Төбенің оңтүстік бөлігі биік келген. Биіктігі шамамен 4 м-ге жуық, көлемі 50*30 м сопақша келген. Оның шығыс, солтүстік және батыс жағынан жал қоршап жатыр. Ортасы пәс алаңқай. Солтүстік бұрышында қаланың орталық алаңына шығатын қақпа орны сай түрінде байқалады. Бұл, топографиясына қарағанда, қаланың орталығында орналасқан, биік қабырғамен қоршалған ауласы бар сарай немесе ақсүйек үйіне ұқсайды. Сауран қалажұртындағы 4-ші қазба осы нысанның оңтүстік-шығыс бұрышынан көлемі 10*10 м етіп салынды, қазбаның бұрыштары дүниенің төрт бұрышына сәл ауытқушылықпен қараған. Кейіннен солтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс жандарынан 5 м-ден ұзартылып қазба көлемі 20*10 м-ге жетті. Қазба орны шөп-шалаң қабатынан тазартылған соң, 15 см тереңдікте бос топырақ алынды. Алынған топырақ арасынан уақ малдың жауырын сүйектері, саздан жасалған сырлы және сырсыз ыдыстардың сынық бөліктері, жұмыр болып қатқан гипс және шлак бөліктері алынды. 25 см тереңдікте үлкен оттың орындары анықталды, тазалау барысында алынған топырақтың құрамында шала жанған ағаш бөліктері, көкшіл түсті күл қалдықтары жатты. Қазбаның оңтүстік шекарасына таман күйген қыштың орыны анықталды, айналасында от орындары болды.

Жоғарғы қабаттан 20 см төмен түсірілгеннен кейін қазба орнының солтүстік-батыс бұрышынан екі бөлмелі тұрғын үйдің орны анықталды (1-сурет). Бөлменің оңтүстік- батыс бөлігі қазба шекара кесіндісінің астында қалған. Бөлме есігі оңтүстік-шығыс қабырғаға жасалған, қабырғаның ұзындығы 4,9 м, ені 0,85 м, биіктігі 0,5 м. Солтүстік- шығыс қабырғаның ұзындығы 5,1 м, ені 0,95 м, биіктігі 0,45 м. Бөлме қабырғаларына көкшіл түсті балшықтан құйылған бүтін және жарты кесектер қалаған. Бүтін кесегінің көлемі 28*18*7 см. Қабырға сылақтары әр жерлерінде нашар сақталған. Бөлменің ені 3,5 м, ұзындығы шекара кесіндісіне дейін 4 м. Бөлме еденіне көлемі 26*27*7 см келетін бүтін қыштар төсеген, араларында жарты қыштарда бар.

Бөлменің есігі шығысқа қараған, ені 0,9 м, есік ауызына төрт қырлы үлкен қара тасты табалдырық етіп қойған. Тастың ұзындығы 0,85 м, биіктігі 14 см, ені 33 см.

1-ші бөлменің солтүстік-шығысында көрші 2-ші бөлме анықталды. Екі бөлмені байланыстырып тұрған есік, 1 -ші бөлменің солтүстік-шығыс қабырғасына жасалған, есік ені 85 см. 2-ші бөлменің қабырғалары нашар сақталған. Бөлме ені 5,5 м, ұзындығы 6 м. Бөлменің төрт қабырғасы жақсы сақталған, солтүстік бұрышы қазба шекарасының астында қалған. Бөлменің оңтүстік бұрышына қамба жасалған. Қамба биіктігі 35 см, ауыз көлемі 55*60 см. Қамбаны бөлменің бұрышына дөңгелек етіп жасаған. Дөңгелек етілген жағының қабырға ені 23 см. Қамбаның оңтүстік бұрышында гипспен сыланған сылақ қалдығы бар, беті ақталған, қалыңдығы 5 мм. Қамба ішінен уақ малдың жақ және жілік сүйегі алынды.

Бөлме есігінің алдына ені 1,5 см, ұзындығы 1,9 см таснауа жасалған. Таснауаның солтүстік-батыс жанына тандыр орнатқан (2-сурет). Тандырдан солтүстік-батысқа қарай мұржа жасалған, ұзындығы 1,35 м, ені 10 см, тереңдігі 13 см. Бөлменің басқа бөлігінде сыпа болған. Солтүстік-шығыс қабырғасының сыртқы бетіне жапсарластырып екі қамба жасаған.

1 -ші және 2-ші бөлмелердің қарсы алдынан, қазба орнының ортасынан үлкен шеңбер бөлме анықталды, диаметрі 4,8 м. Бөлменің атқарған қызметі анықталмады.

Шеңбердің солтүстік-шығыс ширегінде құлаған кесек қабырға анықталды. Құлаған қабырға аумағы 10 м².

Екінші құрылыс қабаты.

Бірінші құрылыс қабаты толық анықталған соң, құрылыстар алынып тасталды. Бірінші құрылыс қабатынан батыс бұрыштағы еденіне қыш төселген бөлме ғана сақталды. Қазіргі жер бетінен 1,5 м тереңдіктен екінші құрылыс қабатындағы тұрғын үй орындары анықталды. 1-ші бөлме қазба орнының оңтүстік-батыс бұрышынан аршылды. Қабырғалары жақсы сақталған, бөлменің солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс, және оңтүстік-шығыс яғни үш жағының қабырғалары сақталған. Ал, оңтүстік-батыс қабырғасы қазба орнының оңтүстік-батыс шекара кесіндісінің астында қалған. Солтүстік-батыс қабырғасының ұзындығы 2,8 м, ені 60 см, биіктігі55 см. Солтүстік-шығыс қабырғасы 2,55 м, оңтүстік-шығыс қабырғасы 1,5 м. Бөлме ішінің ені 3,6 м. Бөлменің есігі солтүстік- шығыс қабырғаға жасалған, есіктің ені 85 см.

Бөлме қабырғаларының ішкі жақ бетін сабан қосылған қара сылақпен сылап, кейін бетін ақ түсті гипспен сылаған. Гипс сылағының кей тұстары қабыршақталып жарылып түскен. Қара сылағының қалыңдығы 3 см, беткі гипс сылағының қалыңдығы 1 мм. Бөлме ішінің солтүстік-шығыс бұрышына гипс сылағын ені 22 см етіп қабырғадан 1 см шығарып сылаған. Бөлме ортасынан жұмыр болып қатқан гипс бөліктері, сылақтарының сынған бөліктері көп шықты. Бөлме ортасын ашпас бұрын есікпен тұспа-тұс екі шұңқыр аршылды. Біріншісі әжетхана шұқыры, екіншісі қоқыс шұқыры болған.

1-ші әжетхана шұқырының формасы сопақша келген, көлемі 75*90 см, тереңдігі 60 см. Шұқырды тазалау кезінде ішінен керамика сынықтары, малдың сүйектері, көкшіл түсті күл қалдықтары, бір дана мыс теңге табылды. 2-ші шұқыр формасы дөңгелек, диаметрі 90 см, тереңдігі 70 см. Шұқырдың бүйірі ауызынан астына қарай кеңейтіліп қазылған. Едені сабан қосылған саз балшықпен сыланған. Жақтау қабырғасын қалың қара сылақпен сабан қосып сылаған. Ішінен алынған топырақ арасынан сырлы және сырсыз керамика сынықтары, мал сүйектері, шала жанған ағаш қалдықтары, бөлме қабырғасындағы гипс сылағының бөліктері, қыш және кесектердің сынық бөліктері алынды.

Осы екі шұқыр астыңғы 1-ші бөлменің қыш еденін кесіп өткен. Еденге төселген қыш бөлменің оңтүстік-батыс жақ шетінде көлемі ені 1,45 см, ұзындығы 1,25 см жерде сақталған. Төсеген қыштардың көлемдері 27*26*7 см.

Бөлменің солтүстік-батыс қабырғасының ішкі солтүстік бұрышынан ошақ орны анықталды (3-сурет). Ошақ солтүстік-батыс қабырғаның ішіне ойып салынған. Ошақтың ауызын бөлме ішіне қарай шығыңқы етіп жасаған. Шығыңқы ауыз бөлігінің сыртын гипспен қалың етіп сылаған. Ошақтың ішкі от жанатын жерінің айнала жақтауына бүтін және жарты қыштарды тігінен қойған. Ошақтың үстіңгі жағының көлемі 70*50 см, от жанатын жерінің көлемі 40*50 см. Ошақ ауызының екі жағында гипспен торт бұрышты ойықша орын жасаған. Жақтау қабырғалары оттың эсерінен әбден күйіп қызарған, кей жерлері мүжіліп құздаған.

Бөлме ішінен алынған топырақ арасынан XV-XVI ғ.ғ. тән сырлы және сырсыз керамика бөліктері, малдың жауырын сүйегі мен өңделген мүйіздер көп табылды.

Бірінші бөлмеге солтүстік-батыс жағынан 2-бөлме жапсарласқан, аралары есікпен байланысқан (4-сурет). Бөлменің көлемі 5,8*3,6 м, оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылған. Екінші есігі біріншісіне қарама-қарсы оңтүстік-шығыс қабырғада орналасқан. Есіктің солтүстік жақтауын үлкен шұқыр кесіп өткен, ені белгісіз. Бөлме қабырғалары 45 см биіктікте сақталған, ендері 80 см, көлемдері 32*20*7, 18*20*7 см, бүтін және жарты кесектерден қаланған. Қабырғаларының ішкі беті, ақ түсті гипс қатырмасымен сыланған. Бөлменің едені саз қосылған көкшіл түсті балшықпен сыланған, шығыс жақ бөл ігі дөңестеу келген.

Бөлменің батыс бұрышында кейінгі, екінші рет қайта пайдалану кезеңінің екі тандыры орнатылған. Біріншісінің диаметрі 60 см, сақталған биіктігі 40 см, жақтау қабырғасының қалыңдығы 3 см. Тандырдың жақтау қабырғаларында толқынды және тік сызықтар салынған. Тандырдың сыртына майда қыш сынықтармен толтырылған. Көлемі 20*15 см келетін аузы солтүстік-шығысқа, таснауа жаққа қараған. Диаметрі 8 см келетін мұржасы солтүстік-шығыс қабырғаға қарай шығарылған. Мұржаның ұзындығы 95 см, ені 15 см. Мұржаның іші мен жақтауларын оттан қалған қаракүйе қалдықтары басып қалған.

1-шіүлкен тандырдың шығыс жақтауына жапсарластыра 2-ші тандыр орналасқан. Тандырдың көлемі 42 см, сақталған жақтау қабырғасының биіктігі 13 см, қабырғаның қалыңдығы 2 см. Тандыр өте нашар сақталған, екі тандырды аршу барысында алынған топырақ арасынан көкшіл түсті күл араласқан борпық топырақ, арасында шала жанған ағаш қалдықтары, көгеріп шіріген төбе жабын қамысының қалдықтары табылды.

Екі тандырдың солтүстік-шығыс бетіне таснауалы алаң жасалған. Алаңның еденіне көлемі 26*27*7, 25*26*6 см, бүтін және жартыкеш қыштарды араластырып төсеген. Алаңның көлемі 2,3*1,3 м. Алаңның ортасына суағар қышы бар, қыштың ортасында дм 4 см тесігі және тесікке қарай қыштың ортасынан суағар науалар жасалған. Алаңның солтүстік-шығыс жағына өте нашар сақталған, көлемі 1*1 м сыпа жасалған.

Сыпа алынған бөлменің солтүстік-батыс қабырғасының солтүстік бұрышынан қабырға ішіне ойып салынған ошақ анықталды. Ошақ 1-ші бөлменің оңтүстік-батыс бұрышынан аршылған ошақтың құрылысын айнытпай қайталап жасаған. Екі ошақ өлшемдері, пошымы, көлемдері жағынан бірдей. Ошақтың ішін тазалау кезінде шала жанған ағаш қалдықтары бар көкшіл түсті күл қалдықтары алынды.

Қазба орнының шығыс шекара кесіндісінің ортаңғы тұсынан тандыр ошақ аршылды. Тандыр 2-ші бөлменің есігімен тұспа-түс 1,35 м жерде орналасқан. Тандырдың көлемі 55*50 см, сақталған биіктігі 25 см. От үрлейтін ауызының көлемі 14*10 см.

1 және 2-бөлменің солтүстік-батысынан салынған 3-ші бөлме анықталды. Енсіз, ұзын дәліз тәрізді бөлменің ені 2 м. Ұзындығы толық анықталмады. Бөлме ішін қайтара жоспарланғаны байқалады. Соңғы кезеңде әжетхана ретінде пайдаланылған. Бөлме қабырғаларының іші және сыртқы беттерін сабан қосылған қара балшықпен сылаған. Бөлменің есігі солтүстік-шығысқа қараған. Есік алдынан тазар фрагменті табылды. Тазардан 75 см жерден әжетхана шұқыры анықталды. Шұқыр дөңгелек келген диаметрі 90 см, тереңдігі 70 см. Шұқырды тазалау кезінде сырлы және сырсыз керамика бөліктері, сынық қыш бөліктері табылды.

4-бөлме.

3-ші бөлменің батыс жақ шетінен 4-ші бөлме орны анықталды. Қазба ішінде бөлменің тек оңтүстік-шығыс бұрышы ғана енді. Бөлменің қабырғалары нашар сақталған. Үшінші бөлмемен оңтүстік-шығыс қабырғадағы есікпен қатынасады. Есіктің ені 85 см.

Есігінің кіреберісіне таснауа ені 1,1 м, ұзындығы 1,7 м салынған. Таснауа еденіне көлемі 27*26*7 см бүтін және жарты сынық қыштарды араластырып төсеген. Таснауаның ортасында суағар ортасы тесік қышы бар. Бөлменің қалған бөлігі сыпа болған. Сыпаның беті сабан қосылған сарғыш түсті балшықпен сылаған.

5-ші бөлме.

4-ші бөлменің солтүстік-шығыс жағынан 5-ші бөлме жапсарласқан. Көлемі 5,6*3,6 м бөлме жақсы сақталған, есігі оңтүстік-шығысқа қараған. Қабырғалар биіктігі 40 см, ені 70 см. Бөлме қабырғаларының ішкі беттері сабан қосылған сарғыш түсті саз балшықпен сыланып, беті ақ түсті гипспен сыланған. Бөлменің шығыс бұрышына қамба жасалған. Қамба бөлме бұрышына дөңгелене салынған. Қамба көлемі 85*90 см, қабырғасының ені 25 см, ішінің тереңдігі 40 см. Қабырғасының іші-сырты сабан қосылған саз балшықпен сыланған. Қамбаны аршу барысында.

Бөлменің солтүстік-шығыс қабырғасында бұрын есік болған, кейіннен бітелген есіктің орны анықталды. Есік орнының ені 1,4 м. Есіктің алдында бөлме ішіне қарай баспалдақ тәрізді етіп түсірілген қыштар қаланған. Қыштардың арасын ақ түсті гипс салып қалаған. Бөлменің солтүстік бұрышы мен батыс бұрышы шекара кесіндісінің астында қалған.

Бөлменің ортасында, 1-ші құрылыс қабатынан аршылған, №3 тұрғын үй бөлмесінің таснауасының астына қойылған үлкен құмырасы қалған. Құмыраны бөлме еденін ойып отырғызған, айналасына қиыршықтас аралас және майда қыш бөліктері бар топырақпен толтырып қысқан. Құмыраның ауыз диаметрі 40 см, қалыңдығы 2 см, биіктігі 85 см.

Бөлменің еденіне қыш төсеген, қыштарының көбісі сақталмаған, тек бөлменің оңтүстік және солтүстік-батыс бұрыштарында төселген бір, екі қыштары сақталған. Қыштарының көлемдері 25*25*5,27*26*7 см. Бөлме орнын аршу кезінде сырлы және сырсыз керамика бөліктері, көгерген мыс тиындар, жұмыр болып қатып қалған шлак бөліктері, темір бөліктері, мал сүйектері, көптеген қабырғадан құлаған жартыкеш кесектер, гипстен әрлеп сылаған сылақ бөліктері көптеп шықты.

Бөлменің шығыс бұрышынан 1,8 см қашықтықта таснауа орны аршылды. Таснауа орны қазбаның шығыс кесіндісінен 20 см қашықтықта орналасқан. Жақтауы ретінде бір қатар кесектер төселген. Жақтаудың сақталған биіктігі 15 см, қаланған кесектерінің көлемі 40*20*8 см. Еденіне төселген қыштары сақталмаған, тек орындары байқалады. Таснауа орнының ұзындығы 1,2 см, ені 1 м. Құмыра шұқырының диаметрі 40 см, тереңдігі 60 см.

Қазба орнының оңтүстік-шығыс бұрышынан үлкен тандыр аршылды. Тандыр ошақ оңтүстік-шығыс кесіндіден 2,2 м, шығыс кесіндіден 1,8 см қашықтықта. Тандырдың жоғарғы бөлігі сақталмаған, биіктігі 60 см, табанының көлемі 95*90 см, ішінің тереңдігі 45 см, жақтау қабырғасының қалыңдығы 4 см. От үрлейтін ауызы солтүстік-батысқа қараған, аузының дм 25 см, түтін шығатын кені сақталмаған. Тандыр еденіне сынық жарты қыштарды төсеген. Жақтау қабырғасының ішкі бетіне толқынды және тік сызықтар салынған. Тандырдың сыртына сынық қыштарды жапсарластырып тігінен қойып қысып орнатқан.

Осылайша 2009 жылдың далалық маусымында Сауран қалажұртындағы 4-қазбада кесектен қаланған құрылыстар аршылды. Ғимараттың сипаты оның қатардағы құрылыстардан ерекшеленетінін көрсетті. Кейіннен қайта құру нәтижесінде тұрғын жайға айналған. Бастапқыда ғимарат сарай болғанға ұқсайды. Оның қаланың орталығында орналасуы, топографиясының сипаты, бөлмелер жоспары мен интерьер ерекшеліктері осыны меңзейді. Осы қазбадағы алдағы зерттеулер ғимараттың толық сипатын қалпына келтіруге және олардың нақты қызметін анықтауға септігін тигізері хақ.