Күмбез туралы жазба деректерді П.И. Рычков “Орынбор топографикасында” (1762) келтіреді. Ескерткіш жайында кішігірім мақала жазып, оның жоба-суретін алғаш Ш.Уәлиханов (ол бұл бейіттің Әулие сағанасы деп аталатынын жазады) сызып қалдырған (1863). Күмбез туралы әр кезде С.Б. Броневский, А.И. Левшин (1830), А.К. Красовский (1868), И.А. Кастанье (1910) жазған. Кеңес дәуірінде академик Ә.Марғұлан бұл ескерткішті қыпшақтардың ортағасырлық құрылысына жатқызды. Жұбан ана күмбезі төрт бұрышты текше жобамен салынған. Қабырға қалауының үстінен барабан (мойындық) шығарып, оған сегіз қырлы күмбез орнатылған. Ішкі төрт бұрышында сүйірлеп шығарған михрабтары бар. Аузы оңтүстік шығысқа қараған. Күмбезі мен барабаны шаршы кірпішпен сыртқы периметрі бойынша 6х6 м, ішкі жағы 4х4 м, биіктігі 6 м. Іргетасы биіктігі 50 см тас тақталармен қаланған. Құрылысқа көлемі 27х27х6 см кірпіштер пайдаланылған. Жұман ана күмбезі республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекет тізіміне енгізілген.