Оны шешуге бірқатар объективті себептер кедергі жасайды. Сондай себептердің бірі көшпелілер мәдениетінің ескерткіштерін территориялық зерттеудің біркелкі еместігі. Сондай өңірдің бірі ертеде және ортағасырларда барлық көші-қон жолдары өткен – Үстірт. Сондықтан осы өңірді жан-жақты зерттеп, алынған материалдарды тарихи қалпына келтірулерге тартпаса, сақ-сармат-массагет дәуірінің этномәдени жағдайының шынайы картинасын жасау мүмкін емес. Әсіресе, негізгі орталығы Арал мен Каспий теңіздерінің аралығындағы ұлан-ғайыр даланы мекендеген және сол уақыттағы әлемдік негізгі оқиғаларға біршама әсер еткен сармат-дах-массагет этносаяси бірлестігінің дүниетанымын, әлеуметтік стратификациясын, экономикалық және әскер-саяси дамуларының деңгейін зерттеу үшін өте маңызды.

Сондықтан, сарматгық, әсіресе, кейінгі сарматтық ескерткіштерді зерттеу қазіргі кезеңдегі Қазақстан археологиясы үшін өте маңызды. Соған орай мемлекеттік «Мәдени мұра» – 2004-2006 жж. жобасы бойынша зерттелетін негізгі объектілердің бірі ретінде Қызыл Үйік храм-ғибадатханасының таңдап алынуы кездейсоқтық емес.

Қызыл Үйік храм-ғибадатханасы Ақтөбе облысының Байғанин ауданына қарасты Дияр елді-мекенінен оңтүстік және оңтүстік- шығысқа қарай 60 шақырым жерде, солтүстік Үстірттің бір жоны – Доңызтаудың үстінде орналасқан.

Географиялық координаттары: 4 6°19'3 0" солтүстік бойлық және 56°29' 52" шығыс ендік.

Ғибадатхана жер бедері толқынды, онша терең емес құрғақ сайлармен бөлінген және шөлейтті аймақтарға тән өсімдіктерді жамылған жердің аздап көтеріңкі бөлігінде орналасқан. Ғибадатхананың жалпы аумағы 10 га жуық.

Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында басталған осындай ғибадатханаларды стационарлы түрде зерттеу бізге олардың құрылымы мен негізгі элементтерін жалпылама түсінуге мүмкіндіктер берді. Соның ішінде ғибадатхананың міндетті элементтері болып қазба жұмысына дейін қорғанды еске түсіретін біршама үлкен құрылыс пен монументалды тас мүсіндер болатындығын анықталды. Соңғылары ғибадатхананы әдеттегі қорғандар тобынан ажыратын өте маңызды элемент болып табылады. Ғибадатхананың негізгі құрылысы жерлеу құрылысы болып саналмайды. Олардың қорғандардан қазіргі ұқсастығы ең алдымен көп ғасырлық шаң-топырақ нәтижесінің басуында болып отыр. Жоғарыда аталған құрылыстармен қатар ғибадатхана территориясында ерте темір дәуіріне, сондай-ақ кейінгі кезеңдерге жататын нағыз қорғандар да кездесіп қалады.

Ғибадатхана құрылымы күрделі культтік ескерткіштер қатарына жатады. Оның территориясында Негізгі культтік құрылыстан («храмнан») басқа: 1) әртүрі форма мен көлемдегі тастардың ретсіз жатқан топтары;

2) тас үйінділері; 3) құрбандық-еске алу орындары; 4) менгирлердің сынықтары; 5) тас мүсіндердің сынықтары; 6) XVIII-XIX ғғ. жататын қазақ зираты; 7) қола және темір жебе ұштары, қола ілмек, ағаштан жасалған бұйымдар, фантастикалық хайуандар бейнеленген күміс тоғалар сияқты артефактілер тіркелді.

Негізгі Культтік Құрылыста («храмда») және оның айналасында болған ғұрыптық салт-жораларды қалпына келтіру үшін және архитектуралық-қырылыстық келбетінің ерекше маңыздылығын ескере отырып, объектінің үлкендігіне және атқарылатын жұмыстың көптігіне қарамастан ескерткішті қолмен қазу үшін шешім қабылданды.

Негізгі Культтік Құрылыс – храмды, көптеген құрбандық-еске алу орындары мен менгирлерді қоса есептегендегі қазылып зерттелетін территорияның аумағы 1 га жуық. Храм сыртындағы элементтерді детальді түрде зерттеу болашақтың ісі.

Пайдаланылған құрылыс материалы – ұлутастардың қызғылт түсіне байланысты ел арасында «Қызыл Үйік» деп аталып кеткен Негізгі Культтік Құрылыс (храм) ғибадатхананың біршама биіктеу бөлігінде орналасқан. Ашық күндері «қорғанның» үстінен бірнеше шақырымға созылып жатқан төңіректі шолуға болады. Зерттеліп отырған объектінің үйіндісі қазба жұмысы басталғанға дейін жобасында солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатқан сопақ пішінді. Етегі бойынша көлемі 34,60 м (С-О) және 29,59 м (Б- Ш) болып келген бүл үйіндінің биіктігі 5 м жуық (1 фото). Храмның үсті, әсіресе, оңтүстік бөлігі соңғы жүз елу жыл ішінде үш мәрте қатты бүлініске ұшыраған. Оның біреуі қазақ руларының қайтыс болған тумаластарының басына зират тұрғызу үшін аталған бөліктің тастарын алуынан болса, қалған екеуі геодезиялық белгіні орнату барысында бүлінген. Солардың салдарынан үйіндінің ортасында диаметрі 6-7 м, тереңдігі 0,5 м жететін ойыс пайда болған. Ойыстың кейбір жерлерінен храмның ішкі қабырғасының 2-3 қатар қаландысы өте жақсы аңғарылады (2 фото).

2004 ж. далалық зерттеудің негізгі міндеті қорған ретінде белгіленген объектінің міндетін анықтау болды. Соған сай объектіні зерттеу барысында бірқатар жер қазу жұмыстары атқарылды. Соның ішінде ескерткіш бірнеше ғасырлар бойы жиналған шаң-топырақтан аршылып, ортаңғы бөлігі құлаған тас үйінділерінен 1-1,6 м тереңдікке дейін тазаланды. Осының нәтижесінде көлемдері солтүстіктен оңтүстікке қарай 6,9 м, батыстан шығысқа қарай 6 м болып келген ішкі жайдың нобайы анықталды.

Негізгі Культтік Құрылыстың ішкі жайы дөңгелектеу болып келген қаландыдан тұрады. Қабырға ұзындығы 0,8 м жуық, қалыңдығы 0,1-0,2 м ұлутас кірпіш-кесектерінен мұқият қиылыстырып қаланған. Барлық құрылымның ішкі бетін құрайтын қаландылардың жоғарғы жағы ішіне қарай еңкіштеліп қаланған.

Негізгі Культтік Құрылыстың орталық бөлігін тазалау барысында жүргізілген стратиграфиялық бақылаулар тас үйінділерінің құрылыстың ішкі барлық кеңістігінде кездесетіндігін, олардың тек тығыздығына байланысты айырмашылықтары бар екендігін көрсетіп берді. Құлаған тас үйінділерінің көп бөлігі құрылыстың орталық бөлігінен және қабырғаның түбінен тіркелді. Осы тас блок- тары мен кесектердің орналасу сипатына қарағанда храмның бүлінуне тек табиғат құбылыстары ғана әсер етіп қоймай, адам іс-әрекеттерінің, соның ішінде тонаушылардың қолтаңбасын аңғаруға болады.

Сыртқы бөліктердің тас үйінділері зерттеуге дейін бірөңкей сом тастардан құралған жартылай шар түрінде болып келген. Олар сыртқы келбеті жағынан әдеттегі қорғандар үйінділерінің баурайына ұқсас болып келеді.

Негізгі Культтік Құрылыстың периметрлеріндегі тас құладындылардың пайда болуы культтік құрылыс «денесінің» бұзылуымен байланысы бар екені күмән келтірмейді. Соған орай негізгі культтік құрылыстың нақты нобайын (шекарасын) анықтау үшін храмның оңтүстік бөлігінен, яғни аталып бөліктегі тас қүлазындысының етегінен ескерткішті шаңтопырақтан тазалау барысында бөлік баурайының жоғарғы жағынан шыққан қаланды тас иініне дейін ендері 4-6 м, ұзындықтары 10-12 м барлау қазбасы салынды. Қазба қаланды тас иіндіге жеткен кезде иіндіден төмен қарай қаланған қабырға шықты. Ұзындықтары – 0,4-0,8 м, қалыңдығы – 0,25 м, ені – 0,4 м ұлутас кірпіш-кесектерінен ешқандай байланыстырғыш ерітінділерсіз-ақ бір-біріне қиыстырылып қаланған бұл қабырғаның биіктігі 2,19 м, ұзындығы 3,45 м. Осы қазбаның арқасында біз Негізгі Культтік Құрылыстың тек сыртқы шекарасын ғана емес, сондай-ақ оны болашақтағы қалпына келтіру жұмыстары барысына қажетті құлазынды стратиграфиясын зерттеуге мүмкіндік алдық.

2004 ж. негізгі объектімен бір мезетте 3 құрбандық шалу орнына және қарулы жауынгерлер тас мүсіндердің иконографиясына зерттеулер жүргізілді.

Өткен жылы бастау алған қазба жұмыстары 2005-2006 жж. жалғасын тауып, қазба кезінде табылған заттарды бастапқы қалпына келтіру, олардың көшірмелерін жасау, архитектуралық ерекшеліктері мен ежелгі халықтардың құрылыс мәдениетін, дүниетанымы мен діни түсінігін және осы өңірдегі көне халықтардың мәдени байлықтарының жүйесі кешенді түрде зерттеледі деп жоспарланып отыр1.

Осы ескерткішті зерттеу ежелгі сарматтардың тарихындағы, мәдениетіндегі, өнері мен идеологиясындағы, сондай-ақ діни-культтік практикасындағы шешімін таппай отырған мәселелердің басын ашуға көп септігін тигізеріне күмән жоқ.


1.                  Самашев З.С., Исмагил Р., Жетибаев Ж. К изучению культур древних номадов Арало-Каспийских степей // Элитные курганы степей Евразии в скифо-сарматскую эпоху. СПб., 1994. С.176-183; Самашев 3. Древние всадники Западной Азии // Труды Центрального Музея. Алматы, 2004. С. 230-267; Самашев 3., Жетібаев Ж., Оралбай Е. Қызыл Үйік — Үстірттегі ежелгі сарматтар ғибадатханасы // Мәдени мұралардың танымдық негіздері. Республикалық ғылыми-теориялық конференцияның негіздері. Ақтау, 2004. 31-33 бб.