Қарақыстақ 1 қорымы Мерке ғибадатханасының оңтүстік- батысында жалғасып жатқан өзі аттас алқапта жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде табылып құжатталды. Қарақыстақ қорымы қатар-қатар болып жатқан үш топқа бөлінетін 15 жерлеу орнынан тұрады. Үш топқа бөлінген қорғандардың арасында диаметрі 47 м, биіктігі 2,9 м, 30 м, биіктігі 1,26 м және 23 м, биіктігі 2,2 м болатын үш үлкен қорған орналасқан. 2006 ж. қазба жұмыстарының материалдарын талдау нәтижесінде диаметрі 23 м, биіктігі 1,9 м болып келген орталық қорғандардың бірінен ескерткіштің этномәдени тиістілігі мен кезеңделуі белгілі болды. Жерлеу ескерткіші VI-VIII ғғ. түріктік әлеуметтік элитасының құрметіне тұрғызылған.
2007 ж. далалық маусымда археологиялық қазба жұмысы некропольдың шығыс бөлігін алып жатқан қорғандар тізбегіндегі №2 және 3 қорғандарға және екінші тізбектегі №8 қорғанға жүргізілді. Жерлеу орындарының құрылысы үсті өзеннің ірі жұмыр тастарымен жабылған үйіндіні құрайды. 2-қорғанның етегін айналдыра ені 2,5 м алып жатқан тастармен үйіндінің үстін жапқан, ал 3-қорғанның үсті тастармен толығымен жабылған. Тастардың біразы үйінді үстінен кейініректе алынған, мұның тонаушылардан қалған із болуы да мүмкін.
Диаметрі 14, 8 м, биіктігі 0,85 м №2 қорғанның үйіндісінің астынан, сол кездегі жер бетіне жеткенде қабір шұңқырынан 4,5 м жердей бір қатарға тізілген ірі тастардан қойылған шеңбер шықты. Қабір шұңқыры солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа бағытталған. Қабір шұңқырының ұзындығы 2,55 м, ені 1,1 м, тереңдігі 1,2 м. Жаппай тоналғаннан кейінгі қабір шұңқырының түбінен әр жерде жатқан ағаш бөліктері, бірнеше адамның және малдың сүйектері, керамиканың бөліктері тіркелді.
№3 қорғанның үйіндісі солтүстіктен оңтүстікке қарай созылыңқырап жатқан құрылысты құрайды. Диаметрі 9,3 м * 7,7 м, биіктігі 0,5 м. Қабір шұңқырының ұзындығы 2,2 м, ені 0,9 м, тереңдігі 0,85 м. Қабір шұңқырының түбінен тонаушылықтан соңқалған, әр жерде шашылған күйдегі жерленген адамның кейбір сүйектері тіркелді.
№8 қорғанның диаметрі 15 м, биіктігі 1,3 м. Қорған үйіндісінің негізінде етегін айналдыра екі қатар тас шеңбермен қоршалған. Сыртқы тас шеңбер ұзындығы 35-45 см, қалыңдығы 20-25 см ірі валундардан қаланған, диаметрі 14, 5 м. Сыртқы шеңберден 0,3 м жердей көлемі 25-30 см * 20 см ірі тастардан қаланған ішкі тас шеңбер шықты. Қорған үйіндісінің тура ортасында орналасқан қабір шұңқыры жерлеу камерасын көлденеңінен жапқан ірі арша бөренелерімен жабылған. Жерлеу камерасының үстін жапқан бөренелер оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай еңкіш жатқан күйде табылды. Қабір шұңқыры солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа бағытталған. Тонаушылықтың салдарынан жерлеу салты біртіндеп қалпына келтірілді. Қабір шұңқырының түбінен жерленген екі адамның сүйектері шықты. Бас сүйектері солтүстік-батыс бұрышта in situ, кеуде сүйектері оңтүстік-батыс қабырғасына қарай қозғалтылған, мал сүйектерімен аралас күйде табылды. Басқа сүйектер жерлеу орнының солтүстік бұрышынан табылды (1 -фото). Сонымен қатар жерлеу камерасына 14 қолдан жасалған қыш ыдыс қойылған. Археологиялық тұрғыда тұтас, бірақ жарым-жартылай сынған ыдыстар қабір шұңқырының солтүстік бұрышынан табылды. Басқа фрагменттер жерленген адамдардың бас жақтарынан тіркелді. Ыдыстардың барлығы мата қалыпта жасалынған және ыдыстың ішкі қабырғаларында қыш бұйымдарды жапсыру барысында қолданылған мата іздері бар. Ыдыстарға қарай отырып, олардың күнделікті тұрмыста қолданылмағандығын, олардың жерлеу кезінде ғұрыптық асқа арнайы арналғандығын көруге болады.
Жамбас сүйегі тұсынан екі жарым-жартылай бүлінген, екі түрлі қарудың түрін көрсететін темір жебенің ұшы табылды. Жебе ұштарының көлемдері бірдей: жалпы ұзындығы 7 см, сабының ұзындығы 3,5 см, сақталған бас бөлігінің ұзындығы 3,5 см, бас бөлігінің орта тұсының ені 2,8 см.
Екінші жебе ұшының да тек жоғарғы бас жағы сақталған, ұзындығы 2,5 см, сабы жағы сынған. Сынған сан бөлігінен шыққан үш қауырсын тектес байқалады. Суреттеліп отырған жебе ұшының бас бөлігі жебе ұшының сапты, үш қауырсынды түріне жатады.
Жерлеу орнынан мал сүйектері шықты. Палеозоологиялық анықтау олардың құрбандық, асы ретінде қойылғандығын көрсетті. Жерлеу орнына үш малдың - жылқының, ірі қараның және қойдың ұшалары қойылған. Малдардың сақталған ұша бөліктерінің сүйектерінен о дүниеге шығарып салатын ғұрыптық ас ретінде жерлеу камерасына жоғарыда аталған малдардың әрқайсысының қүйымшақ түріндегі артқы бөлігі қойылған.
№8 қорғанның жерлеу камерасынан зерттеу кезінде табылған 14 қыш бұйымдарының барлық түрі 2006 жылы зерттелген №1 қорғаннан шыққан ыдыс үлгілерімен ұқсас. Ыдыстардың ұқсастығы шебердің жапсырма қыш бұйымдарды дайындау үшін қолданған бірдей технологиялық әдістерімен де толыға түседі. Анықтағанымыздай, 1-қорғаннан шыққан ыдыстар да тұрмыста қолданылмаған және оларды жерлеу инвентары ретінде жерлеу орны үшін арнайы жасаған. 14 шыны аяқтан тұратын осыншама қыш коллекциясының болуы жерлеу камерасында екі адамның жерленгенімен де байланысты болуы мүмкін. Сонымен бірге ыдыстардың көп сандылығын жерленген адамның әлеуметтік статусының жоғарылығымен де түсіндіруге болады. 1 -қорғандағы жерлеу материалдары бұған куә бола алады. Ондағы жерлеу камерасында жеті керамикалық бұйыммен қатар, ортасында геральдикалық күйде бейнеленген құстың бейнесі бар алтыннан жасалған киімге тігетін жапсырма табылды.
Қарақыстақ қорымының жерлеу құрылыстарын зерттеудің нәтижелері келесі шешімді қорытындылайтын бірнеше қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Бәрінен бұрын Қарақыстақ өзенінің сол жақ жағалауындағы террасада жинақы орналасқан қорымның және осы шағын аумақтағы жерлеу құрылыстарының ішкі өзара бағыныштылығы біздің алдымызда бір мәдениетке тән жерлеу кешенінің тұрғандығын көрсетеді. Қарақыстақ 1 қорымының бір мәдениетті құрайтынының дәлелі жер асты жерлеу құрылымының архитектуралық, ерекшелігі мен жерлеу құрылысының ерекшелігі болып табылады. Сонымен қатар құрылыс кезіндегі барлық қорғанда бірдей топырақ пен тас үйіндіні қалау сол кездегі жер бетінің деңгейінде жерлеу камерасын айналдыра тас шеңбер қою әдісі және екі қорғанда тікбұрышты үлгідегі қабір шұңқырының бойлай ағашпен жабылуы да мемориалды құрылыстардың тұтастығы туралы ойды және этно мәдени жақындығын растайды. Этномәдени ұқсастығын Қарақыстақ 1 қорымындағы зерттеу жүргізілген жерлеу орындарынан шыққан бірдей үлгідегі ыдыстардан да көруге болады.
Мерке ғибадатханасы ескерткіштерінің этномәдени түсіндіру мәселелерін шешуге бағытталған ғылыми зерттеу шеңберінде Қарақыстақ 1 қорымындағы жерлеу құрылыстарын ашу мен зерттеудің принципті мағынасы бар. Жетісу жерін ежелден қоныстанған батыс түріктерінің мәдени кешенінің даму процесін зерттеу аясында жерлеу салтын зерттеудің нәтижелеріне көңіл аудару қажет.
Қарақыстақ 1 қорымындағы қорғандардың материалдары бойынша тіркелген жерлеу салтының анализі жерлеу камерасы мен үйінді құрылымының ерекшеліктері бойынша ескерткіштер аталған территорияда б.з. ІІ-V ғғ. кезеңінде таралған жерлеу құрылымдарымен көптеген ұқсастықтарының бар екендігін көрсетті. Қорғандардың негізін таспен айналдыра қоршаған сыртқы үлгісі және қабір шұңқырын қоршап жатқан тастан қаланған тас шеңберлер түрі Ақтерек қорымындағы 2-қорғанның, Күрті қорымындағы 26, 56-қорғандардың, Тасты Бұлақ қорымындағы 27-қорғанның құрылымымен ұқсас .
Құрылымды кесе көлденең жапқан қабір шұңқырын ағаш кесінділерімен жабуы усундардың жерлеу ескерткіштерінің материалдарынан да белгілі. Жуантөбе 2 қорымындағы 13-қорғанның қабір шұңқыры ағаш кесіндісімен жабылған, Ақтерек қорымындағы 74- қорған, Күрті қорымындағы 26-қорғандарда ағаш жабу қаланып төселген. Қарақыстақ, 1 қорымының қорғандарындағы жерлеу инвентарындағы бір типті, жалпақ түпті үлгідегі, жапсырма шыны аяқтар осындай усундік жерлеу орындарымен де ұқсас. Осындай үлгідегі ыдыстар усундік жерлеу орындарында қатар жүреді және усундік жерлеу орындарында қатар жүретін қыштың кең таралған үлгісі болып табылады. Жапсырма шыны аяқтар Сарытоғай 1 қорымындағы 4, 13-қорғандардан, Сарытоғай 2 қорымындағы 4, 5-қорғандардан, Сарытоғай 3 қорымындағы 25 және 81-қорғандардан, Жуантөбе 2 қорымындағы 28-қорғаннан, Күрті қорымындағы 54-қорғаннан, Тастыбұлақ қорымындағы 27-қорғаннан табылды.
Ортағасыр кезеңінде үлгісі бойынша ұқсас қыш түрлері түріктік этномәдени ортада қолданылған және тас мүсіндердің қолдарында бейнеленген. Қабырғаға салынған суреттер материалдарында, Ортағасырлық Пенджикент қаласының салтанат залындағы фрескада картинаның ортасында салтанатты түрде отырған түріктер жоғары көтерген қолында міндетті турде ыдыспен бейнеленді. Түріктердің қолдарындағы ыдыстарының түрлері Қарақыстақ 1 қорымындағы қорғандардан шыққан шыны аяқ үлгілеріне жақын .
Кішкентай раманың ортасында құс бейнеленген алтын пластина өзінің стилі бойынша Күлтегін мүсінінің басындағы бас киімінде бейнеленген құс бейнесіне жақын. Суреттелген атрибуттардың стилінің есте қаларлық ерекшелігі құстардың қанатының бейнелеу қалпы болып табылады. Онда қанаттары бір жағынан қайырылған, бірақ басқа кеудесі жағынан ішке қарай кішкене қайырылған. Аталған екі артефактыда да құстар түрып тұрған күйде көрсетілген. Бұлардағы жалғыз айырмашылыққа келер болсақ, Күлтегіннің мүсінінің бас киіміндегі құс бейнесінде құстың аяғы бейнеленген, ал Қарақыстақтан табылған пластинадағы құс бейнесінде құйрық қауырсыны көрінеді. Құсты бейнелеудегі аталған стиль Білге қағанның тәжінің ортасында бейнеленген, қанатын жайған қанатты мүсінмен ұқсастығы бар.
Агеева Е.И. К вопросу о типах древних погребений Алма-Атинской области. - Новые материалы по археологии и этнографии Казахстана. - Труды ИИАЭ АН КазССР. - Алма-Ата.-1961. - т. 1,- с. 21 -40; Максимова А.Г Усуньские курганы левобережья реки Или. - Известия АН КазССР. - Серия истории, археологии и этнографии. - 1959,- вып. 1 /9. - с. 87-90; Досымбаева А.М. Культурный комплекс тюркских кочевников Жетысу. II в. до н.э.-V в.н.э. - Алматы: ТОО «Типография Комплекс». - 2007. - 214 с. С. 186. табл. 29,6.
Досымбаева А.М. Мерке - сакральная земля тюрков Жетысу. - Тараз: - 2002. -107 с. С. 44.Рисунок 1 5, д; Кубарев В.Д. Древнетюркские изваяния Алтая. - Новосибирск. - 1984. -230 с. Рисунок б, левая сторона, 4.
Беленицкий А.М., Маршак Б.И. Черты мировоззрения согдийцев VII-VIII вв. в искусстве Пянджикента. - История и культура народов Средней Азии (древность и средние века). - М,-Наука. - 1976. - С. 75-89.
Жолдасбеков М., Сартқожаұлы К. Атлас орхонских памятников. Астана.: Kultegin. - 2006. - 356 c.