м күйінді қабаты пайда болған. Дегенмен қима толығымен жанып кетпеген.

Обаның орталық бөлігін тазалап болғаннан кейін жер қабаты деңгейінен 1 м тереңдікте жылқының сүйектері (омыртқа, қабырға, аяқ сүйектері), үш адамның бас сүйегі (екі бас сүйек О-Ш сектордан және біреуі С-Ш сектордан) табылды. Шығыс жиектен тік төбелі, сабы жүзіне ұласатын жері (перекрестие) көбелек тәріздес келген темір қанжар және сүйектен жасалған қасық табылды. О-Ш сектордан ұңғысы анық байқалатын 4 қола үшқырлы жебе ұштары, темір сулықтың фрагменті және тартпаның алтынмен қапталған басы табылды. Қиманың сыртында, көне жер қабаты деңгейінде ені 0,25 м-дан 2 м-ға дейін жететін, көлемі 16,25 м шалалар мен өртелген бұтақтардан құралған дөңгелекше келген құрылымның барлығы анықталды. Шаладан құралған дөңгелектің (сақинаның) сыртқы шекарасына ағаш қабығы мен қалыңдығы 0,01 м, ені 112 м болатын алтын түстес қамыстан құралған келесі бір дөңгелекше құрылым келіп қосылады. Соңғысы саршұнақтардың індеріне айналып, бұл қабатты түрлі бағыттарда тескілеп тастаған. О-Ш секторда қабықтан құралған дөңгелек құрылым үзіліп қалады. С-Ш сектордан, қиманың сыртында жер қабаты деңгейінен сынтастың сынығы табылды. Қабір топырағы деңгейінде О-Б сектордан, үстінен жерленген баланың сүйегі шықты. О-Ш сектордан 1 м тереңдікте жерлеу шұңқыры анықталды. Қабір тікбұрышты түрде келгенімен, бұрыштары дөңгелектенген. Өлшемі 9*2,5 м, көне жер қабатының деңгейінен 1 м тереңдікте, ОШ-СБ бойынша бағытталған. Қабір тоналған, тонаушылардың траншеясы обаның О-Ш бөлігінен анықталды. Бүл тұста тонаушылардың лақтырған топырағынан биіктігі 0,3 м-ге жететін өзіндік пандус пайда болған. Обаның солтүстік бөлігінен 0,7 м тереңдікте бас сүйексіз, мойын омыртқалары қайырылып сынып, омыртқа сүйектерінің үстінде жатқан 2 жылқының қаңқа сүйектері шықты. №1 жылқының қаңқасының қасынан жартылай шошақ келген алтын түйме табылды. Қабір солтүстік бөліктен ортаға қарай бірқалыпта тереңдеген.

Орталық бөліктегі жерлеу шұңқырын топырақтан тазарту кезінде 0,5 м тереңдікте, жанған бөренелер табылды. Бөренелерді одан ары тазарту жұмыстары мен анықтау жұмыстары бүл бөліктің ешқандайда қабір іші құрылыстары емес, үйінді топырақтың салмағынан құлаған қиманың (коридордың ?) бір бөлігі екенін көрсетті. Бөренелердің астынан қоңырқай топырақтың және сары саз топырақтың (құрлыққа сәйкес) қабаты барлығы анықталды. Бүл қабаттардың астында әртүрлі ұзындықтар мен қалыңдығы 0,01 м болатын, қабірдің табанына төселген өңделген тақтайшалар табылды. Қабірдің орталық тұсында қабырғалары кеңейтілген. Бұның барлығы бізге бүл құрылыстың төбесі құлаған катакомба екенін көрсетеді. Катакомбыға кіре беріске жылқыларды жерлеген.

Қабірдің тоналғанына, әрі бүлінгеніне қарамастан №2 обаның материалдарының сол уақыттағы жерлеу ғұрыптарын, жерлеу құрылыстары және сармат әлеуметтік тарихын қалпына келтіруде деректік мәні зор.

Қырықоба қорымында археологиялық зерттеулер аяқталған соң, қазбада консервациялау жұмыстары жүргізіліп, нысан облыстық мәдениет Департаментінің қарамағына беріледі. Зерттеу жұмыстарының нәтижелері негізінде ескерткішті ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру жобасы жасалынып және оны туристік нысан ретінде пайдалану іске асырылады деп көзделуде.

 

Әдебиеттер тізімі:

1.                 2004-2006жж. арналған «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы. Астана, 2004, 128-6.