Ертеректегі әкімшілік бөлініс бойынша ескерткіш Атырау облысының Жылой ауданына қарасты болған.
Ғибадатхана құрылымы күрделі ерекше тарихи-мәдени мағынасы бар ескерткіштер қатарына жатады. Бүл ғибадатхана б.з.д. I мыңжылдығының ортасы мен аяқ тұсында көп сатылы етіп және дөңгелектеліп тұрғызылған бірегей құрылыс. Айналасында көптеген қарулы жауынгерлердің мүсіндері, тастан жасалған құрбан шалу орындары, сынтастар орнатылған, ал ортасында – ошақ. Оған тастан жасалған баспалдақпен шығады. Ескерткіш сармат-сақ-массагет тайпаларының Күн мен От құдайларына бағыштаған тайпалардың ортақ ғибадатханасы. Негізгі Салт-жоралық ғимарат – ғибадатхана мен оның маңындағы ошақ пен сынтастарды, құрбандық тастарын қоса есептегенде аршылған жердің жалпы аумағы 1 гектарға жуық. Негізгі салт-жоралық ғимараттың диаметрі 50 м, биіктігі 5 м-дей, тастан шеңбер пішінінде қаланған.
Ескерткіштің бірегейлігін ғибадатханада және оның маңында өткізілген салт-жоралық рәсімдерді қалпына келтіру үшін, нысанның архитектуралық шешімінің маңыздылығын ескеріп, кешеннің жер үстіндегі құрылысы мен оның қирандысының мөлшеріне және жұмыс көлемінің үлкендігіне қарамастан археологиялық жұмыстар жер қазатын техникасыз, қолмен аршылды да, кайта жабылды.
Қызылүйік ғибадатханасы археологиялық зерттеу нысаны ретінде ерекше қызығушылық тудырып отыр. Құрылыс ерекшелігі бойынша ғибадатхана салт-жоралық күрделі ескерткіштер қатарына жатады. Аймақтағы ерте көшпенділер кезеңін зерттеуде құнды дерек көзі – нақ осы құрбандық-ас беру құрылыстары, меңгерлер, жауынгерлердің тас мүсіндері.
Ескерткішті кешенді түрде зерттеу, табылған заттарды алғашқы қалпына келтіру, олардың көшірмелерін жасау, ежелгі халықтың архитектуралық ерекшеліктерін және құрылыс мәдениетін зерттеу осы аймақты мекендеген ерте көшпелілердің тарихы, мәдениеті, өнері мен дүниетанымының, сондай-ақ көне сарматтардың салт-жоралық ғұрыптарының әлі де шешілмей келе жатқан мәселелерінің бір басын ашары сөзсіз.
Ертеде және орта ғасырларда көші-қон жолдарының барлығы дерлік үстінен өткен Үстірт – археологтардың аз және үзік-үзік зерттеген аймағы. Бірақ, сақ-сармат-массагет дәуіріндегі этномәдени жағдайдың нақты барысының тарихи реконструкциясын аталмыш аймақтың мағлұматтарынсыз жасау мүмкін емес. Негізгі орталықтары Арал мен Каспий теңіздері арасындағы далада орналасқан және сол уақыттағы оқиғаларға зор ықпал етіп отырған сармат-дах- массагет этно саяси бірлестіктерінің дүниетанымы, әлеуметтік жіктелісі, экономикалық және әскери-саяси дамуының деңгейі мәселелерін зерттеу өте-мөте өзекті. Сондықтан, Қазақстан археологиясында сармат, әсіресе кейінгі сармат ескерткіштерді зерттеу өте маңызды, бүл өз кезегінде, мемлекеттік ортамерзімді 2004-2006 жж. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша зерттелетін нысан ретінде Қызылүйік ғибадатханасын тандап алуға септігін тигізді.
Ғибадатхананың құрылысы мен архитектуралық келбетінің күрделілігі, сондай-ақ оның маңында орналасқан салт-жоралық және басқа да нысандар мен құрылыстардың көптігі ескеріліп, қазба жұмыстарының әдістемесіне үлкен көңіл бөлінді.
Ғибадатхана осы аймаққа тән өсімдіктер өскен, беті тегіс көтеріңкі жерде орналасқан. Шашылып жатқан тастар мен тас үйінділеріне қарағанда, оның алып жатқан аумағы 10 га-ға жуық. Қызылүйіктің 20 км радиус төңірегінен қару-жарағын асынған жауынгерлердің тас мүсіндерінің сынықтары бар, әр түрлі мөлшердегі тағы да бірнеше салт-жоралық құрылыстар ашылды.
Өткен жылдары осындай ғибадатханаларда жүргізілген стационарлы қазбалар олардың құрылымын және негізгі бөліктерін біршама анықтауға мүмкіндік берді. Мысалы, әрбір ғибадатханада, міндетті түрде, сыртқы келбеті бастапқыда обаға ұқсастырылған салт-жоралық ірі құрылыстар және монументалды тас мүсіндер болатыны анықталды. Соңғылары ғибадатханаларды кәдімгі обалардан ажырататын сенімді нышаны. Ғибадатханалар аумағынан кейде ерте темір дәуіріне және одан да кейінгі уақытқа жататын кәдімгі обалар да кездеседі.
Ғибадатханалардың көбінен кездесетін құрбандық-ас беретін орындары да әр кезеңге жатады; олар өңделмеген ұлутас тақталарынан қаланған, пішіні, құрылымы және мөлшері әр түрлі тас құрылыстар. Құрбандық-ас беру орындарында, әдетте, қандай болсын артефакт, сүйек немесе күл кездеспейді.
Ескерткіштің негізгі құрылысы болып табылатын домалақ пішінді оба С-0 бағытымен созылып жатыр. Обаның төбесі жалпақ, орта тұсында диаметрі 6-7 м, тереңдігі 0,5 м ойысы бар. Сондай-ақ. ғибадатхана аумағында тас үйінділер, тас қалақтар, құрбандық-ас беретін орындар, меңгерлер мен тас мүсіндердің сыныптары, артефактілер кездеседі.
Негізгі салт-жоралық құрылыс ғибадатхананың ең биік бөлігінде орналасқан. Зерттеліп отырған нысан қазба жұмысы басталғанға дейін солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жаткан сопақ пішінді төбе болатын. Табанынан есептегендегі өлшемі 34, 60 м (С-О) және 29, 59 м (Б-Ш) бүл үйіндінің биіктігі 5 метр. Ескерткіштің жоғарғы, қираған бөлігінде ғибадатхананың ішкі қабырғасы жақсы көрінеді. Бастапқыда оба деп жорамалданған нысанның атқарған қызметін анықтау 2004 жылғы зерттеу жұмыстарының негізгі нәтижесі болды; сонымен қатар келесі жылы нысандағы зерттеулерді толығымен аяқтау үшін, ескерткіште тазалау жұмыстары да жүргізілді. Ескерткіштің ортасындағы тас үйіндісі 1-1,6 м тереңдікке тазаланып, оның өлшемі (солтүстіктен оңтүстікке қарай 6,9 м., шығыстан батысқа - 6 м) мен қаңқасы анықталды, сондай-ақ нысанның тас үйіндісінің үстін басып қалған бос топырақ тазаланды. 2005 жылғы далалық жұмыстарында осы бас ғимараттағы аршу жұмыстары жалғастырылды. Ескерткіштің ортасынан тереңдігі 1.5 м, диаметрі 10 м қазба салынып, ғимараттың шеті анықталды. Тасынды топырақ пен үйінді аршылып, контрфорстардың орны анықталды. Төрт қатар қаптама тастары бар құрылыстың сыртқы қабырғалары аршылды. Сыртқы қабырғаның үлкен және жақсы өнделген ұлутас блоктарынан тұрғызылғандығы анықталды; олардың ұзындығы 0,4-0,8 м, қалыңдығы 0,25 м, ені 0,4 м. Блоктар мен тақталар шығынды азайту үшін мұқият таңдап алынған және жақсы өнделіп, бір-біріне тығыз жатқызылған. Тастарды ерітіндімен қалағандығының іздері табылмады. Қабырға биіктігі 2,2 м-ге жетеді.
Ғибадатхана есігінің орны табылды. Ескерткіштің оңтүстік бөлігінен ені 60 см-ге жететін топырақ жол ашылды. Ғибадатхана маңынан орта ғасырлардағы хорезмдік керамика мен сармат кезеңіне жататын қыш ыдыстарының сынықтары және адам сүйегі табылды. Ғибадатхананың стратиграфиялық, яғни оның өмір сүру тарихын анықтау мақсатында нысанның ортасында солтүстіктен оңтүстікке созылған жал қалдырылып, қиманың суреттемесі жасалды.
Нысанды аршу барысында жүргізілген стратиграфиялық зерттеулер, тас үйінділер негізгі салт-жоралық ғимараттың ішкі аумағының барлық жерлерінде кездесетінін және бір-бірінен айырмашылығы тығыздығына ғана екендігін көрсетті. НСЖҒ ішкі бөлмелерінің қыртыстарын шеңбер пішіндес қабырғаның қалағы құраған. Қабырға ұзындығы 80 см-ге дейін жететін, ені 10-20 см жантақ тас блоктардан тиянақты қаланған. Қабырға қалағының ішке қарай еңісі бар және ол құрылыстың бүкіл ішкі бетін құрап отыр.
Ғибадатхананың шығыс жағы тас үйінділерінен тазартылды. Бұл шара құрылыстың сыртқы қабырғасының келбетін, сондай-ақ бүкіл қабырға қаңқасының ерекшелігін анықтауға мүмкіндік берді. Қабырғаның ішкі және сыртқы беті өңделген, көлденең жатқызылған тас тақталардан қаланған. Ішкі және сыртқы қабырғаның арасындағы бос кеңістік әр түрлі көлемдегі өнделмеген жалпақ тастармен, ал олардың арасы ордан алынған топырақпен толтырылған.
Ескерткіштің шығыс жағында қабырғаның сыртқы фасынан орға дейінгі аралық, тас үйінділерден құрлық деңгейіне дейін толығымен аршылып тазаланды. Бүл жерден мөлшері үлкен дөңгелек және төртбұрышты қоршаулар мен қабырғалардың қаңқалары анықталды. Олар көлденең қойылған тас тақталардан қаланған. Олардың ғибадатхананың сыртынан айналдыра қазылған ордың жайылып кеткен топырағының үстіне қойылғанына қарағанда, бүл қоршаулар негізгі ескерткіштен кейінірек салынған. Негізгі құрылыс пен ордың ортасында орналасқан қабырғаның және жоғарыда айтылып кеткен қоршаулардың қандай міндет атқарғаны әлі анықталған жоқ.
Ескерткіштің шығыс бөлігіндегі, ғибадатхананы қоршап тұрған планиграфиялық жал, тастардан аршылып тазаланды. Жұмыстардың нәтижесінде ғибадатхананың алдын-ала дайындалған платформаға қойылғандығы анықталды.
Ғибадатхананың ішкі бөлігі тас пен топырақтан 3 м тереңдікке дейін тазаланды. Құрылыс қаңқалары кездеспеді. Тас үйінділер арасынан малдың үгітілген сүйектері (қолға үйретілген және жабайы), ұсақ күлдер, жағылған кішігірім оттың орындары табылды. Қолмен жапсырылып және көзеші шарығымен жасалған қыш ыдыстардың сынықтары да осы жерден табылды.
Ескерткіште жүргізілген барлық жұмыстардың графикалық құжаттамасы жасалды. Ескерткіш толығымен, және қазба барысындағы жекелеген бөліктерінің көріністері де суретке түсірілді.
Ордың ерекшеліктерін анықтау мақсатымен мұнда ені 1 м шурф салынды. Оның нәтижесінде ордың алғашқы ені 10 м, ал тереңдігі – 1 м болғандығы анықталды. Ордан шыққан топырақтың негізгі құрылыстың қабырғаларын тұрғызуға пайдаланған. Ордың сыртқы шетінен, қазіргі жер бетінен есептегенде 0,4 м тереңдіктен бір шеті ордың астына кететін тас қалағы тазаланды.
Қазіргі кезде Қызылүйік ғибадатханасының, осыған дейін зерттеліп, ғылымда өз орнын алған Бәйте ғибадатханасынан өзіндік ерекшеліктері бар екендігі анықталып отыр.
Бүл ескерткіштің зерттелуі ежелгі сарматтардың тарихының, мәдениетінің, өнері мен дүниетанымының, соңдай-ақ діни-салт-жоралық дәстүрінің әлі де шешілмей келе жатқан мәселелерін шешуге өз септігін тигізері сөзсіз.
Қазіргі таңда Батыс Қазақстан бойынша белгілі болып отырған археологиялық мағлұматтар осы аймақты мекендеген ерте көшпенділердің ата-баба аруағына сыйыну және табыну салт-жораларымен тікелей байланысты, марқұмды жерлеу ғұрпы жоғары дамығандығын көрсетеді. Марқұмдарға арналған бөлмелер, жерлеу құрылыстары, үсті тас тақталармен жабылған шұңқыр, тас жәшік немесе катакомба түрінде жасалған. Қабір ішіне қайтыс болған жауынгермен бірге онын тіршілікте пайдаланған заттары: қару-жарағы, қыш ыдыстар, темір пышақ сондай-ақ құрбандыққа шалынатын малдың еті қойылған. Ру ішінде зор беделге ие болған адамдармен бірге қойылған заттары әлде-қайда қымбат. Олар: жоғары сапалы қару-жарақ, қола қазандар, бағалы заттардан жасалған ыдыстар. алтын әшекейлер мен тарақтар; әбзелдері толық тағылған аттарды қоса жерлеу де жиі кездеседі. Осындай көрнекті, бай заттарды өлген адаммен бірге қою, марқұмның жаны ол дүниеде де өмір сүреді деген сенімнің болғандығын айғақтайды.
Қабір үстінен тас пен топырақтан оба үйілетін, оның биіктігі жерленген адамның әлеуметтік жағдайына байланысты болған. Қорған маңында уақыты келгенде ас беріліп отырған.
Ата-баба аруағын әспеттеу, оған табыну культінің болғандығын Үстірт даласының батыс және солтүстік шың кемерлер індегі б. з. б. IV-II ғасырларға жататын Бәйте I, Бәйте III, Қара Мөңке, Терең, Қайнар. Қызылүйік секілді ғибадатханаларға жүргізілген зерттеу қорытындылары дәлелдейді. Осы ескерткіштердегі соңғы жылдары жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде тас блоктардан қаланып, сыртынан бетіне сарматтардың таңбалары мен граниттілері салынған, ірі тас тақталармен қапталған шеңбер пішінді салт-жоралық құрылыс кез келген ғибадатхананың алығы екендігі анықталды. Бәйте III ескерткішінде жүргізілген қазбалар бойынша, бұл ғимараттың күрделі дөңгелек архитектуралық құрылыс екендігі анықталды, оның ішіне арнайы жасалған баспалдақтар арқылы түсетін. Оның ортасында едені тастан төселіп, құрбандық шалатын ірі құрылғылар орнатылған алаңқай бар. Мұндай құрылыстардың айналасына қару-жарақ асынған жауынгерлерді бейнелейтін тас мүсіндер және тастан жасалған құрбанды шалатын құрылғылар көптеп қойылатын. Құрбандық тастары тілектер тілеп, от жағуға және түрлі құрбандық рәсімдері үшін пайдаланылған. Ғибадатханалардағы тас мүсіндердің саны 2-ден, 30-32-ге дейін жететін болған; орнатылған мүсіндерінің саны ғибадатхананың өмір сүрген уақытының ұзақтылағымен. ғибадатхананың маңыздылығымен, оны салған және сонда қызмет еткен адамдардың санымен байланысты болуы мүмкін. Тас мүсіндердің салыну мәнеріне, онда бейнеленген қару-жарақтың және басқа да нышандарының типологиясының негізінде оларды б.д.д. IV-II ғасырларға жатқызуға болады.
Ғибадатхананың жанынан тас үйінділер немесе әр түрлі пішіндеп және мөлшердегі тастардың қалағы міндетті түрде кездесіп отырады. Олар ежелгі жер бетіне салынатын; олардың астында шұңқырдың орны кездеспейді, кейде ғана кішігірім от орындары кездеседі.
Қызылүйік тәрізді ғибадатханаларды Еуразияның далалық аймақтарының синхронды ескерткіштерімен салыстырсақ, онда олардың «көшпенділерге ортақ» нышандарымен қатар (орлары, құрбандық орындары т.б. бөліктері бар оба және оба тәрізді үйінділер) өзіндік ерекшеліктері де бар екендігі анықталады. Ғибадатханаларды тұрғызған халықтардың діни- мифологиялық жүйесін толық қалпына келтіру, үлкен қорғандарды толығымен қазған жағдайда ғана мүмкін болады. Қазіргі кезде біз, сенімді түрде, олардың ата-баба аруағына сыйыну, рудың пайда болуының басында тұрған батырды отты және суды қастерлеу салтымен байланысы жайында ғана айта аламыз.