Шығыс Қазақстан облысы, Шемонаиха ауданы, Шемонайха аумағының батысында, Ертіс өзенінің жағалауына жақын орналасқан. 500-ден астам зираттардың пайда болған мерзімі қола дәуірінен ортағасырлық қимақтар кезеңіне дейінгі уақытты қамтиды. Зевакиноны 1964-1974 жж. Өскемен пед. институтының археологиялық (қазіргі Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті) экспедициясы (жетекшісі Ф.К. Арсланова) зерттеп, Қазақстанның ежелгі дәуірдегі және ортағасырлық тарихына байланысты көптеген деректер жинады. Қола дәуірі ескерткішінің жер үсті құрылымдары, көбінесе, кварц тастарынан қаланған дөңгелек қоршаулар түрінде болып келеді, ал қабір іші гранит плиталардан немесе сланец тастардан қаланған. Мүрделер аяқтары оң жағына жатқызылып, бастары батысқа қаратыла жерленген. Зерттеу барысында мүрделермен бірге геометриялық оюлар мен безендірілген қыш ыдыстар, қола, алты, т.б. әшекейлер, моншақтар, жебенің ұшы, қанжар, пышақ, ине, біз табылды. Зираттардың келесі тобы-ерте темір дәуіріне жататын ескерткіштер (9-8 ғасырлар). Оған үлкен кешен- ерекше рәсіммен ұжымды түрде жерленген адамдардың моласы жатады. Моладан бірнеше темір пышақтар табылған. Қазақстанда 9-11 ғасырлар аралығында дербес мемлекеттік бірлестік құрған түркі тілдес қимақ тайпаларының мәдениеті көп жылдар бойы осы Зевакино ескерткіштері көмегімен кешенді түрде зерттеліп, қимақ мәдениеті атауы ғылыми айналымға енді. Табылған ескерткіштер арасында қимақтардың қару-жарақтары, ат әбзелдері, т.б. бар. Ең құндысы қола айнаның бетіне сызылып жазылған сына жазу.