2005 ж. қазба жұмыстарының негізгі нәтижелері рабадтың біртұтас кешеніне кіретін тұста көлемі 400 ш.м болатын бөліктің аршылуы болып табылады. Жобасына, шыққан дүниелеріне, сонымен қатар басқа да баламаларына қарағанда бұл ата-бабалар рухына арналған ғұрыптық кешен болуы керек. Әзірге ғұрыптарды толықтай қалпына келтіру мүмкін емес. Бірақ көптеген бөлмелерден ошақтар, ұсақ тастар мен ірі ыдыс сынықтары толы ұралар табылды, сонымен қатар күл үйінділері мен құрбандық мал сүйектері анықталды. Олардың әрқайсысы лаймен сыланып, қасиетті құрбандық астың қалдығынан тұратын, орталық бөлменің ортасында орналасқан бір құрылымдық-тұғырды құрайды. Оның маңайында айналма дәліз пайда болған. Құрбандық ас қалдықтары жинақталған басқа да жерлер табылды.

Ошақтар ас дайындауға арналған. Олар әрбір бөлмеде бірден-екіден, кейбіреулерінде, әсіресе орталығында одан да көп табылды. Сонымен қатар әрбір бөлмеде құрбандық малдың қанын ағызуға арналған орындар анықталды. Бұл құрбандық пен ас берудің "үнемі" дерлік өтіп тұрғанының белгісі. Айта кететін жайт, бұл ошақтардың көбінің пішіні таға тәріздес келген және сонымен қатар жылқының немесе салт аттылыны бейнелейтін секілді (бас жағы мен адамы жоқ, тек құйрығы мен денесі бар).

Жерлеу салтындағы жылқы ғұрыпы мен оған деген көзқарас көптеген зерттеушілердің еңбектерінде көрініс тапқан (Массон В.М., Сарианиди В.Н., В.Б. Ковалевская.). Жылқыны немесе марқұмды жылқысымен жерлеу дәстүрлері кеңінен белгілі. Олардың тамыры скиф-сақ дәуірлеріне кетеді және жүздеген жылдар бойы көне түркілердің, моңғолдардың салттарында, алтайлықтар мен тыбаларда XIX ғ. дейін сақталып жетті. Әсіресе бұл дәстүр Берел қорғанында жарқын көрініс тапты. Осылайша, даланың көшпелі тайпаларының аңыз-әфсаналарында жылқы жерлеу ғұрыптары дәстүрлі түрде ерекше рол атқарады. Ол бойынша жылқы әлемдер арасында, яғни өлілер мен тірілер әлемі арасында тасымалдық қызмет атқарған2.

Зерттеу жұмысы 2005 ж. қазбаның батыс жағындағы бөліктің кесіндісінде, рабадтың солтүстік территориясында басталды. Кесінді бөлігін енінен 8 м алып, бұрынғы қазбаның ұзына бойына салынды (18 м). Оңтүстік бөлігінде, ойға алған 10,12 бөлмелерді және жаңа батыс бөлікті аршу үшін қазба ұлғайтылды. Аршу жұмыстары бірінші деңгейде, яғни жоғарғы мәдени қабаттың едені деңгейінде жүргізілді. Құрылымдары мен дүниелері әдеттегідей болып келетін 6 тұрғын бөлмелер аршылды.

Жоғарғы мәдени қабатты белгілеп және құжаттағаннан кейін екінші қабатты аршу басталды. Архитектурасын іздеу кез3нде белгілі бір қиындықтарға тап болдық. Өйткені оның жоғарғы қабатпен еш байланысы болмаған. Сонымен қатар, қабырға қалдықтары да кей тұстарда ғана сақталған және бірінші қабат пен екінші қабаттың аралары жақын болғандықтан сақтаған биіктіктері де онша емес.

Қабырғаның кейбірі кейінгі қыстақтардың нәтижесінде зардап шеккен. Олардан күл қабаттары, ал жер бетінде терең емес ойпаттар қалғаны байқалады. Ұқыпты түрде тазалағаннан кейін кейбір қабырғалардың жобаларын қалпына келтіруінің сәті түсіп және соның негізінде екінші қабаттың қалай болғандығын елестеттік. Бұл тұста шикі кірпіш пен ірі кесектерден тұрғызылған ғимарат болған.

Аршылған екінші қабаттың солтүстік бөлігінде 1 бөлме орналасқан. Ол ұсқынсыз келген қолдан жапсырылған құмыра, тостаған, хум керамикаларының жекелеген бөліктерінің үйінділеріне толы. Оңтүстікке таман 2 бөлменің оңтүстік-шығысы бұрышында, шығыс суфада үлкен ошақ орналасқан. Бөлменің едені күл қабаттары мен ағаш шаласына толып қалған. Керамикалық бұйымдар түркі кезеңдерінің ыдыс-аяқтар кешеніне тән, яғни VI-VII ғғ. байланысты болуы мүмкін.

2 бөлменің оңтүстік қабырғасында 5 бөлмеге өтетін ауыз қалдырылған. Ауызды өрт кезінде төбенің құлап басып қалған және күл қабаты жақсы аңғарылады. 5 бөлменің солтүстік-шығыс бұрышында үлкен хум тұрды. Бөлмелерден VI-VII ғғ. отырарлық-қаратаулық мәдениетке тән керамика табылды. Екінші қабатта 5 бөлме аршылды.

Рабадтың сыртқы қабырғасынан сүйектен жасалған, бүтін жебе ұшы табылды (11*1,8 см). Төртқырлы, екі қиылысында да ромб тәріздес, өткір қырының ұзындығы 7 см және бекітілетін тұсы сақталған. Егер темір жебе ұштарынан баламалар іздесек, онда ол VII-VIII ғғ. жебе ұштарымен ұқсас келеді. Қабырғадан асықтар табылды. Табылған 57 асықтың 22-сі бір жақ қырынан өңделген.

№5 қазбаның орталық бөлігінің оңтүстік жағы 2005 ж. толық аршылмаған болатын, сондықтан 10 бөлмеге қазба салынды. Екінші қабаттың архитектуралық кешені шығыс жағында да аршылды. Шығыс бөлікте әдеттегідей керамика жиынтықтары мен күл қабаттары кездескен бірнеше бөлмелер тазаланды.

5 қазбаның орталық бөлігінде тазалау жұмыстары жалғасты. III қабаттың 1 бөлмесін қазу үшін II қабаттың ғұрыптық архитектураға келіп кіріккен қабырғалары, әсіресе көлемі ірі келген ошақ (тандыр болуы мүмкін) пен ұсақ қиыршық тастар толтырылған шұқанағы бар суфа алынып тасталды. Бұрышынан хум аршылды. 2 бөлменің оңтүстік бөлігінде ошақ тазаланды және жанында қырлы-шошақша пішіндегі ошақтың тұғыры орналасқан.

IV қабатты қазу барысында архитектуралық кешеннің ашық сары түсті пахсадан тұратыны анықталды. Батыс қабырға анықталды. Оның орталық бөлігінде қуыс қалдырылған. Қуыс күл қабаттары мен шалаға және топырақ үгінділеріне толып қалған. Оңтүстік-батыс бұрышта ірі ошақ орналасқан. Бірақ күл құдығы қуыстың оңтүстік шетіне дейін жеткен, жоғарыда пахсалық қабырғалардың аққан топырағы басып қалған. Уақыт кезеңі V-VI ғғ. көрсетеді. Сонымен, 2006 ж. маусымдық жұмыстар барысында көлемі 40*40 м алып жатқан солтүстік рабадтың төртжүзжылдық ғұмырын анықтаудың сәті түсті. Қала қабырғасының кейбір бөлігі ашылды. Қоғамдық-ғұрыптық ғимарат маңызын атқарған II қабаттың архитектуралық кешені толықтай аршылды деуге болады.

Жуантөбе мен Қараспан тарихтарының жалпы сұрақтарына арналған басқа да жұмыстар.

Өткен жылы түсірілген Жуантөбе топографиясын талдау барысында қаланың кейбір ерекшеліктері байқалған болатын. Ол қалашықтың уақыты жағынан да, дәстүрі жағынанда әркелкі келген үлкен қорымға жақын орналасуына жауап береді.

Қалашықтың доғаланып келген рабады оңтүстік-шығыс жағында таға тәріздес, оның үстіне шаршы түрдегі цитаделімен қысқы-жазғы күннің ұзақтық нүктелеріне бағытталған (оңтүстік- шығыстан шамамен 20 градус бойлық белдеуге солтүстік-батысқа қарай ауытқыған)3.

Цитадельде 2004 ж. солтүстік бөлікте салынған стратеграфиялық қима одан әрі жалғасты. Ол кезде жоғарғы және ортаңғы қабаттары аршылған болатын. Бұл жылғы мақсат цитадельдің түбіне дейін, яғни материкке дейін жету болды. Басында қиманың мәдени қабатын анықтау үшін 2004 ж. аршылған жұмыстың құжаттарымен салыстырылды. Ені 2 м болатын жаңа қима ескі қиманың шығыс шекарасына жақын салынды. Өйткені ескі қиманың батыс жақ қыры жайылған топырақты, ал шығыс жақ қима қабырғаны көрсетіп берген болатын. Қиманың ұзындығы 16 м, ал тереңдігі 7 м болды. Қалашықтың іргесіне жақындаған тұсынан саты 3,6 м тереңдікке түсті. Осы деңгейде майда сары топырақ пен қиыршық аралас материк басталды. Осылайша, біз өлшемі 42*23*12 см шикі кірпіштен тұрғызылған қамал қабырғасының «сыртқы қорабын» анықтадық. Бұл кірпіштің өлшемдері II құрылыс қабатының кірпіштерінің өлшемдерімен сәйкес келеді және керамикалық бұйымдары бойынша VI-VII ғғ. жатады.

Ескі архитектура соқпа кесектерден тұрғызылып, ірі көлемдегі қамалды елестетеді. Бірақ, қамал дегеннен гөрі қарауыл мұнарасы бар сарай деу дұрысырақ. Цитадельдегі пахсалық архитектура III құрылыс қабатымен сай келеді және керамикалық кешені жағынан VI-VII ғғ. барады. Сірә, сарай кешені V ғ. екінші жартысында тұрғызылса керек. Бұл қалалық жүйеден қамалдық феодалдық иелікке өтетін жалпы бетбұрысты көрсетеді.

Сонымен қатар жұмыс барысында көршілес Қараспан қалашығынан оңтүстікке қарай, Бөріжар қорымының жалғасы болып табылатын қорым орналасқан белдің астынан өтетін ұзын дуал аңғарылды. Дуалды С.Р. Баратов Қараспан қорымында А.А. Ержігітовамен бірлесе атқарған жұмысы барысында ұшыратқан. Одан кейін Д. Талеевпен бірлесе отырып зерттеп, GPS және фотопаратқа түсірілген болатын. Нәтижесінде қалашықтың оңтүстік қабырғасы 4 км (ОШ-тан ОБ бұрышқа дейін тіке 3,78 км) созылып жатқаны анықталып, оның толыққанды картасы жасалынды. Ол жер бедеріне байланысты 15 бөліктен тұрған. Оңтүстік қабырғаның сақталуы жақсы, тек жекелеген бір бөліктің қабырғасының жүз метрдей тұсы бұзылған. Батыс қабырға солтүстікке бұрылғаннан кейін бірнеше ондаған метрден соң бүгінгі күнгі ирригациялық каналға айналып кеткен. Қабырға-канал Арыс өзеніне алыс емес тұста төмпешіктеніп бітеді. Шығыс қабырға солтүстікке бұрылғаннан кейін бүгінгі ауылдың өнделген жерлері арасымен өтіп жоғалады. Оның ізін анықтау келесі жылдың жұмысы, жобамен ол Бадам мен Арыс өзендерінің құйылысынан шығады.

Оазистің шағын қалашықтарын зерттеумен (белгілеу, шурф салу) Д. Талеев айналысты. Оңтүстік қабырғаның бөліктері аэрофотоға түсірілді, сонымен қатар, кішігірім бөлікте қабырға қиындысы топографияға көшірілді. Бөліктің маңызы сол, төменгі обалар деп аталатын сағаналар қала қабырғасының ішінде орналасқан. Сонымен қатар, топографиясына қарағанда VIII ғ. дейінгі қабірлер қабырға ішіне енген деп алдын ала болжам жасауға болады. Бірақ қабырға ауыр болатындықтан беткі қабаттағы топырақты 50-60 см тереңдікке дейін алатыны сияқты (қабырғаның ішкі және сыртқы жағынан орлар қалдырып), обалардың да беткі қабаттары осы күйді бастан кешіп, тегістеліп үйінді топырақтары Қараспанның «ұзын қабырғаларына» құйылып кеткен (жақын каналдан су тарту мәселесі ғана қалған).

Археологиялық зерттеусіз Қараспанның бұл «ұзын қабырғаларының» уақыты мен атқарған маңызын түйіндеу мүмкін емес. «Ұзын қабырғалары» жағынан Шу мен Талас алқаптарының қалашықтары белгілі (ең танымалы Ақтөбе, Тараз). Бұндай қала құрылысы мәдениетінің жалғасы ретінде Сайрамның қабырғасынан табылған кең алаңдарды айтуға болады. Құрылыстың басталу кезеңі VIII-IX ғғ. аяқталу кезеңіне тап келеді. Көрсетілген территорияда «ұзын қабырғалы» өзіндік қала мәдениетін табу бір ғана археологтар буынының еңбегі емес.

Белгілі Тараз қалашығының өзі осы секілді ескерткіштердің ортасында тұра, бірден «ұзын қабырғалы» қалашыққа айналған жоқ. Тек топографиялық мәліметтерді қайта қарау барысында іске асты4.

Т.Н. Сенигова Тараздың ұзын қабырғасын қорғаныс құрылыстары деп қараған. Оған ауылшаруашылық аймағын құрайтын 130-дан аса қамалдар мен қоныстар еніп, ал Тараздың өзін кең таралған үш бөлікті қала деп есептеген5.

Онда Қараспан жетісулық және сайрамдық баламалармен ұқсас, «ұзын қабырғалы» отырықшы мәдениет қалыптасқан өзіндік оазистің ең батыс қаласы болып табылады. Оның үстіне өлкедегі ерте қалалар ретінде Қараспан топографиясында қала мен оның аймағының ұзына бойғы тарихының сипаты сақталып қалған.

Сайрам бойынша Б.А. Байтанаев жаңа жұмысында бұған дейінгі зерттеушілер П.Н. Кожемяко, П.Н. Иванов және М.Е. Массонға сүйене отырып, Жетісудағы ұзын қабырғалы қалашықтар өз бастауын Испиджаб қаласынан бастау алады деп есептейді, яғни Сайрам қалашығының топографиясын қайталайды, ол өз кезегінде кіші көлемдегі Бинкетті қайталайды. Ю.Ф. Буряков Бинкетті IX ғ. дейін пайда болған деп көрсетеді6. Осылайша бұндай қалақұрылысы әдісі батысқа да таралды. сірә, қалалар бір уақытта және бір саяси жағдайда Саманидтер державасы шекарасында пайда болып, әрі таралса керек. Испиджабтық қабырғаның құрылысы IX ғ. бірінші кезеңінің аяғы және орта кезіне жатуы мүмкін.

Теориялық жағынан Қараспан қабырғалары ерте және кейінгі дәуірлерге жатуы мүмкін. Қараспанда қараханидтік, тимуридтік уақыттардың және каңлылық уақытпен қатар кейінгі ортағасыр кезеңінің қабаттары кездеседі. Бірақ, бұндай жағдайда сақталуы өте жақсы, ұзаққа созылған бұл қабырғалар өзіне балама таба алмайды. Сондықтан арнайы зерттеуді қажет етеді. Бұл сұрақтарға жауапты болашақтағы зерттеулер берері анық. Айта кететін жайт, ұзын қабырғаларды анықтау жоспарда болған жоқ, тек зерттеу жұмыстарының аяқ кезінде ғана атқарылды.

1.                 Жуантөбе қалашығы жобасы шаршы тәріздес «цитадельден» тұратын еңселі төбе түрінде келген. Цитаделдің биіктігі 15-16 м, іргесі – 165*130 м, алаңның жоғарғы жағы 65*90 м. Оpтaлық бөлітiндe ені 25-тен 50 м, биіктігі 2,5-3 м болатын рабат орналасқан. Қалашықтың жалпы аумағы 12 га, рабадтың аумағы 350*360 м. Жуантөбе қалашығы Көлтоған (Мамаевка) ауылының шығыс жақ шетінде, Арыс өз. оңтүстікке қарай 1,5-2,5 км жерде орналасқан. 1893 ж. қалашықты Н.П. Остроумов зерттеген болатын. 1950-ші жж. бұл жерде Е.И. Агеева мен ГИ. Пацевич, 1980-90 жж. А.Н. Грищенко, соңғы уақыттарда зерттеулер «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында өтіп жатыр.

2.                 Гюль Э. Терракотовые статуэтки «конь с всадником» из Камыртепа (к проблеме этнокультурных взаимодействий) // История Материальной культуры Узбекистана (ИМКУ) Вып. - 33. – Ташкент, 2002. – С. 105.

3.                 Железняков Б.А., Беляева Т.В. Исследования городища Жуантобе, предварительные итоги работ 2005 г. //Известия НАН РК, Сер. обществ, наук. – Алматы. 2006. – № 1 (252). – С. 154-171.

4.                 Байпаков К.М., Григорьев Ф.П. О топографии городища Тараз. // Проблемы древней и средневековой истории Казахстана. – Алматы, 1999. – С. 55.

5.                 Сенигова Т.Н. Средневековый Тараз. Алма-Ата. 1972. С. 204-205. Сенигова Т.Н. Основные пути формирования топографии Тараза (VI-IX вв.) И ИАН Каз. ССР. Сер. обществ. 1966. №5. – С. 75.

6.                 Байтанаев Б.А. К вопросу о топографии и стратиграфии городища Сайрам (в печати).