ТАЕ-ге жасалған 1999 жылғы қазба жұмыстары алаңда іргетасты күйдірілген кірпіштен салынған қоғамдық құрылыстың үйіндісі бар екендігін, оның құлаған үйінділер қабатымен көміліп қалғанын дәлелдед1. 1999 жылғы және 2005 жылғы жүргізілген қазба жұмыстары Сауранның орталық алаңындағы мешіт соборы ғимараты оның сапалы кірпіштерін екінші мәрте пайдалануға алу салдарынан қатты бүлінген. Құрылыс материалдарын алудың қарқынды жүргені соншалық, барлық құрылымдық элементтер (қабырғалар, күмбез астындағы негіздер мен бағаналар құлаған, күмбездердің қалдықтары, едендердің төселген материалдары) болмашы биіктікте ғана сақталған (1-4 кірпіш қалауы), ал көптеген бөліктерінде «іздері» ғана жатыр.
Бұл құрылыстың өмір сүруінің екі негізгі кезеңі бар екендігі анықталды. Бұл орайда ғимараттың екінші кезеңінде ол өзінің тікелей мақсатына қызмет етуді тоқтатқан және басқа мақсаттарға қолдануға байланысты айтарлықтай бүлінген2. «Мешіттің мехраб бөлігі» саналатын еденде кейінгі заманның ошақтары, оттың орындары кездеседі.
2005 жылғы жұмыстардан кейін бүкіл кешеннің үштен бірі болып табылатын оңтүстік-батыс бөлігі ғана аршылды, содан кейін мешіт тұйық-аула жобасында салынған деген болжам айтылды. 2006 жылғы жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде ауланың 15,3*17,8 м көлемде болғаны анықталды және де оған периметрі бойынша орналасқан барлық бөлме жайлар қаратылған.
Ауланың оңтүстік-батыс жағында мешіттің негізгі ғимараты немесе михраб бөлігі салынған, ол аулаға кірме арка порталымен қаратылған. Кешеннің осы негізгі бөлігінің жоспарын біз өткен жылғы археологиялық жұмыстар маусымында анықтадық. Құрылыс арка-күмбез жабыны бар екі қатарлы бес желіні иеленеді3. 2006 жылғы зерттеу нәтижесінде пештакпен бөлінген енді портал жабық аулаға қаратылғаны анықталды. Ауланың қақ ортасында үстінде әлдебір іргелі құрылыс салынған құдық орналасқан, ал одан әріректе кең (16 м) әрі терең (6 м) ашық айван аулада орналасқан.
Бұл симметрияның композициялық желісі (ось) порталдың алаңынан негізгі кіретін жердің орталығы арқылы өтетін желіге перпендикуляр болады. Бұл портал ауланың тікбұрышының желісінен аздап ығысқан оңтүстік-шығыс қасбет қабырғада орналасқан. Яғни, кіретін портал барлық құрылысқа қатысты ассиметриялық күйде болған. Кешеннің мұндай әдеттен тыс жобасы мешіттің орналасқан жеріне қатысты болса керек, ол тікбұрышты алаңның солтүстік-батыс бөлігіне барып тірелген және бұл орайда дәстүр бойынша мехрабтың қай жерде екендігін болжауға болады, яғни жоспар композициясының негізгі өзектерінің бірі оңтүстік-батысқа қарайды. Демек, сәулетші мұндай шешімді Самарканд регисталіндегі Тилла-қари мешітін жобалау кезінде қолданған. Бұл екі жағдайда да кіретін жердің желісі порталдың алаңынан қарағанда «михраб желісі» симметрия желісіне перпендикуляр болып келеді.
Порталдың алаңынан кіретін жерден тек оң жақтағы пилонның негізі ғана сақталған. Оның ені 1,8 м, ол қасбет қабырғаның сызығынан 2,2 м шығыңқы тұрады. Сондай-ақ, тігінен қаланған кірпіштер түріндегі кіре-беріс табалдырық-дандана сақталған. Дандананың сақталған учаскесінің ұзындығы 2,15 м, осы табалдырықтың ар жағында 4,05 м қашықтықта ішкі есіктің немесе табалдырықтың дандана учаскесі ішінара сақталып қалған. Яғни, кіретін порталдың немесе кіретін айванның тереңдігі 4,0 м құрайды.
Сол жақтағы пилон толықтай бұзылған, бірақ кіретін айванның ені қайта қалпына келтірілген тәрізді. Қасбет қабырғаның сызығынан шығыңқы тұратын пилонның ең төменгі қалауының жекелеген кірпіштері табылды. Олардың орналасуы кіретін айванның ені 3,6 м шамасында болды деп болжам жасауға мүмкіндік береді, яғни оң жақтағы пилонның қосарланған еніне тең деген сөз (1,8 м). Мұндай жағдайда шығыңқы порталдың ені небәрі 7,2 м құрағаны сөзсіз.
Келуші адам есік табалдырығын аттағаннан кейін аумағы 3,5*3,5 м, төбесінде күмбезі бар (?) шағын шаршы бөлме жайға келіп кіреді. Кіре-беріске қарсы қабырға тұтас, ал кіретін есіктің оң жағында және сол жағында орналасқан аркалық ойықтар, бұл шаршы айвандардан да кіші (2,6*2,6м) бөлмеге бастайды, олардан арка өтетін жолы арқылы кең аулаға немесе кешеннің басқа бөлме жайына өтуге болады. Сол жақта – мешіттің негізгі (михраб) ғимаратына баратын кіре- беріс айванның биік аркасы бар, аулаға кіретін жердің қарсы жағында күмбездің, бөлме жайлардың батыс анфиладасының төрт аркасы көрінеді, оң жақта үш бағанаға орнатылған тегіс төбе жабынды кең айван орналасқан4.
Мешіт кешенінің сыртқы қабырғаларын аумағы шамамен 31*33,5 м тікбұрыш түзеді. Бұлар қатты бүлінген. Өрілген қабырғаның ішінара сақталған бөліктеріне қарағанда қабырғаның қалыңдығы 1,4 метрге тең. Кірпіштердің 9-10 қатар болып өрілген тұсы кіре-беріс порталдың оң жағындағы қасбет қабырғаның оңтүстік-шығыс учаскесі болып табылады. Бұл бұрышқа орналасқан үлкен бөлме жайдың қабырға учаскесі (5,2*5,6 м) бұл екінші кезеңде пайдаланылған. Мешіт өзінің тікелей мақсатына қолдануды тоқтатқаннан кейін оның едеуір бөлігінде қыш жасайтын шеберхана ұзақ уақыт бойы жұмыс істеген. Мешіттің қандай да бір бөлігі бұзылған, басқа мақсатқа пайдаланған болуы мүмкін. Осы кезеңде бұрыштағы бөлме жайда керамиканы күйдіруге арналған үлкен дөңгелек (диаметрі 2,0 м) екі қабатты пеш салынған. Оның күмбезге барып тірелетін төменгі от камерасының реттегіш тесіктер мен желдеткіштері бар от жанатын камерасының төменгі бөлігінің үстіңгі жағының жұрнағы сақталған. Пештің аузы бұрыштағы бөлме жайға қаратылған, сірә бұл тұрғынжай болса керек немесе тез айналатын құмыраның дөңгелегі тұратын шеберхана болуы да мүмкін. Еденнің үстін тазалау кезінде тұрмыстық керамика сынықтары бар күл бар екендігі анықталды. Бөлме жайға кіретін жердің алдында төменірек орналасқан тікбұрышты алаң бар. Кірпіш төселген еденнің үстіңгі жағында қырынан қойылған кірпіштерден өрілген ошақ-сандалдар болғаны анықталды.
Солтүстік-шығыс жаққа бойлай орналасқан айван еденінің деңгейі ауланың бет жағының бастапқы деңгейінен 55-60 см биік орналасқан. Сондай-ақ, мұндай жағдай ауланың оңтүстік- батыс жағын бойлайтын бөлме жайларда да кездеседі. Аулаға қаратылған айванның жиегі бойынша еден деңгейінен төмен батырылған жалпақ тастар түріндегі үш тірек бағанасының негізі табылды. Бұл айван керамикалық ыдыстарды бастапқы кептіруге арналған тәрізді. Ауланың оңтүстік-батыс жағын бойлай орналасқан бөлме жайларда жаңа еденнің төселу деңгейі бастапқы еденінің деңгейінен 60 см жоғары, оның төменгісінде сынған және бүтін күйдірілген кірпіштер кездеседі, бұл мешіт бөлме жайларын керамикалық шеберханаға пайдаланбастан бұрын оның күмбезді құрылыстары ішінара бұзылғанын дәлелдейді. Екінші кезеңнің реконструкциясы кезеңінде кірпіш сынықтарымен аула жақтағы жұқа қабырға салынған және едендердің жаңа деңгейлері бекітілген.
Екінші кезеңге сондай-ақ, күйдіру пеші бар бұрышқа жақын орналасқан ауладағы дөңгелек, диаметрі 1,9 м сыйымдылық жатады. Сыйымдылық 50-65 см тереңдікке қазылған және айналасы күйдірілген кірпішпен өрілген. Бұл өрілген қабырғаның 4 қабаты ғана сақталған. Оған батыс жағынан суағар-сужинағыш сынық кірпіштер өрілген. Ол құдық құрылысы қабырғасына иіліп, мешіттің бүкіл ауласын оңтүстік-батыстан солтүстік-шығыс бұрышына дейін қиып өтеді. Бұл дөңгелек құрылыс керамикалық сазды илеу үшін сыйымдылық рөлін атқарған тәрізді.
Керамика өндірісінің қалдықтарын жинауға (жарамсыз өнімдер, сынған құралдар, күл және т.б.) мешіттің оңтүстік-батыс бұрышындағы орын арналған. Мұнда өткен маусымда тиісті заттар табылған күлдің жиналған жері ішінара қазылды5. Оның нәтижелеріне қарағанда шеберхана әшекей салынған тостағандар шығарған. Жарамсыз болып табылған, пеште "күйдірілген" оның сынықтары табылды. Ауланың ортасында «михраб желісі» бойынша солтүстік-батысқа қарай сәл ауытқыған (2 метрге) диаметрі 0,9 м құдықтың аузы анықталды. Құдық ауданы 4,4*4,95 м тікбұрышты құрылыстың ортасында орналасқан. Күйдірілген кірпіштен қаланған оның қабырғалары тастың 9 қабат қалануына дейін сақталған, кей жерінде ол түбіне дейін бұзылып алынған. Мешіттің «михраб бөлмесіне» өтетін жағында бұл құрылыстың қабырғасының қалыңдығы 0,65 м, ал басқа жақтары –1,2-1,3 м. Қабырға қалыңдықтарының желісі үш жағынан кірпіш сынықтарымен қаланған сыртқы қосымша қабырға есебімен екі есе қалыңдай түскен. Осы қабырғалардың ішкі жағындағы бөлме жайындағы (аумағы 2,5*2,3 м) еденнің төсеніші, егер ол бар болған болса сақталмаған. Ол кірпіш сынықтары мен топыраққа толып қалған6.
Мешіттің қасбет қабырғасының сыртқы бұрышында, кіретін порталдың оң жағында, 5,25 метрде «Г» тәрізді құрылыстың негізі анықталды. Оның екі қабырғасы тоғыз қабатта өрілген күйінде сақталған. Қабырғаның тікбұрышын түзетін бөліктерінің қалыңдығы 0,85 м. Оның құрылысы қабырғаның қасбеті сызығынан 2,05 м шығыңқы түрде кездесті. Қосымша салынған құрылыс қабырғасының орнында мешіттің қасбет қабырғасына дейінгі аралық түгелдей бұзылып алынған. Бұл орайда қосымша салынған құрылыс қасбет қабырғасының кірпішіне байланып өрілмеген. Демек, бұл қосымша құрылыс мешіттің қасбет қабырғасы мен үлкен қоғамдық құрылыстың бүйіріндегі қасбеттің оңтүстік-батыс қабырғасы арасындағы пайда болған бұрышқа салынған. Үлкен қоғамдық құрылыстың кіретін порталы алаңның солтүстік-шығыс бөлігіндегі медресе порталына қаратылған. Бұл ғимарат орталық көшеге бағытталған порталды кіретін жері бар, медресеге қарсы орналасқан бір орталық желістегі (осьтегі) іргелі тұйық-аула жобалауындағы құрылыс ретінде реконструкцияланады. 2005 жылғы №3 қазба жұмысында осы ғимараттың кіреберіс кешенін тазалау басталды7. Бұл құрылыстың аула шетінде орналасқан бөлігі (тұрғын жайға жататын бірнеше бөлмежайлары) мешіттің сыртқы қабырғасына келіп жалғасады. Сөйтіп, бұл жерде мешіттің солтүстік-шығыс сыртқы қабырғасы Сауранның орталық алаңындағы екі қоғамдық құрылыстың ортақ (немесе аралас) қабырғасы болып табылады. Мұның өзі мынаны білдіреді: 1) 3-ші қазба жұмыстары кезінде аршылған ауқымды қоғамдық құрылыс хронологиялық жағынан мешітке қарағанда көп кейін пайда болған. Мешіттің қабырғаларына келіп қосылатын оның қабырғалары негізінің деңгейі мешіт қабырғаларының негізі деңгейінен 35 см биік, ал еденнің бастапқы деңгейі мешіт ауласының бастапқы деңгейінен 1 метрге жуық биік; 2) бұл құрылыс мешіттен кейін тұрғызылғанымен мешіттің солтүстік-батыс қабырғалары ол кезде бұзылмаған. Тек осы кезеңде ғана мешіттің сыртық қабырғасын оған тығыз орналастырылған құрылыстың екі қабырғасын ортақ қабырға етіп пайдалану жүзеге асқан.
Егер, алаңның солтүстік бұрышы неге қолданғаны белгісіз шағын құрылысқа бөлінсе, ал мешіттің қасбет қабырғасының екінші жақ шетінде тахарат хананың аумағындай едеуір аумақ аршылды8. Бұл мешіттің қасбет қабырғасына келіп қосылатын батыс жақтың шикі кірпіштен қаланған қабырғалары бар жеке құрылыс еді. Күйдірілген кірпіштен төселген еденнің деңгейі 50 см және 70 см өлшемде мешіт қабырғаларының негізі деңгейінен жоғары, бұл тахараатхана құрылысының кейінгі кезде салынғанын білдіреді. Мешіттің портал жағынан оған кіретін жер жоқ. Әзірге өрнектеліп салынған едені бар жалпы бөлмежай аршылуда (5*6.2 м). Ортада су сіңіргіш құдық қондырылған, оның аузы арнайы керамикалық тақтамен (75*75 см) жабылған (тақтаның орта бөлігі, құю тесігі бар тақтаның орта бөлігі сақталмаған. Ортақ бөлме жайдың арғы жағында тар дәліздің бойында еденіне кірпіш төселген және ортасында сіңіргіш құдығы бар шағын (2,2*2,4 м) жеке бөлмелер салынған (оның әзірге үшеуі аршылды).
Тұтастай алғанда Сауранның регистанындағы ертедегі собор мешіті толығымен аршылды деуге болады. Оның жобалануының өзіндік ерекшелігі бар, құрылымдарының сақталуы бұл бірегей ғимараттың сәулеттік бейнесін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Құрылыстың өмір сүрген екі кезеңін дәл анықтау ХVІ ғасырдың тарихи шегінде болғанын дәлелдейді, одан кейін аймақтың ортағасырлық қалаларының бет-бейнесі елеулі өзгеріске ұшырайды. Ондай құбылыс Отырарда да кездесті. Мұнда ХІV-ХV ғасырларға дейін өмір сүрген мешіт қиратылды, ал оның орнына қолөнершілердің, қатардағы жай тұрғын үйлердің құрылысы салынды.
Мешіттің қатты бүлініп-қирағанына және жойылғанына қарамастан оның кешенінің жобалануы қалпына келтірілуде. Қол жеткізілген материалдар мен зерттеулер алдағы уақытта анықталған сәулет детальдарын немесе ғимараттың бүкіл сәулеттік бейнесін реконструкциялау элементтерімен консервацияға жатқызуға мүмкіндік береді.
1. Смагулов Е. Город Сауран: Перспективы исследования, консервации и музеефикации // Отан тарихы, №1-2, 2000, с. 100-109; Байпаков К.М., Смагулов Е.А. Средневековый город Сауран. – Алматы, 2005.
2. Байпаков К.М. и др. Исследования городищи средневекового Саурана // Мемлекеттік «Мәдени мұра» багдарламасы бойынша 2005 жылғы Археологиялық зерттеулер жайлы есеп. Алматы, 2005. – С.304-307.
3. Смагулов Е. Архитектура Саурана. И Ж. Промышленность Казахстана, 1,2006., с.96-97.
4. Айван екінші, соңғы құрылыс қабатының деңгейіне дейін тазартылған.
5. Бурнашева Р.З., Смагулов Е.А., Туякбаев М.К. Клады и монеты Туркестана. – Алматы, 2006, – С. 181, фото-19.
6. Қолда бар мәліметтер мен зерттеулерге қараганда бұл "Құдық үстіндегі" құрылыстың реконструкциясының екі нұсқасын ұсынуға мүмкіндік береді: Мешіт ғимараты жағына есігі қаратылған шағын күмбезді (немесе жартылай күмбезді) құрылыс, немесе үш жағынан баспалдағы бар биіктігі 1 метрдей платформа.
7. Байпаков К.М. и др. Исследования городища средневекового Саурана. – С.305.
8. Ғимарат әлі толық аршылып болған жоқ.