Келес ауданы Келес өзенінің оң және сол жақ жағалауларында ежелгі тас дәуірінен орта ғасырларға дейінгі мерзімде өмір сүрген алғашқы адамдар мен тайпалардың тіршілік үшін жасаған құрал-сайман, қару-жарақ, мекен-жайларын білдіреді. Бұлар осы өңірлерде, әсіресе, Қазығұрт тауының бөктері мен Келес даласында көптеп кездеседі. 1973 – 1974 жылдары қасиетті Қазығұрттың бөктері мен Өгем, Қаржантау тауларынан, Жалпақсу І, ІІ, ІІІ, Қияқты, Сусіңген, Жалғызарша жерлерінен көне тас дәуірі мен орта тас дәуірлерінің тұрақты мекен-жайларын, тас дәуірінің ескерткіштерін тапқан. Сондай-ақ 1948 – 1958 жылдвры Г.В. Григорьев, А.Н. Бернштам, Г.И. Пацевич, А.Г. Максимовалар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, б. з. б. 3 – 6 ғасырларда өмір сүрген тайпалардың обаларын, 9 – 12 ғасырлардағы тарихи тұрғындардың тұрақты мекен-жайларын зерттеген. Ал 1990 жылдан бастап Д.Тәлеев қаңлы дәуірінен орта ғасырдың орта кезі (10 – 12 ғасырлар) мен соңғы кезеңінің археологиялық ескерткіштерін ғылыми айналымға енгізді.