Металды асыл немесе жартылай асыл тастармен әшекейлеуге негізделген. Зергерлік өнерге әсемдік бұйымдар мен ыдыс-аяқ жасау, қару-жарақ пен ат әбзелдерін әшекейлеу де жатады. Зергерлік өнерде шыңдау, құйма, тегістеу, біліктеу, көркем шекіме, канфаренье (өтпейтін бізбен шекіме жасау арқылы металдың үстіне бүршіктік және күңгірт әсер беру), бастырма, оймыштау, нақыштау, оброн (сурет айналасын ойып тастау техникасы), сымкәптау (филиграшь), бүршік, қарала, тыныке (финифть), инкрустация, қырнау, жылтырату, және т.б. тәсілдер қолданылады. Қазіргі Қазақстан аумағында техникалық және көркемдік тұрғыдан жетілген Зергерлік өнер алғашқы темір дәуірінде ақ-пайда болған. Жетісудан жануарлар – таутеке, ілбісін, қабан бейнесі бедерленген мыс қазандар мен ғибадат бұйымдары (б.з.б. 5 – 4 ғ.), сақ ханзадасының алтынмен апталған сауыт-саймандары (Есік қорғаны, б.з.б. 4 ғ.), әйелдің алтын бас киімі (Қарғалы қазынасы, б.з.б. 2 – б.з. 2ғ.), жарқырауық тас орнатылған сырғалар (Ақтас-1 қорымы, б.з.б. 2 – 5 ғ.) табылған. Бұларда бірін-бірі толықтыратын техникалық тәсілдер – бейнелеп құю, бедерлеу, қалыпқа салып қысу, бір затқа бір затты орналастыру, кіріктіру, күмістеу, термелеу, өру, бұрау, тоқымалау, әбзелдеу, сіркелеу, қақтау, әшекейлеу, тағы сол сияқты қолданылған. Әсіресе, ежелгі зергерлер қолынан шыққан шебер мүсіндер – арқардың (не қошқардың) басы, мүйізі. Ол жүзіктерде, білезіктерде, алқаларда, шопыларда көбірек кездеседі. Сондай-ақ, ежелгі Зергерлік өнерде кездесетін көркем мүсіннің бір түрі – таутеке бейнесі. Мысалы, таутекенің қияда қанып тұрған сәті (қаптырмада), басы, мүйізі (жүзікте), бөкеннің, еліктің көзі (ілгекте, қаптырмада, жүзікте) әдемі шекілген. Сол кездегі зергерлер, әсіресе, арыстанды бейнелеуге көп көңіл бөлген. Арыстанның бас бейнесі алқаға, білезікке әсем түсірілген, кейде қанатты арыстан түрінде келтірілген. Байырғы сақ, ғұн, үйсін өнері бұйымдарындағы бейнелердің барлығы құю, қырнау, безеу, қақтау әдістерімен, жұмыр мүсін не рельеф түрінде жасалған. Олардың көпшілігі ат әбзелдерінде, кісенің ілгектерінде, киімнің қапсырмаларында, әйел әшекейлерінде, музыка аспаптарында, қару-жарақтарда тамаша әшекей рөлін атқарып, ғажайып үндестік тапқан. Сақ, ғұн, үйсін дәуіріндегі шеберлер зергерлік ісін өте биік сатыға көтерген. Металл қақтау, оны құю, жұмырлау өнерін толық меңгеріп, неше алуан ғажайып мүсіндер жасай білген. Алтыннан, күмістен, қоладан пішін жасаумен бірге, оның бетіне асыл тас орнату әдісін де меңгерген. Орта ғасырларда Зергерлік өнер жекелеген шеберлердің ықпалынан шығып, қолөнерлік өндіріске айналды. Бұған, Оңтүстік Қазақстан және Орталық Қазақстан аумағындағы көне қалалар орнынан табылған ескерткіштер айғақ бола алады. Осы кезеңде ат әбзелдерін өрнектеу (күмістеу, асыл, жартылай асыл тастармен әшекейлеу, бедерлеу, бұрау) дамып, қару-жарақтар, күнделікті тіршілік құралдары – қола шырағдандар, ыдыс-аяқ (Оңтүстік Қазақстан, 10 – 13 ғасырлар) жасалған. 17 ғасыр мен 20 ғасырдың 1-жартысы аралығында, яғни металды әшекейлеу өз алдына қолөнерлік өндіріске айналған кезеңде Қазақстанда Зергерлік өнердің дамуы жоғары деңгейге жетті. Зергерлік шеберлік әкеден балаға мұра ретінде қалып отырған. Бұйымдар жасауға күміс, ақық, бирюза, маржан, кейде лағыл, сапфир, меруерт, сондай-ақ, түрлі түсті шыны – смальта да пайдаланылады. Әйелдердің әшекейлері – әр түрлі жүзіктер, білезіктер, сырғалар, шолпылар, қапсырмалар, түйреуіштер, түймелер, ақықтан істелген салпыншақтар, сонымен қатар жуынып-шайынатын, сүрмеленіп боянатын құралдар шеберлікпен жасалған. Мұндай шеберлікке қалыптау, соғу, құю, бедерлеу, сіркелеу, қырлау, бұрау, қаралау, алтындау, эмаль жалату, т.б. тәсілдер арқылы қол жеткізілген. Қазақстанның әрбір аймақтарында Зергерлік өнердің жергілікті мектептері қалыптасқан. Қазіргі заманғы Зергерлік өнер жұмыстарының көпшілігі әр түрлі техникалар көмегімен жүзеге асырылады. Сығымдау, өрнектеу қалыптары, әр алуан жонғыш, сызғыш, оймыштағыш құрал-саймандар, электрмен жұмыс істейтін машиналар көбейді. Соның нәтижесінде жаппай тұтынылатын көпшілік қолды зергерлік бұйымдар топтап шығарылатын болды. Алайда, зергерлердің қолдан жасаған дара бұйымдары әлі күнге дейін Зергерлік өнердің құнды ескерткіштері ретінде бағаланады. Әсіресе, қарағандылық А. Қошқарбергеновтің сүйектен ойып, 40 түрлі оймыш-өрнектер салып жасаған күмістеген асадалы, А. Абылаевтың алтын, күміс, бұйымдары, Қ . Дүйсенқұлованың күміс ері, Солтүстік Қазақстандағы Қ. Смағұловтың сақиналары мен жүзіктері, Семейдегі Б. Нұржанов пен Павлодардағы А. Есалиевтің нәзік шеберлікпен жасаған бұйымдары қазіргі заманғы отандық Зергерлік өнердің дамуының жаңа белестері болып табылады. Зергерлік өнер дәстүрі қызылордалық шебер М. Төлегенов, суретші-зергерлер И.К. Брякин, Ғ. Жалмұханов, Д. Шоқпаров, В.С. Савченков, Г.И. Иванов шығармаларында одан әрі дамыды.