І-кезең. Шілде және тамыз айларында Жалағаш, Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарының солтүстігіндегі Егізқара, Бөріойнақ, Аққорған, Бэйбіше, Түлкілі, Талас шоқыларды және Мойынқұм, Жіңішкеқұм, Арал маңындағы Қарақұм, Баршақүм құмды алқаптарында орналасқан ескерткіштерге барлау жүргізілді. Бұл құмды, шөлді аймақтарда көне немесе жаңа заманғы өзен арналарының және басқа да су көздерінің жоқтығына байланысты ежелгі қоныстар, тұрақтар аз кездеседі. Бұл үлкен құмды алқапты жергілікті «Сыр» халқы «қыр» деп атап, жайлау ретінде пайдаланған. Бұған дәлел ретінде ортағасырлык және кейінгі ортағасырлық қазақ қорымдары, мазарлары көп табылды. Бірінші аймақты нақты қорытындылағанда барлығы 58 ескерткіш, оның ішінде 21 қорым, 14 күмбезді мазар, 17 жекелеген бейіттер, 3 мұнара, 1 қола дәуірінің қонысы, 1 ерте ортағасырлық үй-жай табылды. Олардың ішінде ерекше тоқталарымыз: Ерімбетжаға қола кезеңінің қонысы. Ол Арал қаласынан шығысқа қарай 50 шақырым қашықтықта Ерімбетжаға ауылының батысыңда 250 метр жерде орналасқан. Құмы көшкен алаңнан жергілікті тұрғындар бірнеше саз ыдыстар тауып алған. Көзе пішімдері мен сыртындағы өрнектер Орталық Қазақстанда мекен еткен андрондықтардың көзелеріне ұқсас.

Жалағаш ауданындағы Құлжан ауыл орны Қаракеткен ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 15,5 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерде төрт үй орны сақталған. Өрнектелген, глазуры бар керамикалар, қайрақ тастар табылып, зерттеуге алынды.

Осы аймақтағы қазақ қорымдарындағы жай бейіттер негізінен тастардан үйіп салынған, бірқатарының басынан белгі тастар, араб әрпімен жазылған жазуы бар құлпы тастар да кездеседі. Ал күмбезді мазарлар саз кесектен салынған. Құрылыс пішіні төртбұрышты немесе дөңгелек, бір- біріне ұқсас, бір және екі камералы болып келеді. Оған Арал ауданындағы-Қыңырбай, Ұябай, Мәмбет мазарлары т.б.; Қазалы ауданындағы-Нияз мазары, Мазар I, Қармақшы ауданындағы-Бектібай, Тышқантам мазары т.б.; Жалағаш ауданындағы-Қашқынбай, Итемген мазарлары жатады.

ІІ-кезең. Қыркүйек айының I жартысында Жалағаш ауданының Жетіасар алқабының оңтүстік шығыс Асарларын зерттеу жұмыстары жүргізілді. Шығыс Асарлары бір-біріне жақын орналасқан. Екі және үш қабатты, қорғаныс дуалдармен қоршалған асарлар да кездеседі. Жалағаштөбе, Қарасар, Құмарал, Ақ-қала, Моншақты асар, Қарасар 1, Үңгірлі асар, Ахмедқала, Сарлы асар, Кіші Қарасар, Үлкен Қарасарлардың ғылыми сипаттамасы жазылып, суреті салынды. Оңтүстік шығыс Асарларға байланысты кейбір деректерді ХАЭЭ-сы есептерінен алуға болады. 3 оба, 5 мазар, 2 мешіт, 1 қорым, 1 мұнара жаңадан есепке алынды. Оның ішінде Көктонды обасы Жалағаш қаласынан батысқа қарай 11 шақырым жерде орналасқан, диаметрі 40 метр, биіктігі 8-10 метр. Жалағаш қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 11.5 шақырым жерде Оба I орналасқан, пішіні дөңгелек, көлемі 50x35 метр, биіктігі 5-7 метр. Домалақасар обасы Жалағаш ауданы, Жаңаталап аулынан солтүстікке қарай 6 шақырым қашықтықта орналасқан. Диаметрі 20 метр, биіктігі 4-6 метр шамасында. Осы аймақтан Шаймағанбет және Піреке мешіттері, Түмен әулие, Шоқай, Шагала мазарлары есепке алынды.

ІІІ-кезең. Қыркүйек айының соңы, қазан айларында Жаңадария, Іңкәрдария өзендерінің орта және төменгі ағысында орналасқан ескерткіштерге зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл ескерткіштер үш топқа бөлінеді. Шірік Рабат маңайы, ортағасырлық Мырзалы қала жұрты маңайы және антикалық Баланды қаласы маңайындағы ескерткіштер. Қалалардың, қоныс-тұрақтардың салыну мерзімі Іңкәрдариямен Жаңадария өзендеріне су келу кезеңдерімен тығыз байланысты. Олар: антикалық қалалар Шірік рабат, Бәбішмолла, Баланды, Іңкәрқала, Қарабасқала, Шірік рабат I, II, Белтам, Баланды және Түгіскен, Қараөткен, Алтыбұлақ обалары. Оның ішінде Баланды жазығында 6 жерлеу құрылысы, Түгіскен қорымында 60-қа тарта жерлеу құрылыстары бар. Сонымен қатар ежелгі қола, тас дәуірінің ескерткіштері Іңкәрдария өзенінің бойында көп кездеседі.

Жаңадарияның төменінде орналаскан ортағасырлық Орқала, Мырзалы қала жұрты, Арсыбай І, ІІ қала жұрты, Сырлытам I, II елді-мекен Алыпсаттар елді-мекендері, кейінгі ортағасырлық мазарлар, қорымдар, мұнаралар және XVIII-XIX ғ.ғ қарақалпақтардың Орынбайқала, Аралбайкала, Бегімқала қалаларынада барлау жүргізілді. Кейінгі ескерткіштер ішінен П әрпі пішіндес Қалила ишан мешітін, XIII-XIV ғ.ғ. Сырлытам, XIX ғ. Тықы батыр мазарлары, мен «Мұнаралы» мұнарасын ерекше атап өтуге болады. Үшінші кезеңде 90 ескерткіш есепке алынды. Атап айтсак 9қала, 11 ортағасырлық елді-мекен, 12 ортағасырлық жеке үй-жай, 24 оба, 10 антикалық тұрақ, 5 мазар, 6 кейінгі кезеңдегі бейіт, 2 мешіт, 2 мұнара белгіленді.

Қорытындылай келе, 2006 жылғы Қызылорда облысының ескерткіштерінің жинағын жасау үшін жүргізілген археологиялық барлау экспедициясының зерттеу жұмысы нәтижесінде 170-тен аса ескерткіштер есебі алынды.