Қоныстың қазбаға таңдалған бөлігі стратиграфиялық және рельефтік жағынан күрделі болып келген. Қонысты ұзақ уақыт бойы мекендеу, үйлердің қабырғаларын қайта көтеру, бұл объектінің стратиграфиясын күрделендіре түскен.
Қазба жұмысы әрқайсысы 3*3 м болатын 16 шаршыға бөлініп жүргізілді және әр шаршы солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай сандармен, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай әріптермен белгіленді (1 сурет).
Зерттеу жұмыстарына дейін қонысты құм және құздан құлаған тастар жауып қалған.
Қоныстың шығыс бөлігінде уақыт жағынан кейінгі құрылыстар, яғни орта ғасырлық бекіністер орналасқан. Қарастырылып отырған бөлікті ұзақ уақыт мекен еткендігін әр қабатқа тән үй орындарымен бірқатарда мәдени қабаттардың болуынан көруге болады. Қоныстың ортаңғы және батыс жақтарын ортағасырларда күл, мал сүйектерін, ыдыстың сынықтарын тастауға, яғни күресін ретінде пайдаланған.
Қоныстың орта бөлігінен дөңгелек пішінді үйдің орны аршылды. Құрылыстың негізі қырынан қойылған плита тастардан құрылып, олардың үстінен орташа жалпақ тастар қаланған. Үй қабырғаларының жақсы сақталған екі үзігі құзды бойлай орналасқан. Бөлменің ішінен ортасы күлге толған ошақ аршылды. Ошақтың батысынан өртеніп, қызыл түске боялған дақ тазаланды.
Келесі құрылыс қабатында жардың оңтүстік-шығысына орналасқан құрылыс аршылған. Бөлмені салардан бұрын шұңқыр қазылған. Шұңқырдың шығысынан тастан қаланған қабырғаның бір бөлігі тазаланды, оңтүстік бөлігін су шайып кеткен, ал батыс жағынан қырынан қойылған тас плиталар ашылды.
Бұл тастардың деңгейінен бөлменің едені күл қабатынан тазаланды. Еден күлмен толтырылып, түзетілген және сыртынан саз балшықпен сыланған. Үй құрылысының ірге тасы қырынан қойылған плита тастардан құралған, олардың үстінен орташа жалпақ тастар қаланған. Бөлменің ішінен қыш ыдыстардың сынықтары, тастан жасалған сопақша ұнтақтағыш, тас шар табылған. Бұл жерден алғаш рет тас кетпен табылған.
Құздың құлауына байланысты құрылыстардың стратиграфиялық қабаттары жақсы көрініп, әр кезеңнің құрылыс ерекшеліктері айқындалды.
Стратиграфиялық қабаттардың мерзімдерін анықтау үшін сол жерден табылған материал дарды зерттеу жұмыстары жүргізіледі және С14 жасалатын анализдер алынады.
Жоғарыда суреттелген құрылыстан кейін, жардың төменгі жағынан тағы екі құрылыс аршылды. Олардың біреуінің қабырғасының 2 м үзіндісі жақсы сақталған.
Бөлменің қабырғасы қырынан қойылған үш плитадан құрылып, олардың ең шеткісі құзға қарай бұрылған, сол себепті бұл құрылыс дөңгелек пішінді деп тұжырым жасауға болады.
Қоныстың негізгі платформасымен жардың қосылған жерінен бір үйдің қабырғасы аршылды. Қабырға бір-біріне қаланған жалпақ тастардан жасалып, оңтүстікке қарай үш плитадан құралған жәшікке тіреледі. Жәшіктің іші ұсақ тұрмыстық қалдықтармен толтырылған. Тас жәшік шұңқырға орналасқан. Шұңқырдың үстіне тұрғызылған бөлменің қырынан қойылған плиталары және орташа тастардан қаланған, дөңгелек пішінді қабырғасы сақталған. Едені топырақ, күлмен толтырылып, сыртынан сазбен сыланған. Үйдің ортасында тереңдігі 0,5 м ошақ орналасқан. Ошақтың пішіні дөңгелек, қабырғалары саз балшықпен қалындатылып сыланған. Ошақтың қабырғаларының өртену деңгейі бұл жерде өртену температурасы өте жоғары болғандығын көрсетеді. Бөлменің едені қалың күл қабатымен жабылғандығын бөлмеде немесе жалпы қоныста үлкен өрттің болғандығымен түсіндіруге болады.
Өткен жылғы қазба мерзімінде зерттеу жұмыстары жардың солтүстік-батыс беткейінде де жүргізілді. Қоныстың бүл бөлігіндегі сақталған қабырғалардың құзда орналасқандығы, оларды тазалау мен суретке түсіруге біршама кедергі келтірді.
Жардың құлауымен қоныстың бір бөлігі жойылып кеткен, бірақ сол құлаған орындар- дан қоныстың стратиграфиялық жағдайы жақсы көрінетін болды.
Стратиграфиялық көрініс бойынша қоныстағы үйлер сатылы тәртіппен тұрғызылған және қазан шұңқырларға орналастырылған.
Қоныстың бүл бөлігінде едені жақсы сақталған бөлменің қалдықтары аршылған. Бүл бөлменің ішінен көптеген малдың сүйектері және тас құралдар табылды.
Жарды бойлай үш үйдің орны тазаланды. Бұл бөлмелердің қабырғалары жоғарыда көрсетілген бөлмелерді салу принципі бойынша жасалған.
Металдан жасалған заттар және темір байыту өндірісі. Қоныста темір балқыту өндірісінің орындары сақталған: шлактар, мыстың қалдықтары, үгіткіш құралдардың қалдықтары, дайын заттар.
Сүйектен жасалған заттар қатарында: біздер, егегіштер, шпателдер, қырғыштар және шикізат ретіндегі сүйектер. Сүйектен жасалған заттардың басым бөлігін біздер құрайды. Егегіштерді жасау үшін ұсақ малдардың асықтары кеңінен пайдаланылған. Бұл құралдарды қыш және тері өңдеу өндірісінде қолданған. Штамптар мен штамп-шпателдерді әр түрлі ұсақ сүйектерден қыш ыдыстарға өрнек салу үшін жасаған.
Тас құралдар. Тас құралдарды жасау үшін шақпақ тастар мен ұлу тастарды пайдаланған.
Шақпақ тастан жасалған құралдар. Қоныстан құралдардың алпысқа жуық түрі табылды. Мәселен, шақпақ тастардың сынықтары (14 дана), нуклеустер (6 дана), тас жаңқалар (16 дана), тас жаңқадан жасалған құралдар (19 дана), өнделген екі жақты ұштар, пышақтар, тескіш ұштар, пластинадан жасалған құралдар (3 дана), қырғыштар. Шикізат ретінде халцедоналиттер (83%) және кварциттер (3%) пайдаланылған (1 фото).
Қыштан жасалған заттар. Қоныстан жиналған қыш ыдыстар сынықтарының басым бөлігін ернеулер құрайды. Олардың ішінен ежелгі түрдегі ыдыстардың сынықтары кездеседі. Ыдыстарды өрнектеуде үшбұрышты баспа және сызық салу технологиясы басым. Кейбір сынықтарда штамптар кездеседі. Қыш ыдыстарды жасауда шпат, кварц және тағы басқа элементтер пайдаланылған.
Технологиялық сұрыптау нәтижесінде қыштың құрамына ұлу мен малдың қиы қосылғаны анықталды. Ең сирек қолданылған қоспалардың бірі – шамот. Ыдыстарды қолмен жапсыру мен иректік әдіспен жасаған (2 фото).
Қыштан жасалған ыдыстарды өрнектеу әдістері әр түрлі. Көп кездесетін өрнектің түрі үшбұрышты және үшбұрыш тәрізді баспалар. Өрнектеу әдістерінің ішінде басым пайдаланылатыны сызықтау, үшбұрышты таңбалар, ал тісті штамп салу аз кездеседі.
1. Қоныста жұмыс істеген мамандар: 3. Самашев, А.С. Ермолаева, Т. Лошакова, А. Логвин, И. Шевнина, Ю.Ф. Черкашин, В. Соболев, А. Антонов.