Сонымен қатар сақ обасының солтүстік- шығыс етегіне кірпіштен салынған жерлеу орнына (№6-нысан), қаланың соңғы кезеңінен мәліметтер беретін, яғни күйдірілген кірпіш сынықтары шашылып жатқан шағын төбешікке (№7-нысан) және қала қамалының салыну тәсілдері мен мерзімін анықтау үшін (№8-нысан) жаңа қазбалар салынды.
№2 нысан. Нысандағы қазба жұмыстары 2004 жылдан жүргізіліп келеді. Археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде нысанның ортасынан 2,5 м тереңдіктен диаметрі 15 м болатын үлкен қабір шұңқырының және оңтүстік жағынан ені 3 м болатын дромостың шекарасы анықталды. Шұңқыр ішінен адам, жануар сүйектерінің ұсақ бөлшектері, қыш құмыра сынықтары, темір бұйым бөлшектері табылды. Шұңқырдың орта тұсынан көлемі 47*45*5 см болатын қам кірпіштерден қаланған төртбұрышты екінші қабір табылды. Ол түгел ашылған жоқ. Қабір камерасының ашылған оңтүстік қабырғасының ұзындығы 3,73 м, батыс қабырғасы 1,87 м, ал шығыс жақ қабырғасы 2,63 м, қабірдің ені 1,16 м. Қабір ішінен пішіні үш бұрышты болып келген темір пластина, қыш құмыраның сынықтары, адам сүйектерінің қалдықтары табылды1.
2007 жылы үлкен қабір шұңқырына енетін дәліз бойымен оңтүстікке қарай ұзындығы 10 м, ені 7 м болатындай қазба салынды. Қазба жұмысының мақсаты дромостың құрылысы мен мөлшерін анықтау. Дәлізді қазған кезде 3,80 м тереңдікте тағы бір қабір шұңқырының орыны анықталды. Қабірдің іші күл және тас сынықтарымен толтырылған. Ұзындығы 2,1 3 м, ені 0,53 м, тереңдігі 1,7 м жететін қабірдің күл аралас төменгі жағынан адамның сүйектері мол кездесті.
Дәліздің ішіне толған топырақ қабаттары араласып кеткен. Қабір үстін жапқан қамыс қабаты бұзылған. Соған қарағанда ұрылар осы дәліз боймен қазып кірген сияқты.
Коридордың тереңдігі 3,98 м, жоғарғы жағынан ені 4 м, төменгі жағы тарылып ені 2 м жетеді. Қазба үлкен дөңгелек шұңқырдың дромосынан оңтүстік-шығысқа қарай жалғастырылды. Нәтижесінде шығыс қабырғадан 1,20 м жерде 1,33 м тереңдікте күл қабатының астынан қабірдің орыны табылды. Ұзындығы 2,37 м, ені 1,03 м, тереңдігі 0,58 м болып келген қабір ішінен темір пластина, күл, күйген сүйек пен саз балшық бөлшектері көп кездесті. Бұл мәйітті өртеп қою (кремация) рәсімімен жерленген сияқты.
Осы деңгейде үлкен қабір шұңқырының жоғарғы жағының шығыс, оңтүстік-шығысына қарай салынған ұзындығы 6,40 м, ені 3,4 м қазба жұмысы барысында қыштан жасалған ожау тәріздес ғұрыптық, ыдыс табылды, осы жерден оңтүстік шығысқа қарай 3,20 м жерде 1,15м тереңдікте сүйектен жасалған тарақ және моншақ табылды, тарақтың екі жағы да өрнектелген. Олардан төменірек 1,4 м тереңдікте тағы бір қабір орны байқалды. Қабірдің ішінен адам қаңқасы табылды. Қаңқаның аяқ жағында өрнектелген қыш құмыраның сынықтары жатыр. Адам қаңқасының бас сүйегінің оң және сол жағынан сегіз саны тәріздес екі сырға және бас жағынан өңделмеген кварц тасы табылды.
№4 нысан. Есеп беру жылындағы қазба жұмыстары негізінен нысанның оңтүстік-батысындағы аумағы 8,7*9,3 м болатын бөлікте жүргізілді (нысандағы қазба жұмыстары 2005 жылы басталған)2.
Қазба барысында бүл сектордан әртүрлі көлемдегі 5 бөлме ашылды. Олардың қатарласа орналасқан үшеуі қазбаның солтүстік бөлігінде орналасқан. Оның екеуі бір-бірімен есік арқылы байланысқан. Бүл бөлмелердегі еден қабырғаның сақталған биіктігінен 10-15 см тереңдікте жатыр. Қазба барысында еденнің бірнеше деңгейі анықталды. Мәселен, №10 бөлмеде екеу болса, ал №8 бөлмеде төртеу. №10 бөлменің екі еденінде қалыңдығы 4-5 см болатын қоңыр түсті өсімдік қалдығының қабаты сақталған. Бұл қабаттың тегіс болғаны сонша, оны ағаш тақтайларының қалдығы деп ойлауға болады. №8 бөлме еденінің беткі бөлігі СШ бағытына қарай төмендей түскен. Едендер арасының кейбір жерлерінен (ошақтың ауырлығынан отырып қалған болса керек) тегістеу үшін арнайы төгілген топырақ қабаттары байқалады.
Қазбаның оңтүстік бөлігінен екі бөлме ашылды. Қазба барысында №11 бөлме еденнің екі деңгейі анықталды. Бөлменің солтүстік бөлігін күрделі конструкциялы ошақ алып жатыр. Кейіннен бөлме кірпіштермен қатар-қатар болып өрілген: оңтүстік бөлігі - еденге дейін, ал солтүстік бөлігі – ошақтың жоғарғы деңгейіне дейін қаланған. Төбенің етек жағында орналасқан бұл бөлменің қабырғалары қатты бүлінген. Нәтижесінде қабырғалар қисайып, кірпіштер қаландысы шайылып кеткен, ал ошақтар тығыз қатпармен жабылып қалған.
№12-бөлме №11 бөлмеге шығыс жақтан жанасқан. Қазіргі жер бетінен 10-16 см тереңдікте жатқан оның жоғарғы еденінде және төмен орналасқан бірнеше едендердің бетінде бірнеше қатты шайылған ошақтар байқалады. Бұл едендер судың әсерінен қалыңдығы 7-8 см қабат болып қатпарланып қалған. Бөлменің солтүстік қабырғасына түйісетін әр түрлі деңгейде орналасқан ошақтар қабырғаның шығыс бөлігіндегі болжаланған есікке апаратын баспалдақтарды салуға пайдаланылған. Ол үшін оларды кірпішпен толтырған.
Жалпы алғанда ескерткіштің осы бөлігіндегі процесс едендердің үнемі жаңаруымен, өте кедей мәдени қабатпен, сонымен бірге үнемі өзгеріске ұшырап отырған әртүрлі конструкциялы ошақтардың көптігімен сипатталады.
№6 нысан. Нысан (мавзолей) Шірік Рабат қала жұртының ортаңғы бөлігінде, ең үлкен обаның шығысында орналасқан. Жобасын- да төртбұрышты төбе сияқты болып сақталған биіктігі қазіргі жер деңгейінен 1-1,5 м (3-сурет).
Құрылыстың нақты жоспарын анықтау үшін нысанға көлемі 16*16 м қазба салынды. Шаршы пішіндес болып келген оның қабырғасы төртбұрышты ірі қам кесектен (47-60*30-35*8-10 см) қаланған. Қабырғаның қалыңдығы 4,5-5 м. Қабырғадағы кесектер қатарласа қаланған. Бұрыштары бекітілмегендіктен қатты бүлінген. Әр кесек қабатының арасына шамамен 10 см-лік лай төселінген. Бұл лайдың қалың төселінуі кесектерді байланыстырудағы өзіндік құрылыс әдісіне ұқсайды және жоғарғы кесек қабаттары осы әдіспен қаланған. Кесек қабаттарының арасына төселген лайдан керамика сынықтары мен жану- арлар сүйектері көптеп табылды.
Кірер есік (енi 257 см) құрылыстың оңтүстік-батысында орналасқан. Ол осы жер арқылы көлік жолы өткендіктен бұзылған. Кірер есікті бос құм мен топырақ басып қалған. Оны тазалау барысында темірден жасалынған үш қанатты ұңғылы жебе ұштары, керамика және көк түсті шыны сынықтары табылды. Босағасы мен есігі ағаштан жасалыныпты.
Камераның ортасын тазалау барысында өрнектелмеген керамика сынықтары, қызыл бояумен боялған тіреуіш бөренелердің қалдықтары табылды. Қабір шұңқырының шығыс жағынан ұрылар қазып түскен орын байқалады.
Мавзолейдің іші әлі толық ашылған жоқ, тек беткі үйінді қабаты ашылды. Ең қызығы қабырғаның ішкі жағын қалыңдығы 70 см пахсамен қаптаған. Пасханың ішкі жағы үстіне қызыл және қара бояу жағылған ақ түсті лаймен сыланған тәрізді. Оны құртып алмас үшін үстін топырақпен жауып қойдық. Алдағы жылы суретпен жұмыс істейтін, оны сақтай алатын маман шақыратын болып ұйғардық. Мавзолейдің солтүстік жағын кеңейткен кезде негізгі қабырғамен қатарласа салынған тағы бір қабырға-қоршау шықты. Ол негізгі қабырғадан 50-90 см алшақ орналасқан.
№ 27 нысан. Нысан – қала жұртының оңтүстік бөлігінде, ішкі қамал (цитадель) мен сыртқы қамалдың аралығында, су толтыратын жасанды ордың солтүстік жағалауында орналасқан. Нысанның қалдықтары биіктігі 0,2-0,4 м болатын әртүрлі жобадағы және көлемдегі жеке тұрған төбешіктер түрінде сақталған.
Нысандағы археологиялық жұмыстың негізгі мақсаты Шірік Рабат қала жұртының жоғарғы хронологиялық мерзімін анықтау.
Қазба жұмыстарын бастамас бұрын нысанның үстіндегі артефактілер жиылып алынып, аумағы 81 м² (9*9 м) болатын қазба алаңы белгіленіп, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа және солтүстік- шығыстан оңтүстік-батысқа қарай ені 40 см-лік жиектеме (бровка) қалдырылды.
Қазба жұмысы барысында қыш ыдыстың, ретсіз жатқан күйдірілген кірпіштің сынықтары және ұсақ, малдың сүйектері ұшырасты.
Қазбаны 0,5 м-ге тереңдеткен кезде қазба алаңының орта тұсынан ошақ және оның айналасынан қыш ыдыс пен күйдірілген кірпіштің сынықтары шықты. Ошақ жобасында сопақтау, диаметрі 45-55 см. Ортасындағы шұңқыры күл мен күйген саз балшықтың кесектеріне толы. Құрылыстың (тұрғын үй деп айтатын) қабырғалары қазба салынған алаңнан әзірге табылған жоқ. Қазба нәтижесінде біршама керамикалық кешен алынды. Оның көпшілігі шарықта жасалған ыдыстың сынықтары. Саз балшығының құрамына ұсақ, дәнді құм мен керамиканың үгінділері қосылған жапсырмалы жабық формадағы (көзе, тұтқасыз құмған тәрізді) ыдыстар бірен-саран. Табылған қыш-ыдыс сынықтарының барлығы ерте ортағасырларға жатады.
Қазба 0,6-0,7 м-ге жеткен кезде тоқтатылып, алаң консервацияланды. Нысанға байланысты толық мәліметтер алдағы зерттеулерде беріледі.
Шірік Рабаттың фортификациялық жүйесінің салыну әдісі мен стратиграфиялық құрылымын анықтау үшін қала жұртының батыс бөлігіндегі қорғаныс қабырғасына барлау траншеясы салынды. Шығыстан батысқа бағытталып салынған траншеяның ұзындығы 8 метр, ені 1,5 метр. Бұл қазба шартты түрде №8 нысан деп аталады.
Қазбаның стратиграфисы қорғаныс қабырғаларын салудың үш кезеңнен тұратындығын көрсетеді. Материктен кейін келетін бірінші кезеңінің құрылыс қабаты стилобат түрінде болып келген. Стилобатты қабырғаның ішкі жағына бос топырақ үйілген. Тегістелген саз балшықты пандустың үстіне өлшемі 43*43*1 2 см-лік кірпіштерден қабырға тұрғызылған.
Екінші кезеңінің құрылыс қабаты кірпіштер мен пахса блоктарынан қаланған. Осы кезеңде қабырғаның сыртқы жағына жапсарлата нығыз үйінді үйіліп, оның үстіне пахса блоктарынан төсеніш төселген. Қазба стратиграфиясы көрсетіп отырғандай, қорғаныс мұнарасы осы кезеңде тұрғызылған.
Үшінші кезеңнің құрылысы алғашқы екі кезеңнен құрылыс материалдары және салыну әдісімен ерекшеленеді. Бірінші кезеңнің стилобаты мен екінші кезеңде салынған қорғаныс қабырғасының ішкі жағына дейінгі аралық саз және құм алмастырып салынған. Саздың қалыңдығы 13 см болса, ал құмдікі – 10 см.
Үшінші кезеңнің құрылыс қабаты екінші кезеңде салынған ақыштар дәлізінің үстінен қалыңдығы 50 см түйіршік саздан нығыздалып салынған. Оның үстінен дәл осындай әдіспен төменгі дәлізден 1,85 м биіктікте жаңа атқыштар дәлізі құрылған.
Қорғаныс қабырғасының ішкі жағындағы траншеяны тазарту кезінде, қаланған үшінші құрылыс қабатының астындағы бірінші кезең үйіндісінен адам қаңқасы табылды. Мәйіт оңтүстікке бағытталған, бол- жам бойынша үшінші кезең құрылысы кезінде жерленген.
Қорыта келгенде, бірінші кезеңде (көне) қорғаныс қабырғасы стилобат үстінде қам кірпіштен құрылған. Шірік рабаттың ерте кезең тұрғындарының құрылыс әдісі неліктен екінші кезеңге өзгергені белгісіз. Мұндағы басты ерекшелік кірпіш қалаудың орнына құрылыста қиыршық саздың ылғалдылығы төмен қоспасы қолданылған. Қаланған кірпіштің үстінен қоспаны қолданбастан ылғалды пахса блоктары қойылады. Қабырғаның сыртқы жағынан үйінді жасап оның үстіне пахса блоктарын қояды. Пахса блоктарь мұнара астындағы ірге тас ретінде пайдаланылған. 1,74 метр биіктікте атқыштар дәлізі салынған, алайда оның өмір сүру уақыты азғантай, себептері белгісіз. Оның үстінен жаңа әдіс бойынша үшінші кезеңнің жаңа атқыштар дәлізі салынған.
1. Құрманқұлов Ж.К,., Бірмуқанова А., Қалиева Ж., Утубаев Ж. Шірік-Рабат қала жұрты мен оның маңындағы археологиялық зерттеулер // Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2004 жылы. Археологиялык, зерттеулер жайлы есеп. Алматы, 2005. 53-56 бб.; Ж. Құрманқұлов, Ж. Жетібаев, Ж. Утубаев, Д. Байтілеу, А. Искаков. Шірік Рабат ескерткіштер кешені мен оның айналасындағы ескерткіштерге жүргізілген археологиялық зерттеулер // Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2005 жылғы Археологиялық зерттеулер жайлы есеп. Алматы, 2005. 88-91 бб.; Ж. Құрманқұлов, Ж. Жетібаев, Ж. Утубаев, А. Искаков. Шірік Рабат ескерткіштер кешеніндегі археологиялык, зерттеулер // Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2006 жылғы Археологиялык, зерттеулер жайлы есеп. Алматы, 2007. 27-29 бб.
2. Ж. Құрманқұлов, Ж. Жетібаев, Ж. Утубаев, Д. Байтілеу, А. Искаков. Шірік Рабат ескерткіштер кешені мен оның айналасындағы ескерткіштерге жүргізілген археологиялық зерттеулер // Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2005 жылғы Археологиялық зерттеулер жайлы есеп. Алматы, 2005. 88-91 бб.; Ж. Құрманқұлов, Ж. Жетібаев, Ж. Утубаев, А. Искаков. Шірік Рабат ескерткіштер кешеніндегі археологиялық зерттеулер // Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2006 жылғы Археологиялық зерттеулер жайлы есеп. Алматы, 2007. 27-29 бб.