А.Х. Марғұлан атындағы археология институтының археологиялық экспедициясы дәстүрлі үрдіске сай түркі ғұрыптық-мемориалды ескерткіштерін ландшафтық-географиялық аудандастыруды, көшпелілердің жаңа ғұрыптық нысандарын іздестіруге барлау жұмыстары ұйымдастырылып және Жайсан 10 жерлеу кешеніндегі қазба жұмыстары, Жайсан 14, 16, 20, 26 ескерткіштеріндегі мүсіндеу өнерінің ескерткіштерін сақтау жұмыстары жүргізілді. Ғибадатхана ескерткіштерін ландшафты аудандастыру дағы кешенді жұмыстар ескерткіштердің дала кеңістігінде архитектуралық орналасу жағдайына және ғұрыптық кешендердің қоршаған ортамен байланысына сәйкестендірілді. Жамбыл облыстық мәдени-мұраларды қорғау және сақтау дирекциясымен бірігіп ғибадатхана ескерткіштері таралған территориядағы 20 ескерткішке қорғау тақталары орнатылды. Шу ауданының әкімі Б.Ж. Қарашолақов және оқу бөлімінің меңгерушісі Г. Кәрібайқызының көмек көрсетуімен түркі мұраларын зерттеу жұмысына аудандағы 13 орта мектеп оқушылары және тарих пәнінің мұғалімдері жұмылдырылды, жергілікті халыққа тарихи білімді насихаттау мақсатында жұмыстар жүргізді. Қазба жұмысының нәтижелері республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Сарыарқаның көлемді абсолютті биіктігі 300-400 м сілемдерінен құралған Шу-Іле тауының таулы бөктерлерінің жағдайларына сай барлау жұмыстары солтүстік-батыс бөктерлеріне жұмылдырылды. Ландшафты-географиялық аудандарда аталған территорияларының оңтүстік шекарасы Қырғыз жотасының солтүстік шегімен, батысы Ұлытау тауының қыратты территориясымен өтеді. Аймақтың беткі қабатын ұсақ құмдақ, жұқа элювия және делювия қабаттарының жамылғысы жауып жатыр. Төрттік шөгінділері құмдақ болып келеді (Мойынқұм және т.б.) Территорияның басқа да айтарлықтай бөлігін толқынды-жоталар бөлігі алып жатыр. Тау бөктерлері оңтүстікке қарай құмдақ-галькалы жамылғымен және пролювиалдық ағымын, орманды жердің шөгіндісін жамылып жатыр. Тау аралық алқаптарда кішігірім өзендер орын алған. Өзендер таудан ағып арналары бір-бірімен тоғысып, тау аралық аңғарларға құйылып, оларды алювияға толтырды және біртіндеп өз ағысымен батысқа қарай төмендей береді.
Климаттық жағынан алғанда Балқаш-Шу шөлді аудандары шөлді аймақтардың ішіндегі климаты қатаң жерлердің қатарына жатады. Мұнда аязсыз кезең 120-150 күн, қар жамылғысы айтарлықтай емес (10-15 см) және тұрақсыз. Артезиандық және терең емес жер асты сулары табылған. Жер асты суы жақын жерлердегі құмдақ тізбектерінің бетінде шабындық жамылғысы жақсы өскен. Сипатталған табиғат суретіне қарап, бүл жер жылдың төрт мезгілінде де малшыларға ыңғайлы екендігін көрсетеді. Жалпы алғанда құмдақты жерлер негізінен қыстық жайылымға қолайлы және көктемгі, күзгі мезгілде де мал жайылымына ыңғайлы. Өсімдік жамылғысы өте сиретілген жоталы беткейлерде сүр және қара жусан өседі. Төменгі беткейде бүлдірген, кей жерде теріскен, құмды қыраттарда қараған өседі. Топырақты құмдақтардың жоғарғы жағында ұсақ галькалар шашырай орналасқан. Ұсақ шоқылардың қия беткейінен бұталы сексеуіл өсімдігін көруге болады. Ойпатты еңісте батпақты көгал және қамыспен қатар жыңғылды тоғай орналасқан. Шу өзенінің төменгі бөлігі Қазақстан аудандарының ішіндегі мал шаруашылығы ең жақсы дамыған ауданының бірі, яғни ауылшаруашылығының мәдени орталығы болып табылады. Шу-Іле тауының солтүстік-батыс бөктерін, атап айтқанда Жайсан даласында мыңдаған жылдар бойы мекен еткен түркі көшпелілерінің мәдени тарихы жоғарыда сипатталған табиғи ортамен және осындай типтегі далалық ландшафтпен тығыз байланысты. Адамзат тарихының қоршаған ортамен біртүтас екендігін, осы жерде түркі ғұрыптық-мемориалдарының әртүрлі типтерінің көптеп шоғырлануы да нақтылай түседі.
Жайсан ғибадатханасындағы ғұрыптық - мемориалды кешендердің тарихи - географиялық картаға топографиялық - ландшафты аудандастыруға ( бес жыл көлемінде жүргізіледі) 27 нысан енгізілді, олардың әрқайсысының құрамында ондаған жерлеу қорғандары, тас мүсін және стела орнатылған ғұрыптық қоршаулар, сонымен қатар жартас суреттері және рулық таңбалар бар. Ғибадатхананың жалпы алып жатқан аумағы шамамен солтүстіктен оңтүстікке 22 км және шығыстан батысқа 28 километрге созылып жатыр. Барлау жұмыстары барысында Жайсан 18-27 ғұрыптық мемориалды және Хантау тауында орналасқан екі мемориал ашылды. Теректі шатқалында орналасқан «қағандық» типке жататын Жайсан 27 кешенінің табылуы археологиялық маусымның ең басты сенсациялық жаңалығы болды. Кешеннің өзіне тән негізгі ерекшелігі түркі көшпелілерінің қорғандары бір жерге шоғырлана орналасқан, олардың диаметрі 20-30 м, биіктігі 2,5-3 метр аралығын қамтиды. Элиталы ғұрыптық мемориалды кешеннің құрамында үлкен көлемде бүтін және сынық тас мүсіндер табылды, олардың көлемдері биіктігі 2,5-2,85 м (түркі мүсіндерінің стандартты көлемі ереже бойынша 1,2-1,3 м). Бұрынырақ ашылып, зерттелінген Жайсан 14 кешендегі үш мүсіннің ішіндегі екі ер адам мүсіндерінің биіктігі 2,2 м және 2,3 метрге теңгерілді. Жаңа ашылуларға ғұрыптық құрылыстар арасында кездесетін, дін өкілдеріне арнайы салынған қоршауларды жатқызуға болады. Жер жырту кезінде бұзылған Жайсан 26 қоршауынан екі мүсін табылды, оның бірінде «үш мүйізді» бас киім киген абыз бейнеленген. Абыздық кешеннің ерекшелігі жерлеу және ғұрыптық құрылыстардың ландшафта орналасуында: ғұрыптық қоршау кешеннің батысында, ал жерлеу қорғаны шығысында орналасқан. Кешеннің ғұрыптық сипаты абыз мүсінінің шығысқа қарап орнатылуы, ол үнемі өзінің «жерлеу орнына қарап» тұр.
Археологиялық қазба жұмыстары екі жерлеу орнынан және олардың шығысында орналасқан қоршаулардан тұратын Жайсан 10 ғұрыптық - мемориалды кешенінде жалғасты. Үш қоршаудыңда ортасында стела орнатылған, 2003 жылы зерттелінген болатын. Биылғы археологиялық қазба жұмыстары кешеннің оңтүстігінде орналасқан қорғанды зерттеуге жұмылдырылды. Қорған үйіндісінің жекелеген бөлігі Шатыркөл руднигіне баратын жолды салу барысында бұзылған.
Тазалау жұмыстары барысында қорғанның бастапқы қалпы ашылып, қорған үйіндісін жағылай қаланған тастардың пішіні яғни қорғанның жалпы пішіні төрт бұрышты екендігі анықталды. Қаланған төртбұрыштың қабырғалары 27,8 * 29,8 м. Құрылымның әрбір бұрышына ірі тастар қойлып мұқият қаланған және төртбұрышы дүниенің төрт бұрышына сәйкестендіріліп салынған. Қорғанның оңтүстік бұрышы жол салу барысында бұзылған ал қалған үш бұрышы өте жақсы сақталған. Құрылымның солтүстік - батыс жағында қаланған тастардың арасынан үлкен дән үккіштің сынығы табылды. Қорған үйіндісінің диаметрі 25,2 м, биіктігі 1,55 м. Тазалау жұмыстары барысында үйіндінің солтүстік- батыс тұсынан ені 0,8 м ұзындығы 1,2 м тасы жок ашық жер ашылды, бұл дромос қызметін атқарды ма? әлде тонаушылардан қалған із бе? деген екі жақты ойға жетелейді. Мәйіт шұңқыры үйіндінің ортасынан шығысқа қарай ауытқып орналасқан. Дромос жерлеу орнына солтүстік - батыс бұрыш арқылы жалғасып жатыр. Жерлеу орны 1,28 м тереңдікте ашылды. Қабір шұңқыры солтүстік - батыстан оңтүстік шығысқа бағытталған, көлемі 4,4*1,3 м. Жерлеу орны күрделі құрылымнан тұрады, яғни беткі қабатына қамыс төселіп көлденең ағаштармен бастырылған ал ең жоғарғы беті саз балшық пен сыланған. Сондай-ақ орта тұсына тастар қойылған. Көне жер қабатының бетіне қабір шұңқырын қазу барысында шыққан майда қызыл шиыршық тастар шұңқырды айналдыра төселген. Шұңқырдың оңтүстік бөлігінен екі мәйіттің сүйек қалдықтары шығысында жатқан мәйітті тізеден төмен қарайғы сүйектері, аяқ саусақтары және сол қолының саусақтары қалған, бірінші адамның батысында жатқан бас сүйегі жоқ адам мәйіті табылды. Бірінші мәйіттің саусақ сүйектерінен алтыннан құйылған перстен, ал екінші мәйіттің аяқ тұсынан түбі дөңес, ілмек тәрізді тұтқасы бар жапсырмалы (лепной) шағын ғана қыш ыдыс табылды.
Ескерткіштердің бастапқы қалпын ашу мақсатында жүргізілген жұмыс көлемді болғандықтан, жерлеу ескерткішінің құрылымдық элементтерін толықтай зерттеу жұмыстары келесі маусымға қалдырылды. Ескерткіш консервация ланды. Ескерткішті қорғау жауапкершілігі Шу аудандық мәдениет басқармасына және ескерткішті қорғаушы инспекторға жүктелді сонымен қатар ескерткіштердің жанына мемлекет қорғауында деген жазуы бар қорғау тақталары орнатылды.
Жаңадан ашылған және бұрын зерттелінген мемориалды ескерткіштерді қалпына келтіруге жоспарланған жұмыстар аясында Қазақ материалдық мәдениет ескерткіштерін зерттеу институтының реставраторлары В.М. Чарлин және Л.Ф. Чарлиндер Жайсан 14 ғұрыптық ескерткішіндегі екі ер адам мүсіндеріне консервациялау жұмыстарын жүргізді. Солтүстік қоршаудың шығысында тұрған мүсін бұрын бүлінген және екіге бөлініп сынып жатқан болатын, оны толықтай қалпына келтірді. Мүсін, арнайы химиялық қоспалармен желімделіп және толықтай өңделіп бастапқы орнына орнатылды. Оңтүстік қоршауда орнатылған екінші мүсіннің жекелеген бөліктеріне реставрация жұмыстары жүргізілді. Мүсін құлаған кезінде пайда болған арқасындағы және бүйіріндегі жарықтары реставратор химиктердің жарылған жерлерді желімдеуге арналған арнайы қоспалармен желімделінді. Бұл ескерткіште ғұрыптық құрылыстағы өзінің табиғи орнында тұр. Реставрациялық жұмыстар кешені Жайсан 14, 16, 20, 26 ескерткіштеріндегі тас мүсіндердің бетін және дене бөлігін басып қалған қыналарды тазарту жұмыстарында қамтыды. Түркі даласының иелеріне және ру басыларына арнап салынған мемориалды ескерткіштер реставрациялық және реконструкциялық жұмыстардан кейін Жайсан даласы кеңістігіндегі өздерінің табиғи орнына орнатылды.