Көз сүйсіндіретін бекіністің дуалдары қала солтүстігінен өтетін автомобиль және темір жолдарынан жақсы көрінеді.

Қазба жұмыстарына солтүстік-шығыс қақпадан орталық алаңға алып баратын көшені бойлай 210 м жүргенде сол жақ бетте орналасқан төбе тандап алынды. Бүл жалпы ауданы 100*100 м болатын. Беткі қабатында кірпіш үйіндісі қалған үлкен төбе. Төбенің бел ортасы төртбұрыш тәріздес пішіндегі ойпақ болып келеді.

Объектіге екі барлау қазбасы салынды, біріншісі төбенің шығысынан батысына қарай ұзындығы 13 м, ені 1 м болса, екіншісі солтүстіктен оңтүстікке қарай, ұзындығы 16 м, ал ені 1 м.

Бірінші барлау қазбасын қазу барысында күйдірілген кірпіштердің сынық қалдықтары көптеп табылды. Барлау қазбасын 1,6-1,7 м тереңдету барысында беймәлім бөлменің едені мен сақталынып қалған қабырғалары анық- талды. Еден де, қабырғалар да күйдірілген кірпіштерден қаланған. Еденге төселген кірпіштердің үш түрлі өлшемі анықталды олар: 30*27*7, 30*27*5 және 47*47*7 см.

Бірінші барлау қазбасын кеңейту барысында шартты түрде № 1 деп аталған бөлменің қабырғалары мен олардың жиектері аршып көрілді. Бөлме пішіні алтыбұрышты болып келеді, төрт жағына қарай тарайтын есіктері бар. Айта кетерлігі, аталмыш есіктер әлем шартарабының төрт бағытымен сәйкестендірілген. Бөлменің жалпы көлемі 3,55*3,55 м. Оңтүстік-батыс бөлігіндегі қабырға сақталынбаған, бірақ еден жиегі бойынша оның осы жерде болғандығын аңғарамыз. Бұл бөлмеден солтүстікке қарай, пішіні дәл осындай алтыбұрышты болып келетін №7 бөлме орны тазаланды. Табалдырық өлшемі 1,3 м келетін ұзын дәліз екі бөлмені қосып тұр. Бөлменің оңтүстігіндегі дәліздің өлшемі солтүстіктегімен сәйкес келеді. Табалдырығының ені 1,2 м келетін, шығысқа бағыт алған дәліз ғимараттың ауласына шығарады. Батыс бөліктегі дәліз шығыста орналасқан дәлізбен сәйкес келеді. Қабырғаның еден түбінен есептегенде сақталынған биіктігі – 1 м тең.

Екінші барлау қазбасы объектінің оңтүстігінен солтүстік бағытына қарай салынды. Барлау қазбасы 1,3 м тереңдетілгенде күйдірілген кірпіштерден төселген еден шықты. Бұл жерден шыққан еден №1 бөлменің еденінен 13 см төменірек орналасқан. Барлау қазбасын кеңейту барысында қаланған дандананың екі қатары ашылды. Дандананың бірінші қатары ауланың алаңын ашылған ғимараттың негізгі жайларынан бөліп тұрған.

Бастауын бірінші бөлменің солтүстігінен алып №7 бөлме аралығын қосып тұрған, шартты түрде №2 бөлме деп аталған дәліз ғимаратқа кіретін басты есіктің кіре берісіндегі дәліз міндетін атқарып тұрған болса керек. Сыртқа шығатын есік қаланың солтүстік-шығыс қақпасынан бастау алатын орталық көшеге қарай бастайды.

Жоғарыда айтылғандай, №7 бөлменің пішіні алтыбұрышты болып келеді. Шартты түрде №1 деп аталатын бөлмемен жалғастырып, дәлізге шығатын оңтүстік есік табалдырығының ені 1,25 м тең. Қалған бағыттардағы бөлме есіктерінің ендері де осы шамалас.

Жетінші бөлменің солтүстігінде орналасқан дәліз оны №8 бөлмемен жалғастырып тұр. Соңғы бөлменің кіре берісінде еден деңгейінен 20 см төменірек арнайы жасалған ташнау орны бар. Ташнау шеткі жиегі айналдыра данданамен қоршалған шаршы пішіндес болып келеді, ішкі аумағының өлшемі 1,7*1,7 м. Дандана өлшемі 26*26*5 см келетін күйдірілген кірпіштерден қаланған. Ташнаудың ортасындағы бір кірпіш еденнің жалпы деңгейінен төменірек орналасқан. Бөлме қабырғаларының жақсы сақталған жерлерінің биіктігі 1,3 м.

Бірінші бөлменің оңтүстігіндегі дәліз оны №3 бөлмемен жалғастырады. Бұл бөлменің жалпы аумағы толық ашылып біткен жоқ. Бөлменің едені күйдірілген кірпіштерден төселген, оңтүстік бөлігіндегі еден беті ганч ерітіндісімен сыланған.

Қазбаның орталық бөлігін аршу барысында шартты түрде №5 деп аталынған бөлменің батыс бөлігі шықты. Бөлменің кіре берісі шығыс жақта, яғни төбенің орталық бөлігінде орналасқан болса керек. Ұзындығы 5,4 м келетін аталмыш бөлменің қабырғалары бірінші және екінші бөлмелерді жалғастырып жатқан дәлізбен бөлініп тұр.

Қазба жұмыстары барысында ғимаратты әрлеуге арналған әшекейленген сырлы кірпіштердің көптеген түрлері табылды. Олардың пішіндері трапеция, алтыбұрыш, тікбұрыш болып келеді. Трапеция пішініндегі әшекейлік тақташалар көк, ашық-көгілдір, жасыл, ақ және қоңыр түсті бояулармен аралас сырланған. Тік бұрышты тақташалар біркелкі, көк немесе жасыл сырлармен боялған.

Әрлеуге арналған боялмаған кірпіштердің 27 пішіні бар. Олардың ішінде көбірек кездесетіндері: алтыбұрыш, трапеция, жартылай келген алтыбұрыш және тік бұрышты пішіндер.

Ғимараттан табылған тұрмыста қолданылатын қыш-құмыра ыдыстары сырлы және сырсыз болып екі топқа бөлінеді. Сырлы керамикаға кеселер, тостағандар, табақшалар және т.б. кіреді. Сыр түстері сары, жасыл, көк, қоңыр және түссіз болып келеді. Безендіруде ирек өрнектер, қою-күлгін түсті бұрама өрнектер, өсімдіктердің шартты түрде берілген өрнектері басым келеді. Сонымен қатар қоңыр бояудың үстінен мақта гүлі бейнеленген үлгілері кездеседі.

Бояусыз қыш ыдыстар қатарына қазандар мен құмыраларды, құтыларды жатқызуға болады. Ыдыстардың мойын бөлігін айналдыра сызықтармен өрнектеген. Олар сан-түрлі, кейбірі толқын тәріздес болса, енді біреулерінің өрнектері төрт-бес сызық қатарластыралған болып келеді.

Қазба жұмыстары кезінде ғимараттың еден деңгейінен мыс теңгелер табылды: біреуі №2 барлау қазбасынан, төртеуі №8 бөлмеден шықты.

Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде күйдірілген кірпіштерден өріліп қаланған, қаланың орталық алаңы маңынан орын алып, өз заманының айтулы сәулет өнерінің кереметі саналған ғимарат орны ашылуда. Ғимарат қабырғалары кейінгі кезеңдерде оның сапалы күйдірілген кірпіштерін алып кетудің салдарынан қатты күйзеліске ұшыраса да, сақталмай қалса да, төбенің толық ашылуынан кейін оның алғашқы жобасын қалпына келтіруге және оның қандай мақсаттардағы ғимарат екенін анықтауға мүмкіндік ашылмақшы. Әзірге бұл құрылыс біздің болжауымызша медресе деп анықталып отыр. Бұл ғимарат Бұхара билеушісі Убайдулланың әмірімен құрылысы 1515 ж. аяқталған, Васифидің досы – сейіт Шамсаддин Мухаммад Курти бас мударрисі етіп тағайындалған айтулы медресе болуы әбден мүмкін. Васифи жылнамасында сол медресенің, әсіресе оның шайқалмалы мұнараларының суреттемесі бар. Олардың біреуі 1867 ж., екіншісі 1878 ж. құлап, қираған көрінеді.