№2 нысан. Нысандағы (диаметрі 75-80 м, биіктігі 1,5-3 м болатын бұл нысан бекініс қамалдарымен қоршалған. Шірік Рабат ескерткіштер кешенінің солтүстік - солтүстік-шығысында, екінші және үшінші бекініс қамалдарының аралығында орналасқан. Нысандағы қазба жұмыстары мемлекеттің «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2004 жылы басталған) 2006 жылғы археологиялық ізденіс 2004-2005 жылдары қазылып, соңынан консервацияланған бөліктерді қайтадан ашып, қазба жұмыстарын одан әрі жалғастыруға негізделді1.
Биылғы зерттеу жұмыстары негізінен ескерткіштің орталық бөлігінен ашылған үлкен жартылай дөңгелек шұңқыр мен оған кіретін дромостың бойында жүргізілді. Қазба 3,65 метр тереңдікке жеткен кезде шұңқырдың оңтүстік бөлігі мен дромостың ауыз жағынан адам мен ұсақ малдың шашырап жатқан сүйектері мен керамиканың сынықтары ұшыраса бастады. Қазба жұмысы 3,8 метр-ге тереңдікке жеткен кезде шұңқырдың (әзірге ашылған) солтүстік бөлігінің орта тұсынан солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 4 метрге созылған айналасынан өзгеше сұр түсті топырақ қабаты пайда бола бастады. Осы топырақ қабатын 4 метрге тереңдеткен кезде жиектері көлемі 45*47*12 сантиметрлік күйдірілмеген саз кесектермен өрілген, пішімі төртбұрышты болып келген жерлеу камерасының оңтүстік бөлігі ашылды. Солтүстік бөлігі ғұрыптық шұңқырдың қазылмаған жағында жатыр. Оның оңтүстік-шығыс қабырғасының ұзындығы – 2,63 метр, оңтүстік-батыс қабырғасы – 3,73 метр, солтүстік-батыс қабырғасы – 1,87 метр. Жерлеу камерасын 20 см-ге тереңдеткен кезде ішінен үшбұрышты темір бұйым, қыш ыдыстың сынықтары, адамның ұсақ сүйектері шықты. Осындай заттар 1,2 метр тереңдікте де кездесті. Камера ішін 1,7 метр тереңдікке жеткізген кезде оңтүстік батыс бұрышынан шарықта жасалған саз ыдыстың көптеген сынықтары мен адам сүйектері шықты. Далалық зерттеу жұмыстарының аяқталуына байланысты нысандағы биылғы жұмыс тоқталып, келесі жылға дейін консервацияланды.
№4 нысан. Аталмыш нысанда (нысан мемлекеттің «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Шірік Рабат ескерткіштер кешенінде жүргізіліп жатқан археологиялық ізденістердің 2005 жылғы зерттеулерінің бірі ретінде аталмыш ескерткіштер кешенінің оңтүстік-батыс бөлігінен (екінші бекініс қамалының ішінен) орын тепкен ұзын қабырғалары 130-135 метрге, қысқа қабырғалары 100 метрге жуық, сақталған биіктіктері 0,5 метрден 1,8 метрге дейін жететін, бұрыштары мен қабырғаларының кейбір жерлерінде мұнаралардың орны сақталған төртбұрышты қамалдың (цитадельдің) оңтүстік-батыс бұрышына тақау орналасқан) жүргізілген 2006 жылғы археологиялық ізденістің негізгі мақсаты - өткен 2005 жылы қазылып, соңынан консервацияланған бөліктерді қайтадан ашып (2005 жылы солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылып жатқан биіктігі (ең биік жерінің) 1 метрге жуық төртбұрышты төбешіктің бойымен өлшемі 18*19,2 метр болып келетін қазба алаңы белгіленіп, ені 0,6 метрлік жиекпен (бровка) әрқайсысы 8,7*9,3 метр болатын 4 төртбұрыш алаңына бөлінген болатын. Сол жылы алаңының солтүстік бөлігіндегі 2 төртбұрыш алаңына, яғни 200 шаршы метрге қазба салынды, одан әрі тереңдете қазу, нысанның қалған бөліктерінің біріне қазба салу және қалдырылған жиектерді (бровкаларды) алып, құрылыстың құрылымын анықтау болатын.
2005 жылы қазылған бөліктерді 20 сантиметрге дейін төмендетіп қазған кезде, шартты түрдегі №1-бөлменің әр жерінен қолдан жапсырылып және көзешінің шарығында жасалған керамикалардың бірнеше сынықтары мен ретсіз жатқан күйдірілген бүтін кірпіштер мен олардың сынықтары шықты. Көлемдері 27*27*0,6 сантиметр болып, олардың үш сынығы есіктің ауыз жағынан шықса, қалғандары шығыс қабырғаға тақау маңнан, яғни бұрын шыққан төрт кірпіштің жанынан орын тепкен. Әртүрлі қалыпта ретсіз жатқан олардың үшеуі бүтін болса, үшеуі сондай кірпіштердің жартысы мен сынықтары.
Осы тереңдіктен №2-бөлмеден де жоғарыда аталған керамикалардың көптеген сынықтары мен солтүстік және батыс қабырғаларға жанасып салынған көлемі 1,5*0,7 метрлік суфадан шығысқа қарай 1 метр, солтүстік қабырғадан оңтүстікке қарай 30-35 сантиметр жерден жоғарыда аталған көлемдегі күйдірілген кірпіштерден үш-үштен 2 қатар болып жалпағынан сап түзеген 6 бүтін кірпіштен тұратын қандай да бір құрылыстың (ташнау (?) қалдығы шықты.
Ал, қалған екі бөлмеден керамикалардың бірен-саран сынықтары болмаса ештеңе шықпады.
Есеп беру жылындағы қазба жұмысы негізінен нысанның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі шартты түрде №3-сектор (аумағы 8,7*9,3 м) деп алынған бөлікте жүргізіліп, 100 шаршы метрге қазба салынды.
Қазба барысында бұл сектордан қабырғаларының қалыңдығы 65-70 сантиметр, сақталған биіктіктері 40-80 сантиметр болатын әртүрлі көлемдегі 4 бөлме аршылды. Олардың екеуі толығымен аршылса, екеуі жартылай ашылды. Осы бөлмелерді аршу барысында әртүрлі деңгейден еденіне дейін әртүрлі қыш ыдыстардың (хумдар, тостағандар, көзелердің, құтылардың, сырланған ыдыстардың) сынықтары мен күйдірілген кірпіштердің сынықтары, тақ тұяқты (жылқы (?) және ұсақ малдың сүйектері кездессе, ал еденінен ішінде күл мен ағаш көмірінің қабаты және қызғылт түсті күйген топырақ қабаты мен күйдірілген кірпіштің жарты сынықтары бар ошақтар және аталмыш кірпіштерден жалпағынан төселген қандай да бір құрылыс (ташнау?) шықты. Шыққан материалдарға қарағанда бұл үй-жай бұрындары айтылған ерте орта ғасыр кезеңіне жатады деген пікірімізді одан әрі растай түседі.
№5 нысан. Нысан – Шірік Рабат ескерткіштер кешенінің солтүстігіндегі екінші бекініс қамалының ішкі бөлігіндегі I және ІІ-обалардың аралығында, 2004-2005 жж. қазба жүргізілген І-ші нысан деп аталған мәйітті жерлеу орнының оңтүстік шығысына іргелес орналасқан. Қазбаға дейін ескерткіш дөңгелекше болып көрінетін болмашы ойпат іспетті. Ескерткішті кең көлемде ашу мақсатында ауданы 100 шаршы метр, яғни аумағы 5*5 метрлік 4 шаршыдан тұратын қазба орны салынды қазу барысында. Жер бетінен 0,15 метр тереңдіктен ескерткіштің нобайы айқындала бастады. Оның сырты керш тастары араласқан қызғылт топырақты болса, орталық бөлігі ақшыл шеге құмнан тұрады. Ескерткіш нобайы алғашында дөңгелек пішінді болып келген. 1,45 метрге жеткен кезде бұрыштары дөңгеленіп келген төртбұрышты қабір шұңқырының оңтүстік, солтүстік және шығыс қабырғалары анықталды. 2,4 метр тереңдіктен П әріпіне ұқсас платформасы бар екінші қабір шұңқыры анықталды. Жобасында бұрыштары доғаланып келген төртбұрыштылау пішінді қабір шұңқыры ішінен, 3,45 метр тереңдікте қабір шұңқырын екіге, солтүстіктен оңтүстікке бөліп жатқан күйдірілмеген қам кесектерден қаланған қабырға шықты. Ұзындығы 3,53 метр болатын қабырғаның тек төменгі үш қатары ғана сақталған. Бұл кесектер лақаттың ауызын жапқан қаландының қалдығы болса керек.
Қазбаны одан әрі 20 см-ге тереңдеткен кезде қабір шұңқырының оңтүстік-батыс бөлігінен екі кісінің бас сүйегі мен әр жерде шашылып жатқан басқа да сүйектері шықты. Осы сүйектерді тазалау кезінде құстың бейнесі сомдалған және шырша, жарты шар тәріздес алтын жапсырмалар, семсердің ұшы мен күміс шегенің сынықтары табылды. Осыған қарағанда бұл бөлік мәйітті жерлеуге арналған бөлік - лақат болуы керек. Ендері 1,8 метр болатын оның ұзындығы – 4,2 м. Лахат үстінен қазылып тоналғандықтан оның биіктігін анықтау мүмкін емес.
1. Құрманкұлов Ж.Қ., Бірмұқанова А., Қалиева Ж., Утубаев Ж. Шірік-Рабат қала жұрты мен оның маңындағы археологиялық зерттеулер // Мемлекеттік "Мәдени мұра" бағдарламасы бойынша 2004 жылы. Археологиялық зерттеулер жайлы есеп. Апматы, 2005.53-56 бб.; Ж. Құрманқұлов, Ж. Жетібаев, Ж. Утубаев, Д. Байтілеу, А. Искаков. Шірік Рабат ескерткіштер кешені мен оның айналасындағы ескерткіштерге жүргізілген археологиялық зерттеулер // Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2005 жылғы археологиялық зерттеулер жайлы есеп. – Алматы, 2005. – 88-91 бб.
2. Ж. Құрманқұлов, Ж. Жетібаев, Ж. Утубаев, Д. Байтілеу, А. Искаков. Шірік Рабат ескерткіштер кешені мен оның айналасындағы ескерткіштерге жүргізілген археологиялық зерттеулер // Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2005 жылғы археологиялық зерттеулер жайлы есеп. – Алматы, 2005. – 88-91 бб.