Билеушілер мен әскербасылар құстардың қанаты мен қауырсынын дәреже белгісі ретінде бас киімдеріне таққан. Бұл қауырсындар алтынмен, асыл тастармен әшекейленген. “Орақ-Мамай” жырындағы “Алтын жыға басында, Баланың келді қасына” деген жолдар Ж-ның айырым белгісі ретінде Қазақ хандығына дейін сақталғанын байқатады. Тіліміздегі “жыға танымау”, “жығасы қисайды” деген сөз тіркестері сол замандардан сақталған. Жығаның қауырсындары әскербасының атақ-дәрежесіне қарай біреу, екеу, үшеу болып келген. Кейде Жығалар тұтас алтыннан құйылып, асыл тастармен әшекейленген қауырсын түрінде жасалған (“алтын жыға”, “тілла жыға”). Бұл дәстүр кейін түркілерден Еуропа елдеріне ауысып, оны дәреже белгісі ретінде поляк, венгр корольдері, казак атамандары таққан. Кейін моғолдар бұл дәстүрді Үндістанға таратқан. Әскербасылық шен белгісі ретінде дулығаның 2 жақ шекесіне екі ұзын қауырсын тағу да Ж. тағудың бір үлгісі. Осы үлгідегі қазақ батырының дулығасы Қазақстанның Орталық мұражайында сақтаулы тұр.