“Кезең” ұғымы әр түрлі салаға қатысты қолданылады: 1) геологиялық кезең – тау жыныстарының геологиялық жүйе болып қалыптасатын уақыт бірлігі. Ол геологиялық эраның бір бөлігі саналады және бірнеше геологиялық дәуірлерге бөлінеді. Геологиялық кезеңдердің ұзақтығы 1,6 млн. жылдан (төрттік кезең) 79 млн. жылға дейін (бор кезеңі) жетеді және олардың аталуы геологиялық жүйенің атымен бірдей болады. Мыс., кембрий жүйесі – кембрий кезеңі (қ. Геохронология); 2) тарихи кезең – тарихи немесе әлеуметтік процестердің басталуынан аяқталуына дейінгі белестік уақыт аралығы. Адамзат қоғамының дамуын кезеңдерге, дәуірлерге бөлуге ежелгі дәуірде-ақ талпыныс жасалған. Бірақ олардың көпшілігіне біржақтылық, шарттылық сипаттар тән болып қалып отыр. Адамзат қоғамының даму тарихын дәуірлерге (ежелгі дәуір, орта ғасырлар, жаңа дәуір) бөліп қарастыру жүйесі орныққан. Ал “кезең” деп, көбінесе, жалпы адамзат тарихындағы немесе жеке ел тарихындағы белгілі бір әлеуметтік процесс басым көрініс тапқан мерзімді атайды.