Негізгі міндеттердің бірі – қазбада табылған жәдігерліктер бойынша осы қаладағы XIII-XVI ғғ. мәдени-тарихи оқиғалар желісін ғылыми түрде қалпына келтіру, әсіресе, Алтын Орда империясының ыдырауынан кейінгі Ноғайлы кезеңі мен Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуының бастапқы кезеңдеріне қатысты материалдық тың деректер жинау. Сонымен қатар, қаланың мәдени қабаттарының қарқынды түрде жойылуына байланысты, Жайық өзенінің Сарайшық қалдықтары орналасқан бөлігінде шұғыл археологиялық құтқару шараларын іске асыру кезек күттірмейтін міндет екені ескерілді.

Жоғарыда айтылғандай, қалашықтың зерттеліп отырған аумағы жыл сайын мәдени қабаттарын Жайық өзенінің суы шайып кетіп отырған жағалау жиегіне орналасқан. Сонымен, негізгі нысана – «хана» тектес сарай құрылысының сәулеттік салынуының кезеңдерін анықтау болды. Қазба барысында «хана» негізінің бастапқы құрылымдары анықталды. Ол оңтүстіктен солтүстікке созыла орналасқан 20*25 м тікбұрыш пошымды, үстіне тұрғын бөлмелердің қабырғаларын тұрғызуға арналған, торкөз құрылымды платформадан тұрады. Жалпы құрылыс шикі кірпіштен тұрғызылған, қабырғасының қалыңдығы 80-нен 160 см дейін. Қабырға негіздерінің кейбір бөліктеріндегі сақталған биіктігі 200 см дейін жетеді. Қабырға негізінің аралық бос кеңістігі 1330-1360 жж. мәдени қабаттың топырағымен толтырылған. Кейіннен, қосымша бөлмелердің түйістіре салынуына байланысты құрылыстың жалпы көлемі 40*40 м дейін кеңейген (1 фото).

Болжам бойынша, бүл ғимараттың негізгі бөліктері алдын-ала жасалған архитектуралық жобаға сәйкес бір мезгілде толық салынған сияқты. Оның үйлерінің ішкі құрылымдары мен олардың өзара өлшемдік арақатынасы және де басқа ерекшеліктері мен ұқсастықтары туралы деректер Орталық Азиядағы ортағасырлық шеберлер мектептерінің сәулеттік туындыларының арасынан іздестіріліп жатыр. Келешекте Алтын Орда дәуірінің шеберлері тұрғызған құрылыс орталығын анықтау және оны қайтадан жаңғырту – бұл жұмыстың қорытындысы болмақ. Бұл мәселені шешудің кілті – осы құрылыстың зерттеу барысында анықтала бастаған көне құрылыс әдістері. Хананың астындағы алаңдардың кейбіріне мәдени қабат пен сары балшық аралас даярланған пахса кесектерін негіз етіп қойған.

Зертеу барысында хананың ірге тасы астындағы құрылыстың бір бөлігі аршылды. Бұл ғимаратты салу барысында әлсіз дегендері қиратылып, ал мықты кең қабырғалар оның қабырғасының астына негіз болғаны анықталды. Бөлме құрылыстары қиратылмай, тек топырақпен көмілген. Бүл каркастағы қабырға аралық дәнекерлік элементтермен қосымша күшейткен. Жалпы, бүл ғимарат Г-тәріздес формасы бар, екі ұзын тікбұрыштан қосылған. Шығыс қабырғасы оңтүстіктен солтүстікке бағытталған және ішкі өлшемі 3*5 м 4 бөлмеден тұрады. Бөлме ішінде төсек-сыпа, еден астымен жылытылатын кан каналы және тандыр салынған. Пеш астында қол жуатын тас- науа болған. Үйдің солтүстік бөлігі де батысқа қаратылған және пошымы созылған тікбұрышты еді. Онда өлшемі 4*5 м 4 бөлме болған. Бөлме ішіндегі заттардың шаруашылық мақсатта пайдаланғаны айдан анық. Оның ішінде кірпіштен өрілген азық-түлік сақтайтын үлкен тандырлар, алмұрт тәріздес үлкен шұңқырлар да (ұра) болған. Осындай бір шұңқырдан көп мөлшерде тары дәнегі табылды. Алынған мәліметтер саудагерлер, шенеуніктер, қажылық сапарға аттанушылар, жиһанкездер т.б. уақытша паналайтын кең аулалы үйлер кешені – хананы еске салады. Хананың алдыңғы бетінде (фасад) кірпіштен қосымша тұрғызылған құрылыстармен қоршалған алаң орналасқан. Алаңның өлшемі 30*20 м. Ханадан оңтүстікке 8 м аралықта және оның астындағы үйдің оңтүстік фасад бойымен, көшенің арғы жағынан өзінің не үшін пайдаланылғаны беймәлім ені 60 см ұзын шикі кірпіштен тұрғызылған қабырғалы құрылыстар өтіп жатыр. Оның елең еткізер ерекшелігі қабырғаның астыңғы жағынан 20*20 см бөрене жүргізілген. Аталмыш құрылыстардың оңтүстік-батыс бөлігінің жоғарғы жағынан үлкен шаршы түрінде жоспарланған 6 бөлмелі үй хана алдындағы алаңға оңтүстігінен шектесіп жатыр. Оның батыс жағынан басқа бір үй тіреліп тұр. Өлшемі 5*4 м екі, 3*4 м бір, және 3*3 м екі бөлмесі бар ол үй көше бойымен тікбұрышты формада созылып жатыр. Тұрғылықты бөлмелерінде сыпаға ұқсас жылыту жүйесі бар. Сыпалары кең, Г-тәріздес қабырға бойымен салынған. Әр бөлмеге кірер есіктері бөлек-бөлек және батыс жағынан орнатылған. Аталмыш көше оңтүстік бағытта үйлерден 20 м аралықта созылып 6 бөлмелі үйге келіп тіреледі. Бәрінің де ішінде сыпа мен кан бар. Олардың ішкі өлшемдері 3*4 м. Солтүстік жағынан орналасқан үйге кірер есік көшені тұйықтау үшін 1380 ж. тұрғызылғанға ұқсайды.

Осы үйлердің арасында көшеге көлденең қақпаның іргетасын елестететін құрылыс орналасқан. Бүл іргетастың негізіне недәуір ертерек кезеңдегі шикі кірпіштен болған кең қабырға пайдаланылған. Оған ұзынынан 30*30 см және ұзындығы 4 м бөрене кіргізілген, сонымен қатар тік тіреуі бар шұңқыр қазылған. Қақпа іргесінің батыс жағында босағасын бекіту үшін шикі кірпіш төселген.

Жалпы ханасы бар ғимарат участогінің жоспары былай болған. Хана алдында оңтүстігінен қазылған екі көше кететін алаң болған. Бір көше хана жағынан есігі бар ғимаратпен, ал басқа жағынан бітеу қабырғамен қоршалған. Басқа көше үлкен қақпасымен оны жауып тұрған. Сондықтан хана кешені үйлер, кварталдар сияқты емін-еркін жалпы жүйеден ерекшеленген және оған кіруге кез-келген адамның мүмкіндігі бола бермеген. Белгілі ұлт өкілдері немесе белгілі топ немесе қызмет түрі өмір сүрген мұндай кешендерді араб саяхатшысы Ибн Батута сипаттаған. Ол Сарай- шықта 1333-34 жж. болған.

Хана кешені бойынша мәліметтер алынған соң Жайықтың жағалауы бойындағы ерте кезеңге қатысты төменде жатқан құрылыстарды зерттеу бойынша елеулі жұмыстар жүргізілді. Бұл құрылыстар екі құрылыс деңгейіне бөлінеді.

1330-1340 жж. деңгей шикі кірпіштен тұрғызылған ғимараттар қалдықтарымен көрініс табады. Олар жағалау бойынан да, хананың негізгі құрылысы астынан да қазылды. Хананың негізгі құрылысы астында бөлмесінің тек бір бөлігі ғана анықталған көпбөлмелі үй орналасқан: үй ішінің өлшемі 4*5 м. Ол жерде сыпа мен тандыр және азық-түлік сақтайтын қамбалар болған. Қабырғалар пахса іргетасына жатқызылған өлшемі 20*15 см бөренеге тұрғызылған. Қабырға деп отырғанымыз аралары 30 см сайын арнайы ойықтарға кіргізіліп, бөренеге тірелген діңгектер қатары. Діңгектер арасындағы бос жерлерге «шырша» етіп қойылған кірпіштермен жабылған. Жылыту жүйесі жоқ және жылу тек жерден келетін азық сақтайтын бөлмелерде дөңгелек шұңқырлардың беті айқындалған, онда асқабақ пен қауын, тары, сұлы ұрығы, көкөрік, алма, жүзім дәнектері табылды. Бөлме қабырғалары ішінен сары балшық лайымен сыланып, әктелген. Тұрғын бөлмелердің қабырғасын бойлай ені 1 м жуық ішінен түтін жүретін жылытқыш көлденең арналары бар төсек-сыпалар міндетті түрде орналасады. Олар тандыры бар ошақтан басталып, шатырдағы мұржаға кететін қабырға ішіндегі тік түтін жолдарына келіп тіреледі. Осындай мұржаның ірі фрагменті зерттеу барысында анықталған. Көптеген бөлмелердің еденінде қамыстан жасалған төсеніштер сақталған. Ал қабырғаларында бір кездерде тұрмысқа қажетті шырақтар мен заттар тұрған ойықтар болған. Бөлмелерден табылған тиындар 1330 ж. жатады. Осы құрылыстардың едені астынан едәуір ертерек уақытқа қатысты, яғни 1310 ж. қаланған кірпіштер көрінеді.

Баспана еденін тереңдету тәсілі XII-XIII ғғ. оғыз-қыпшақ ортасына кең тараған қыстау үйлердің құрылыс түрі болуы мүмкін деген болжам айтуға болады. Баспаналар XIV ғ. басына жатқандықтан осы дәстүр көрініс тапқан болса керек. Қабырғалар көне жер қабатының тегістетілген жерлеріне әншейін тұрғызыла салынған. Дәл осындай учаскелерден қалыңдығы 3-тен 10 см дейінгі қалың емес қабаттардан қара балшықтан илеп қолдан жасалған қыпшақ заманында кең тараған ыдыстарға ұқсас керамика қалдықтары табылған. Алтын Ордаға дейінгі кезеңге жатуы мүмкін бұл учаскелердің едәуір ауданы кейінгі кезеңдердегі баспаналарға орын даярлау барысында тереңдету нәтижесінде көзі жойылған.

Аталмыш фактілерден мынандай көрініс шығады: XIII ғ. алғашқы жартысындағы, бәлкім одан да бұрынғы кезеңдерде дәл осы жерде қыпшақ қоныстары болуы мүмкін.

Нумизматикалық материалдармен қоса қала халқының күнделікті тұрмысына қолданған әртүрлі заттар кездесті.

Керамика. Төменгі қабаттар өмір салтына ең қажетті керамикаларға толы болды: суға арналған құмандар, астыққа арналған хумдар, горшоктар, шығырлар және түрлі басқа да ыдыстар, шырағдандар мен түбектер, сиясауыт пен майшамдар. Осындай қарапайым бұйымдармен қатар Қырым мен Трапезунд амфораларының сынықтары, үлкен тасқазандар кездесті. Әйтседе, қыш ыдыстар арасында сырлылары сирегірек. Қытай фарфорының сынықтары да кездесіп қалады.

Қалада 1320 ж. импортқа ұқсамайтын төл керамикалы бұйымдарын әзірлеу басталған. Үлкен хум ыдыстардың әртүрлі порымдары мен ою-өрнектері ішіне сақтайтын азық-түлікке орай құбылып отырады. Құмандар ерекше сәнделіп тек Сарайшыққа ғана тән – ангобпен әрлене бастайды. Күйдірілген тандырдың біркелкі ою-өрнектерінің өзі де көз тартарлық. Табақтардың да неше түрлісі пайда бола бастайды. Су тартуға емес, сұйық заттарды сақтауға арналған шығырлардың сан алуан порымдарының қалыптасуы басқа қалаларда кездеспейді. Сарайшық көзешілері даярлаған кесе, пияла, гүлабдан секілді ыдыстар да пайда болады (2 фото). Оның ішінде өсімдік және зооморфты өрнектермен әсемделген көзешілік өнердің ғажап туындылары көптеп табылады. Суда жүзген құс, бұлбұл, балық, тіпті жүйткіп бара жатқан қоянның да бейнелері кездеседі. Сары топырақтан әзірленген түсі күлгіндеу құмыралар мен флягаларды да жергілікті тұрғындар өндіре бастайды. Олардың сыртқы бетіне алуан түрлі бедерлермен өсімдік, жұлдыз, балық, құс бейнелері мен араб әрпімен түрлі жазбаларды көмкерген. Қызыл топырақты керамикалық ыдыстардың көбісінің порымы жағынан біркелігі Сарайшық шеберлерінің оларды жаппай өндіргенін көрсетсе керек.

Сүйек бұйымдар. Қазба барысында сүйектен жасалған заттар көптеп кездеседі. Ұршықтар, түрлі бұйымдарға арналып, ою-өрнекпен сәнделген жапсырмалар, былғары және тігін өндірісіне арналған құралдар.

Темірден жасалған бұйымдар. Жобасы өзгертілген үйлерді зерттеу барысында әдетте ағаш бөліктері кездеспейді, оларды екінші мәрте пайдаланады. Бірақ темірмен бекіткен кейбір бөлшектері сақталған. Олар көптеген шеге, істік, ілмек және есіктің өрнектелген қапсырмалары. Жергілікті ұсталар әзірлеген бүл заттардан басқа стамеска ұшы, пышақтар, мұзда жүруге керекті тікенегі бар қапсырмалар, ұршықтар, ауыздықтар, құлпының сынықтары, жебе ұштары, шойын қазандардың үлкен сынықтары бірнеше рет кездескен.

Кола бұйымдар суарып жасалған қазанның ірі бөлшектері, жапсырманың әр түрі, ожау тұтқасы, табақ сынығы және т.б. заттар түрінде кездеседі. Жинақталған коллекция осы метал- дан жасалған сәндік бұйымдармен толыға түседі. Остеологиялық қалдықтарға орай қалалықтар мәзірі балық, ірі қара мал және ұсақ мал, құстардан тұрғанын жылқы мен түйе етін сирегірек қолданғанын көреміз.

Көптеген заттардағы жазуларға қарап білімнің кеңінен дамығанын айта аламыз.

Алтын Орда мемлекетінің күйреуі себебінен қала территориясы тарылып, тұрғындар қалдырған учаскелері зират ретінде пайдаланылған. Жерлеу орындарындағы зерттеулерден қала мен дала, ислам мен ежелгі дәстүрлі сенімдер, халықтың әлеуметтік топ- тары арасындағы қарым-қатынасты айқын байқауға болады. Сонымен қатар, олар Сарайшық тұрғындарының көп ұлтты болғанын және ұлт аралық некелердің жиі болғанының көрінісі болуы мүмкін.

Бұл есеп жылында, яғни, 2004 ж. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру барысында Сарайшық қаласының орнында жеке дара жерлеу қорымдары мен қатар XV-XVI ғғ. жерленген, күйген кірпіштен өрілген жерасты күрделі құрылыс – көрханалар да зерттелді. Айта кетеріміз, кең аумақтағы түркі халықтары арасында пайда болып, кейіндері дами түскен жерлеудің мұндай түрі археология ғылымындағы әлі күнге шешімін таппаған мәселе болып табылады.

Зерттеу барысында қала өміріндегі бес құрылыс кезеңін айқындауға мүмкіндік туды.