Ол археологиялық әдебиетте А.Н. Бернштам басқарған Оңтүстік-Қазақстан археологиялық экспедициясының жұмыстарынан бастап белгілі. 1947 ж. жұмыстарды қорытындылай келе, А.Н. Бернштам ескерткішті барлау барысында жер бетіне алынған материалдың көнелігін ескертіп кеткен. Оның пікірінше, жекелеген нышандар «Садықата материалдарының көнелігі жайлы», қала жұртының негізінен б.з.д. I мың жылдығының аяқ шеніне және б.з. бірінші ғасырларына жататыны жайлы айтады. Ал материал сипаты (қаланың өмір сүруінің бірінші кезеңінің) қаңлы-хорезм өркениетінің батыстағы ең шалғай орны жайлы куәлендіреді. Кейіннен, ОҚАЭ жұмыстарының жалпы қорытындыларын жасағанда А.Н.Бернштам қызметкерлері қала жұртының өмір сүрген уақыттарын V-XII ғғ. межесімен белгілейді. Бірақ Сидақ қала жұртының бүл жоғарғы уақыт межесі әлі дәлел таппай отыр. Қала жұртындағы қазба жұмыстары барысында шыңылтырлы керамиканың бірде-бір үлгісі табылмады, цитадель мен алаңдағы стратиграфиялық қазбалар жоғарғы (соңғы) құрылыс қабатты VIII ғ. ғана межелейтін материал беріп отыр (1 фото).
Бұл жердегі кең ауқымды қазбалар 2001 ж. Археология институты мен «Әзірет Сұлтан» мұражайқорығы бірлескен Түркістан археологиялық экспедициясымен (ТАЭ) басталған еді. Топографиялық нышандары бойынша қала жұрты Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігіне тән келетін «алаңқайы бар төбе» түріне жатады. Бастапқы нәтижелер қала жұртының жоғарғы кұрылыс қабаты VII-VIII ғғ. жататынын көрсетгі. Қала өмірі қатты өрттен тоқтап қалғандықтан бұл қабаттың сақталуы өте жақсы. Қала жұртының цитаделіндегі жұмыстар археологиялық сәулет өнер құрылыс нысандарын кейінгі консервациялау мен мұражайландыруды мақсат етіп отыр. Қала жұртының цитаделінде ғибадатхана кешені тазаланып, стратиграфиялық зерттеулер басталды. Сонымен катар қала жұртынан батысқа қарай 800 м жерден табылған зиратта да зерттеулер жүргізілді. Қолға тиген материалдар цитадельдің тұтастай өртенуі VIII ғ. бірінші ширегінде өңірді арабтардың жаулап алумен байланысты екендігін анықтады. Археологиялық жұмыстардың алғашқы нәтижелері жарияланған.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2004 ж. мамыр-шілде айларында Түркістан археологиялық экспедициясы ерте ортағасырлық Сидақ қала жұрты мен зиратындағы зерттеу жұмыстарын жалғастырды. Жұмыстар бірнеше нысандарда (№1-4 қазбалар) жүргізілді. Цитадельдегі (2 қазба) жұмыстар нәтижесіне қысқаша тоқталып өтейік. Қазба ауқымы цитадель батысының үштен бір бөлігін қамтыды (2 фото). Жоғарғы құрылыс қабаты деңгейіндегі кең алаңда(1200 шаршы метр) қырыққа жуық бөлмеден тұрақ кешендерін құрайтын тұрғын жай учаскесі ашылды. Тұрғын үйлер бір-біріне жақын, дуалдармен ғана бөлініп орналасқан тар көшелермен бөлінген тұрғын үй кешендерін құрайды. Тұрғын үйлердің жобасына бөлме ортасында орын алған еден үстіндегі ашық ошақтардың және қабырға бойындағы сыпалардың, сондай-ақ қатарласқан қойма бөлмесінің бар болуы тән келеді. Қабат VII-VIII ғғ. уақытымен белгіленеді. Тұрғын жайлардың жобаларында «құмхана» деп аталатын астық және басқада азық-түлікті сақтайтын қойма бөлмелерінің орындары байқалады. Дуалдары тұрғын үй қабырғасымен бір болғанымен, олардың есігі мәхәллә ішіндегі көшеге шығатын. Олардан зат қоятын керамиканың (құм, құмша, кұмыра және т.б.) сынықтары көптеп шықты. Мұндай құмханаларға сиятын азық-түлік қоры, сірә, бір жанұяның орташа тұтыну көлемінен әлдеқайда асып түседі. Бұл қоймалардағы азықтың бір бөлігі сауда-саттыққа арналған болса керек. Немесе, Сидақ цитаделіндегі қоныс бүкіл төңіректің астығын сақтайтын орын болуы да мүмкін. Бұл құрылыс қабатында ғибадатханалық кешеннің бар болуы, аталмыш қоймаларды бүтіндей бір қауымның (тайпаның?) ғибадаттық қоймалары деп жорамал жасауға мүмкіндік береді.
Жалпы, қолға тиген материалдар аталмыш құрылыс қабатын Отырар алқабына тән «көкмардан археологиялық кешеніне» жатқызуға мүмкіндік береді. Қабатты ашу барысында құмыра, табақ, тостақ, құм, құмша, құты, қазан және басқада тұрмыстық керамика жиынтығы шықты. Жоғарыда айтылғандай, 2 қазбада ашылған бөлмелерден зат тасуға, азық сақтауға арналған керамика – құм мен құмшалардың үлкен жиынтығы алынды. Бұл үлкен ыдыстар өзінің өлшемімен, жиектерінің әрленуімен және басқада сипаттармен ерекшеленеді. Бастапқы өлшемдер бойынша үлкен деген құмдардың сыйымдылығы 150-180 литр келеді.
Керамикалық ыдыстардың әрленуі негізінен қарапайым келеді, ыдыс үстінен бір-екі катар түзу немесе ирек сызықтар жүргізілген. Ірі ыдыстар негізінен қоңыр, қара, қызғылт ангобтан аққан су, шашылған су және жағыс іздері түріндегі өрнектермен әрленген. Бүйірі мен иықтарында, саздың шикі кезінде салынған қисық сызықты өрнегі бар бүтін ыдыстар мен оның бөліктері жиынтығы ерекше.
Ішінде металл балқытатын көрік баудың жел үрлеуге пайдаланылған қыштан жасалған жабық қуыс қондырғысы табылған бұйымдардың бірегейі. Сақиналы бедері бар доңғалақ «қақпақты» да бірегей қатарына жатқызуға болады. Оның ішкі беті алебастмен сыланған. Тұлғасы аң келбетінде жасалған хош иіс шығаруға арналған керамикалық аспап та айтарлықтай қызықты. Тұлғаның арқасына кішігірім домалақ табақ жасалған. Құйрық жағында тесігі бар. Бұл олжа Сырдария бойы өңіріндегі ерте ортағасырлық ескерткіштерден табылған, суқұйғыш немесе майдан хош иіс шығаратын аспап деп есептелетін аң кейпіндегі ыдыстардың алуандығын кеңейтеді. Үшаяқты, кішігірім қыш қазан да қызықты.
Әлі шикі саздың үстінен жүргізілген «тамға тәрізді таңбалар» Сидақ керамикасына тән ерекшелік. Олар әдетте ыдыстың иығына немесе тұтқа түбіне қойылатын. Көне және ерте ортағасырлық керамикадағы таңбалар мамандар назарын көптен бері аударып келеді. Сидақ қала жұртынан шыққан таңбалардың үлкен жиынтығы осы қатардағы олжаларды зерттеудің деректік негізін едәуір кеңейтіп отыр.
Керамиканың көптеп табылуынан (қазірдің өзінде жиынтықта бірнеше жүздеген астам үлгі бар) басқа 2 қазбаның едендерінен темірден, қоладан, сүйектен және тастан жасалған бұйымдар табылды.
Тас бұйымдар – диірмен тастар, дәнүккіштер, түрлі сипаттағы үккіштер мен опырғыштар жиірек кездеседі. Диірмен тастар екінші рет құмдардың қақпағы немесе тіреуіші ретінде қайта пайдаланылған түрде кездеседі. Қайық түріндегі дәнүккіштер де осы қабаттан шықты.
Ұршықтар көптеп шықты. Негізінен олар қыштан жасалған, бірақ тастан да жасалғандары кездеседі. Кейбіреулері керамикалық ыдыс тұлғасынан дайындалса, енді кейбіреулері саздан жасалған да арнайы нобайға (ұшы үшкір) келтірілген. Бұл айрықша заттардың көлемі кішкентай болуы, олардың жіңішке жіптерді (жібек?) жасауда пайдаланылғаны туралы айтса керек. Мұндай ұршықтардың жиынтығы алынған №1 бөлмеден, ескерте кететін жәйт, бір жағында ғана пайдалану іздері бар тас жылтыратқыштар шыққан болатын.
Олжалар ішінде қоладан жасалған тоғалар мен белдік қапсырмалары бар екендігін айта кетейік. Темірден жасалған бұйымдар ішінде де осындай қапсырмалар мен тоғалар, сондай-ақ пышақ, ілмек, шеге т.б. заттардың сынықтары кездеседі. Сауыттың жекелеген қапсырмалары бар. Олар әдетте үлкен, шеттері доғалданған, созылыңқы пішінде болып келеді. Бүтін экземплярының ұзындығы 8,5 см, ені 2,8 см.
Кейбіреулерінде катыруға арналған тесіктері бар. №1 бөлмеден майда тісті араның сынықтары табылды. Олжалар жиынтығында қанжар сынығы мен найза (дротик) ұшы бар. Қанжардың сақталған жүзінің ұзындығы – 21 см. Жалпы ұзындығы 30 см асқан болса керек. Бөлме едендерінен жебе ұштары көптеп табылды, бірақ олар көптеген жағдайда тотығу әсерінен қатты күйзелген. Соған қарамастан оларды ірі үшсүйірлі немесе үшқырлы жебе ұштары деп анықтауға болады. Жебе ұштарының ұзындығы 5-6 см. Бөлмелердің бірінен сүйектен жасалған айыл тоғасы, жақтың шеткі қаптамалары мен екі тесікті ауыздық табылды. Тоға өлшемі 3,5*7,5 см, екі тесігі бар. Қала жүртының цитаделіндегі (1 қазба) стратиграфиялық қазба жұмыстары аяқталды. 30-32 ярус-қабат тереңдігіндегі шурф цитадель астындағы ертеңгі қабаттарды ашты. Оның уақытын, керамиканың қолға тиген кішігірім жиынтығына қарап, б.з. I-II ғғ. деп анықтауға болады. Шурф бұның үстінде жатқан, архитектуралық кұрылымдары жақсы сақталған, қатарынан келген төрт құрылыс қабатының бар екендігін көрсетті.