Дала зерттеулері кезінде төмендегі жұмыстар атқарылды.
Зерттеу бағыты бойынша Шілікті-3 қорғандар тобының № І қорғанына қазба жүргізілді (1 фото). Жалпы бұл қорғандар тобы 22 қорғаннан тұрады. Қазба жүргізілген қорған осы қорғандар тізбегінің оңтүстігінен санағандағы біріншісі және көлемі жағынан ең үлкені. Қорғанның ортасынан шығыс және батыс бағытта 20 м ендікте ұзынынан қазба салынды. Мәдени қабат әрбір 15-20 см тереңдікте алынып отырды. Топырақ қабатының әртүрлі өзгерулеріне байланысты тыңғылықты түрде фиксация жұмыстары жүргізілді. Қазба алаңын тор шаршыларға бөліп жіп тартылды (1*1 м) Тереңдік 1,2 м жеткенде сопақ болып келген ұзындығы 5 м, ені үлкен жерінің 2,6 м көлемде тонау белгісі көрінді (2 фото).
Тереңдік 1,88 м жеткенде ШБ бағыттағы желіден біраз оңтүстікке қарай, нақты айтқанда 3-16 квадраттан кейіннен жерленген екі адамның сүйегі табылды. Біреуі тізесін бүгіп оң жамбасымен жатыр. Басы денесінен төмен 25 см де жатыр. Бас сүйегінің жанынан қола шаш түйрегіш және тас моншақ табылды. Осы адамның тізесінің тұсында тағы бір адам сүйегі араласып кеткен, бірақ анатомиялық күйін сақтаған. Басқа ешнәрсе кездеспеді. Осы адам сүйектерінен солтүстік-шығысқа қарай Е-19 квадраттан 2,38 м тереңдіктен тағы бір адам сүйегі кездесті. Ол арқасымен жатқызылып басы шығысқа бағытталған. Сүйектің бел омыртқасынан бастап бақай сүйектеріне дейін анатомиялық күйін сақтаған. Басқа сүйектерінің сақталмауы біздің ойымызша 60 жылдары осы қорған үстінен әскерилер окоп қазу кезінде қоса қазып әкетуі мүмкін. Жерлеу салтына және қоса қойылатын заттардың жоқтығына байланысты кейінгі – мұсылмандық жерлеу деп тұспалдауға болады. Мөлшермен 4,3 м тереңдіктен ұзындығы 6,4 м, диаметрі 21 см болатын ағаш бөрене кездесті. Бөрен солтүстік батыс бағытта – батыс азимут бағыты бойынша 280 градуста солтүстікті көрсетіп түр. Ары қарай қазба кезінде бұл бөрене осы бағытта бірінің үстіне бірі қойылған бес бөрененің ең үстіңгісі болды. Оларды тығыздап топырақпен көмкеріп көмген. Бөрененің ең ұзыны 8,3 м. Сол кездегі жер беті қабатынан 0,35 м биіктіктен қорған- ның ортасынан төрт бұрышты формадағы қабір байқалды, негізінен қабірдің ұзына бойы күн шығысқа бағытталған. Ұзындығы 4,1 м, ені 3,7 м. Қабірдің шығыс жақ жартысынан тас баған табылды, ол СБ-ОШ бағытта көлбей жатыр. Анықтап қараған адамға бұл ұсақ түйіршікті граниттен өңделген тас баған екенін көруге болады. Тас бағанның ұзындығы 1,52 м, ені ең үлкен жері 25 см, ең кіші жері – 20,5 см. Бағанның әр жерінің жуандығы 13 тен 22 см дейін. Қабырдың солтүстік қабырғасынан екі ұңғыма коридор сияқты кездесті, біреуі солтүстік-шығыс, екіншісі солтүстік-батыс бұрыштан. Солтүстік-шығысындағы қуыс жіңішке болып келген ұзындығы – 3,3 м, ені – 1,4 м. Ал солтүстік-батыс қуыс ортасы кеңдеу кішігірім қабір тәрізді. Ұзындығы – 2,5 м, ені – 1,53 м. Мәдени қабат қабірдің ішінде 1,35 м дейін жетті. Қабірдің солтүстік шығыс бұрышынан 90 см тереңдіктен бұғы мүйізінің тұқылы кездесті. Ол өте жақсы өңделген. Қабір ішінен және екі қуысшадан басқа ешқандай заттар немесе сүйек кездеспеді. Содан кейін қабір ішіне 2 м тереңдікке дейін тексеру мақсатында қазба жүргізілді. Ешқандай ақым белгісі немесе басқа заттар кездес- кен жоқ, таза материк қабаты алып жатыр.
Қабірдің оңтүстік-шығысына қарай дромос жасалған. Оның ұзындығы 14 м, ені 2,4 м. Дромос шығыстан гөрі сәл оңтүстікке 13 градусқа ауытқыған. Дромостың тереңдігі материкке дейін 0,9 м. Дромостан шыққан топырақты екі жағына үйіп жер асты жолының биіктету жолын қарастырған. Жалпы осы биіктетуді қосып есептегенде дромостың тереңдігі 1,3 м құрайды. Дромостың үстін диаметрі 10 нан 20 см дейінгі бөренелермен екі қабат қылып жапқан. Осы бөренелердің бас жақтарына үш бөренеден көлденең қойып отырған. Дромостың ішінен ешнәрсе кездеспеді. Үстін жапқан екі қатар ағаштың оңтүстік батыс бұрышынан 1,5 м жерден сүйектен жасалған тарақ кездесті. Тарақтың ортаңғы үш тісі ғана сақталған. Осы тарақпен бірге оның айналасынан бүйірі жаншылған құмыра мен бұғы мүйізі кездесті. Жалпы қорғанның ортасы сол уақыттағы жер бетімен түгелдей ағаш бөренелермен жапқан. Негізінен көпшілік жағдайда ағаштардың іздері ғана сақталған. Бөренелер ұзынынан ОС-БШ бағыттарда бағытталып қойылған. Сонымен бірге қорғанның шетін айналдыра қоршау мақсатында тас орнына ағаш қолданған. Қорғанның дромос қараған жағынан басқа барлық жағы екі қатар ағашпен қоршалған. Қорғанның салыну құрылысы негізінен үш қабаттан тұрады. Бірінші қабат тас аралас топырақ қабат. Бүл қабаттың ең қалың жері қорғанның етегіне жиналған жері 1,2 м. Қорғанның екінші қабатын құрап жатқан қиыршық құм аралас топырақ 1,6 м қалыңдықты құрап жатыр. Ал үшінші қабаты жергілікті жердің шымынан үйіліп қорғанның негізгі сұлбасын құрап тұрғанын көне құрылыс қимасынан байқауға болады. Жергілікті жердің шымынан құралды деуге негіз болып отырған себеп қорғандардың орналасқан жері қорық немесе өлкеден бір-екі шақырым жерде ғана орналасқан. Сонымен бірге тағы бір таңқаларлығы қазіргі уақыттың өзінде жергілікті жердің тұрғындары қора жайларын шымнан тұрғызғанына қарағанда, ғасырлар бойы сабақтастығын үзбеген құрылыс ісіндегі бірізділектен жергілікті өнім түрі болғанын байқауға болады. Қорған қазбаға дейінгі және қазба кезіндегі белгілеріне қарағанда ертеректе тоналғандығы байқалады. Қорғанның архитектуралық құрылысына, қабір шұңқырына, күн шығыс бағытты меңзейтін дәлізіне және құрылыс материал- дары мен қоса жерленген заттарына қарағанда мөлшермен б.д.д. VII-VI ғғ. келеді.
Шілікті-3 қорғандар тізбегінде үлкен обамен бірге тағы бір кіші қорғанға қазба жұмысы жүргізілді. Бүл кіші қорғанның биіктігі 0,78 м, диаметрі 24 м. Қорғанның негізгі құрамы топырақ, топырақ аралас құм және қиыршық тастардан құралған. Осындай құрамнан тұратын негізгі үйінді астында ұсақ малта тастардан үйілген дөңгелек шеңбер бар. Дөңгелек тас шеңбердің диаметрі 15,2 м, ені мөлшермен 1 м, биіктігі 15-20 см. Тас шеңбердің ортасындағы қабір шұңқыры ұзына бойына батыстан-шығысқа бағытталған, ұзындығы 3x2 м, тереңдігі 1,6 м. Қабір іші толықтай тоналған тек қана бетін жапқан бөрене ағаштың қалдықтары сақталған. Жалпы, осы жылы Шілікті жазығында қазылған екі қорғанмен бірге 39 қорғанды тізімге алып паспартизация жұмысы жасалды. Сонымен бірге жоғарыдағы көрсеткен екі қорғанның фото суретімен кино түсірілімдері және сызбалары толықтай дала жұмыстарына сай қамтылды.