Тараз қаласында 1904 – 1906 жылы жергілікті азамат Жүніс байдың (Қали юнус Маюсулов) қаражатына шебер Сейдулла Қожаның басшылығымен салынған. 1982 жылы Жүніс бай мешітін “Ежелгі Тараз ескерткіштері” мемлекеттік қорық-мұражайының қызметкерлері зерттеді. Мешіттің үш қабырғасы күйдірілген кірпіштен қаланып, шығыс қабырғасы ағаштан тұрғызылған. Ғимараттың төбесі уық ағашпен жабылып, ағаш тұғырларға орнатылған белдемелер арқылы бекітілген. Ішкі қабырғасы мен төбесі табиғи бояуларды қолдану арқылы өсімдік тектес және қима өрнекті суреттермен көмкерілген. Алғашқы нұсқасында мешіттің жалпы аумағы 27х12 метр болған. Осы көлемдегі ғимараттың төбе жаппасын 18 ағаш тұғыр ұстап тұр. Михрабы батыс қабырғаға орналасқан. мешіттің ішкі бөлігі ағашқа ойылған ойма ою-өрнектермен әшекейленген. 1974 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген қайта жөндеу кезінде намазхана кеңейтіліп, қосымша тұғырлар орнатылды. Аулаға жаңа үлгідегі табан тастар төселіп, есіктер қойылған. Кіре беріс қақпа арқамен көмкеріліп, екі биік тұғыр-мұнарамен жалғастырылды. Жаңадан қосылған намазхана аумағы 9х26 метр. Мешіт қазір “Әулие Ата мешіті” деп аталады. Ол Тараз қаласындағы үлкен діни-рухани орталық болып саналады.