Қожа Ахмет Иасауи кесенесінен оңтүстікке қарай 160 м жерде, қылуетпен қатар орналасқан. Ол бір бөлмелі, шаршы пішінді, солтүстік және шығыс жақ қасбеттерімен іргелес бастырмасы бар құрылыс. Шикі кірпіштен қаланған. Бөлменің ішкі қабырғалары мен қасбеттері сыланған. Шатыры жайпақ, топырақпен жабылған. Бөлме ішіне ойық тіреуіштің көмегімен қабырғаға және орталықта тұрған 8 қырлы діңгекке тірелетін сәндік арқалық көрік береді. Діңгек пен бөлме төбесі қошқыл қоңыр түсті бояумен боялған. Көгеріс өрнектері бар орамды әшекей жапсырмалар түріндегі түрлі түсті суреттер жиектеме тақтайларында сақталып қалған. Мешіт бөлмесіндегі бұйымдар жоғалып кеткен. Бастырмадағы 4 қуыс үстіңгі жағында жұп көгершіні бар анар шоғы бейнеленген көгілдір түсті өрнекпен сәнделген. Төбесінің биіктігі 4 метрге жуық, есік-терезелері үлкен, едені ағаш. Жиекшелері мен қабырғаларындағы бедерлер мешіттің қаладағы елеулі құрылыс болғанын білдіреді. 1980 жылы мешіт үйі қайта қалпына келтірілді.