Ауылдың батыс іргесінен Жезді өзені ағады. Жездіге шығысынан Сарыбұлақтың арнасы келіп құяды. Оның айналасы биік жоталармен қоршалған. Шығысындағы жота етегінде сарқылмас бұлақ бар. Мал-жанға жайлы аталмыш жерде адамзат тарихының бірқатар кезеңдерінің ескерткіштері шоғырланған. Халық аузындағы аңыз-әфсаналарда Талдысай жерінде алтын діңгек көміліп, сол себепті бұл жерді ел қайта айналып, үздіксіз қоныстанған делінеді. 1992 ж. жүргізіліп келе жатқан археологиялық жұмыстар бұл аңыздың шындықтан алыс емес екенін көрсетті. Айналасы 3-5 шақырым келетін аймақтан оннан астам ескерткіш орындары ашылып отыр. Атап өтсек, тас дәуірінің мезолит, неолит дәуірлерінің төрт қоныс-тұрағы, энеолит кезеңінің үлкен қонысы, қола дәуірінің қонысы, зираты мен ғибадат орындары, ерте темір ғасырының «мұртты» обасы, түркі-қыпшақ заманының зираттары, орта ғасырлық Басқамыр қаласы мен тау басына салынған Қарауыл мұнарасы, XVII-XIX ғғ. қазақ зираты, ауыл-үй орындары, арық қазылып қолдан суландырған егін алқаптары және шығыр орнатқан жерлер сақталған. Сонымен катар, ауылдың батысындағы жерде осы өңірдің халқына әр кездері баспана, қоражай болған үңгір бар. Қазақстанның басқа жерлерінде осынша мол жинақталған әр кезең ескерткіштері өте сирек кездеседі. Сондықтан Талдысайды ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру мәселесі жолға қойылып отыр. Оған алғашқы қадам да салынды. Алдымен ол Жезқазған облыстық тарихи –өлкетану музейінің филиалы есебінде құрылып (90-шы жылдары), соңынан Ұлытау қорығының құрамына енді. Қазіргі кезде Қарағанды облыстық мәдениет департамент Ұлытау қорығы, Жезді кен өндіру мен мыс балқыту ісі мұражайы мен археология институты бірлесе отырып, зерттеу жұмысы аяқталған, объектілерді мұражайға айналдыру жобалары жүзеге асырылуда.

Жоғарыда аталған ескерткіштердің ішінде қазба жұмыстары Басқамыр қаласында (Ж.Е. Смайлов) тас дәуірінің бірнеше тұрақтарында, Сарыбұлақтағы энеолит қонысында жүргізілді. Олардан табылған жәдігерлер сол ескерткіштердің жасын, қандай мәдениетке жататынын анықтауға мүмкіндік береді.

Негізгі кең көлемді қазба қола дәуірінің қонысы мен осы дәуір зиратында, Тоқтауылдағы тас дәуірінің тұрағында жүргізіліп келеді.

Талдысай қола дәуірінің қонысы ауылдың батыс шетінде, өзен жағасында орналасқан. Соңғы оншақты жылда Жезді арнасын өзгертіп, қонысты шайып жатыр. Осы Жезқазған – Ұлытау өңірінде қазіргі кезге дейін жеткен, көне заман металлургтері мекен еткен, бірден-бір осы қоныстың тарихи маңызы болғандықтан, 1992 ж. табылған кезден бастап, жыл сайын аздап қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Қоныстан тұрғын үйлер мен өндірістік шеберханалар, олардың мыс балқытып, қола қорытқан пештері, қолдан өсірген мал сүйектері, егін егу құралдары, ауланған аң сүйектері т.б. заттар мол табылды. Осы жәдігерлер негізінде біз б.з.б. III мыңжылдықтың аяғы – II мыңжылдықта Ұлытау – Жезқазған аймағы, аса ірі металлургия ошағы болғандығы дәлелденіп отыр. Олар металлды – мысты тек өз қажетіне ғана өндірмей, сыртқа тауар алмасуы үшін де өндірген. Олар Орта Азия, Оңтүстік және Батыс Сібір тайпаларымен тығыз байланыста болған. Қорымда ашылған қабірлер олардың жерлеу дәстүрінен, дүниетанымынан хабардар етеді.

Біз төменде «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Талдысай, Тоқтауыл қоныстары, Талдысай I, Айбас Дарасы қорымдарында 2004 ж. атқарылған ғылыми ізденістер туралы мағлұматтар ұсынып отырмыз.

Жезқазған – Ұлытау аймағындағы қола дәуірін зерттеу мәселесі кешенді қарау және өз алдына археологиялық зерттеулер тек қана металлургиялық қоныстардан басқа да жерлерде жүргізу мақсаты қойылды. Талдысай алқабының негізгі тіректі объектісі болған металлургиялық қоныста ғана емес, ежелгі металлургтардың жерлеу ғұрыптарын білу үшін сол жердегі обаны зерттеу қажеттілігі туды. Қола дәуірі металлургиялық қонысы жанында орналасқан Талдысай обасы ОҚАЭ-мен 2001 ж. бері зерттелуде. Құрымның өзі Талдысай алқабының оңтүстік бөлігінде орналасқан. Ол кең аумақты алып жатыр. Қорым ескерткішінің хранологиялық шеңбері өте кең. Оның ертерек бөлігінің негізін қола және ерте темір дәуірі құрайды. Сонымен қатар обалар құрамына Басқамыр қалашығымен байланысты жерлеу қызметін жалғастырып келе жатқан қазақ мазарлары орналасқан.

Қола дәуірі қабірлері қорымның оңтүстік жағын алып жатыр. Олар солтүстіктен оңтүстікке қарай бірнеше параллелді қатарларға топтаса тізбектелген. 2001 ж. бастап қорған қазушы топ қабір қоршауының батыс бөлігіндегі оңтүстік шетінде жұмыс жүргізілді. Ал 2002-2004 жж. Қазба солтүстікке қарай жалғасты. Осы уақытқа дейін солтүстік бөлігінен басқа барлық тізбекте қазба жүзеге асырылды. 2004 ж. қазбаның жалпы көлемі 300 м құрады.

«Батыс тізбекте» жүргізілген зерттеулерді негізгі екі бағытқа бөлуге болады. Біріншісі, жерлеу рәсімін және оның құрамдық элементтерін зерттеу, ал екіншісі, қорымның құрылыстық ерекшеліктерін, олардың өзара байланысын, қабір қоршауларының даму динамикасын анықтау зерттеулері еді.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесі өліктерді өртеу рәсімінің болғанын болжауға жол ашты. Қабір шұңқырында көмір және күл қалдықтарының көп мөлшерде толтырылуы, күйген сүйектер фрагменттері, қабір шұңқырының ішкі кең алаңын және қоршау сыртында шашыраңқы жағдайда кездесетін керамиканың өрнектелген бөліктері, жерлеу орнына шұңқырдың жанында өртеліп қойылған сүйек қалдықтары мен ыдыстарының жерленгендігін көрсетеді. Жерленгеннен кейін бірнеше рет тоналды, өртенген сүйек қалдықтарының қандай жағдайда жерленгенін, ыдысқа салынып қойылды ма немесе қабір шұңқырына жайып салынды ма соны анықтау қиындық тудыруда. Қоршау ішіндегі керамикалық ыдыс қалдықтары және көмірдің қалдықтарының кең көлемді алып жатуына қарағанда, өртеу қоршаудың шығысында орындалған.

Өртенген сүйек қалдықтарын жер қабір шұңқырына салып, солтүстік-оңтүстікке бағыттаған. Одан кейін үстінен ірі тас плиталарымен жабылып жерленген. Шұңқырлар жалпақ тас плиталарды тігінен қойылған қоршаулармен қоршалды. Қоршаулардың пішіні ережеге сай тікбұрышты немесе төртбұрышты болып келеді. «Батыс тізбектегі» қоршаулар солтүстіктен бастап салынып оңтүстікке қарай жалғасын тапты. Содан бір-біріне жалғана орналасқан қоршау салынды, олардың батыс және шығыс жақ қабырғалары ортақ, ал солтүстік және оңтүстік жақ қабырғалары қабірлердің араларын бөліп тұрады. Кішкентай балалар қоршаудың сыртына жерленді.

«Батыс тізбекке» қосылған, шеңбер тәріздес қоршаумен қоршалаған, тікбұрышты, үшбұрышты қоршаулардан оқшау №13 жерлеу орны қызығушылық тудырып отыр. Жерлеу орны негізгі бағыттан батысқа қарай сәл еңкейіп орналасқан және бірге салынған №9, 14, 15, 16, 17, 18 жерлеу орындары іштей бірнеше тармақтарға бөлінеді. №13 жерлеу орны дөңгелек формалы, қоршаған плиталар шұңқырдың ішіне құлаған және ұрланған кезіне орнынан қозғалған. Шұңқырдан адамның күйген сүйектері табылды, сақталған фрагменттердің ішінде ромб пішіндес қола жапсырма қаңылтыр бар.

Шеңбер пішінді қоршаудың солтүстік-шығыс жағында №9 жерлеу орны орналасқан. Мұнда балалардың сонымен қатар үлкендерді жерлеудің элементтері қарастырылады. Қоршаудың маңында, оңтүстік шығысына қарай, балаларды жерлеуге арналса, ал үлкендеу шұңқырлары үлкен адамдарды жерлеуге арналған. Ал біз қазір жасөспірім жерленген жерде жұмыс істеп жатырмыз.

№13 жерлеу орнының оңтүстік жағында (шеңбер пішінді қоршау) тік бұрышты қоршау орналасқан, бірақ негізгі бағытынан батысқа қарай ауытқыған. Ары қарай қоршаудың оңтүстігіне қарай негізгі бағытты сақтап «Батыстық тізбек» салынып жатыр, (№18, 7, 6, 8, 3, 2, 1 жерлеу орындары).

Ең маңызды орынды №5 жерлеу орны алып отыр. Қола дәуірінің қоршаулары және оба шұңқырлары мола сыртының, сонымен қатар мола ішінің күрделігімен ерекшеленеді. Қабір сопақша формалы, оның ішінде бірнеше қабат плиталар бар: сырты шағындау плита, содан кейін үлкен көлемді 3 плита, соңында еңкейе орналасқан 2 плита бар. Қабір солтүстік-оңтүстік бағытында жатыр. Оның ішіндегі адам сүйегі сол жақ қырымен, басы солтүстікке қарап жатыр. Қабір тоналған және бірге қойылған заттар жоғалған, нақты уақытын айту қазіргі сәтте мүмкін емес, темір дәуіріне жатқызылып жүр.

Жерлеумен қатар, Талдысай 1 обасында жерлеу рәсімдерін де зерттеп жатырмыз. Қола дәуірінің «Батыс тізбегінен» шығысқа қарай, ара қашықтығы 40 м шамасында тастардан сақина тәріздес қаланған, сондай-ақ олар солтүстік-оңтүстік тізбектерде жатыр. Оңтүстік жағын екі сақина қамтыған. Шеңбер тәріздес тізбектің құрылымы домалана орналасқан қабырғалардан тұрады. Диаметрі 3,5 м, биіктігі 20-35 см және бүкіл қабырғаны толтырып тұрған тастардан тұрады.

Шеңбер түрінде қаланған тастар қатары солтүстікке қарай жалғасып, үлкен сақина болып аяқталады. Біз зерттеген ескерткіштерге ұқсас тас қаландылар 1991-1992 жж. Алматының Новостроечный Экспедициясының Жезқазғандық бөлімі зерттеген. Қазіргі кезде шеңбер түрінде қаланған тастарды ғұрыптық қызметке байланыстырып түсіндіруге, қай мәдениетке жататындығы мен олардың қай кезеңде салынғанын анықтау қиын. Ол үшін қола дәуірінің «Батыс тізбегіне» жүргізілгендей қазба жұмыстарын жүргізу керек.

Талдысай 1 жерлеу орнын зерттеу нәтижесінде қола дәуірі тұрғындарының жерлеу рәсімін, олардың негізгі белгілері мен бағыттарын танып білдік.