Ол туралы тарихи деректер ежелгі дүние тарихшылары Диодор (б.з.б. 90 – 21), Ктесий жазбаларында кездеседі. Зарина есімі ежелгі Ассирия, Мидия елдерінің Азиямен байланысы тұсында айтылады. Мидия өзін бағындырғысы келген Парфия мемлекеті үшін сақ тайпаларымен соғысады да, Мидия ханзадасы Стриангия Заринаны жаралайды. Екі жақ та үлкен зардап шегеді. Ақыры олар келісімге келіп, дос әрі одақтас болуға уағдаласады. Осы оқиғалар тұсында сақ тайпасын басқарған патша Зарина болатын. Ол өзінің батылдығы, сұлулығы және ақылдылығымен дараланған. Сақ жеріне көз тіккен көрші патшалардың талайын жеңіп, ел тұрмысын жақсартқан, көптеген қалалар салдырған. Зарина тағдырына байланысты туған “Зарина және Стриангия” атты жыр да бар. Оның мазмұны бізге толық күйінде жетпесе де, қаҺармандық эпос рухындағы туынды екені анық. Зарина өлгенде ел-жұрты оның басына үшбұрышты пирамида орнатып қастерлеген. Орыс тарихшысы В.Н. Татищев (1686 – 1750) құрастырған сөздікте Заринаның сом алтыннан жасалған ескерткіші жәйлі дерек бар. Заринаның ерлік істері көне түркі тарихы мен әдебиетіндегі “Қырық қыз”, “Баршын қыз” секілді жыр-дастандар мазмұнына келіп ұласады.