Қарағанды облысы Абай ауданы, Нұра өзенінің сол жағасында, Самар елді мекенінен оңтүстікке қарай 7 км жерде орналасқан. 1972 ж. М.Қадырбаев зерттеген.
Зират екі топтан тұрады. Негізгі топта қола дәуірінің 11 қоршауы бар. Оның 8-і қазылған. Айнала тігінен қойылған қақпа тастармен қоршалған жалпақ топырақ үйінділердің диаметрі 2,8 – 12 м, пішіні дөңгелек және сопақ, биіктігі 0,2 – 0,4 м. Бұдан тек биіктігі 0,75 м 3-ші қоршау ғана оқшауланады. Ұзынша, тік бұрышты шұңқыр қабірлер батыстан шығысқа бағытталған және үлкен қақпа тастармен жабылған. 2-, 3-қоршаулардың қабірлерінде тас жәшік қаланып шығарылған. Әр қоршауға, негізінен, бірнеше қабір тән. Мүрделер аяқтары бүгілген қалпы бастары батысқа қаратыла бүйіріне жатқызылған. Мүрдені өртеп жерлеу тәсілі де байқалады. Қабірлерден біршама қыш ыдыстар, қола әшекей бұйымдары, қанжар, сүйек құралдар табылды. Қыш ыдыстар пішіні мен ою-өрнегі бойынша 2 түрге бөлінеді. Қыш ыдыстардың 2 түрінің бір зираттан шығуы – зерттелмеген құбылыс. Бұл жағдай Жыланды зиратының маңызын арттыра түседі. Негізгі топтық ескерткіштері орта қола кезеңде, яғни б.з.б. 2-мыңжылдықтың ортасында тұрғызылған. Ал екінші топтағы зираттар қола дәуірі қоршауларынан оңтүстік шығысқа қарай 500 м қашықтықта орналасқан. Ерте темір дәуіріне жататын, тас пен топырақтан үйілген 2 оба тасмола мәдениетінің ерте сатысына жататыны анықталды. Екеуіне де әйелдер жерленген. 1-оба сопақ пішінді, диаметрі солтүстіктен оңтүстікке қарай 14 м, батыстан шығысқа қарай 17 м, биіктігі 0,8 м. 2-оба дөңгелек пішіндес, диаметрі 9 м, биіктігі 0,65 м. Шұңқыр қабірлер солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталған, тереңдігі 1 м-ден астам. Мүрделер басы солтүстікке қаратыла, шалқасынан жатқызылған. Обалардан табылған алтын сырғалар, қола айна мен асыл тастардан тізілген моншақтар сирек кездесетіндігімен ерекшеленеді. Бұл обалар б.з.б. 7 – 6 ғасырларға жатады.