Екі жерлеу ескерткішінен тұратын үшінші топтың солтүстік бөлігінде орналасқан 12-қорған зерттеу нысаны болып таңдалды. Қорғанға қазба жұмыстары алғашында «Ұлттық идея Қазақстан дамуының негізі ретінде» бағдарламасы аясында «Түріктік мәдени кешен – қазақтардың этногенезі» жобасы бойынша жүргізіліп басталған болатын.
12-қорғанның диаметрі 23,1 м, биіктігі 2 м. Беткі шым қабатын тазалау барысында және қазба жұмыстарының нәтижесінде жерлеу құрылысының архитектуралық ерекшелігі анықталды. Қорған құрылысының үйіндісін жасауда қабір шұңқырының бетін тас және топырақ қабаттарымен кезектестіріп жабу әдісін қолданған. Үйінді жалпы үш тас қабатынан және екі топырақ қабатынан құралған. Беткі қабаты толықтай тастармен жабылған (сурет-1).
Қабір шұңқыры қорғанның ортасында орналасып беті толықтай тастармен жабылған. Қабір шұңқырынан 3 м қашықтықта оны айнала жасалған ішкі шеңбердің ені 5,5 м, биіктігі м. Шұңқырдың ұзындығы 3,7 м, ені шығыс қабырға 2 м, батыс қабырға 2,7 метрге тең. Конструкция ішінде, қабір шұңқырының батыс бөлігінде 1,7 м тереңдікте өзеннің орташа көлемдегі жұмыр тастарынан қаланған қаланды құрылымды шығыс жене батыс бөліктерге бөліп тұр. Қаланған тастардың ені 0,2 м, биіктігі 0,5 м. Материк 2,3 м тереңдікте анықталды. Қабір шұңқырының жиектерінде, ежелгі жер қабатында сақталған ағаш қалдықтары шұңқырдың беті ағашпен жабылғанын көрсетеді.
Қазба барысында қабір шұңқырының солтүстік-батыс бұрышында тастардың ретсіз жатқан қалпында кездесуі тонаушылардың ізін анық көрсетіп тұр. Шұңқырдың батыс бөлігінен мал сүйектерінің қалдықтары және бірнеше алтын жапсырмалар табылды. Шығыс бөлікке жүргізілген қазба жұмыстары жерленген мәйіт сүйегі, үстіне кигізілген киімімен және жанына қойылған ақыреттік заттарын тонаушылар шығарып алғандығын көрсетті. Киімге тігілген алтын жапсырмалардың қалдықтары әр түрлі деңгейден табылды. Жерлеу құрылысының шығыс бөлігінен шашылып жатқан қыш ыдыс сынықтары және алтын жапсырмалар кездесті. Қыш ыдыс фрагменттері арнайы станоктарда жасалған қыштар екенін анық дәлелдейді.
Зертханалық жағдайда жасалынған реставрация нәтижесі жерлеу орнынан табылған төрт қыш ыдыс арнайы жерлеу рәсіміне арнап жасалынғанын және тұрмыста қолданылмағандығын анықтады.
Қазба жұмыстарынан кейінгі зертханалық жағдайда қыш ыдыс үлгілеріне жасалған типологиялық талдау нәтижесі формалды белгілеріне қатысты бірнеше бақылаулар жасауға мүмкіндік берді. Жерлеу орнында жалпы төрт қыш ыдыс болған. Ыдыстардың қышханаларда дайындалып жасалуы төрт ыдысқа тән ортақ белгі. Екінші ортақ белгі ыдыстардың сырты қызыл ангобпен боялуы. Ыдыстардың үшеуі әр түрлі биіктікте жасалынған қыш құмыралар ал біреуі шайнек. Шайнектің және екі құмыраның сыртында параллел салынған екі сызықшалар мен әшекейленген.
Үш құмыра да бір типке тән ыдыстар, бүйірі кең, табаны тегіс, мойын бөлігі аласа және ернеуі сыртқа шығыңқы етіп жасалынған. Құмыралардың биіктігі 22,5 см-ден 30 см-ге дейін, бүйірінің кең жерінің диаметрі 21 см-ден 27 см-ге дейін, ернеулері 11 см-ден 13,7 см-ге дейінгі аралықта. Ернеулерінің ішкі жағы жұмырлау, сырт жағы тегістелген. Қыш шайнектің бүйірі кең, түбі дөңгелек-тікбұрышты етіп жасалынған. Шайнектің биіктігі 18 см, ернеуінің ені – 14,5 см, бүйірінің пішіні дөңгелек ернеу шайнектің бүйіріне ішке қарай болар болмас иіліп барып жалғанған. Шайнектің шүмегі сыртқа шығынқы етіп, мойыннан төмен тұсқа бекітілген. Ыдыстың тұтқасы оның шүмегіне қарама-қарсы бүйірге бекітілген (фото-1). Жерлеу камерасын қазу нәтижесінде әркелкі тереңдіктен және әр жердей алтын жапсырмалар табылды. Алтын бұйымдардың жалпы саны – 30 дана. Бұйымдардың типологиялық анализі технологиялық белгілеріне қатысты үш топқа бөлшектеп классификациялауға негіз болды. 26 бұйым пластикалық алтыннан, 3 бұйым жұқа алтын фальгадан, гофрирлі труба пішініндегі 1 бұйым құйма алтыннан жасалған. Алтын бұйымдар формалды белгілері бойынша төрт топқа бөлінген: 1) әшекейлі – 3 дана. Пішіні сопақша бұйымның ортасы үш бұрышты етіп кесілген, көлемі 2,6*1,5 см; пішіні V – үлгісіндегі екінші бұйымның ұзындығы 1 см, ені 0,5 см, үшінші бұйым фальгадан жасалған, пішіні тіктөртбұрышты екі шетінде бекітуге арналған тесігі бар. Бұйымның өлшемдері 0,6 см * 1,2 см. 2) тіктөртбұрышты пішіндегі пластикалық жапсырмалар – 22 дана, оның біреуінің үштен бір бөлігі ғана сақталған, үш данасы да бүлінген. Пластиканың өлшемдері – 0,5 см * 1 см, 0,7 см * 1 см; 3) дөңгелек пішіндегі бұйымдар – 4 дана. Дөңгелек пластиканың диаметрі 0,5 см * 0,6 см тең. 4) құйма, кедір-бұдырланған ортасы қуыс - трубканың көлемі 0,1 см * 0,3 см (фото-2).
Тіктөртбұрышты және дөңгелек пішіндегі пластикалық бұйымдардың бекітуге арналған тесіктерінің болуы өзіндік ерекшелігін көрсетеді. Тіктөртбұрышты алтын пластикалық бұйымның бекітуге арналған тесігінде қысқа жіптің бөлшегі сақталған.
Қорған 12 жерлеу орнының архитектуралық ерекшелігі және қабір шұңқыры құрылысының ерекшелігі басты назарда болды, ал үйінді құрылымының күрделілігі зерттеу жұмыстарын тереңдетіп жүргізуді талап етеді. Қорғанның мемориалдағы бірегей нысан екенін ескерсек оның рестоврациялық жұмыстарына көп уақыт бөліп жүргізу қажет.
Қорған үйіндісінің негізі топырақ қабаты мен оны бастыра жапқан тас қабаттарынан құрылуы қорымдағы жерлеу ескерткіштерінің бір текті емес екендігін көрсетеді. Ежелгі жер қабатында қабір шұңқырын айнала қаланған тас қаландының ені 5,5 м, биіктігі 1 м болуы қорған үйіндісіне қатысты қорытындыны нақтылай түседі. Сипатталып жатқан қорымда бұрын зерттелген қорғандар мен салыстырғанда қорған 12-нің құрылымы күрделі, дегенмен ескерткіштердің көптеген белгілері ұқсастықтың басым екендігін көрсетеді. Зерттелген барлық қорғандардың үйінділері өзен жағалауынан алынған жұмыр тастармен жабылған. Үйіндінің астынан, орталық бөлігінен қабір шұңқырының кездесуі барлық қорғандарға ортақ. Қабір шұңқырының беті барлығында дерлік көлденең қойылған ағаштар мен жабылған. Қабір шұңқыры батыстан шығысқа бағытталған және мәйіттің басы батысқа қаратылып қойылған.
Қорған 12 қабір шұңқыры шығыстан батысқа бағытталған. Тас қаланды мен бөлінген батыс бөліктен мал сүйектерінің табылуы және мәйіттің басының батысқа бағытталуы мүмкін болуына қарағанда құрбандыққа қойылған мал сүйегі мәйіттің бас жағына қойылуы мүмкін екенін көрсетеді.
Бұрын қазылған қорғандардан негізінен қолдан жапсыру әдісі мен жасалған қыш ыдыстар болса, қорған 12 қазу нәтижесінде қышханада дайындалған қыш ыдыстармен толықты. Жерлеу орнынан алынған материалдарға және қышханаларда дайындалған қыш ыдыстарға жасалынған анализдер нәтижесі қорғанға әлеуметтік статусы жоғары адам жерленгенін куәлендіреді.
Жерлеу камерасының ішінде шашылып жатқан қалпында табылған алтын бұйымдардың жасалу тәсілдері және қолданылған мақсаттары да әркелкі болғандығы анық. Бұйымдардың бір бөлігі тіктөртбұрышты пластиналар киімге желімделіп, тігілген болуы мүмкін жене труба тәрізді бұйымда әшекейлер кешенінің қатарына жатқызылады.
Қорғанды мемориал Қарақыстақ 1 кешеніндегі жерлеу орындарының құрылымының типіне, қабір іші құрылымына, жерлеу дәстүріне жене жерлеу орнынан табылған заттарға жасалған талдаулар нәтижесі ескерткіштің Шу және Жетісу кеңістігінде жасаған батыс түрік қағанаты тайпаларының жоғарғы әлеуметтік тобына жасалған ескерткіш деген қорытындыны нақтылай түседі.
Қарақыстақ 1 мемориалды кешеніне жүргізілетін зерттеу жұмыстарын батыс түрік тайпаларының материалдық және рухани мәдениетінің ерекшеліктерін терең зерттеуге бағыттау қажет. Сипатталған археологиялық материалдар қазақ жеріндегі батыс түріктерінің этникалық мәдениетінің генезисін нақтылай түсетін деректер беруі оның ақпатараттық құндылығы болып табылады. Қарақыстақ 1 кешенінің артефактілері және Мерке ғибадатханасының ғұрыптық ескерткіштері ортағасырлық түрік тайпаларының материалдық жене рухани мәдениетінің негізі болатын түріктік дүниетанымның мазмұнын ашуда негізгі заттай деректер болып табылады.