«Түрктік Жайсан мәдени кешені» тақырыбы аясында 2009 жылы жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары Жайсан 15 және Жайсан 16 культтік-мемориалды кешендеріндегі жерлеу орындары мен ғұрыптық құрылыстарды зерттеумен және ортағасырлық Төлеби - «Хиам» бекінісін археологиялық тұрғыда зерттеумен өз жалғасын тапты. Зерттеу сонымен катар жартастағы сурет өнері мен таңбаларға жүргізілген барлау жұмыстарымен толықты.

Жобаны жүзеге асыруда алға қойған міндеттердің бірі Жайсан түрктік мәдени кешенін жан-жақты зерттей отырып, жерлеу орындарын, ғұрыптық құрылыстарды қайта қалпына келтіру барысында түрктердің рулық таңбаларымен, жартастағы бейнелеу өнерімен, ортағасырлық Төлеби - «Хиам» бекінісінде жүргізілген қазба барысында табылған бұйымдармен салыстырмалы талдаулар нәтижесінде көшпелі түрк қоғамының дүниетанымдық негізін қайта қалпына келтіру болып табылады.

Аталған құрамдарымен толықтырылған ескерткіштердің бір аймақта, бір бірінен жақын арада орналасуы және сол жерлердің топонимдерінің аталуының киелі немесе әулие деген мағыналармен байланысуы тағы да бір дәлел болып табылады. Жайсан түрктік мәдени кешені Кіндіктас тауларының солтүстік-батыс етегінде және әулиеқора деп аталатын жерлерге жақын орналасуы да ғұрыптық ескерткіштердің киелі жерлермен тарихи маңыздарының жақындығын анықтауға дәлел болып отыр.

Жайсан түрктік мәдени кешені тақырыбы бойынша археологиялық зерттеу жұмыстары Жамбыл облысы, Шу ауданы, Д. Қонаев аулының оңтүстік-шығысында 17 шақырым қашықтықта орналасқан Соркұдұқ сайында орналасқан түрктердің ғұрыптық қоршаулары мен қорғандарына жүргізілді.

Археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілген ескерткіштердің алдымен топографиялық картасы мен жобалары жасалынды. Мұндай ғылыми жұмыс бұрын ашылған культтік мемориалдарды, сол аймақтағы жерлеу рәсімдерін және жаңадан табылған қоршауларды да қамтыды.

Жайсан 15 кешеніндегі ғұрыптық құрылыс 2004 жылы барлау жұмыстары барысында табылып тіркеліп, қоршаулардың беткі шым қабатын тазалау жұмыстары жүргізілген болатын. Археологиялық зерттеу жұмыстары 2009 жылғы түздік маусымда жүргізілді.

Ғұрыптық құрылыс кешеннің оңтүстік - шығыс бөлігінде орналасқан төрт қоршаудан тұрады. Қоршаулар оңтүстік-солтүстік бағытында жатыр. Географиялық координаты: N 43.35.481., Е 073.59.824 әр қоршаудың қабырғасы кесек тастарды қырынан қою арқылы орнатылған. Қоршаулардың ортасы әдеттегіше ұсақ тастармен толтырылған.

Ғұрыптық құрылыстың оңтүстік бөлігінде орналасқан 1-қоршаудың көлемі 2,3*2,9 м. Қоршаудың орта тұсында құлаған күйде стела мен шығыс жақ қабырғасының сыртқы бетінде жүзін шығысқа қаратқан, биіктігі 0,9 м ер адамның тас мүсіні орналасқан. Тас мүсіннің бет-әлпеті айқын қашалған. Миндаль үлгісіндегі көздері, кең танаулы мұрны, аузы мен мұрты пакты түсірілген.

1-қоршаудың солтүстік жағын ала 0,4 м арақашықтықта көлемі 2,5*3,2 м 2-қоршау орналасқан. Бұл қоршаудың да орта тұсында құлап жатқан стела тіркелді. 3-қоршау 2-қоршаудан 0,4 м арақашықтықта орналасқан. Көлемі 2,3*2,8 м. Бұл қоршаудың да ортасында құлаған күйде стела жатыр. Қоршаудың шығыс жақ бетінің сыртында биіктігі 1,16 м тас мүсін орналасқан. Мүсінін жүзі анық қашалмаса да бас пен кеуде бөлігінен оның әйел адамға арнап тұрғызылғандығын көруге болады. Жүргізілген қазба жұмысы барысында үш қоршаудың үшеуінен де еш зат шыққан жоқ. Мүсіндердің барлығы гранит тастан қашалған.

Құрылыстың солтүстік бөлігінде орналасқан 4-қоршау көлемі бойынша алдыңғы үш қоршаудан екі еседей кіші. көлемі 1,5*1,5 м. Осыған қарай отырып мұны жас баланың қоршауы деуге негіз бар. Қазба барысында қоршаудың оңтүстік-шығыс бөлігінен 0,2 м тереңдікте темір жебе ұшы шықты.

Қазба жұмыстары барысында ғұрыптық құрылыстың сызбалары жасалынып, фотолары түсірілді. Археологиялық зерттеу жұмыстарынан соң ғұрыптық қоршаулар қайта қалпына келтірілді.

Тізбектелген қоршаудың батыс бөлігіндегі 1-қорғапға зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қазба жұмысы жүргізілген 1-қорғанның қазба жұмыстарына дейінгі диаметрі оңтүстіктен солтүстікке қарай 6,5 м, шығыстан батысқа қарай 5,65 м. Географиялық координаты: С 43*35.479', Ш 073*59.779'. Қазба барысы қорғанның шым қабатын тазартудан бастау алды. Шым қабаты алынғаннан кейінгі анықталған қорған диаметрі оңтүстіктен солтүстікке 4,9 м, шығыстан батысқа қарай 4,6 м, биіктігі 0,2 м. Қорғанның топырақ қабатын тазалау барысында негізгі қорған үйіндісінің бетін жапқан тастардың орнынан қозғалғандығы байқалды. Осыған байланысты тонаушылықтың ізі болуы мүмкін деген қорытындыға келдік. Қорғанның 0,5 м тереңдігінде оңтүстіктен солтүстікке бағыталған қабір шұңқыры орналасқан. Қабір шұңқырының ұзындығы 1,68 м, ені 0,8 м. Қабір шұңқырының оңтүстік шығыс қабырғасына жақын адамның тізеден төменгі екі аяқ сүйектері, сол жақ аяғының жамбас жілігі мен сол қолының саусақ және білегінің шыбық сүйектері сақталған. Сақталған мәйіт сүйектерінің орналасуына қарай адамның басының солтүстікке бағыттала жерленгендігі анықталды. Қабір шұңқырының шығыс қабырғасына жақынырақ, адамның бас жағынан диаметрі 20*15 см болатын күйдірілген қыш ыдыс бөліктері табылды. Қорған толығымен кайта қалпына келтірілді.

Жайсан 16 ғұрыптық - мемориалды кешені Сорқұдық сайының жотасында орналасқан. Қоршаудың келемі 2,34*2,50 - 2,0*2,34 м. Қоршау қабырғалары жалпақ қызыл кесек тастармен қаланған, ортасы ірілі-ұсақты тастармен толтырылған. Қоршаудың шығыс жақ бетінде жүзін шығысқа қарата тұрғызылған тас мүсін орналасқан. Биіктігі 77*25 см болатын қызыл гранит мүсін ер адамға арналып қойылған. Мүсіннің үлкен көздері, мұрны мен еріндері және құлақтары да дәл, шынайы сомдалған. Сонымен қатар қоршау ортасынан биіктігі 1,62 м болатын алып тас стела құлаған күйінде табылды. Ғұрыптық қоршауға археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ешқандай заттай деректер табылған жоқ, қоршау алғашқы қалпына келтіріліп, фотосы түсірілді.

Аламан тауына барлау жұмыстарын жүргізген кезде өзен жағасынан тағы бір жаңа тас мүсінді қорған табылды. Мүсін әйел кісінің бейнесін көрсетеді. Мүсіннің маңдай бөлігінде үшбұрышты салпыншақ бейнеленген. Мүсіннің миндаль тәріздес көздері мен доғал қасы, мұрыны тік, әдемі ерекше белгіленген ерінмен қоса барлығы нақты қашалған. Көкірек тұсында алқасы, екі қолында үшбұрышты ыдысы бар. Мүсін аяғын молдас құрып айқастыра отырған күйде бейнеленген.

Зерттеу жұмыстарының тағы бір бағыты түрктік жартастағы сурет өнерін барлау жүргізе отырып тауып, тіркеп, ғылыми айналымға енгізу болып табылады. Зерттеу жұмыстары барысында Үңгірлі сайындағы жартас беттеріне жаңа петроглифтер шоғыры ашылып тіркелді. Олардың ішінде екі өркешті түйелер, таутекелер, бұқа бейнелері, т.б. табылды.

Аталған бағдарлама шеңберіндегі негізгі ғылыми жұмыстардың нәтижелері зерттеу жүргізілген ескерткіштерден табылып, камералық өндеуден өткізілген материалдардың ғылыми анализі дайындалды. Ғылыми анализ ескерткіштер материалдарын Қазақстан, Қырғызстан және Орталық Азия территорияларында орналасқан ортағасырлық түрк ескерткіштерінің материалдарымен салыстырулар жүргізілді.

«Мәдени мұра» - «Жайсан түрктік мәдени кешені» мемлекеттік бағдарлама аясында Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының «Түрк мұрасы» бөлімі 2009 жылы да екі жыл бойы жүргізіліп келген Қазақ-Венгр жобасы бойынша ортағасырлық Төлеби - «Хиам» бекінісінің, ішкі ауданындағы, орталық бөлігінде жекелеген археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу жұмыстары барысында қазылған учаскелердің горизонтальді және вертикальді топографиялық белгілеулері жүргізіліп, табылған материалдар тазартылды, суретке түсірілді және сипаттамасы жасалынып, аналогтары қарастырылып, талдау жұмыстарымен жалғасуда.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында, жоғарыда аталған кешенді зерттеу тобының басшылығымен 2009 ж. түздік маусымда барлау жұмыстарының нәтижесінде Ақмола облысы, Ерейментау ауданында, Құмай өзенінің сол жағалауындағы Торғай аулынан оңтүстікке қарай үш шақырым жерде түрк дәуірінің археологиялық ескерткіштері табылды. Ескерткіштер жеті ғұрыптық қоршаудан тұрады. Ғұрыптық қоршаулардың бесеуінде тас мүсіндер тұр.

Қазба жұмысы жүргізілген Қосбатыр ескерткіші оңтүстіктен солтүстікке созылып жатқан төртбұрышты пішіндегі екі ғұрыптық қоршаудан және қоршаулардың шығысында орналасқан қос тас мүсіннен тұрады. Ғұрыптық қоршаулардың қабырғалары ірі жалпақтастарды қырынан қою арқылы тұрғызылса қоршау іші ірі және ұсақ тастармен толтырылған. Көлемі 1,25*2,25*2,35*2,05 м болатын бірінші қоршаудың оңтүстік қабырғасының биіктігі 0,60 м, солтүстіктегі қабырғасы 0,65 м, шығыстағы қабырғасы 0,73 м болса, ал батыстағы қабырғасының биіктігі 0,7 м. Қоршаудың шығыс қабырғасының сол жақ жоғарғы бұрышына таңбаға ұқсас белгі салынған. Осы қабырғаның орта тұсында, қабырға сыртында 0,3 м жерде биіктігі 1,8 м ақшыл қызыл түсті гранит тастан ойылып қашалған ер адам мүсіні шығысқа бағыттала орналасқан. Мүсіннің кеуде бөлігінің ені 0,4 м. Мұрты және бет-әлпеті анық көрсетілген мүсін оң қолымен кеуде тұсында ыдыс, ал сол қолында белінен төмен қылыш тәріздес қару ұстап түр. Мүсіннің сол жақ құлағында сырға бейнеленген. Мүсінге Қосбатыр ескерткіші, мүсін №1 деген атау берілді.

Қосбатыр ескерткішінің екінші ғұрыптық қоршауы бірінші қоршаудың солтүстігінде орналасқан. Көлемі 2,2*1,75*2,05*2,08 м болатын екінші қоршаудың оңтүстік қабырғасы 0,55 м, солтүстік қабырғасы 0,55 м, шығыс қабырғасы 0,68 м, батыс қабырғасы 0,45 м биіктіктерді құрайды. Бірінші қоршаудағыдай мұнда да шығыс қабырға сыртында 0,25 м жерде тас мүсін орны тұр. Бірақ мүсіннің өзі жоқ болып шықты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша мүсін 2006 жылға дейін орнында тұрған. Археологиялық экспедиция құрамындағы қызметкерлердің іздестіруімен мүсінді 2006 жылы Ақмола облысы, Ерейментау ауданындағы мұражай қызметкерлері алып кетіп, мұражайға қойғандығы анықталды. Аудан әкімшілігі және мұражай қызметкерлері мен археолог мамандар арасында келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде мүсін алғашқы орнына әкелініп орналастырылды. Биіктігі 1,9 м, кеуде бөлігінің ені 0,32 см ер адам мүсіні ақшыл қызыл түсті гранит тастан ойылып қашалған. Бұл мүсіннің де мұрты және бет-әлпеті анық бейнеленген. Мүсіннің, кеуде тұсында оң қолымен ұстаған ыдысы мен сол қолында белінен сәл жоғары қанжар тәріздес қаруы көрсетілген. Ескерткіш Қосбатыр ескерткіші, мүсін №2 деп аталды.

Қазба жұмыстарының нәтижесінде Қосбатыр ескерткіштерінің тоналғандығы айқындалды. Бірінші ғұрыптық қоршауды қазу барысында қоршаудың 0,2 м тереңдігінде мүсіннің алдыңғы жағынан жылқының жақ сүйегі ғана табылды. Ал екінші ғұрыптық қоршаудың 0,3 м тереңдігінде қоршаудың дәл ортасында диаметрі 0,5 м күл қалдықтарынан тұратын дақ орны шықты. Дақтың сырты тас қалақшаларымен қаланған.

Барлау жұмыстары барысында «Қос батыр» кешенімен бірге ескерткішке жақын орналасқан Қарағайлы аулының маңынан бірнеше түрк ескерткіштері табылды. Өз кезегінде жаңадан табылған археологиялық ескерткіштерге Қарағайлы 1,2,3 деген атау берілді.

Қарағайлы 1 кешені екі ғұрыптық қоршау мен бір тас мүсіннен тұрады. Қарағайлы 1 ескерткішіндегі бірінші ғұрыптық қоршау орын алған жер егістік орнына айналып, осының салдарынан қоршаудың тек бір ғана қабырғасы сақталған. Қарағайлы 1, №1 тас мүсін беті шығысқа қараған қалпы сол орнында тұр. Мүсіннің сұлбасы ақшыл сары түсті гранитке бедерленген. Сақталған биіктігі 1,55 м, дене бөлігінің ені 0,43 м ер адам мүсінінің аяқ жағы сынған. Дегенмен мүсіннің мұрнымен біріккен қастары, сопақша көздері, мұрты, аузы, тіпті екі бетінің дөңгеленіп алмадай етіп бедерленген ұштары да анық көрсетілген. Оң қолында кеуде тұсында ұстаған ыдысы мен сол қолындағы белінен төмен айбалта тәріздес қаруы бейнеленген.

Қарағайлы 2, ескерткіші ғұрыптық қоршаудың көлемі 1,20*1,20*1,30*1,20 м. Қоршау маңынан тас мүсін табылмады.

Қарағайлы 3 кешені екі ғұрыптық қоршау мен екі тас мүсіннен тұрады. Бірінші қоршау көлемі 1,52*1,5*1,55*1,46 м. Қоршаудың шығыс қабырғасында беті шығысқа қаратылған биіктігі 1,70 см, дене тұсының ені 0,4 м ақшыл қызғылт тастан қашалып жасалған тас мүсін орналасқан. Мүсіннің тек көздері мен мұрны ғана бедерленген.

Қарағайлы 3 кешеніндегі екінші қоршау бірінші қоршаудың оңтүстігінде орналасқан. Қоршаудың шығыс қабырғасының ұзындығы 1,7 м. Қалған қабырғаларының тастары эр жерде шашырай орналасқан. Қоршаудың шығыс қабырғасының орта тұсында биіктігі 1,72 м, денесінің ені 0,45 м болатын қызғылт қоңыр тастан қашалып жасалған ер адам мүсіні орналасқан. Мүсіннің бет-әлпеті, яғни қастары мен көздері, мұрны мен аузы және мұрты бедерленген. Мүсін қырлы тасқа бейнеленгендіктен алдынан қарағанда екі құлағы да анық көрінеді.

Қарағайлы 2,3 кешендеріне енетін ескерткіштер тобына қазба жұмыстары жүргізілген жоқ. Дегенмен ескерткіштер суретке түсіріліп, барлығының да жобалары мен сызбалары дайындалып, ескерткіштер құжатталды.

Көшпелі түрктердің киелі жерлерін анықтау мәселесіне байланысты ғылыми жұмыстардың нәтижесінде культгік ескерткіштердің анализі жасалды. Аталған еңбектердің нәтижесінде культгік ескерткіштердің түрлері талқыланып, олардың құрамына кіретін ғұрыптық құрылыстар, тас мүсіндер, рулық таңбалар және руникалық жазбалар табыну орны ретінде қызмет атқарған киелі нысанды анықтауға мүмкіндік береді.

Зерттелген ескерткіштердің материалдарын талдау нәтижесі ортағасырлық түрктер мәдениетінің қайнар көзі мәселесін айқындауда және түрктік жерлеу орындары мен ғұрыптық құрылыстарын қайта қалпына келтіруде нақты мәліметтер болып табылады.