Сонымен қатар, жаңа ескерткіштерді айқындау мен зерттеу мақсатында барлау жұмыстары жүргізілді. Аталмыш археологиялық зерттеулерде археологиялық, геомагниттік және аэрофото әдістері кеңінен қолданылды.
Жаңа Шүлбі IX қонысы Жаңа Шүлбі ауылының жанынан ағып өтетін Шүлбі өзенінің қатты эррозияға ұшыраған оң жағасында орналасқан.
Алғашқы зерттеулердің нәтижесінде шлактардың шашылған орындарында екі аномалия айқындалып, олар мысты балқыту орындарымен байланысты деген болжам жасалған. 2006 жылы 52 м2 жерді қамтыған қазбадан сол болжамды дәлелдейтін заттай деректер табылды. Мәдени қабаты шлактардың, мыс қалдықтарының (малахит, азурит) көптігімен ерекшеленген №6 қазбадан бір-бірінен 0,5 м алшақтықта шлакпен толған, ұсақталып кеткен ірі тигл және шлактардың тығыздалып жиналған орындары аршылды. Өндірістік алаң шаруашылық шұңқырлар, андрондық тұрпаттағы қыштар, аңдардың сүйектері сияқты қоныстарға тән ерекшеліктермен толықтырылған. Табылған заттары: екі пышақтың сынығы, дөңгелек пішінді түйме, энеолит және ерте қола дәуірлерімен мерзімделетін қыш сынықтары кездеседі, бірақ олардың нақты стратиграфиялық орны белгісіз. Өзеннің жағасында орналасқан, әрі андрон кезеңінің мәдени қабатынан төмен тұрған ошақ пен пешті тазалауда қызықты мәліметтер алынды. Мәдени қабаттың ең төменгі бөлігіндегі ошақ, радиоуглеродтық анализ бойынша энеолит кезеңімен мерзімделеді. Таспен өрілген пештің қалдықтары ошақ пен андрон кезеңі қабатының ортасында орналасқан. Қоныста жүргізілген қазба жұмыстары, бұл жерде металл өндірісінің андронға дейінгі кезеңінің болғандығы жайлы мәліметтер бермеді.
Асқаралы II кен өндіру шахтасына және жерлеу орнына жақын жерде, бір кезеңге жататын екі қоныс пен күл тебе табылды.
Екі таудың ортасында орналасқан Мастаубай 1 қонысында гранит плиталардан көтерілген төртбұрыш пішінді үйлердің орны бар. Қазу барысында үйдің ішінен де сыртынан да табылған археологиялық заттары әлі сұрыпталмаған, бірақ олардың ішіндегі қыштардың басым бөлігін андрондық типтегі әр түрлі өрнектері бар ыдыстардың сынықтары құрайтыны анық. Сонымен қатар қоныстан сиырдың жақ сүйегінен жасалған тұйық, жылтыратын аспап, бір жағы егелген асық және қасық пішінді бұйымнан тұратын сүйек заттары табылды. Қоланың ұсақ бөлшектері, кетпен, қыш сынығынан жасалған льячка, тас балға сияқты заттар қоныстағы зерттелген үйде аз кездеседі.
Асқаралы тауының оңтүстік беткейінде орналасқан үш шахтаны зерттеу жұмыстары жалғастырылды. Шахталар қалайы кенінің таралуына байланысты батыстан шығысқа қарай 30 метрге созылып жатыр. Ежелде кенді өндіру кезеңдеп немесе баспалдақ қалдыру әдісімен жасалған. Шығыс №1 шахтасында өндірістің 7 кезеңін білдіретін баспалдақтар бар. Алғашқы баспалдақтың ені 1,1 метрден 2,3 метрге дейін жетеді, ал екіншісінің ені 1,1 метр мен 1,65 метрдің арасында. Шахтаны игеру барысында кеннің көлеміне байланысты оны өндіру шекарасы кеңейеді немесе тарылады, бірақ шахтаның түбінің ені кіру құдығының енінен көп аспайтын болған. Өзінің конфигурациясы күрделі болып келген Батыс шахтасы көлденең игерілгенімен қатар қабырғасының шеттерін де ұңғыған. Бұл шахтаны игеру үшін араларында бүгін жер қалдырылған екі құдықтан кіретін болған. Шығыс шахтасының түбі кіретін есіктен батысқа қарай 9 метрге ұзап кеткен, оның тереңдігі 9 м. Шахталардың ішіндегі кішісі Шығыс 2 шахтасының тереңдігі 4,3 - 4,4 м. Шахталарды игеру барысында олардың қабырғалары мен төбелерін өңдеген. Шығыс 1 шахтасының ең ұзақ камерасының әр бөлігінің төбесі плафон тәрізді күмбезделген. Әр баспалдақтың негізінде дөңгеленген шұңқырлар бар, олар ағаш төсеніштердің тіреуіші қызметін атқарған болуы керек. Шахталардың іші кенді өндіру барысында пайда болған ұсақ гранит тастарымен толтырылған, солардың арасында кенді игеруге пайдаланған тас балғалардың сынықтары жиі кездеседі. Сонымен қатар, кенді өндіруде отты пайдаланған деген тұжырым жасауға мүмкіндік беретін ағаш көмірдің қалдықтары да кездеседі. Тастардың бір бөлігі жаңадан игеріліп жатқан камерадан әкелінген болуы мүмкін. Енді бір бөлігі үстінен сырғып құлаған немесе кеңес заманындағы . геологтардың барлау жұмыстарының нәтижесі болып табылады. Табылған заттардың арасында андрон кезеңінің қыш ыдыстарының сынықтары, аңдардың сүйектері, бүтін балғалар немесе олардың сынықтары кездеседі.
Жерлеу орны (Черногорка) ежелде кен өндірген шахталардың орны сақталған таудың етегінде орналасқан. Бұл қорым 9 қоршаудан тұрады. Бір қоршаудың ішінен 3 қабір қазылып зерттелді. Адамдардың сүйектері өртеліп, батыстан шығысқа созылып жатқан тас жәшікке жерленген. Тас жәшіктердің барлығы ежелде тоналып кеткен. Жәшіктердің ішінен қыш ыдыстардың сынықтары ғана кездеседі. Бір қабірден жерленген адамның аяқ тұсынан шытынап кеткен бүтін ыдыс табылды және біреуінен тас балға табылды. Олардың пішіні, құрамы мен өрнектері шахталардан табылған заттармен ұқсас.
Төрт жыл бойы Қазақстанның шығыс өңірінде жүргізілген жұмыстар Орталық Азияның ежелгі кен өндіру ісіне байланысты археологиялық ескерткіштерін зерттеудің бастамасы болып табылады.