Қазба қалдықтары жылқының б.з.б. 7000 ж. бұрын-ақ Азия мен Еуропада қолға үйретілгендігін дәлелдейді. Жылқы тұқымдасы есек, құлан, зебр, жабайы жылқы болып 4 туысқа бөлінеді. Жабайы жылқының сүйегі Францияның солтүстігінен көп табылған. Америкада жабайы жылқы болмаған, қолға үйретілген жықылар кейін тағыланып (мустанг деп аталады) кеткен. Қазір Моңғолияда ғана жабайы Жылқы үйірлері кездеседі. Оны Пржевальский Жылқысы (қ. Керкұлан) деп атайды. Көптеген ғалымдардың зерттеулері бойынша кәдімгі Жылқының ең жақын тегі осы керқұлан. Қолға үйретілген кәдімгі Жылқының (E. caballus) шаруашылықта маңызы зор. Ол – ет және қымыз өндіру, салт міну, арбаға не шанаға жегу, спорттық бағыттарда өсіріледі. Шоқтыңына дейіңгі биіктігі 50 – 185 см, салмағы 60 – 1500 кг болады. Жылқы орта есеппен, 18 – 20 жыл, кейде 40 жылға дейін жасайды. Түсі қылаң, баран, ала болып бөлінеді. Қылаңға ақбоз, боз, бурыл, теңбіл, құбақан, сары, құла, құла жирен, шабдар, көк, сұр, құлагер, қызыл, нарқызыл, т.б. Жылқылар; баранға торы, қара, қаракөк, қарасұр, қоңыр, жирен, күрең, т.б. Жылқылар; алаға сарыала, сұрала, көкала, керала, қарала, қоңырала, күреңала, т.б. Жылқылар жатады. Алыстан қарағанда жылқының денесіндегі бозғыл түктер басым болса, ол қылаң Жылқы деп аталады. Қошқыл түстер көбірек болса, баранға жатады. Ерекше кездесетін түстер болады. Мысалы, шұбар, бозшұбар, көкшұбар, қарашұбар, т.б. Жылқы будандары қашыр, қарта қашыр (лошақ), құланоид (құлан мен Жылқы буданы), зеброид (зебр мен жылқы буданы) деп аталады. Жылқы жүк Жылқысы (Владимир жылқысы, Першерон жылқысы т.б.), мініс Жылқысы (Араб жылқысы, ахалтеке, т.б.), жазық дала Жылқысы (Дон жылқысы, Буденный жылқысы, Қостанай жылқысы, моңғол жылқысы, қазақ жылқысы, т.б.), тау Жылқысы (кабардин, қарабақ, қырғыз, алтай Жылқылары, т.б.), солтүстік дала Жылқысы (витский, эстон, якут Жылқылары, т.б.) болып ажыратылады. Дүние жүзінде жылықының 250-дей түрі бар. Қазақстанда Жылқының 16 түрі өсіріледі (қ. Жылқы өсіру). Жылқы адамзат өркениетіндегі, әсіресе, дала өркениетіндегі дамудың жарқын да елеулі көрсеткіштерінің бірі болды. Жылқыны қолға үйрете бастау көшпелі шаруашылық пен өркениет дамуының негізін қалады. Ежелгі дәуірлерде-ақ қазіргі Қазақстан аумағы Жылқының қолға үйретілген мекені болғандығын археологиялық қазбалар дәлелдейді. Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті энеолит дәуірінде ( б.з.б. 4 – 3-мыңжылдық), Арқайым ескерткіштері орта қола дәуірінде (б.з.б. 2-мыңжылдық), Қазақстанның барлық аймақтарынан кездесетін арий, сақ, ғұн кезеңдерінің ескерткіштері (б.з.б. 1-мыңжылдық – б.з. 2 ғасыр) ежелгі Қазақстанда Жылқының қолға үйретіліп қана қоймай, бұл малдың ерекше қастерленіп, әдет-ғұрыптық рәсімдердің ажырамас бір бөлігіне айналғанын көрсетеді. Арийлер Жылқыны ерекше құрметтеген. Ғалымдар арийлерде Жылқының үш түрлі тұқымы болғанын анықтады: тауда жүруге ыңғайлы шыдамды қазанат және қазіргі Түркменстанның ахалтеке Жылқының арғы тегі саналатын ұшқыр тұлпар. Әсіресе, арийлер арасында ұшқыр тұлпарлар қатты қадірленген. Әлемде алғаш рет екі доңғалақты арбаны ойлап тапқан арийлер оған ұшқыр тұлпарын қос-қостан жегіп алып, сары далада сағымша жүйткіген. Қазақстан аумағында арийлер қалдырған құнды мәдениет ескерткіштері өте көп. Олардың көпшілігі – жартастарға салынған суреттер. Суреттерден арийлердің дүниені қалай түсінгені, қандай рәсімдік билерді билегені, қалай аң аулағанын қандай мал баққаны, екі доңғалақты арбалары, абыздар мен батырлар туралы түсініктері, т.б. туралы толық мағұламат алуға болады. Ал сақтар Алтайдан Дунай өзеніне дейінгі кең байтақ аймақта үйір-үйір Жылқы өсіріп, ат құлағында ойнауды өнер дәрежесіне көтерген. Сақтардың балалары мен әйелдеріне дейін ат үстінде соғысу тәсілдерін жас кезінен жетік меңгеріп, көрген жұрттың зәресін ұшырған. Олардың қаңқұйлы жорықтарынан соң, Еуропада, Кіші Азиядағы Жерорта теңізінің бойында, Мысырда атпен бірге жаратылған кентаврлар туралы аңыз тараған. Ежелгі грек мифологиясындағы жауынгер әйелдер – амазонкалар туралы аңыздар да осы сақ әйелдерінің бейнесінен алынған деген пікір бар. Қалай болған да, Жылқыға салт мінуді қас өнерге айналдырып, оны әскери әдіс-тәсілдермен шебер ұштастыра білген сақтар өз заманының ең қуатты еліне айналған. Олар өздерінің жаңа жерлерді жаулап алуына, тіршілікке қажетті байлықтарға кеңелуіне жағдай жасаған.
Жылқы баласын аса қатты құрметтеп, жан серігі санаған. “Олар аттарына да мыстан кеудені жауып тұратын сауыт кигізеді, - деп жазады ежелгі грек тарихшысы Геродот, - ал жүгендерін, шылбырын алтынмен әшекейлейді”. Сақтардың патшалары, қолбасшылары мен батырларының тек өздерінің бас киімдеріне ғана емес, мінген аттарының төбесіне де лауазымдық белгі – жыға таққаны туралы деректер бар. Олардың қайтыс болған хандарды, ханзадаларды, батырларды т.б. жерлегенде, оның жан серігі болған атын жанына бірге қою ғұрпы да “иесіне аты о дүние де серік болады” деген сенімнен пайда болған. Қазақ халқы арасында әлі күнге дейін сақталған ат тұлдау, яғни, қайтыс болған адамның мінген атын тұлдап жіберіп, бір жылдан соң асында сою ғұрпын сол сақ заманынан сақталған дәстүрдің жалғасы деп есептеуге болады. Айбынды атты әскерінің көмегімен қаһарлы елге айналып, Еуразия құрлығында үстемдікке қол жеткізген, сөйтіп адамзат өркениеті тарихында өшпес із қалдырған кейінгі ғұндар, Түрік қағанаты, Шыңғыс хан империясында да Жылқы малы қатты қадірленген. Осы мемлекеттерді құрған тайпалардың негізінде ұйысқан қазақ халқының дүниетанымында, ділі мен тілінде Жылқыға қатысты өзгеше философия және мәдени жүйе қалыптасқан. “Адам – жылқы мінезі”дейді қазақ халқы. Бұған “жылқы – малдың патшасы”, “жігіттің сорлысын аттың жолдысы теңейді”, “ат – ердің қанаты” т.б. жүздеген мақал-мәтелдерді қоссаңыз, халқымыздың адам мен оның жан серігі атына біртұтас әлем ретінде қарағанына көз жеткізуге болады. Адамның азамат қатарына қосылуының өзін “ат жалын тартып мінді” деп бейнелейді қазақ халқы. Жас баланың алғаш атқа отырғанын атап өту рәсімі – тоқым қағар тойынан бастап, адамның бұл өмірден өткенінің белгісі ат тұлдауға дейінгі бүкіл пәнилік тіршілікті Жылқы мен байланыстырған халқымыз біреумен жауласса “ат құйрығын кесіскен”, біреудің алдында кінәлі болып қалса “ат-шапан айыбын төлеген”. Сыйлы қонаққа ат мінгізу, күйеу жігіттің қалындық алуына алғаш барғанда ат байлауы, ұрыс кезінде жау қоршауында қалған қолбасшыға ат сүйек беріп құтқару, т.б. дәстүрлер, атқамінер, атқосшы, атшабар, т.б. лауазымдар Жылқының қазақ халқының шаруашылығында ғана емес, әлеуметтік өмірінде де үлкен мәнге ие болғанын білдіреді. Халқымыз Жылқыны, ең алдымен, ел қорғаны ердің жан серігі деп дәріптеген. Ұлттық мифологиямыздағы иесі қысылғанда тіл бітіп, ақыл айтатын тұлпарлар (мысалы, “Ер Төстік”, “Алтын сақа”, т.б. ертегілерде), батырлық жырлардағы Қобыландының Тайбуырылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қара қасқа аты, бергі заман батырлары Исатайдың Ақтабаны, Амангелдінің Шалқасқасы иелерімен бірге жыр-аңызға айналып, ел құрметіне бөленген. Қазақ халқының әскери жорыққа төзімді Жылқы тұқымдарын көптеп өсіретіні туралы деректер Ресей және Еуропа зерттеушілері Н.Бахметьевтің (1870), С.Вогахтың (1873), А. Гендердің (1875), А.Вилькинстің, т.б. еңбектерінде жазылып қалған. 19 ғасырдың 80-жылдары Австрия подполковнигі А.Дандевильдің Орынбор даласына арнайы сапар шегіп, Австрия армиясы үшін 3000 қазақ Жылқысын сатып алғаны туралы деректер сақталған. Қазақ даласында өсірілген Жылқылар 1 және 2-дүниежүзілік соғыс майдандарына көп алынған. 1945 жылы 24 маусымда Мәскеуде өткен Жеңіс парадын КСРО маршалы Г.К.Жуков Қазақстанның Луговой (қазіргі Құлан) жылқы зауытында өсірілген Араб есімді ақбоз ат үстінде қабылдауының өзінде символдық нышан бар еді (қ. Абсент). Екіншіден, қазақ халқы Жылқыны спорттық ойын-сауықтарда (қ. Аламан бәйге, Бәйге, Құнан бәйге, Жорға жарыс, Көкпар, Аударыспақ, Ат омырауластыру, Ат үстінен тартыс, Жамбы ату, Қыз қуу, Салма ілу, Күміс ілу, т.б.) азаматтың мерейін асыратын, сал-серілікпен сәнділіктің шырайын келтіретін текті жануар деп есептеген. “Жылқы сәндік үшін, түйе байлық үшін” деген мақалдың мәні осыны мегзейді. Қазақ халқының алыс қашықтыққа шабатын аламан бәйгелер ұйымдастыратыны туралы орыс саяхатшылары тамсана жазады. Мысалы, А. Вилькинистің 1885 ж. “Журнал коневодства и коннозаводства” басылымында жарық көрген “Заметки о лошадях Туркестана” деп аталатын мақаласында мынадай пікір айтылады: “Орта Азия халықтарының ішінде атты алысқа шабуға машықтыратын қазақтар мен түрікмендер 25-тен 40 верстке (1 верст – 800 м) дейін ат шабысын ұйымдастырған. Ал Әулиеата қазақтары қашықтығы 100 версттік бәйге ұйымдастырып отырған”. Осы мақалада тағы бір қызғылықты пікір бар: “...Ташкент пен Орынбор арасына қосарға бір ат алып, 18 күнде барып қайтқан. Дәстүрлі қазақ қоғамында жүйрік жылқы тек иесінің ғана емес, бүкіл рудың, аймақтың мәртебесін өсірген. Олар туралы әндер мен күйлер шығарылып, есімдері халық жадында ұзақ сақталған. Мысалы, бүкіл Қазақстанға танымал Құлагер, Жетісуға мәлім болған Көкбайтал, Оңтүстік Қазақстан мен Қырғызстанның біраз жеріне даңқы жеткен Қараат, 20 ғасырдың 60-жылдарындағы Б.Кітапбаевтың Құланқарасы, Желмаясы, т.б. Халыққа жақсы танымал “Кербескер”, “Қара жорға”, “Бестай”, “Бозжорға”, “Тепеңкөк” тәрізді әндер мен күйлер, Ақан серінің “Құлагері”, “Мамангері”, “Құлагердің желісі” әндері, Біржанның “Телқоңыр”, “Бурылтай”, “Керкекіл” әндері, К.Әзірбаевтың “Көкшолағы”, Е.Аязбаевтың “Шайтанқарасы”, т.б. Жылқыны әспеттеудің үздік үлгілері саналады. Жылқы тұқымын асылдандырудың, сәйгүлік болар Жылқыны тай күнінен ажырата білудің, ат баптаудың қыры мен сырын жетік білетін мамандарды халық арасында атбегілер немесе атбаздар деп атаған (қ. Атбегілік). Атақты Толыбай сыншыдан бастап, Оңтүстік Қазақстанда ғұмыр кешкен Мақұлбек, Жетісуда ғұмыр кешкен Бақай сынды атбегілер туралы аңыздар әңгімелер сақталып қалған. Үшіншіден, дәстүрлі қазақ қоғамында байлық мөлшері тек жылқымен ғана өлшенген. Жылқысының саны 5000-нан асатындар ғана бай санатына жатқызылған. Халықтың жылқы малына қатысты ерекше ықыласы, кең байтақ жайылымдардың болуы, жылқының қыста тебініп өзі жайыла алатындығы, т.б. факторлар қазақ даласында бұл түліктің көп өсірілуіне себеп болған. 1880 жылы Австрия-Венгрияда 3,5 млн., Германияда 3,3 млн., Францияда 3,0 млн. Жылқы болса, 1879 жылы Қазақстанның бір ғана Орынбор облысында 1,8 млн. жылқы болған. 20 ғасырдың басындағы нәубеттерден кейін 1920 жылы Қазақстанда 8 млн-нан астам Жылқы қалғандығы туралы ресми дерек бар. Шын мәнінде, ұлттық байлық саналған осыншама Жылқы Кеңес үкіметінің солақай саясаты салдарынан 20 ғасырдың 30-жылдары қырғынға ұшыраған (қ. Ашаршылық). Қазақ халқы жылқы малын 3 топқа бөлген. Белгілі этнограф М.Бабажановтың 1871 жылы Ресейдің “Журнал охота” (№6, 7, 11, 12) және “Журнал коневодовство и коннозаводство” (№4, 5, 6,) басылымдарында жарық көрген мақалаларында қазақ халқы өсіретін жылқыларды үш топқа бөледі: 1) күшті, еті тығыз аттар. Ауыр жұмыстарға, жүк тартуға, көші-қонға пайдаланылған; 2) жүрдек аттар. Күші мығым ат пен бәйге атының арасындағы, салт жүріске жарамды Жылқылар; 3) жүйрік аттар. Осы соңғы топтың өзін автор қарғыншыл (2, 4, 8 верст қашықтыққа ғана шабатын ұшқыр ат), қашағаншыл (бұл да аз қашықтыққа, асауды қайыруға пайдаланылады) ат, шын жүйрік ат деп бөлінеді. Зерттеушінің бұл пікірі қазақ халқының Жылқы шаруашылығындағы белгілі бір жүйе болғандығын қуаттайды. Қазақтар бәйгеге қосатын жүйрік жылқыларды тұлпар, арғымақ, сәйгүлік деп әлпештеп, ерекше күтімге алған. Ал ауыр жүк артуға, алыс жолға төзімді Жылқыны қазанат деп атап, оны да ерекше бағалаған. Ал еті мен сүті үшін өсіретін қалған Жылқылар жабы деп аталған. Қазақтың жабы Жылқысы жайылымда жақсы семіреді. Семіртіп сойған жабы Жылқыдан 53 – 57% , кейде 60% ет алынған (230 – 250 кг). Қазақ халқы Жылқы етінен қазы, қарта, жал, жая, т.б. дәмді тағамдар әзірлеп, терісі мен қылын да шаруашылыққа пайдаланған (қ. Тулақ, Жүн). Ал жабы Жылқының биелерінен тәулігіне 18 – 20 л сүт сауылған (қ. Қымыз). Сүті мол бие мама бие деп аталған. Бие желінінің сүтке толып, сауылатын мезгілін сауым дейді. Ол бас сауым (күні бойы сауылатын биенің ең алғашқы сауымы), жебей сауымы (бас сауымнан жарты сағат өткеннен кейін биені қайта сауу), кенже сауым (биені өріске ағытар алдындағы соңғы сауым), т.б. болып бөлінеді. Ал құлындамай қалған биелерді қысырақ деп атайды. Жалпы қазақ тілінде Жылқы өсіруге, оның мінез-құлқына, жасына, жүрісіне, т.б. байланысты ұғымдар мен атаулар көп. Мысалы, Жылқы төлдерін: құлын (биенің жас төлі), жабағы (6 айдан асқан құлын), тай (1 жастан асқаны) деп атайды. Ал бұдан әрі ұрғашы Жылқыны яғни байталды: құнажын байтал (2 жастан асқаны), дөнежін шығар (3жастағы байтал), дөнежін байтал (3жастан асқаны), бесті бие (4 жастан асқаны), қасабалы бие (7 – 8 жастағы бие), кәртамыс бие (11 – 14 жастағы бие), жасаған бие (20 жастан асқан бие), т.б. атайды. Піштірілмеген еркек Жылқының яғни айғырдың атаулары: құнан айғыр (2жастан асқаны), дөнен айғыр (3жастағысы), сәурік айғыр (3 – 4 жастағы үйірге салынбағаны), бесті айғыр (5жастағысы), сақа айғыр (11 – 12 жастағысы), т.б. Қазақ халқы салт мінуге немесе союға арналған еркек Жылқыларды жас кезінен піштіріп (тарттырып деп атайды) жібереді. Тіліміздегі ат ұғымы, көбінесе, осындай жас кезінен піштірілген, салт мінуге арналған Жылқыға қатысты айтылады. Піштірілген Жылқылар үйірге қосылмай, бөлек жайылады. Сондықтан оларды саяқ Жылқылар деп атайды. Саяқ Жылқылар атаулары: ат (піштірілген еркек Жылқы), сақа ат (11 – 12 жастағысы), шобыр (жүк артуға, ұзақ жолға төзімді ат), тұғыр (салт мінуге қолайлысы), мәстек (аш-тоқтығын білдірмейтін жуас ат), азбан (кеш піштіріліп, айғырлық мінезін қоймайтыны), т.б. Жылқы жүрісі табиғи және жасанды болып екіге бөлінеді. Табиғи жүріс – жылқыға адамның үйретуінсіз біткен жүріс (аяң, желіс, шабыс, жорға). Аяң – жылқының ең жай жүрісі. Мұнда ол алдыңғы оң аяғы мен артқы сол аяғын кезек басады. Өгіз аяңда – алдыңғы аяқтың ізіне артқы аяқ жетпейді. Аяңшыл жылқыға кәдімгі ат бүкіл желіспен әрең ілеседі, аяңшыл жылқының артқы аяғы алдыңғы аяқтың ізінен асып түсіп отырады (сағатына 5 – 7 км жүреді). Желіс – аяңнан гөрі өнімдірек жүріс. Бұл бүкіл, бөкен желіс, сар желіс болып бөлінеді. Бүлкіл – желістің ең жай түрі (сағатына 13 – 15 км); бөкен желіс ұзақ жолға қолайлы (сағатына 20 км); сар желіс – желістің ең шапшаң түрі (сағатына 50 км-ге дейін). Мұндай желіс желгіш жылқы тұқымдарына тән. Бірақ жылқы сар желіске ұзақ төзе алмайды. Жолаушыға да, жылқыға да бөкен желіс тиімді. Шабыс – жылқының желістен де тез жүрісі. Мұның жай түрін майшоқырақ деп атайды, өйткені адамға тыныш келеді. Мұнан қарқындысын жай шабыс, ал жылқының бар мүмкіншілігінше шабуын ағынды шабыс (мысалы, ағынды жылқы) деп атайды, яғни мұндай жылқы қысқа қашықтықты өте аз алады. Бұл – әсіресе ахалтеке жылқысына тән қасиет. Жылқының өзге жүрісінің бірі жорғалау (қ. Жорға) жарыс және қарғу. Қарғуға жылқыны жаттықтырады. Жатыққан жылқы 2,47 м биіктіктен, ұзындығы 8,3 м ордан қарғи алады. Дәстүрлі қазақ қоғамында жылқы өсіруге (қ. Күзеу, Ен, Таңба), оларды салт мінуге арнап ер-тұрман жасауға, тіпті Жылқыға тіл қатуға қатысты ұғымдар мен атаулар да көп болған. Сондай-ақ, қазақ халқы Жылқының маңқа, қара өкпе, шойырылма, қарақаптал, киеңкі, жамандат, мандам, боғымалы, қыршаңқы, өлі, желін құрт, сары ауру, жалақ, жауыр, шилі қара, лоңқа, өлі ет, қара дақ, т.б. ауруларын дәл ажыратып, олардан емдеудің өзіндік тәсілдерін жақсы білген. Қазір Қазақстанда Жылқының 16 тұқымы өсіріледі. Олар негізінен, ет және қымыз өндіруге мамандандырылған шаруашылықтарда, асыл тұқымды Жылқы өсірілетін жылқы зауыттарында бағылады. (қ. Жылқы өсіру). Республикада Ат спорты федерациясы жұмыс істейді, ұлттық ат спорты мен Жылқы шаруашылығы мәселелеріне арналған “Мамаңгер” журналы шығады.