Қала жұртының аумағындағы, кешенді сарай комплексінің «хана» деп аталатын бөлігі тұсынан құрылыстық мақсатта пайдаланылған қамыс пен кесектің, жан-жануар сүйектерімен керамиканың (қызыл түсті саздан жасалған, боялған қыш) ұсақ сынықтары, сондай-ақ садақ (жақ) жебесін салып тартатын сақинаның бір бөлшегі табылды. Көршілес бөлмелердің бірін тазарту кезінде полихромды керамика, қызғылт суға (жуынатын жұпар иісті су) арналған кесе мен хрустал сынығы ұшырасты.
Жайықтың қазіргі жағалауына жапсарлас жатқан мәдени қабаттардың тереңдігін зерттеу және құрылыс нысанының көзге көрінер нақты сұлбасын және оның ғимараттық құрылысын анықтау үшін өзен жағалауының топырақ қабаты вертикалды (тік) бағытта тазартылды. Мұнда ең ерте кезең бойынша қыш күйдіру (керамика) пешінің, қоныс орнының сұлбалық іздері сақталған. Көңіл аударарлық ерекше нәрсе сол, жорамалдауымызша шыны (әйнек) бұйымдарын жасайтын өндірістік пеш болып отыр.
Қаланың қазіргі күнде қорым алып жатқан бөлігінде жүргізілген қазба жұмысының барысы, онда бірнеше құрылыстардың салынғандығын көрсетті. Сонымен катар осы жерде ең бір қызығушылық туғызғаны мешіт құрылысының қалдығы, әулеттік зират (склеп), қабір басына тұрғызылған сағаналар мұнда ұйымдастырылған әрі, жұмылдырылған сәулет мәдени кешеннің жұмыс жасағандығын болжауға мүмкіндік береді.
Күйдірілген кірпіштен жасалған ғимараттың бұрышын қандай мақсатқа арнап салғаны белгісіз, жаңа монументальдық құрылыстың қалдықтарына жатқызуға болады. Қабырға қалдықтары оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа созылған. Сақталған ең жоғарғы биіктігі 5 қабат кірпіштен тұрады. Қабырғаның оңтүстік-батыс бөлігі қасбеті болып табылады және алебастрлы сылақпен сыланған. Жер бетінен 80-85 см тереңдіктен сылағы бар кірпіш қабырғасы анықталды. Мәдени қабат күйдірілген кірпіш сынықтарымен, алебастр ерітіндісімен, саз ерітіндісі, кірпіш және алебастр үгінділерімен толған. Жұмыстар барысында 1999 жылы ашылған мазарға шығыс жағынан жанай салынған көрхана тазартылды. Күмбез тәріздес етіп жабылған көрхана күйдірілген кірпіштің тұтас және ірі сынықтарынан қаланған, ішкі бөлмелерінің көлемдері 3,19*3,08 м.
III қазбаны зерттеу кезінде табылған заттардың ішінен қыш пештердің қалдықтарын анағұрлым ерте кезеңдікі деп есептеуге болады. Бұл кезеңнің бұйымдарына пеш бөлшектері және оның қабырғаларының шлакты сынықтары жатады. Гончарлы пештердің кезеңіне молаларға шұңқырлар қазу кезінде қиылған шикі қабырғаларды жатқызамыз. Көрханаға жақын қабырғаларда фрагменті түрде ақшыл-сары түстегі саз сылақ сақталған. Кей бөлмелердің еденінде ірі мал, балық сүйектерінен және оның қабыршақтарынан тұратын күл қалдықтары анықталды. III қазбадағы қызылсазды және боялған керамиканың басым бөлігі XIV ғасырға жатады. XV-XVI ғасырларға жататын глазурлы керамиканың бірнеше үлгісі кездесті. Соңғылары тұрғын үйлердің құлдырауымен және қаланың бұл бөлігінің бейітке пайдалануымен байланысты. Осы кезеңде мешіт, мазар және көрханалар тұрғызыла бастаған.
Архитектуралық декордың фрагменттері: қыш және алебастр плиткаларының алтынордалық плиткалардан айырмашылығы бар. 2006 жылғы қазба материалдары элиттік (зиялы) соңғы ортағасырлық Сарайшықтың ғұрыптық-мемориалдық кешені қалашықтың оңтүстік бөлігінде, қазіргі бейіт алып жатқан аумақта орналасқандығын анықтауға мүмкіндік берді.