Жайық қала жұрты Орал қаласынан оңтүстікте 12 км қашықтықта, Шаған өзенінің ірі арнасы нәтижесінде пайда болған жағалауда орналасқан. Қала жұртының территориясы оңтүстік және оңтүстік-шығыста Орал өзені террасасы баурайымен шектелсе, енді бір жағынан табиғи жарлармен шектелген. Негізгі зерттеу нысаны ретінде IV қазбадағы 4-ші тұрғын жай мен қорымдағы Үлкен кесененің алаңқайы таңдап алынды. Былтырғы жылғы тұрғын жайдағы зерттеулер оның жалпы жобасын анықтауға мүмкіндік бергенді1. Қазба жұмыстары тұрғын жайдың бастапқы кезде екі тұрғын кешенінен, кейін ішінде қайтадан өзгерістер болып, қосымша бөлмелер қосылғанын көрсеткен болатын. Тұрғын жайдың аумағында солтүстік және оңтүстік жақтарынан екі қазба салынды. Тұрғын жайдың солтүстік бөлігінен салынған қазбаға жартылай қазылған № 5а, 6 бөлмелер қосылды. Осы жерден қосымша екі бөлме және тұрғын жайдың аула жағы аршылды.
Бірінші, кішігірім бөлме тұрғын жайдың батыс блогына қосылады. Ол қара-сұр келген қалыпты шикі кірпіштен құралған. Бөлменің өлшемі 3,9*3,3 м. Бөлме ішінен солтүстік қабырғада орналасқан суфаның қалдығы анықталды. Сақталып қалған бөлігі ұзындығынан 2.4 м, енінен 2,1 м. Суфадан канның нашар сақталған екі жылыту жүйесі аршылды. Бөлменің орта тұсынан құлаған үйінді мен батыс қабырғада болған суфаның күйдірілген кірпіштерінің сынықтары шықты. Сірә, бастапқы кезде суфа «П-тәріздес» болған болуы керек. Еденнен керамика фрагменттері, үй жануарларының сүйектері табылды. Суфаның қабырғасының қасында еденнен күйген ізбен, шалалар шықты. Ішкі интерьеріне қарағанда бөлме тұрғындық және шаруашылық сипатта болған болуы керек. Сақталып қалған бөлігінің биіктігі 0,3 м болатын, бөлменің шығыс қабырғасында екінші бөлмеге өтетін ауыз болған. Екінші бөлменің өлшемі 4*5,4 м. Қабырға шикі кірпіштен қаланған. Бөлменің шығыс бөлігін ені 1,1 м, биіктігі 0,3 м болатын суфа алып жатыр.
Бөлменің еденінен үш шаруашылық шұңқыры анықталды. Біріншісі, сопақша келгені солтүстік қабырғаның орталық бөлігіне жақын орналасқан. Шұңқырдың диаметрі 1,4 м, тереңдігі 0,6 м. Дөңгелек келген екіншісі бөлменің солтүстік-шығыс бұрышында орналасқан. Оның диаметрі 0,8 м, тереңдігі 0,4 м. Ал, диаметрі 0,7 м, тереңдігі 0,4 м келетін үшінші шұңқыр бөлменің оңтүстік қабырғасына кіріккен. Бұл шұңқырлардың ішінен күлді топырақ, жануарлар сүйектері, керамика фрагменттері шықты. Уақытында бөлменің оңтүстік қабырғасында оны №5а бөлмемен жалғаған ауыз болған болу керек.
Бөлменің шығыс қабырғасы жақсы сақталған. Солтүстік қабырға екі бөлменің ортасындағы аралық болған. Бөлмеге кірер ауыз солтүстік-шығыс бөліктен, аула жақтан болған. Қазбаның аумағын солтүстік - солтүстік-шығыс жағынан ұлғайту оған дөңгелек келген ойпаң (диаметрі 4,8 м) және тұрғын жайдың аулалық алаңын қосуға мүмкіндік берді. Тұрғын жайдың қасында орналасқан бұл дөңгелек және сопақша келген ойпаңдар зерттеу нәтижесінде су сақтайтын – хауыздар екені анықталды. Ойпаңдардың күл-қоқысқа толы ішінен жануарлар сүйектері, керамика фрагменттері, сонымен бірге шығырдың фрагменттері ұшырасты. Тұрғын жайдың ауласының алаңы төмендетілген кеңістік екені белгілі болды. Әсіресе орталық бөлігінде кеңістік төмендетіліп, одан № 7-9 бөлмелерден тұратын шығыс блокқа барып қойылған. Осы жерден біраз көлемде үй жануарларының сүйектері мен керамика фрагменттері ұшырасты. Ауланың ортасына таман дөңгелек келген шұңқыр тазаланды. Шұңқырдың диаметрі 1,3 м, тереңдігі 0,3 м. Әзірге аулалық құрылыстардың еш белгілері кездескен жоқ. Тұрғын жайдың оңтүстік жағынан салынған қазбадан күйдірілген кірпіштен тұрғызылған қандай да бір өндірістік мақсаттағы кішігірім құрылыстың қалдығы кездесті. Жиналып қалған кірпіштерге қарағанда, оның өлшемі жобамен алғанда 4,3*2,4 м болған. Оңтүстік қабырғасы төрт кірпіш бойында биіктікте сақталып қалған. Құрылыстың оңтүстік бөлігінен бедерленбеген керамика фрагменттері, шалалар, күл қабаты кездеседі.
№ 3 пен 4-ші тұрғын жайлардың арасындағы территориядан, оңтүстік-батыс пен солтүстік-шығыс бағыты бойынша сақталып қалған шикі кірпіштен қаланған қабырға аршылды. Оның ені 0,7 м, анықталған қабырғасының ұзындығы 5,3 м болады. Қабырға қалыпты қара-сұр лайға тұрған шикі кірпіштен қаланған. Қабырғаның қалауы екі кірпіш бойына сақталып қалған. Барлаулық мақсаттағы шурфтар қала жұртының шығыс жағынан, кішігірім төбелерде, арнаның жағалауларында және төмендетілген кеңістіктерде салынды. Бүл шурфтардан ортағасырлық мәдени қабаттар кездескен жоқ.
Келесі нысан зерттелу үстіндегі тұрғын жайдан солтүстік- шығыста 10 м қашықтықта. «Кіші» тұрғын жайдан оңтүстікте орналасқан. Бүл нысаннан батысқа қарай тереңдігі 0,3 м, диаметрі 15 м болатын екі ойпаңның барлығы анықталды. Нысан қазбаға дейін диаметрі 20 м, биіктігі 0,4 м-лік үйінді түрінде болды. Бірінші қабатты аршу кезінде күйдірілген және шикі кірпіштердің ұсақ сынықтары көптеп ұшырасты. Күйдірілген кірпіштен (өлшемі 24*24*5 см) тұратын құрылыс қара-сұр саздан құйылған іргеге тұрғызылған. Одан әрі қалыңдығы 7 см болатын сары топырақ басталады. Шығыс, солтүстік және батыс қабырғаның кірпіштері толығымен алынған. Оңтүстік қабырға, әсіресе оның оңтүстік-батыс бұрышы күйдірілген кірпіштен құралған үйінді түрінде. Қабырғаның бұрыштары сақталып қалған кірпіш фрагменттері бойынша анықталады. Қабырғаның қалыңдығы 1,3-1,5 м.
Қазба жұмыстары құрылыстардың жобасының шаршы келген, екі бөлмеден тұратын, өз алдына жекелеген құрылым екенін көрсетті. Құрылыстың өлшемі 11*10,6 м. Батыс қабырғаға қарай, орта тұстан күйдірілген кірпіштердің ұсақ сынықтар үйіндісі тазаланды. Батыс қабырғасын бойлай, шикі кірпіштен қаланған екі канал аршылды. Бірінші каналдың сақталып қалған ұзындығы 2,3 м, тереңдігі 0,1 м. Каналдың оңтүстік шетінен өлшемі 20*40*6 см болатын бірнеше шикі кірпіш фрагменттері ұшырасты. Кірер ауыз оңтүстік қабырғада болған.
Қазба кезінде сырлы (поливной) керамика фрагменттері, геометрикалық өрнектері бар глазурленген плитка қалдықтары, үй жануарларының сүйектері кездесті. Құрылыстың нашар сақталуына байланысты әзірге не мақсатта тұрғызылғанын дәл басып айту қиын. Қала жұртының қорымында Үлкен кесененің алдындағы алаңы зерттелді. Бұл жерде қабырғамен қоршалған, жобасы шаршы келген, аумағы 25,8*24 м болатын кең көлемді аула аршылды. Екі кірпіш бойына сақталып қалған қабырғаның іргесі күйдірілген кірпіштен қаланған. Кірпіштің өлшемі 22*22*6 см. Қабырғаның сыртқы жағы шаршы және тікбұрышты көлемдегі бүтін кірпіштен қаланса, ал ішкі жағында кірпіш сынықтарын молымен пайдаланған. Оңтүстік қабырғаның үстіңгі жағы шаршы формадағы шикі кірпіштен қаланған. Шығыс қабырғаның қалыңдығы – 1,9 м, батыс қабырғаның қалыңдығы – 1-4, оңтүстік қабырғаның қалыңдығы – 1,2 м. Қоршаудың шығыс және батыс бұрыштары жобалауында мұнара тәріздес келген. Бұл бұрыштардың диаметрі 1,8 м. Алаңның едені күйдірілген кірпіштен тұрады. Кірпіштердің беті қатты үйкеленген. Аулаға кірер ауыз қоршаудың оңтүстік қабырғасында болған. Ені 2,4 м. Қоршаудың оңтүстік-батыс бұрышына тікбұрышты бөлме келіп қосылады. Өлшемі 4,1*6 м. Бөлменің ішкі қабырғасының қалыңдығы 0,6-0,9 м. Бөлменің батыс және оңтүстік қабырғасы ретінде қоршаудың тиісті жақтары қызмет атқарады. Бөлменің едені күйдірілген кірпіштен төселгені байқалады. Алаңның территориясында кейінгі уақыттың жеті қабірі орналасқан. Жалпы, алынған нәтижелер мен бақылаулар күйдірілген кірпіштен тұратын қоршауы бар кесене алдындағы аршылған алаңды, мешіттегі сияқты құран оқитын орын ретінде қызмет атқаруы мүмкін деп есептеуге толық мүмкіндік береді.
Қазба кезінде ең көп кездескен материал керамика болып табылады. Керамикалар сырланбаған және глазурленген ыдыстар фрагменттері түрінде ұшырасты. Фрагменттер бойынша құмыралар биік келген тар мойнымен, ыдыстар тапал енді мойнымен, шығырлар ірі фрагменттерімен, хумдар ұзынша келген тұрқымен ерекшеленеді. Ернеуіндегі өрнектер қиғаш сызықтар түрінде түсірілген. Өсімдік пен геометрикалық өрнектері бар сүр топырақты ыдыс фрагменттері де кездесті. Сырлы кашиндік керамика арасынан глазур асты полихромды қолтаңбасы және глазур асты рельефі бар керамикалар кездесті. Сырлы керамика сонымен қатар ернеуі сәл ғана ішке қайырылған жартылай шошақ келген шұңғыл табақтың ұсақ фрагменттері түрінде ұшырасты. Қазбадан құрылыс керамикаларының коллекциясы түрлі өлшемдегі глазурлі қаптама плиткалары, фрагменттері түрінде алынды. Бұл плиткалар геометрикалық, сондай-ақ өсімдік түріндегі өрнектермен әсемделген.
Жалпы, бұған дейін айтылғандай, ескерткіштің керамикалық материалдарының аналогиясы Еділ бойы, Сарайшық, Днестрлік-Пруттік қос өзен аралығындағы алтын ордалық қалалардың материалдарымен үндес келеді2.
Қазба жұмыстарынан басқа, қорымға келіп қосылатын «Свистун-гораның» барлық территориясы зерттелінді. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының аяғында бүл жерде Б.Ф. Железчиковтың жетекшілігімен барлаулық археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген болатын3. Б.Ф. Железчиковтың зерттеуі бойынша «Свистун-горада» әрқайсысы жиырма обадан тұратын үш мола болған. Үлкен кесенеден оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 км жерде 15 оба тәріздес төбешіктен тұратын 2-ші мола орналасқан. Олардың төбелерінде күйдірілген кірпіш сынықтары шашылып жатқан.
Сірә, бүл қорымның ғұрыптық-мемориалды құрылымдарының қалдықтары болуы керек. Бірақ та, таудың сипатталған бөлігіндегі біздің жүргізген зерттеулеріміз ешқандай ортағасырлық құрылыстардың қалдығын анықтаған жоқ.
Ескерткіште далалық маусымдық жұмыстар 2006 жылы одан әрі жалғасын таппақ.
Әдебиеттер тізімі:
1. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2004 жылы археологиялық зерттеулер жайлы есеп. – Алматы, 2005. – С.133-137.
2. Кузнецова О.В. Керамика городища Жаик// Вопросы истории и археологии Западного Казахстана. Вып. 1. Уральск 2002. –С. 219-226
Б.Ф. Железников. Археологические памятники Уральской области, Волгоград 1998 г. – С.27-29