Қала жұрты домалақтанған бұрыштарымен шартараптың төрт бұрышына бағытталған, қамал орталығының нобайы бұрыш пішіндес келген төбеден тұрады. Пандус – кіреберісінің орны, солтүстік-батыс бөліктен байқалады. Төменгі жағының аумағы 165*130 м, жоғарғы деңгейдегі аумағы 65*90 м. биіктігі 20 м-ден астам.
Орталықты айналдыра ені 20-дан 40 м-ге дейінгі, биіктігі 2,5-3 м ауданы дуалмен қоршалып, орталық бөліктен ормен бөлініп тұрған дөңестер бар. Жыралармен бөлінген, шамамен бес жекелеген құрылыс учаскесінің орны байқалады. Қоныстанған біртұтас территорияны құрайтын ауданның оңтүстігі мен оңтүстік-батысындағы төбелердің көлемі елеулі. Қала жұрты ауданының аумағы шамамен 12 га.
Ескерткіш көнеге қызығушылар мен ғалымдар көңілін көптен бері аударып келеді. Мамаевка селосының маңынан 1893 жылы күміс және мыс теңгелер көмбесінің табылуына байланысты, Н.П. Остроумов осында келіп кетіп, бүл ескерткіштің суреттемесін берген еді. 1951ж. ескерткіште Е.И. Агеева және Г.И. Пацевич зерттеу жүргізген болатын. Олар жинақталған материал негізінде ескерткіштің өмір сүрген уақытын VI-ХІІ ғғ. Анықтады16 . Ескерткіштің зерттелуі XX ғ. 80-ші жылдарында жалғасын тапты. А.Н. Грищенко 1986 ж. нобайы шеңбер дөңес үстінен б.з. III-V ғғ. жататын ерте кезең қабаттарын ашты. 2004 ж. қазба жұмыстары «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша, К.М. Байпақовтың жетекшілігімен, археологтар Р.Шербаев және С. Дудаковпен жалғастырылды. Былтырғы маусым жұмыстарының нәтижесінде қаланың өмір сүрген кейінгі кезеңінің тұрғын үйлік сәулеті аршылды, сондай-ақ цитадельдің солтүстік бөлігінде стратиграфиялық шурф салынған болатын.
2005 жылғы қазба жұмыстары Жуантөбенің орталық бөлігін қоршап жатқан, шеңберлі рабадтың солтүстік учаскесінің жағдайын анықтауға бағытталды. Ол қоршаған орталан 4-5 м биік келіп, топографиядан жақсы байқалады. Қаланың солтүстік қақпасынан шығысқа қарай (сол жақта) орналасқан шеңберлі рабадтың солтүстік жағынан қазба салынды. Бұған дейін қазба жұмыстарын жүргізген археологтардың анықтауы бойынша шеңберлі рабадтың қамал дуалдары бар болып шықты, сол себепті шеңберлі рабадты біз шахристан деп атаймыз. Өкінішке орай, А.Н. Грищенконың күнделігі қолымызда болмады, сол себептен қазбамыз шартты түрде №5 қазба деп аталады. Сонымен қатар, топографиялық түсіру кезінде, майда шурфтар мен траншеяларды есептемегенде, үлкен қазбалардың төрт орны анықталды. Шахристанның сыртқы жиегіндегі А.Н. Грищенконың бұрынғы қазбасын 2 м тереңдікке тазалаған сәтте, қамал дуалдарын аштық. Нәтижесінде төмен қарай (5 м дейін кеңейетін) кеңейе түсетін, ені 2 м қамал дуалының үстіңгі бөлігі аршылды. Ол биіктігі 80 см пахса блоктардан қаланған, арасында көлемі 42*24*15 см қам кірпіштер кездеседі.
№5 қазбаның көлемі 18*18 м алынып, кейіннен оған оңтүстік және солтүстік жақтардан көлемі 6x6 м шаршы алаңдар қосылып аршылды. Қазба барысында 3,2 және 4 шаршыларда қазбамыздың реперінен 3,5 м тереңдікке түскенде, геологиялық лесс қабатына дейін жеттік. Сонымен, Жуантөбе қала жұртының шахристанындағы мәдени қабаттың қалыңдығы 3,4-3,2 м екендігі анықталды. Салынған үш шурф архитектуралық құрылыстардың 4 қабатын көрсетіп берді. Оларды суреттеуді, ыңғайлы болу үшін, төменгі IV қабаттан бастаймыз. Ол VI және VII жікқабаттың басын қамтиды. Шурфтардың бәрінен пахса қабырғалар мен аздап керамика сынықтары және сары топырақтан қаланған құрылыс қалдықтары, күл араласқан мәдени қабат шығып отырды. Жасалу технологиясы, өңделуінің сапасы, көркемдік сапасы бойынша керамика IV(III) - V ғғ. жатады .
III қабат IV-V жікқабаттарды алып жатыр. Құрылыстар сұр, балшық аралас пахса блоктарынан (биіктігі 30 см-ге дейін) қаланған. Анда-санда бір түрдегі қам кірпіштердің қосылып отырғаны көрінеді. Бұл құрылыс технологиясымен байланысты: егер пахса құймасы жаңа қабатты құюға дейін кеуіп үлгермесе, онда төменгі қабаттың қалыңдылағын азайтып, кептіру үшін кепкен қам кірпіш қабатын қалайтын. III қабатта қам кірпіш архитектурасы байқалмайды. Құрылыстың жалпы жобасы II қабаттың құрылыстарын талдаған соң анықталады. Қазірше айта кететініміз, III қабаттың аталмыш учаскесінде көлемі шамамен 20*20 м үлкен ғимарат салынған. Керамика аз, бірақ қолдағы бары бойынша ол екіге: қолмен жапсырылған және шарықпен жасалған болып бөлінеді. Ыдыстың екі түрі де тең мөлшерде кездеседі. Сірә, оны IV-V ғғ. деп анықтаймыз.
II қабаттың деңгейімен аршылған 1 бөлмеде тексеру шурф салынып, оның нәтижесінде III қабаттың пахса қабырғалары С-0 бағытынан аздап, 15 градусқа ауытқыйтыны анықталды. 1 бөлмеде қабырғалардың бәрін ашудың реті түсті. 1 бөлмеден 2-ші бөлмеге өтетін есік бар, бірақ, есігі бар шығыс бөлме бұрылып кетеді. Сол себепті бұл бөліктегі қабырғаны толығымен аршудың реті келмеді. Жоғарғы II қабаттың орталық бөлмелерінің жобалануы 5,6,7,8,9 квадраттардағы аршылған архитектуралық кешеннен өзгеше келеді. Біздер орталық бөлме мен оған қосарлана салынған екі бөлме аштық, олар бір үлкен ғимаратқа жатса керек. Көлемі 8*8 м келген орталық бөлменің ішінде көлемі 5*4,8 м келген бөлме бар. Бұл бөлмеден пахсалық блоктардан қаланған жәшіктердің ішіне жануарлар сүйегі мен күл толтырылып, ол сары топырақтан немесе пахса сынықтарымен жабылған. Орталық бөлмені шығыстан, оңтүстіктен және батыстан ені 1,6 м дәліз айналып өтеді. Бұл бөлменің кіре-берісі (ені 1,5 м) шығыс қабырғада орналасқан. Солтүстік қабырғаға жанастырыла ені 2 м, қам кірпіштен қаланған тікбұрышты тұғыр бар. Оның беті диаметрі 0,6 м ошақтармен толтырылған, ал солтүстік-батыс бұрышта қиыршық тас пен саз араластырыла толтырылған шұңқыр ойылған. Солтүстік-шығыс бөлікте мехрап-ошақ ұйымдастырылған, оның ұзындығы 1 м тікбұрышты қаңқасы жақсы сақталған. Солтүстік-шығыс бұрышта көлемі 1*1 м ошақ орналасқан, оған кейіннен қызыл ангоб жағылып, жылтыратылған керамика сынықтарымен қаптап шыққан. Солтүстік бөліктегі топырақпен толтырылған бөлменің ортасында басты ошақ орналасқан болатын, бірақ біз оның сыртқы шетін ғана байқай алдық. Подиумның солтүстік-батыс бөлігінде жоғарыда атап өткен, қиыршық таспен толтырылған, көлемі 0,8*0,8 м фильтрлі шұңқыр орналасқан.
Орталық бөлмеден солтүстікке қарай көлемі 5,2*5,2 м келген 2 бөлме орналасқан. Ортада биіктігі 30 см тұғыр-подиум орналасқан, оның үстінде қиыршық тасы бар шұңқыр орналасқан, ал одан оңтүстікке қарай қабырғаны күйдірген іздері көрініп тұрған ошақ орналасқан. Солтүстік қабырғаның жанында көлемі 1,5*2 м сыпа орнатылған. Оның үсті дерлігімен ыс және күл жолақтарынан қарайған.
3 бөлме 2 бөлмеден, көлемі 1*1 м ошағы бар текше ойығы орналасқан қабырғамен бөлінген болса керек. Есік солтүстік бөлікте орналасқан болса керек. Ошақты жұмыр тастардан қаланған пандустың себебінен арши алмадық. 3 бөлменің ені 1,4 м келген екі есігі болған. Оның біреуі солтүстік қабырғада, ал екіншісі – оңтүстік қабырғада орналасқан. Оңтүстік қабырғаның кіре-берісінің жанында көлемі 0,6 м ошақ орнатылған. 3 бөлме, сірә. жартылай жабық болса керек, себебі оның шығыс бөлігінде балшықтың шайылған қатты іздері байқалады.
II құрылыс қабаты. Ол I жікқабаттың ортасы мен IV жікқабаттың аралығында орналасқан. Ол ұзақ уақыт өмір сүрген және екі қайта құру кезеңін және бірқатар жөндеулерді басынан өткерген. Бұл кешенді салу барысында, құрылысшылар үшінші қабаттың құрылыстарын қолданған, бірақ толық емес, жаңа жоба бойынша қабырға орны болмау керек жерлерде үшінші қабаттың қабырғалары бұзылып, еден орнына қолданылған. Бірінші құрылыс қабатында он бөлме бар, бірақ бір-бірімен есік арқылы жалғасқан үш бөлменің басқа бөлмелерге өтетін есіктері жоқ, оның себебі: орталық бөлменің оларды жауып тұрғандығынан. Ол, сірә, негізгі қалқаның салмағын көтерген болса керек. Қабырғалар көлемі 42*25*12-13 см қам кірпіштен қаланған. Негізгі бөлменің батысында №1 үш бөлме орналасқан, (1 кв. – 4*4,5 м) батыс қабырғаны бойлай сыпа орналасқан, оның шетінде ошақ жасалған, бірақ күнделікті қолданыста ол жылытқыш пешінің рөлін ойнаған. Ал оның жанында жұмыр тас және түбінде керамика қабаты бар тұғыр жасалған. Шығыс жақтан анық байқалғандай, үшінші құрылыс қабатының қабырғасы сыпа ретінде пайдаланылған, оның шетіне де көлемі 30*30 см кішкентай ошақ жасалған болатын. ал оның жанында көлемі 80*80 см тұғыр орналасқан. Ол майда қиыршық тас және құммен толтырылған, ал түбіне 10-15 см керамика сынықтарының қабаты төселген. Еден деңгейі 1,32 және 1,68 өлшемдерде анықталды, ал олардың ортасында көлбеу линзалар орналасқан. 2 бөлмеге өтетін есік оңтүстік қабырғада жасалған. Есіктің сол жағында пеш орналасқан, қабырғадағы кірпіштердің оттан күйгені байқалады. 2 квадратта орналасқан 2 бөлменің көлемі – 5*4,5 м. Батыс қабырғаны бойлай биіктігі 20 см сыпа орналасқан, оның оңтүстік бөлігінде қиыршық тас және аздап керамика сынықтары бар массамен толтырылған тұғыр орналасқан. Тұғырдың оң жағында аздап қолданылған ошақ орналасқан. Оңтүстік қабырға толығымен сары түсті қам кірпіштен қаланған. Солтүстік және шығыс қабырғалардың бір бөлігі пахсадан соғылған. Есік оңтүстік қабырғада орналасқан және аздап оңға қарай орналасқан. Есіктің жанында, еденде (1,46 м деңгейі) ілмек тәрізді тұтқасы бар саптыаяқ жатты. Жағылған қызыл ангобтың сапасы нашар. Соңғы ұқсастықтарына қарағанда саптыаяқ V-VI ғғ. жатады. 3 бөлме көлемі 5,5*4,5 м, деңгейі 1,60 м оның екі деңгейі бар. Шығыс қабырғаның бойымен биіктігі 20 см, ені 1 м сыпа орналасқан Солтүстік-шығыс бұрышқа жақын жерде қабырғаға қаланған ені 1 м текше ойығы орналасқан. Ол нашар сақталған, бірақ текше маңындағы сыпада ошақ орналасқан секілді, одан біз шок және ыс іздерін тіркедік. Қасында екі тұғыр орналасқан, соңғы уақытта оны «шашлық құрылғысы» деп атап жүрміз. Біреуінің пішіні тұрпайы, бастырылған саусақ іздері қалған. Төменгі жағында өткінді тесігі бар. Екіншісі ұқсастырылған сиыр басымен безендірілген. Аузы, көздері, құлақтың бір шеті қолдың бастырмаларымен жасалған. Тұғыры сынып қалған.
Негізгі қабырғаның шығыс жағында өзара байланысқан бөлмелер орналасқан. Орталық есік (ені 1-4 м) шығыс қабырғада орналасқан. Көлемі 3,3*3,8 м 4а бөлмесі 4 бөлмеге өтетін, ені 1 м келген есікке ие. Бірақ есікте және одан шығысқа қарай биіктігі 0,6, ұзындығы 3 м, ені 0,8 м пандус орналасқан. Ол жұмыр тастан қаланған. 4 бөлме тұғырмен бір деңгейде орналасқан болып шығады. Ал тұғыр болса (көлемі 1/1 м) жұмыр тас және керамика сынықтарымен толтырылған. Солтүстік-шығыс бұрышта қатты қызған ошақ орналасқан. Бүл бөлмеден ені 0,8 м және 46 бөлмесіне өтетін тағы бір енсіз өткел оңтүстік-батыс бұрышта орналасқан. Бүл «жасырын» есіктің маңында көлемі 1*1 м тағы бір фильтр – тұғыр орналасқан. Бұл есіктен шығып 46 бөлмеге енсек, онда негізгі еден деңгейінен екі баспалдаққа биік. 4 бөлменің шығыс қабырғасында 4в бөлмеге өтетін есік бар. Оның көлемі 4,3*4,3 м, оның солтүстік және солтүстік-шығыс қабырғаларының бойында биіктігі 20-23 см сыпалар орналасқан. 4в бөлменің оңтүстік қабырғасында көлемі 4,3*4 м 6 бөлмеге өтетін есік бар. Ол жоғарыда суреттеліп кеткен 5 бөлменің вестибюлі қызметін атқарған секілді. 6 бөлмеден көлемі 1,7*9 м оңтүстік дәлізге өтетін есік бар. Дәліз арқылы оңтүстік есіктен, оңтүстіктегі бөлмелердің анфиладасына, ал шығыс есік арқылы бөлмелердің шығыс анфиладасына өтуге болатын құрылыс кезеңдерінің бірінде оңтүстік есік, ал кейіннен шығыс есіктер бекітіліп тасталған. Бұл, сірә, идеологиялық өзгерістерге байланысты болса керек (авесталық культтердегі өзгерістерге байланысты). Өрт пен қирату іздері байқалмайды, керісінше, салт-жоралық ғұрыптармен байланысты жерлердің бәрі тиянақты түрде жабылып тасталған. II қабат деңгейінде аршылған қоғамдық ғимарат, бүл кезеңде қам кірпішпен қаланып тасталады.
Негізгі қабырғаның шығысында орналасқан құрылыстың бір бөлігі қайта салынған. Солтүстік бөлікте 4 бөлме орналасқан, оның көлемі – 5*3 м. Шығыс қабырғаның бойымен биіктігі 20 см, ені 1 м 40 см сыпа орналасқан. Оңтүстікке қарай 4А бөлмесі орналасқан. Оның көлемі 4*6 м, одан шығысқа қарай ені 3 м-ге дейін жеткен дәліз орналасқан. Екінші құрылыс кезеңінде қайта құрылыс жүргізіліп, 4 және 4А бөлмелері қосылып, 4 ұстынмен қалқаланған ортақ үлкен бөлме жасалынған. Еден бойымен төселген қиыршық тастардың қабаты бір-бірінен 2,5 м жерде орналасқан. Солтүстік-шығыс бөліктегі дәліз қалады, бірақ айванның кіре-берісі болып қалады. Оның екінші бір бөлігі 4 бөлменің кұрамына енеді, бірақ шығыс жағында ені 1 м кірпіштен қаланған қабырғамен күшейтілген. Жөндеу жұмыстарынан кейін 4 бөлмеде, батыс сыпаның жанында тұғыр жасалынған. Тұғырдың көлемі 60*60 см, іші жұмыр тас және керамика сынықтарымен толтырылған. Ғимараттың негізгі салмағы оңтүстік-шығыс бөлікке түсіп тұр. Оңтүстік қабырғаның бойында сыпа және ошақ жасалған. Ол ұзақ уақыт қызмет атқарған, мұны қабырғадағы күйік іздері дәлелдейді. Орталық тұйық бөлме біртіндеп шоқ, күл және топырақпен толықтырылып, бекітіліп тасталған. 5 бөлмеге кіретін есік бастапқыда 4 бөлмеде орналасқан, бірақ оны бекітіп тастап. шығыс қабырғада жаңа есік жасалынған. Дәліз аздап батысқа қарай ығысады. Оңтүстік дәлізді толығымен қам кірпішпен бекітіп тастайды. Дәліздің есігі оңтүстік-шығыс бұрышта орналасқан. Оны екінші кезеңде бекітіп тастап, кейіннен тіптен дәліздің өзін де жауып тастаған. Пайда болған 5 бөлме ұзақ уақыт бойы қызмет атқарған. Батыс қабырғада көлемі 30*30 см тағы бір тұғыр орналастырып, оның жанына ені 1 м ошақ жасайды. Ол пайдаланылғанымен, ондағы от әлсіз болатын, мұндағы күл өсімдік өртегеннен пайда болған, түсі – ақ.
6 бөлменің (10 кв.) көлемі – 4,5*5 м, ол оңтүстік бөлікте орналасқан. Ол оңтүстік дәлізбен есік арқылы жалғасатын, бірақ оны кейіннен бекітіп тастаған. Еденнен саптыаяқ табылды.
7 бөлме (11 кв.) 4а бөлменің шығысында орналасқан, оның көлемі 3*5 м. Ол әлі аршылып жатыр. Солтүстік және оңтүстік қабырғалары анық аршылды.
Керамика аз жиналды. Негізінен майда сынықтар. Бірақ солардың негізінде-ақ оны өндірудегі жоғарғы технологияны байқаймыз. Сынықтар жұқа, шығаратын дыбыстары жіңішке, жақсы жылтыратылған және қызыл ангобы берік. Бүкіл бөлмелерден оншақты керамика сынығы ғана жинап алынды. Көзе шарығымен және қолмен жапсырылған керамика бар. Көзе шарығымен жасалғаны көбірек ұшырасады. Пішіндері бойынша құмыра, тапалар және бірнеше жам-тостақтар кездеседі. Шағын құлшалар да бар. Бір өзіндік ерекшелік байқалады: көзе шарығымен жасалған ыдыстың бәрінде қызыл-қоңыр ангоб дақтары бар. олар мойын немесе жиек жағында орналасқан, олардан аққан су іздері түрінде дақтар тарайды. Бұл өзіндік ерекшелік V-VI ғғ. керамикасын бөліп көрсетеді. Бұл кезде антикалық ыдыс-аяқтың орнын шаруашылық ыдыстар басады. Сапа сақталғанымен оның міндеті өзгереді. Ыдыс-аяқ жиынтығында сүт сақтайтын құмыралар – кріңкелер, астыққа арналған – құлшалар мен күбіжіктер; қимасынан домалақ ілмек тәрізді тұтқалары бар саптыаяқтар пайда болады. Сондай-ақ тұтқалы құмыралар пайда болады. Қолмен жапсырылған шаруашылық керамика ішінде негізінен орта және кішкентай құмыралар басым. Сапасы жақсы, қызғылт немесе ақшыл ангоб жағылған, отқа төзімділігін арттыру үшін шамот көптеп қосатын. Отқа қойылғандықтан сырты қатты ысталған.
Аталмыш ғимараттың қандай қызмет атқарғанын қазіргі таңда кесіп айту қиын. Бір анығы, ол қоғамдық қызмет атқарған. Бұны оның құрылыс кезеңдері мен ұзақ уақыт бойы өмір сүргендігі дәлелдейді. Кейбір бөлмелердің атқарған қызметтері өте қызықты. Ошақпен бірге фильтр-тұғырлардың орнатылуы да өте қызықты. Үш бөлмені бір бөлмеге біріктіру және ең негізгі жәйт: оңтүстік-шығыс бөлігі қам кірпішпен бекітіліп біртұтас массив құрайды. Ғимарат жұртқа қалдырылып, біртіндеп қирай бастаған. Сол себепті қабырғалардың жоғарғы жақтары шайылып кеткен, борпылдақ және анықтауға мүмкін емес. Сірә, үйден отқа табыну іздері табылған болса керек. Мұндағы сұйықтықты жәй төге салу мүмкін болмаған, сондықтан оны фильтр-тұғырларға құятын болған. Сонымен қатар сүттен жасалған азықты қастерлеу де орын алған сияқты. Мал шаруашылықпен байланыс бар екендігін көрсететін жәйттер де кездеседі. Ыдыстардың бүйірлері мен керамикалық ыдыстардың түптерінде, кейіннен «қошқар мүйіз» деп аталған өрнектер кездеседі. Шашлық тұғырларының да салт-жоралық қызмет атқарғаны байқалады3 .
I құрылыс қабаты I жікқабаттың тұсындағы жоғарғы бөлікті алып жатыр. Отырықшылық өмірдің біртіндеп құлдырауына байланысты, мұнда кішігірім тұрғын үйлер пайда болады. Олар, сірә, қаңқалы болса керек. Адамдар шаруашылықпен айналысатын. Егін шаруашылықтың басым болғандығын тас қол диірмендер дәлелдейді. Олардың көлемі үлкен емес, бірақ олардың саны көп. Олар әрбір алаңқайдан табылып отыр.
Шаруашылық ыдыстың сынықтары өте көп. Негізінен күбіжік, құмша және үлкен құмыра сынықтары ұшырасады. Сынған керамика массасы 1 кв. метрге 100 бірлікке дейін кездеседі. Оны жинап алып, жуып тазалағаннан кейін, оны дайындау тәсілі бойынша жіктелуі жүргізілді. Мұнда көзе шарығымен және қолмен жапсырылған керамикада кездеседі. Көзе шарығымен жасалған керамика қызыл-қоңыр дақтармен, өңдеу мен безендіру байқалмайды. Күбіжіктер, құлшалар, құмыралар кейбір жиектерінде шымшымалармен және кертіктермен, ирек сызықтармен өрнектелетін. Құмыраларда шүмек, мойыннан бүйірге өтетін тұтқалары пайда болады. Кішкентай түптері жалпақ келген. Жапсырмалы ыдыс дөрекі және борпылдақ бола бастайды. Құмыралар және құмшаларды кертілген таңбалармен безендіре бастайды. Асүйлік керамика толығымен шамот араластырыла жасалған, оны көптеген жағдайда жинай алмайсың, шашылып кетеді. Аталмыш керамиканың сипатын көшпелі халықтың келуімен байланыстыруға болады. Бұл кезде қала өмірі бірден өзгере түседі. Оны VII-VIII ғғ. мұнда түркі тайпаларының келуімен байланыстырады.
Құрылыс қаңқасының кейбір ерекшеліктері елеңдетпей қоймайды. Оның ішінде түбі керамика қабатымен жабылған, іші қиыршық таспен толтырылған, қалыңдығы 10-40 см аралығында келетін шұңқырлар бар.
Ортағасырлық Усбаникет қаласымен бір деп айтылып жүрген, б.д. бірінші ғасырлары мен X ғ. уақыты анықталып жүрген қызғылықты Жуантөбе қала жұртын зерттеу, мүмкіндіктерінің жаңа жиектерін ашып, Оңтүстік Қазақстанның аумағында ерте ескерткіштер арқылы урбанизация үрдісін зерттеуге мүмкіндік береді. Ескерткіштің бірегейлігі сол, оның V-VI ғғ. жататын мәдени қабаты жұқа мәдени қабаттың астында (кейде 0,5 м аз келеді) жатқандығында. Толығымен аршылмаған ғимарат (оның үлкен көлемдерінен, II құрылыс қабатының деңгейімен көлемі 20x20 м болып келеді) алдын ала жасалған пайымдау бойынша. сол уақыттағы культтер (авесталық) атқарылатын ірі (орталы?) ғибадатхана болса керек. Өзінің міндетін құрылыс кейіндері де, III құрылыс қабатына дейін сақтап келген. Ескерткішті одан әрі зерттеу (қазбаны кеңейту және тереңдету) қажет.
1. Агеева Е.И, Пацевич Г.И. Отчет о работах Южно-Казахстанской археологической экспедиции 1953 г. // Труды Института истории, археологии и этнографии АНКазССР. Т.1. – Алма-Ата, 1956. – 51-57 б.
Смагулов Е.А. «Шашлычницы» Алтынтөбе//Известия НАН РК, сер. общ.наук. –2004. –№1, –90-108 бб.