Қала жұртының GPS бойынша координаттары – N 42°31 ’35,1 ”, Е 069*07’24,8”.
Қала жұрты домалақтанған бұрыштарымен шартараптың төрт бұрышына бағытталған, қамал орталығының нобайы бұрыш пішіндес келген төбеден тұрады. Пандус-кіреберісінің орны солтүстік-батыс бөліктен байқалады. Төменгі жағының аумағы 165*130 м, жоғарғы деңгейдегі аумағы 65*90 м, биіктігі 20 м астам.
Орталықты айналдыра ені 20-дан 40 м дейінгі, биіктігі 2,5-3 м дуал қоршалып, ортаған бөліктен ормен бөлініп тұрған дөңестер бар. Жыралармен бөлінген, шамамен бес жекелеген құрылыс учаскесінің орны байқалады. Қоныстанған біртүтас территорияны құрайтын ауданның оңтүстігі мен оңтүстік- батысындағы төбелердің көлемі елеулі. Қала жұрты ауданының аумағы шамамен 12 га.
Ескерткіш көнеге қызығушылар мен ғалымдар көңілін көптен бері аударып келеді. Мамаевка селосының маңынан 1893 ж. күміс және мыс теңгелер көмбесінің табылуына байланысты, Н.П. Остроумов осында келіп кетіп, бүл ескерткіштің суреттемесін берген еді.
1951 ж. ескерткіште Е.И. Агеева, Г.И. Пацевич зерттеу жүргізген болатын. Олар жинақталған материал негізінде ескерткіштің өмір сүрген уақытын VI-XII ғғ. анықтады1. Ескерткіштің зерттелуі XX ғ. 80-ші жылдарында жалғасын тапты. А.Н. Грищенко 1986 ж. нобайы шеңбер дөңес үстінен б.з. III-V ғғ. жататын ерте кезең қабаттарын ашты.
2004 ж. казба жұмыстары «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жалғастырылды.
№4 казба орталық бөлікте жүргізілді, өлшемі. 24*26 м, ал жалпы аумағы 524 шаршы метрді құрайды (2 фото).
Қалыңдығы 15 см келген беткі шым қабатының астында дуал қалдықтары мен мәдени қабат үйінділеріне тұратын қираған құрылыс іздері орын алған. Бірақ бұл қабат толығымен мүжіліп біткен, сондықтан бастапқы жобаны көрсете алмайтын дуалдар ғана сақталған.
Ағаш бөренелердің қалдықтары бар деңгей өртен қабатында орналасқан. Бұл өртенгендер қалдықтар екінші сәулет-құрылыс қабатына жатса керек.
Қазба барысында оңтүстіктен солтүстікке қарай созылып, цитадельдің кіре берісіне тірелетін ұзындығы 26 м көше тазаланды. Ол керамиканың кішігірім бөліктері араласқан нығыздалған топырақпен басылған. Керамика негізінен қолдан жапсырылған. Олжалар арасынан темірден жарты ай немесе түйреуіш түрінде жасалған ат әбзелдерінің сынықтарын, белдік бөлігін атауға болады. Қала жұртының орталық бөлігіндегі құрылыс кешенін екі немесе үш бөлмелі үйлер- ден тұратын тоғыз тұрғынжай шықты. Олар өз кезегінде кіре берісі магистралды көшеде болған мәхәлләланы құраған. Үйлер тікбұрыш пішінді келетін еден үстінде орнатылған ошақтармен жылытылған. Қабырғаларда тік мұржалы, аузы ашық ошақтары болған.
Қала жұртының орталық төбесіндегі «тұрғын кешенін» қазу барысында құмыра, сапты аяқ, құтылар керамика тобы жинақталды. Олар қоңыр және қызыл ангобпен, сызық, үшбұрыш, сопақ өрнектермен әшекейленген; тұтқалары зооморфты. Қара ангобпен боялған және «иректелген жапырақшалармен» безендірілген тостаған бөліктері де осы топқа жатады. Оларға ұқсастықты Отырар алқабындағы «қаңғар кешенінен» табуға болады.
Қала жұртының солтүстік баурайындағы «соғдылық үйден» өзіндік ерекшелігі бар керамика тобы табылды. Бүл, ұқсастығын VIII ғ. Пенджикентгің соғдылық керамикасынан табатын құмыралар мен тостағандар. Үйдің салынуы қаланың өмір сүру уақытының соңғы кезеңіне сәйкес келеді.
Қала жұртының жоғарғы қабатынан табылған қызықты олжаларға терракотты мүсіндер де жатады. Оның біреуі (тек жоғарғы бөлігі ғана сақталған) иығы тіке және қолы төмен салбыраған, дөңгелек жалпақ қалпақ киген қырмұрынды ер адамды бейнелеген. Аузы мен көзі жапсырмамен көрсетілген.
Екінші терракотты мүсін үлгі түрінде жасалған. Сопақ еденде қыр мұрынды және бадам көзді ер адамның бейнесі барельефті түрде жапсырмаланған. Басындағы шашы төбеге көтеріліп бапталған. Мұрты қыртыспен көрсетілген. Ер адам балтырына дейін жететін шапан киіп түр. Шапан етегі тік сызықтармен безендірілген. Ер адамның бір қолында шоқпар, екінші қолында – асатаяқ бар. Үлгінің биіктігі 10 см, ені 5 см.
Осы айтылғанға ұқсас терракоталар Орта Азияның коропластикасында әйгілі және V- VII ғғ. межеленеді де, түрік-эфталит ортасына жатады2.
Жоғарғы қабаттың белгіленген уақытын осы жерден табылған сасанидтік күміс теңге айғақтайды. Беткі жағы жақсы сақталса, сыртқы жағы мүлдем өшірілген. Теңгенің жоғарғы шеті кішкене сынған. Беткі жағында екі қатар зер ішінде беті оңға қаратылған патша бюсті бейнеленген. Басында екі жайылған канат бар тәж кигізілген. Қанаттар арасында жарты ай мен жұлдыз бар. Патшаның шаштары артқа жиналған. құлағында үш інжумен ұшы жоғары қаратылған үшбұрыш сырға бар. Киім жағасы майда зерлермен безендірілген. Иығында екі катар келіп төмен түсіп тұрған ленталар бар. Сол және оң жақтағы бос жерде пехлеви тіліндегі жазу нақышталған. Сыртқы бос оң, сол және астыңғы жерлерде жұлдызы бар жарты айлар салынған, олар сыртқы кеңістікті төртке бөліп тұр. Екінші төрттен бір бөлігінде пехлеви тілінде сөз (АҒБ) жазылған. Сыртқы бетінде үш қатар айналдырылған зер шеңбері ішінде толығымен өшіп кеткен сурет орны бар. Сыртқы кеңістігінде жұлдызы бар төрт жарты ай салынған.
Теңгенің сыртқы алаңындағы салынған сурет пен жазуларға қарап бұл теңгені шығарған ақшасы көп кездесетін сасанидтік патша II Хосроу (590-628) соқтырған деуге болады. Бізге Қазақстан территориясынан табылған нумизматикалық материалдар бойынша бұл патшаның Қостөбе қала жұртынан табылған тағы бір теңгесі мәлім. Бірақ оның екінші төрттен бір бөлігіндегі жазуы өшкен.
Олар жасалу сапасы мен безендірілу жағынан араб билеушілері шығарған теңгелерге ұқсас келгенімен, J. Walker пікірінше, бұл теңгелер араб билеушілері тұсында шығарылды деген жеткілікті айғақтар жоқ. Сондықтан, олар Хосроу билеген кезеңде шығарылған деп айтуға болады3.
Сонымен, Жуантөбедегі қазба материалдары қала жұртының жоғарғы қабатының уақытын VІ-VІІІ ғғ. деп нақтылауға мүмкіндік береді.
Цитадельдің солтүстік-батыс бөлігіндегі 44 қазбасының солтүстігінен стратиграфиялық барлау қазбасы салынды. Жұмыс барысында 5 құрылыс қабаты анықталды.
Бірінші құрылыс қабатынан босап қалған дуалдардың іздері байқалады. Бірінші құрылыс қабатын тазалаған соң, екінші қабатының екінші еденіне және ондағы құрылыс орындарына түстік. Қазба ауқымында төрт бөлме тазаланды. №3 бөлмеден мұржасы тік, аузы ашық ошақ орны шықты. Бөлменің кіре берісі көше жақтан. Екінші бөлмеден шамот араластыра қара балшықтан, қолдан жапсырылған керамика (қазандар, құмыралар, тостағандар) жиынтығы алынды. №4 бөлмеден бірінші құрылыс қабатына жататын бекініс дуалының нақты нобайы ашылды.
Бекініс дуалының жанындағы бөлме екінші құрылыс қабатына жатады. Барлау қазбасы аумағына түскен басқа негізгі құрылыстардан бөлек орналасқан. Кіре беріс есігі шығыс жағында болса керек. Жұмыс барысында қалың қабырғалы керамика бөліктерінің үлкен жиынтығы алынды. Біреуінің тұлғасында, тұтқасынан төмен жерде А әрпі тәрізді тамға бар. Осындай тамға қызыл ангобпен боялған екінші бір табылған тостағанда да бар.
Бекініс дуалдарын салу барысында сейсмикалық негіз қолданылған көрінеді. Оның құрылымы қалыңдығы 40 см пахса қабаты мен оның үстінен себілген 5-7 см қалыңдықтағы бос топырақтан тұрады. Негіз үстінен бірнеше қатар кірпіштер қаланып, оның үстінен бекініс дуалы салынатын.
Барлау қазбасының аумағына кіре беріс – пандустан бастау алатын магистральді көше де кірді. Оның бір шеті зерттеліп отырған барлау қазбасының аумағына кіріп отыр.
Екінші құрылыс қабатының бекініс дуалы қайта соғылған көрінеді. Оның төменгі бөлігі үшінші құрылыс қабатының еден деңгейіне жетеді және VI-VIII ғғ. жатады.
Үшінші құрылыс қабаты деңгейінде барлау қазбасының аумағында бөлмелері бар бекініс дуалдары ашылды. Барлау қазбасының шығыс бөлігінде қабырғасына бекітілген сырғауылдардың қалдықтары бар кішігірім бөлмелер орын алған. Сырғауылдар қабырғаға тігінен қадалып бекітілген, сірә, оның үстінен жатар орын ретінде пайдалану үшін ағаш тақтайлар төселген болса керек. Керамика бөліктері мен темір қазықтар осы бөлмелерден көбірек табылды.
Бұдан әрі төмен түскенде IX-X ярустар деңгейінде бесінші құрылыс қабатының қаңқалары шыға бастады. Бесінші құрылыс қабатын зерттеу барысында тік кескіндіден аралас әдіспен қаланған қабырға шықты. Зерттелген учаске аумағында екі бөлме анықталды. XI деңгейінен бөлмелердің бірінің едені ашылды. Барлау қазбасының осы бөлігінде төменге түсу барысында екінші құрылыс қабатының бекініс дуалының жөндеу қаптамалары «алынып» тасталды. Жөндеу қаптамаларының жоғарғы бөлігіндегі қалыңдығы 20 см, ал төменгісінікі – 30-35 см.
Бесінші құрылыс қабатының пахса дуалдарының қалыңдығын анықтау үшін батыс жиектін, бойымен кескіндеме жасалды. Кескін ұзындығы 12 м, ені 2 м, терендігі 1,5 м. Кескін нәтижесінде әр уақытқа жататын дуалдардың қалыңдықтары біркелкі еместігі анықталды. Егер де сыртқы дуал қалыңдығы 120-130 см болып, түбіне қарай 160-176 см жетсе, онда ішкі дуал қалыңдығы – 100-120 см.
Бесінші құрылыс қабатының астынан алтыншы қабат шықты. Бұл қабаттың дуалы сабан араластырылған балшықпен сыланған.
Стратиграфиялық кескіннен шыққан материал бойынша қала жұртының қалың қабаттарын б.з. IX ғ. жатқызуға болады. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, қала жұртының өмір сүрген уақыты бойынша оны X ғ. Кенджиде аймағының басты қаласы болған Усбаникетпен сабақтастыруға болмайды.
1. Агеева Е.И., Пацевич Г.И. Отчет о работах Южно-Казахстанской археологической экспедиции 1953 г. / / Труды Института истории, археологии и этнографии АН КазССР. Т.1. Алма-Ата, 1956. 51-57 б.
2. Мешкерис В.А. Терракота Самаркандского музея. Л.,1962. 32-43 б. 8 (2,3) сурет; табл. XVII. – С.302-303.
3. J.Walker. Catalogue of the Arasassian coins. London, 1941, р. XX.