Оңтүстік Қазақстан облысы , Ордабасы ауданы, Көлтабан ауылының солтүстік шығыс шетінде, Арыс өзенінің сол жағалауында орналасқан. Археологиялық әдебиеттерде осы қала орнынан 1893 жылы 5000-нан астам күміс және мыс тиын-теңгелердің табылғаны туралы мәліметтер кездеседі. Қала орны екі бөліктен: орталық бөліктен (цитадель) және оны қоршай орналасқан рабаттан тұрады. Орталығының сыртқы көрінісі төртбұрышты келген, ауданы 90 – 120 м, биіктігі 20 метрден астам. Айнала қоршай орналасқан рабаттың биіктігі 4 – 5 м, ені 30-дан 60 метрге дейін жетеді. Қала орнының солтүстігі мен оңтүстігінде қақпаның орны сақталған. Алғаш археологиялық қазба жұмысын 1951 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі Е.И. Агеева) жүргізіп, 1996 – 1997 жылдары Шымкент облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы жалғастырды. Қазба жұмыстарының барысында қоймалар мен бірнеше бөлмелерден тұратын үйлердің орны ашылды. Табылған қыш ыдыстардың жиынтығы мен Иранның Сасани әулеті шығарған мыс теңгелер 6 – 7 ғасырларға жатады.
Археологтар Е.И. Агеева, Г.И. Пацевич Жуантөбені ортағасырлық Кенджде аймағының астанасы болған Арсубаникеттің (Субаникет) орны деп тұжырымдайды. Әбу-л-Қасым ибн Хаукал “Фараб, Кендже мен Шаштың аралығында тамаша жайлау бар, ондағы мыңға тарта түтіннен тұратын түріктер ислам дінін қабылдаған... Субаникет Кенджденің басты қаласы” деп жазған. В.В. Бартольд осы деректі пайдалана отырып, Субаникет қ. мен Кенджде аймағы Арыс өзенінің ортаңғы ағысында орналасқан деп тұжырымдайды. Арсубаникет жайлы деректер Әбу Исхақ әл-Истахридің , ибн Якуттің, Мұтаххар әл-Макдсидің шығармаларында да бар. Мұтаххар әл-Максидидің әл-Макдисидің “Арсубаникет – үлкен де таза, айнала қоршалған бекініс дуалы бар қала, мұнаралары мешіт рабадында орналасқан” деген мәлімет белгісіз автордың “Худуд ә-Әләм” шығармасындағы “Субаникет – гүлденіп келе жатқан бай да әдемі қала” деген жолдары толықтыра түседі.