Қазба жұмыстары Алматы қ. әкімшілігі Мәдениет департаментінің Ұлжан 1 және Ұлжан 2 қорымдарын зерттеу бағдарламасы бойынша жүргізілді. 2008 ж. зерттеулер Ұлжан 1 қорымындағы өткен екі жылдағы жұмыстың жалғасы болып есептеледі¹. Ескерткіш меридиан бағыты бойынша өзенді жағалай орналасқан обалардан тұрады. Ескерткіш авариялық жағдайда. Оның аумағында қарқынды құрылыс жүргізілуде. 1 оба (оңтүстіктен солтүстікке қарай нөмірленді) шынжыр табанды техниканың үстінен әрлі-берлі жүруінен қардан шеккен; солтүстік-шығыс беткейінде құрылыс қоқысы төгілген. Қорымдағы ең үлкені – 2 обаның солтүстік беткейінен экскаватормен топырақ алынған. Төбесінде тонаушылардан қалған ойық бар. 3-обаның шығыс етегін тұрғызып жатқан үйге апаратын жол кескен. 4 және 5-обалардың да жағдайы сын көтермейтін. Қиын антропогендік жағдаймен (обаның етектерін кесу, қоқыс үйінділер) қатар, су шайып жатқан өзеннің тұрақсыз жағасы да қауіп төндіреді.
Осы жылы зерттеу үшін ең кіші 1-оба (тек қолмен қазу әдісін тәжірибеден өткізу үшін) мен жойылу қаупі төніп тұрған 4 және 5-обалар таңдалып алынды.
1-оба биіктігі 1,15 м, диаметрі 24 м үйінді түрінде болды. Үйіндіні қазу секторлар бойынша жүргізілді. Көлденең өстері дүниенің төрт жағына қараған. Стратиграфиялық жағдайды анықтау үшін бірінші болып ауданы ең кіші және адамдардан ең көп зардап шеккен солтүстік-шығыс сектор қазылды. Оба өте қатты, сұрқай-қоңыр топырақтан үйілген. Жұмыс барысында оба астында ешбір конструкция мен үйіндінің күрделі элементтері жоқтығы анықталды. Сектор ауданы құрлыққа дейін аршылып, одан 30 см төмен түсірілді. Шел қабатының астынан өзеннің малта тасынан қаланған бадана (панцирь) анықталды. Жұмыстың келесі кезеңінде бадана басқа да секторларда тазалап анықталды. Көне жер бетінің деңгейінде бадана, диаметрі 16 м келетін, ірі тастардан қаланған бекіткіш сақинаға келіп тіреледі. Солтүстік-батыс секторда баданада диаметрі 1,5 м келетін ойық бар. Қабір осы ойық арқылы тоналған болуы ықтимал. Бадана обаны түгел жапқан жарты сфера түрінде болмаған сияқты, тек беткейлерді таспа түрінде көмкерген. Тасы жоқ ішкі аумағының диаметрі 12 м. үйінді топырақтың арасынан керамика және мал сүйегінің көптеген қалдықтары табылды.
Оба үйіндісінің ортасында, көне жер бетінде қабір ізі диаметрі 2,1 м дөңгелек түрінде байқалды. Қабірді аршу барысында шұңқырдың түрлі көлемдегі тастар жиынтығы табылды. Көне жер бетінен 30 см тереңдікте тастар арасынан түрлі деңгейде жатқан адам сүйектері және қабір ортасында жатқан жылқы жамбасы табылды. Қабір сопақша келген: диаметрі 2,10*1,80 м, көне жер бетінен тереңдігі – 1,50 м. Қабір ішінде, батыс және солтүстік қабырғаларында және табанында өзеннің малта тастарынан тұратын үйінділер анықталды. Шұңқырдың солтүстік-шығыс бөлігінде тас толған тонаушылар іні анық байқалады. Іннің ішінен және қабірдің табанынан өсімдік қалдықтары араласқан ашық-қоңыр сазды топырақ алынды. Іннің пошымы сопақша келген. Көлемі: биіктігі шамамен 1,50 м, ені 1,20 м дейін. Қабірді тазалау барысында солтүстік-шығыс бөлігінен,1,25 м тереңдіктегі қираған тас конструкциясы арасынан тонаушылар інінен қызыл сазды керамика табылды. Қабірдің табанынан, оның солтүстік-шығыс бөлігінен адам сол қолының кәрі жілігінің 2 фрагменті табылды. Осы сектордан тастар астынан 60 см аумақта ақ түсті шыны пастасынан жасалған 10 моншақ табылды. Оның алтауы сынық. Осында көлемі 0,8*0,5 см, әбден шіріген, қызметі анықталмаған темір заттың бөлігі табылды. Қабірдің еденін құрлыққа дейін тазалау барысында сүйек пен инвентарь табылмады. 4-оба биіктігі 1,5 м, диаметрі 19,6-20 м. Обаның жоғарғы бөлігі жайдақ, диаметрі 10 м келетін алаң түрінде. Бетін шел басқан. Шел қабатын алу барысында бадана қалдықтары табылды. Бадана көлемі 6-15 см тастардан қаланған. Ол негізінен обаның етектерінде сақталған. Ені 1 м, шығыс бөлігінде 2,1 м-ге дейін кеңейеді. Обаның етегінде бадананы бекітетін, ірі тастардан тігінен қаланған сақина бар. Бадана астындағы үйінді қатты ашық-қоңыр топырақтан тұрды. Мұнда кемірушілердің көптеген інілері кездесті. Тонаушылардың ойығының іздері обаның бетінен де, кесінділерден де байқалмады. Археологиялық тұрғыдан алғанда үйінді топырағы таза. Орталық бөлігінен 1,75 м тереңдікте, көне жер беті деңгейінде дәнүккіш табылды. Дәнүккіштің ұзындығы 45 см, ені 15 см, қалыңдығы 4 см. Жұмыс жасайтын беті жақсы тегістелген және ішке қарай сәл ойылған. Дәнүккіштен солтүстік-батысқа қарай 0,7 м жерден керамика сынығы табылды.
Осы деңгейден дромос ізі байқалды, ол таспен толтырылғандықтан тас үйінділерімен жақсы байқалады. Дромос солтүстік - солтүстік-батыстан қазылған, анықталған ұзындығы 8,3 м, ені 0,7-1,6 м. 6 м биіктігі дромос көлденеңінен қабірге жақындаған тұста бірден төмендейді. Обаның шетінен 3,5 м жерде дромос ішінен сәбидің мәйіті табылды. Ол кейіннен, үстінен жерленгенболуымүмкін. Обаның орталық бөлігінде көне жер бетінің деңгейінде тастар жиынтығы анықталды. Көне жер деңгейінен төмен 2 м түсу барысында оба ортасынан, 4*4 м аумақта тас жиынтығының үш қабаты анықталды. Төменгі қабаты көлемі 0,6*0,4 м ірі қойтастардан тұрды. Осы қабаттарда анықтауға жатпайтын сүйектердің майда сынықтары табылды. Осы жерден пошымы жартылай конус түріндегі тілсіз қола қоңырау табылды. Қоңыраудың диаметрі 2 см, қабырғаларының қалыңдығы 0,2 см. Көлемі 2,3*1,9 м қабір 1,6 м тереңдікте анықталды. Қабір үстіндегі топырақтан сырсыз керамиканың жекелеген сынықтары табылды. Қабірді тазалау барысында оның шығыс бөлігінен аяқтың сүйектерінің қалдықтары табылды. Бас сүйек пен жақ сүйектерінің бөліктері қабір мен дромос қосылған тұстан табылды. Қабір ішінен тиынға ұқсас қола зат табылды. Заттың диаметрі 1 см, қалыңдығы 0,2 см қатты тотыққан.
Осылайша, қазба барысында обаның көне заманда дромос арқылы тоналғандығы анықталды. Қабір ішіндегі тас қабаттары қабір қабырғаларының бұзылуы барысында лайда болған болу керек. Қабірдің қабырғалары осындай тастармен қапталған болуы мүмкін. Көне көмілген жер бетіндегі дәнүккіш егіншілік ғұрпымен байланысты болса керек.
5-оба. Қорымдағы ең ірі обалардың бірі. Оның биіктігі 2 м, диаметрі 30 м кем емес. Оба жасау барысында мұның бетіне бадана жасалған, оны ірі тастардан жасалған бекіткіш сақина қоршаған. Үйіндісінің құрылымында Ұлжан 1 қорымындағы ірі обалардағыдай түрлі топырақтың қабаттары анықталды. Үйіндіні жапқан қарашірік аралас қабат етегіне қарай қалыңдай түседі. Оның астында малта тастан жасалған бадана бар. Бадананың сақталуы әр бөлікте әртүрлі. Обаның жоғарғы жағы тұтастай бұзылған. Мұнда, қарашірік астында қалыңдығы 40-50 см келетін бос борпылдақ топырақ қабаты жатты. Бадана астында сары түсті саздың қалыңдығы 1-1,5 м келетін үш қабаты байқалады. Бұл қабаттар ала борпылдақ топырақ қабаттарымен бөлінген. Төменгі ең қалың қабатта ала қабаттардың бірнеше қатарлары анықталды. Бұл аз көлемде Ұлжан 1 қорымының 3, 4, 5-обаларында анықталған жағдайды қаталайды. Обаны тонау кезінде ең көп бұзылған орталық бөлігі болды. Зерттелген уақытта кең қазаншұңқыр әртүрлі түсті сазды топырақ қабаттарына толы болды.
Үйіндінің орталық бөлігінің астында, көне жер бетінің деңгейінде қабір орны анықталды, оның пошымы тікбұрышты, көлемі 5*6 м, ұзын осі шығыстан батысқа бағытталған. Қабір ізінің шығыс бөлігінде тас жиынтығы анықталды. Аршу барысында камера қабырғалары ірі тастармен қапталғандығы анықталды. 1 м тереңдікте, шұңқыр топырағынан адам қаңқасы тазаланды, оның сүйектері анатомиялық тәртіппен орналасқан. Адамның мәйіті тоналған қабірге етбетімен тасталған болу керек. 16 және 17 омыртқаларының арасында қыстырылып қалған темір жебе ұшы табылды.
1-обадағыдай үйіндінің бұзылмаған тұстарынан көптеген ғұрыптық керамика сынықтары табылды. Қабірді тазалау барысында сүйектің ұсақ фрагменттері табылды. Тиын іспеттес заттың табылғандығын этап өту керек. Оның диаметрі 0,8 см, қалыңдығы 0,1 см, қатты тотығып, беті қабыршақтанған. Баяндалған жұмыстар Алматы қаласындағы ерте мемлекеттілік ескерткіштерін зерттеу тақырыбын жалғастырды. Ұлжан 1 қорымында анықталған салт элементтерімен ұқсастығы анықталды. Келесі мәселе Ұлжан 2 құрымын түгел зерттеу болып табылады.
Отчет по теме: «Археологические раскопки на могильнике саков в микрорайоне Улжан», 2006 г.; Археологические работы на могильнике Улжан, 2007 г. // Архив Института археологии им. А.Х. Маргулана.