Құрылымның орталық бөлік диаметрі 7 (б-ш) * 6,90 (с-о) м. Әрине, НСЖҒ (Негізгі салт-жоралық Ғимарат) ғибадатхананың ортасы, абыздардың әр уақытта, әртүрлі ғұрыптарды іске асыратын негізгі орны болғандықтан ішкі бөлік кеңінен зерттелінді.
Заманында іші ашық болған құрылымның орталық бөлігі ұлутас плиталар мен тастар, борпылдақ топырақ, адамның мүрдесі, шіріген, не сынған малдың сүйектеріне, әр жердегі (әсіресе солтүстік бұрыштағы) күйген күл орындарына және әр технологияда жасалынған қыш ыдыстың сынықтарына толы, құрылымның бетімен бірдей болып жатқан еді (№1 сурет).
Бұл тас плиталармен заттар in situ түрінде жатқан жоқ, тек НСЖҒ өз өмір сүруін тоқтатқаннан кейін ғана табиғи, не құрылымды арнайы бірнеше рет бұзу, тонау барысында ішке түскені, не құлағаны анық. Ішкі құрылыстың, жалпы НСЖҒ-ның оңтүстік, оңтүстік-батыс қабырғалары бүлінген. Сонымен қатар ішкі қабырғасының қаланды плиталары сол қалпы сақталған бұл кеңістіктің ішіне және құрылымның сыртына құлаған тастардың көлемін ескерсек, НСЖҒ-ның биіктігі кем дегенде он екі метр болған. НСЖҒ-ның ішкі диаметрі орташа есеппен 7 метр, биіктігі 4,8 метр ішкі кеңістігіне толған тастар мен топырақтар 173 куб. метр көлемді құрады (№2 сурет).
Құрылыстың ішкі қабырғасы дөңгелек қабырға болып қаланғаны анықталды. Қазіргі сақталынған ішкі қабырға жер бетінен 3,6 метр биіктікке дейін тік етіліп қаланса, кейінгі қалаулар құрылыс ішіне қарай шығарыла қаланып күмбез жасалынған болса керек. Уақыт өте бұл күмбез құрылыстың ашық ішкі кеңістігіне құлаған.
Ішкі қабырға мен қас беттік қабырғалар арасының ені мөлшермен 7 метр болған. Ішкі қабырғаны қалауға, оның құлап кетпеуіне қатты мән берген. Алайда сыртқы қабырғадағы тек қана бірқатар қас плиталардың ішкі горизонтальды түрде қаланған плиталарымен байланыстырылмай салынуы қызық.
НСЖҒ-тың есік-ойығының ішкі кеңістігі толығымен топырақтар мен тастарға толы болды. Есік-ойығының ұзындығы 7 м, ішкі ені 0,93 м, ортаңғы және сыртқы ені 1,1 м. НСЖҒ-ты салу барысында есік-ойықтың ұзына бойы екі қабырғасы бірге қаланған. Сосын есік-ойықтағы екі қабырға ішіне көне жер бетінен солтүстігіндегі биіктігі 0,9 м, ал оңтүстігіндегі биіктігі 3 метрге жететін тастардан саты салған. Жалпы есік-ойыққа сырттан кіру шахталық құдық түріндегі кішкене қуыс болған сияқты.
Ғұрыптық құрылыстың оба үйіндісіне айналуына сыртқы қабырғаларының құлауымен түсіндіруге болады.
Қазбаға дейін НСЖҒ төрт секторға (А, В, С, D) бөлініп, сонымен қатар әр сектордың ортасынан осы ескерткіштің қабырғаларын құлаудан сақтау мақсатында бір- бір контрфорстан қалдырылды. Нәтижесінде ені 1 метрлік сегіз қазба жиектері (бровкалар) қалдырылған еді. Ортасы етіліп ішкі дөңгелек құрылыстың ортаңғы бөлігі алынған. Фасадтық қабырғаларының қатарлары әр бөлікте әрқалай сақталған.
Ашылған қабырғаларға қарағанда, НСЖҒ-ты тұрғызу барысында ені 6,5-7 метр болатын қабырғалардың ішіне көп мән беріп дұрыс қалаған, сыртын әсемдеп етіп, ішкі кеңістігіне жақындағы карьерден әкелінген ұлу тастарды кіші, үлкен өлшемде горизонтальды түрде кейде тек тастардан, кейде қалыңдығы 1 метрге дейін ордан алынған топырақтармен толтырған. Сыртқы қабырғаларды ашу барысында НСЖҒ-тың дөңгелек пішінді болғандығына көз жетті. Сонымен қатар НСЖҒ-ты тұрғызбас бұрын жерді арнайы дайындап, астына диаметрі мөлшерімен 30 метр болатын, аса биік емес (0,25-0,3 м) платформаны саз топырақтан жасаған.
НСЖҒ-тың сыртынан - шығыс, солтүстік-шығыс, батыс және оңтүстік-батысынан, көне жер бетінен, диаметрлері 1*1 метр, қалыңдықтары 0,05-0,07 метр болатын, ішінде, шетінде малдың күйген сүйектері бар ақ күл, қара күйелер орындары ашылды.
НСЖҒ батыс қабырғасының сыртынан жасалған шурфтан күмістен жасалған әшекейлер табылды. Оған қоса оңтүстігіндегі топырақ жалдың үстінен ерте темір қола жасалған жебенің ұшы, НСЖҒ-ның оңтүстік-шығыс қабырғасының түбінен темір шот-қайла, батыс қазба жиегінің асты мен сслтүстік-батыстантасастаулар.төртаяқтықұрбандықтақтатасыныңбірбөлігі және т.б. ашылды.
Топырақ жал НСЖҒ-тың оңтүстігінде, сыртқы қабырға түбінен басталып жатқан ғибадатхана құрылысының бір қосымша элементі. Топырақ жалдың батыс бөлігінің НСЖҒ фасадтық қабырға бойымен оңтүстік қазба жиегінен батысқа қарай ұзындығы 9,72 м, ал оңтүстігіндегі ұзындығы 11,1 м. Батыс жағындағы ені 3,2 м, ортаңғы ені 6,14 м. Топырақ жалдың батысындағы бітер жеріндегі көне жер бетінен биіктігі 0,4 метрді құрайды. Сонымен адам қолымен арнайы жасалған топырақ жал НСЖҒ-тың тек оңтүстік орсыз «ашық» жатқан бөлігін толық қамтып жатыр. Жалпы ені 6 метр бұл құрылым НСЖҒ-тың қабырға түбінен көне жер бетінен 8-9 см биіктіктен басталып, үш метрге дейінгі ендікте 70-75 см-ге дейін көтеріліп, сосын тағы сол ендік өлшемде 6-2 см-ге дейін жермен тегістеле бітеді. Құрылысты салудың биікте орналасқан есік- ойығына кірудегі алғашқы «саты» рөлін атқарған практикалық мәні болса, сонымен қатар белгілі бір ғұрыпты орындауға, НСЖҒ-тың оңтүстігінде оры жоқ жерде жиналған қауымға Жеке әлемге кіруге шектеу жасау сынды ғұрыптық мәні де болса керек. Бас Ғимараттың сыртын, үйіндінің оңтүстігінен басқа жерді өте терең емес ор қоршап жатыр.
Ор НСЖҒ-ты салу үшін, практикалық мәнде қазылған. Ені әр жерде әрқалай. Орда жасалған қазбалар нәтижесінде әр сектордан көлемдері әртүрлі, төртбұрыш, дөңгелек және ұзынынан доғалдана келген құрылыстар аршылды. Ор іші құрылымдарында ұлу тастарды ұзынынан, не көлденеңінен бірқатар етіп салу жолымен қаланған қарапайым құрылыстардан (С1, В2 секторларындағыдай) ішінен диаметрі бір ғана метр дөңгелек қоршаулары, ірі көлемді төртбұрыш қоршаулар кездесетін күрделі құрылысқа (А2, В1 секторлары) дейін баршылық. Бұл құрылыстардың кейінгі уақытта салынғандығының тағы бір куәсі – құрылыс материалдары ретінде мұнда сарматтық тас мүсіндердің сынған бөліктерін пайдалануы. Мұндай жартылай өртенген, басы, кеудесі сақталған, ұзын «мұртша» құрылымға қалап қойған екі мүсін сынығы А2 секторының орынан табылды. Аталмыш құрылымдардың кейбір жерлерінен ғана қыш ыдыстардың ернеуі, бүйірінің сынықтары (С1, В2 секторларында), мал-жануарлардың сүйектері табылды. Бұл Қызылүйік ғибадатханасының кейінгі жүзжылдықтарда да өз қызметін атқарғанын немесе сол бір дәстүрді кейінгі осы жер иелерінің сақтағанын көрсетеді.
Сонымен орлардың сыртқы қабырғадан алшақтықтары, ендері мен тереңдіктері мынадай: оңтүстік-шығыс фасадтық қабырғадан ордың шетіне дейінгі ұзындық 12,5 м. Ордың ені 14,9 м. Шығыс фасадтық қабырғадан ордың шетіне дейінгі ұзындық 12,4 м. Ордың ені 8 м. Солтүстік-шығыс фасадтық қабырғадан ордың шетіне дейінгі ұзындық 10,2 м. Ордың ені 8,4 м. Солтүстік фасадтық қабырғадан ордың шетіне дейінгі ұзындық 13 м. Ордың ені 9 м. Солтүстік-батыс фасадтық қабырғадан ордың шетіне дейінгі ұзындық 15 м. Ордың ені 11 м. Батыс фасадтық қабырғадан ордың шетіне дейінгі ұзындық 8 м. Ордың ені 16 м.
Храмның айналасында құрбандық орындары мен тастар шоғыры көптеп орналасқандығы мәлім. Солардың өткен жылдар қорытындысында алтауы қазылып, бір жерлеу обасы зерттелінгені анық. Былтырғы 2008 жылғы зерттеу бойынша бір құрбандық шалу орны (№7) мен екі тастар шоғыры (№8-9) зерттелінді.
Сарматтық ғибадатхана айналасындағы кіші көлемді ғұрыптық орындарға дөңгелек қоршаудың болуы, қоршаудың ішкі және сыртқы қабырғадан, бір-үш қатар қалаудан тұруы міндетті құрылыс элементі еді. Қызығы, осындай ғұрыптық орындардың кіші көлемді ортасы таза, не от жаққан белгі, не қойған заттары жоқ. Бұл қоршаулар осылайша аспан астында ашық қалдырылған құрылыстар.
Өңірде ашылмай жатқан, зерттеуші аяғын баспай жатқан жерлер көп. Сондықтан өлкенің тарихи келбетін жасау ісі енді ғана басталды деген жөн. Бүгінде сарматтардың бұл ғибадатханасын ежелгі сауда және маусымдық көшіп-қону жолдары бойына, айналасы жақсы көрінетін, не болмаса ол алыстан білінетін жерді таңдап арнайы салғаны анық.
Қазіргі таңда Батыс Қазақстан бойынша жинақталған археологиялық деректері аймақтың ерте көшпелілерінің ата-баба аруағының құдіретіне табыну культімен тікелей байланысты жерлеу-ғұрыптық дамыған дәстүрінің болғандығын көрсетеді. Үстірт даласының батыс және солтүстік шың кемерлеріндегі б.з.б. IV-II ғасырларға жататын Байте I, Байте III, Қарамөңке, Терең, Қайнар, Қызылүйік секілді ғибадатханаларға жүргізілген зерттеулер қорытындылары ата-баба аруағын әспеттеу, оған табыну культі болғандығына дәлел болады. Осы ескерткіштердегі соңғы жылдардағы жүргізілген зерттеулерге қарағанда әр ғибадатхананың ортасында дөңгелек пішінді, қас бетіне сыртына сарматтардың таңбалары мен бедерлері ойылып салынған тас блоктардан тұратын киелі табыну орындары болғандығы анықталды.
Бас Ғимарат өз уақытында көсемдердің тағайындалуы, өмірден өтуі, табиғи апаттар, соғыстар, аңшылыққа шығу және тағы да басқа ел өміріндегі өзгерістерде сыйынатын орталықтары болды. Ғибадатханалардағы басты храмнан табылатын әртүрлі сарматтық белгілер мен таңбаларға қарасақ, ғибадатханалардың белгілі бір патриархальды жанұя, не ру тұрғызғандай болады. Яғни мол жерге жиі келетін ру мүшелері таңбаларды қалдырған. Храм табыну мен құрбандық шалу орны болған.
Жазық далада молдаған еңбек күшін, алу мен өңдеуге қолайлы шикізаттарды және тас кесушілер, архитектор мен мүсіншілер сынды нағыз мамандардың өнерін қажет ететін керемет архитектуралық стильдегі ескерткіштер тұрғызылғаны және табиғи жағдай (құрғақшылық) оның сақталуына көп эсер еткені аян. Ескерткішті кешенді түрде зерттеу, табылған заттарды алғашқы қалпына келтіру, көшірмелерін жасау, зерттеу барысында архитектуралық ерекшеліктеріне мән беру, осы аймақтың ерте көшпелілерінің мәдени құндылықтар жүйесін, наным-сенімдерін, дүниетанымдарын тануға кең мүмкіндік ашады.
Әзірше ғибадатхананың басқа ғұрыптық кешендерге ұқсамайтын ерекше құрылысы бар екендігі жене осы өлкедегі ең ірі ғұрыптық ескерткіштердің бірі екеніне сөз жоқ. Ескерткішті автохтонды халықтың жасағандығы күмән келтірмесе керек. Ғибадатханадағы негізгі объект – НСЖҒ өз уақытында елбасының тағайындалуы, өмірден өтуі, табиғи апаттар, соғыстар, аңшылыққа шығу жене тағы да басқа ел өміріндегі өзгерістерде сыйынатын орталықтары болды.
Қызылүйік тайпалық, не тайпалық одақтық дәрежедегі Солтүстік Үстірттегі жалғыз ірі ғибадатхана. Маңайындағы Қайнар, Қызылқуыс, Тасастау I, II жене III -жергілікті ғибадатханалар санатында. Алайда бұлардың Қызылүйік ғибадатханасынан бір ғасыр бұрын салынғандығын табылған олжалар дәлелдейді. Бұл аумақта Тасастау құдықтар жүйесі, Қайнар бұлақтары мен Манайсор I, Манайсор II сынды палеометалл қоныстарының орналасуы көші-қон мен сауда жолдарының өткен торабы болғандығы өлке ертеден елдің қоныстандығынан хабар береді.
НСЖҒ өзінің орналасуы мен көлемі жағынан ғибадатханадағы негізгі және маңызы зор объектіге жатады. Оның жоспарлауының түпкі мақсатында архитектуралық жағынан іске асырылған тұйықтық қоршау жатыр. Ішкі және сыртқы қабырғалардан тұратын БҒ дөңгелек пішінді болып келеді, бірақ Бейте III храмындағыдай екі сатылы емес жене тебе жабындысы болмаған Қарамөңке мен терең ғибадатханаларының Бас құрылымдарына да тағы ұқсамайтын өзіндік ерекше ескерткіш.
Қызылүйік ғибадатханасындағы НСЖҒ алдында болжағандай көпсатылы құрылыс емес. Қарамөңке мен Терен ғибадатханаларының Басты Ғұрыптық құрылымдары екі концентрлік қабырға түрінде болды және панцирлік әдіспен қаланған. Мұнда да дөңгелек жоспарлы.
НОЖҒ б.з.д. 4 - б.з.д 2 ғасырларында ғұрыптық храм рөлін атқарып, кейіннен әртүрлі мақсатта қолданылса керек. Сондықтан ішкі бөлігінен әр деңгейден әр тарихи кезеңнің артефактілерін табуға болады. Ішінен алынған малдың сүйектері мен от орындарынан алынған күйе, күл қалдықтарынан жасалған радиокөміртекті мерзімдеу де әр хронологиялық шеңберді беруде. Ортағасырларда да елдің ғұрып орындап, сыйынғандығын орларда ашылған қоршаулар дәлел.