Аталған бағдарлама бойынша түрктердің дәстүрлі дүниетанымын зерттеу жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмыс көшпелілер наным-сенімімен тығыз байланысты түрктік тас мүсінді ғұрыптық ескерткіштері жан-жақты түсіндіріле отырып зерттелді. Түрктік көшпелілердің дәстүрлі наным-сенімі туралы құнды ақпараттар жиынтығын қытай, Сирия, араб, парсы, көне орыс, армян, грузин жазбаларындағы ерте және ортағасырлық авторлардың еңбектерінен көреміз. Бүгінге дейін жеткен жазба деректер және көне авторлардың жазбалары ақпараттың құндылығын нақтылай түседі, сондай- ақ олардың бір бөлігін саяхатшылардың, елшілердің және орта ғасыр тарихының түрлі кезеңдеріндегі түрк билеушілеріне қатысты мәліметтері құрайды.

Жоғарыда айтылған түрк көшпелілерінің дәстүрлі дүниетанымын зерттеу жұмыстары практика жүзінде құрбандық шалу, тасқа қашалған суреттердің, ру таңбаларының, тас мүсінді ғұрыптық қорғандардың планын, каркасын т.б. жұмыстар атқарылды.

Топографиялық және картографиялық зерттеу жүргізудің мақсаты киелі аймақтағы түрлі типтегі ғұрыптық түрк ескерткіштерінің өзара орналасу байланыстылығын анықтау. Ландшафты кең жазықтықта таралған ғұрыптық кешен – Мерке ғибадатханасына археологиялық және топографиялық зерттеу жүргізу барысында ритуалдық конструкциялар, әулиелерге табыну орындары, құрбандық шалу орындары анықталды. Жоғарыда сипатталған биік таулы өңірдегі ғибадатханаларға, сонымен қатар түркі тайпаларының дәстүрлі дүниетанымын шығыс түрк тайпаларының дүниетанымымен салыстыра отырып, кешенді археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы батыс түрктерінің діни жоралғыларындағы ерекшеліктер айқындалды.

Ғылыми зерттеу негізінен ғұрыптық құрылыстарды археологиялық тұрғыдан зерттеуге, ескерткіштердің ландшафтық координаталарын нақтылау, жергілікті жердің топографиялық ерекшелігін зерттеу және түрк элиталарының жерлеу ресімдеріне арналған ескерткіштердің архитектуралық ерекшеліктеріне мән беру мақсатында жүргізілді.

Солардың бірі осы жылы түздік маусымда жаңадан ашылған, өз кезегінде Қарақыстақ 18 деп атау алған түрктік мәдени кешендегі ғұрыптық құрылыстарға археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Қарақыстақ 18 мемориалды кешені Қарақыстақ шатқалындағы өзі аттас өзеннің оң жағалауында орналасқан. Кешен бір қорған мен ғұрыптық құрылыстардан тұрады. Төртбұрышты жоспардағы ғұрыптық құрылыстар оңтүстіктен солтүстікке бағытталған, бір-біріне жанай орналасқан үш қоршаудан тұрады. Құрылыстың жалпы ұзындығы 9,8 м. 1-қоршауқұрылыстыңсолтүстікжағын алып жатыр. Көлемі 3,25*3,35 см. Қоршау кесек тастарды қырынан қою арқылы тұрғызылған. Қоршаудың іші және сыртқы жағы бір метрге дейінгі жері ұсақ тастармен толтырылған. 1-қоршаудыңоңгүстікбетінде 1 м аралықта орналасқан 2-қоршау көлемі 3, 50*3, 25 см. Бұл қоршаудың да іші-сырты ұсақ тастармен толтырылған. Қазба жұмысы барысында қоршаудың солтүстік-батыс қабырғасына жуық маңнан 20 см тереңдікте темір жебе ұшы шықты.

Үш қалақшалы жебе ұшының ұзындығы 8 см, ені 2, 2 см және сабының ұзындығы 3-5 см. Ежелгі түрк дәуіріне тән жебе ұштарына Ю.С. Худяковтың жасаған типологиясындағы бірінші тобының 5- типіне жататын жебе ұштары аналог болып табылады. Ю.С. Худяков осы типтегі жебе ұштарын VI - X ғасырларға жатқызған (Ю.С.Худяков, 1986 ж.). Аталған екі қоршаудан оңтүстікке қарай бір метрдей арақашықтықта орналасқан 3-қоршау көлемі 3,0*3,15 м. Қоршау іші-сырты ұсақ тастармен толтырылған. Жоғарыда аталған қоршаулардың алдында немесе ортасында ешқандай стела не тас мүсін табылған жоқ. ғұрыптық қоршаулар қайта қалпына келтіріліп, фотоға түсіріліп, сызбалары жасалынды. ғұрыптық қоршаудың құрымының және қоршаудан Табылға жебе ұшының аналогтары негізінде ескерткіші VI-VIII ғасырлармен кезеңделеді.

Сонымен қатар барлау жұмыстары барысында Абайсай деп аталатын шатқалды жерден бірнеше петроглифтер тобы тіркелді. Петроглифтер жартастың күнгей бетінде, табиғи тотыққан қалыптағы, жылтырақ келген жартас беттерінде қашалған. Бірінші топта тау ешкілермен қатар жаяу садақшы бейнеленген. Садақ ұстаған адамның садағының адырнасы доғаланып иілген түрінен садақтың иінін, белін анық көруге болады. Сол қолымен садақ кірісімен жебені, оң қолымен садақ адырнасын кеуде тұсына әкеліп кере тартқан күйі бейнеленген. Садағының шығыңқы бастары анық берілген. Екінші топта да шағын келген тау ешкілер бейнеленген. Тау ешкілердің жоғарғы жағында қасқыр бейнесі қашалған. Осы көріністің оң жағындағы тақта таста екі басында қазақтың қошқар мүйізіне тән ою секілді таңбалар қашалған. Яғни таңбаның екі басы ішке қарай домаланып қайырылған. Сондай-ақ екі өркешті түйе бейнесі жартастың ұшар басында қашалған. Және осы топқа жақын арадан кішігірім қой тасқа қашалған түйелі адам бейнесі тіркелді.

Қалпына келтірілген ескерткіштер, Мерке ғибадатханасының ғұрыптық қорғандары, сонымен қатар түрк тайпаларының киелі аймақтағы түрлі типтегі ғұрыптық ескерткіштерінің өзара орналасу байланыстығы, жалпы барлығы батыс түрк тайпаларының ерекше бір көріністері ретінде орын табады.

Сонымен қатар түрк тайпаларының дәстүрлі дүниетанымын шығыс түрк тайпаларының дүниетанымымен салыстыра отырып, кешенді археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу батыс түрктерінің діни жоралғыларындағы ерекшеліктерді айқындайды.

1.      Ю.С.Худяков «Вооружение средневековых кочевников южной сибири и центральной Азии», 1986 г.