№1 шурфтың оңтүстік-шығысында көлемі 20*11 м қазба салынды. Қазба бұрыштары дүниенің төрт бұрышына шамалы ауытқулармен қараған. Қазба медресе құжыраларының солтүстік-шығыс бөлігін қамтыған.
Шөп қабатынан тазартылған соң (қалындығы 20 см), қазбаның солтүстік-шығыс ширегінде, медресенің бұрыштағы бірнеше бөлмелерін жауып қалған, бірінші құрылыс қабатының тұрғын жайлары анықталды. Екі үйге жататын үш бөлме аршылды. Бірінші үй екі бөлмеден тұрады, тұрғын жай және қамбасы бар бөлмесі. Бөлме іші керамика аралас борпық топыраққа толы болды. Алаң бетінде сынған ас үйлік ыдыстар жатты. Ыдыстар негізінен сырсыз табақтар мен табақшалардан тұрады. Еденде тандыр қақпағының екі сынығы жатты. Алаңның шығыс бұрышында матаға оралған бес мыс теңге мен темір бұйым табылды. Теңгелердің диаметрі 0,5 см, қатты тоттанған. Олардан бөлек тағы бір теңге табылды.
Екінші үйдің тандыры бар тұрғын бөлмесі, біріншісіне солтүстік-батыстан жапсарласады. Бірінші бөлмеге қарағанда, көшеден 1 м шегеріліп салынған. Бөлме қатты бұзылған.
Қазбаның қалған аумағында шөп қабатының астынан медресе қирандылары аршылды. Қирандылар ауланы айналдыра қоршаған құжыраларды басып қалған. Солтүстік-шығыс қанатта сегіз бөлме, бес артқы бөлме аршылды. Ғимараттың құрылыс материалдары екінші қайтара пайдалану үшін алынғандықтан, ол қатты зардап шеккен, кей бөлмелердің қабырғалары толық бұзылып алынған.
Бөлмелерді тазалау барысында, медресе қирамас бұрын біршама уақыт қараусыз қалғаны, сосын қайта мекенделгені анықталды. Барлық бөлмелерде есік алдында еден деңгейіне қарағанда тереңдетілген ташнаулы алаңдар орнатылған. Бірнеше тәуір сақталған бөлмелер қабырғаларында тектер бары анықталды. Тектер қабырғалардың кез келгеніне орнатыла берген (артқы, алдыңғы, жанындағы қабырғаларда). Бөлме едендері бүтін де, сынған да қыштармен төселе берген. Медресе жұмыс істеп тұрғанда бөлмелерде жөндеу мен қолайландыру шаралары жасалғаны белгілі болды. Атап айтқанда, әр бөлмеге жеке ошақтар жасалған. Олардың кендері бөлме бұрыштарына қарай сыпа астымен жүргізілгендіктен, сыпа деңгейі көтерілген. Ошақтарының аузы әдетте, алаңның бұрыштарына таман орналасқан. Кендерінің ені 22 м, ішкі қуысы 12 см, қырынан қойылған қыштардан қаланып, үстінен бүтін қышпен жабылған. Бөлме еденінде жасалған адыраспан түтететін орындар да кейіннен пайда болған. Оларды төрт қышты қырынан қойып жасаған, көлемі 25*25 см, тереңдігі 20 см. Мұндай орындар үш бөлмеден табылды. Қолайландыру кезінде бөлмелер алдындағы айвандарда, көлемдері шамамен 140*90 см, сыпалар жасалды.
Бөлмелер жабыны екі қанатты болған деп болжауға болады. Қирандылар негізінен бөлмелердің ортасында шоғырланған. Олардың төртеуінде иіліп келген төбежабын қалағының бөлшектері мен қырдан (ганч) жасалған, кесіндісінде трапеция тәрізді тақташалар табылды. Қабырғалары қырмен сыланған, олардың көптеген бөлшектері қиранды арасынан кездеседі. Сыртқы келбетін әрлеуге пайдаланылған өсімдік және эпиграфиялық өрнекпен безендірілген сырлы және егелген тақташалар көптеп табылды.
Орталық есіктің тұсында бір-біріне қарама-қарсы, аулаға қараған, екі айван анықталды. Кіреберіс пен айвандар ғимараттың көлбеу осінде орналасқан. Артқы, оңтүстік-шығыс айванның көлемі 540*540 см. Жабыны иіліп келген, екі жақты жаппамен жабылған болу керек, алдыңғы бөлігінде осы жабынның қирандылары аршылды. Негізгі қабырғаларының қалыңдығы 155-156 см. Қабырға мен жабынның қалағы аралас, онда қышпен қатар кесек те пайдаланылған. Үш қатар кесектен соң бір қатар қыш жүргізіліп отырған. Солтүстік-батыс қабырғасынан тек алдыңғы бөлігі 218 см ұзындықта, 8 қатары (55 см) сақталған. Еденіне қыш төселген. Төсеніштен оңтүстік-шығыс қабырғасының бойында бір қатары, артқы бөлігінде ромб тәрізді қиғаш қойылған екі қыш сақталған. Айван алдындағы дандана қатты бұзылған. Оңтүстік-батыс қабырғасының алдында көлемі 2,5*2,4 м сыпа аршылды. Олда басқа сыпалар сияқты кейіннен, қолайландыру кезінде жасалған.
Көлемі 18*15 м тікбұрышты ауласына қыш төселген. Төсеніш екі қатар дандананың ортасында жақсы сақталған. Ауланың ортасында төсеніш әр жерде бір көрінеді. Дандананың бірінші қатары пилондар сызығымен жүргізілсе, екіншісі одан 2,5 м ішкерек жүргізіліп, көлемі 11,7*8,5 м ауданды қоршаған. Ауланың солтүстік-батыс бөлігінде, алдыңғы, солтүстік-батыс айван қирандылары басып қалған. Бұл айванның бастапқы көлемі 5,4*2,3 м болса, кейіннен қабырғалары 3,5 м-ге дейін ұзартылған. Қабырғаларының айнуына қарап, бүл айванда өзі құлағандығын байқай аламыз.
Дәрісханаға жапсарласқан бөлме тиянақты сипаттауды қажет етеді. Оның көлемі 335*305 см. Есік алдында көлемі 105*105 см, тереңдігі 15 см ташнау бар. Ол бастапқы қалпында, жөндеу іздерінсіз сақталған. Ташнау жақтаулары қырынан қойылған, мұқият өңделген қыштың жартыларынан қаланған. Есік қарсы беті доға тәрізді қаланған. Кіреберістен сол жақта, қабырғада ені 66 см, тереңдігі 40 см тек орнатылған. Бөлме едені тұтастай бүтін қыштармен төселген. Есік табалдырығы айван еденінен бір қыш биіктігіне жоғарылатылған. Бөлме еденінде қалыңдығы 40 см үрме топырақ жатты. Басқа қатардағы бөлмелердегіден ерекшелеу интерьеріне қарап, мұнда тұрушының дәрежесі жоғары болған деп айтуға болады. Бөлме медресенің оқытушылар құрамының бір мүшесіне тиесілі болуы мүмкін.
Бұрышта орналасқан бөлме көлемі жағынан бөлмелердің ең үлкені. Бөлменің орналасуы мен 625*515 см көлемі, оны дәрісхана деуге негіз береді. Бөлменің кіреберісінде көлемі 160*195 см, еден деңгейінен 9 см терең, ташнау орнатылған. Жақтаулары мұқият өңделген қыштың жартысынан, қырынан қойылып қаланған. Қапталдағы жақтаулары есікке қарай бұрылып енсіздене түскен. Ортадағы қыш ташнау деңгейінен 5 см терең орнатылған. Алғашқыда бөлменің солтүстік-шығыс қабырғасында көшеге шығатын есік болған. Бөлменің шығыс бұрышынан 2 м жерде орналасқан, ені 1,2 м есік кейіннен бекітілген. Бөлме едені бүтін, бірақ, кейін пайдалану кезінде шытынап сынған қыштардан төселген.
Бөлме алғашқылардың бірі болып бұзылған. Бұл сыртқы қабырғаның солтүстік бұрышқа таман тұсының отыруынан болған. Төбежабыны бірден еденге құлаған. Оңтүстік-шығыс қабырғаның айну бағыты, қабырғалардың бұзылып алынбай, өздігінен құлағанын меңзейді. Бөлме еденінде неден болғаны белгісіз, күйік шалған шектеулі учаскелер бар.
Қас беттегі қабырғаның сыртында, қыш қабырғамен қоршалған цокольдің қыш төселген беті аршылды. Оның басым бөлігі бұзылған, төсеніштің қабырға мен солтүстік-шығыс мұнараның етегіне жапсарласатын тұсы сақталған. Мұнара негізінің сыртқы жағының 4 қатары 1 м ұзындықта сақталған. Ішкі жағы цоколь бетінен 5 м тереңдікке дейін бұзылып алынған.
Қазбаның батыс бұрышында артқы айванға оңтүстік-батыстан жапсарласатын екі бөлме мен дәліз бөлігі аршылды. Бұл бөлмелердің, сонымен қатар, 2005 жылғы маусымда аршылған пилон шеттері жоспары, ғимарат композициясы симметриялы болған деуге негіз береді.
Осылайша, біз аршыған ғимарат жоспарда тікбұрышты (31,5*28м), симметриялық аулалық композициялы құрылыс. Екі мұнарамен айқындалған басты есігі солтүстік-батысқа қараған. Алдыңғы бетте екі сегіз қырлы бөлмесі бар вестибюль орналасқан. Ол арқылы аулаға, сол жақта орналасқан дәрісхана мен оң жақтағы мешітке өтетін болған. Алайда, мешіт орналасатын орын, өкінішке қарай, түгел бұзылған. Екі айваны бар ауланы айналдыра құжыралар салынған. Енді, құрылысы 1515 жылы аяқталған, З.Уэсифи1 суреттеген медресе нақ осы деп сенімді түрде айта аламыз.
1. Болдырев А.Н. Зайнаддин Васифи - таджикский писатель XVI в. М., 1957.