Зинджантроп қаңқасының қалдығын алғаш рет 1959 жылы ағылшын антропологы Л. Лики (1903 – 1972) Шығыс Африкадағы Танзания мемлекеті аумағынан (Серенгети үстірті маңы, Олдувай қойнауы), ежелгі тау жыныстарының бірінші қабатынан тапты. Оны ғалымдар Шығыс Африка адамы (Zіnjanthropus boіseі) деп атады (“зиндж” арабша Шығыс Африка деген ұғымды білдіреді, бұған осы ғалымдардың антропологиялық қазба жұмыстарын қаржыландырған ағылшын кәсіпкері Ч. Бойстың құрметіне “бойсей” сөзі қосылып аталды). Қаңқасы табылған Зинджантроп өкілінің жасы 1,8 – 1,75 млн. жыл деп анықталды. Бас сүйегі арқылы ғалымдар Зинджантроп екі аяғымен тік жүріп тіршілік еткен, миының көл. 530 см3 болған деп қорытынды жасаған. Зинджантроптың бас сүйегі бұрын табылған австралопитектердің бас сүйегіне ұқсас, жақ сүйектері ерекше үлкен, тістері ірі, маңдайы тайқы, әрі бас сүйегінде айқын көрініп тұрған қыры болған. Оған шайнау бұлшық еттері бекіген. Осындай белгілері Зинджантроптардың қатты өсімдіктермен қоректенгендігін аңғартады. Зинджантропты азу тістерінің аса ірілігіне байланысты “шағушы” деп те атайды. Олардың денесі ірі гориллаға ұқсас, бойының ұзындығы 160 – 170 см, беті жалпақ. Зинджантроптың қаңқа қалдығы табылған жерден қарапайым тастан жасалған құралдар да шыққан.